Күй атасы - Кетбұға

Қазақ тарихында Кетбұғаның есімі қабырғалы би, ержүрек батыр, дәулескер күйші ретінде белгілі. Әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің авторы.

Мұрат Әбуғазы 

Қазақстанның Мәдениет қайраткері,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті,

күйші-домбырашы, музыка зерттеуші



Қазақ тарихында Кетбұғаның есімі қабырғалы би, ержүрек батыр, дәулескер күйші ретінде белгілі. Әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің авторы. Осы уақытқа дейін Кетбұғаның өмір сүрген кезеңі жөнінде әртүрлі деректер айтылып келеді. Белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде: «Атадан балаға жалғасып жеткен ауыз әңгімеде де, жазба деректерде де Кетбұға Шыңғыс ханның замандасы ретінде мәлім. Яғни, шамамен 1150-1230 жылдар аралығында ғұмыр кешкен адам. Ауызша-жазбаша деректерде Кетбұға ұлы жыршы, дәулескер күйші, көріпкел бақсы, тіптен Шыңғыс ханның хат таныған шежірешісі ретінде баяндалады»1 делінген. Осы мәлімет энциклопедияда, басқа да дереккөздерде жиі ұшырасады.Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбайдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 2007 жылдың қараша айының №45 санында «Кетбұға күйшінің тарихи суреті табылды» атты мақаласында келтірілген деректерге сүйенетін болсақ «Кетбұға шамамен 1195 жылдары қазіргі Ертіс өзенінің бойында дүниеге келген. Ол 1260 жылы қыркүйек айының 3-і күні Палестин жерінің солтүстігіндегі Айын-Жалут деген жерде соғыста қаза болған. Кетбұға түрік текті найман руынан шыққан аса ірі тұлғалардың бірі. Ол Шыңғысханның сүйікті немерелерінің бірі Құлағу ханның ең жоғорғы әскери қолбасшыларының бірі болған. Шыңғысхан ұрпақтарының батысқа жасаған ұлы жорығында көзге түскен дара әскери қолбасшы, құдіретті батыр»2. Бұл деректерге қарағанда екі Кетбұға болған ба деген сауал еріксіз туындайды. Себебі бұл келтірілген екі мәліметтерде Кетбұғаның өмір сүрген уақытында недәуір алшақтық байқалады. Шыңғыс ханның 1162-1227 жылдар аралығында өмір сүргендігі тарихтан аян. Бірінші дерекке қарайтын болсақ Кетбұғаның жасы Шыңғыс ханнан үлкен болып шығады. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ 1202 жылы Шыңғысхан Найман мемлекетін жаулағанда Кетбұға жеті жастар шамасындағы бала болған көрінеді. Тарихи тұрғыдан қарағанда екінші келтірілген дерек шындыққа жанасады. Кетбұғаның 1260 жылдың қыркүйек айының 3-ші жұлдызында Палестин жерінің солтүстігіндегі Айын-Жалут деген жерде соғыста қаза болғандығы жөнінде Египет, Араб және Парсы елдерінің тарихында да айтылады. Кетбұғаның тарихи суретін Иран мемлекетінің Тегеран қаласының тарихи мұражайларының қорларының бірінен тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбай тауып әкелген болатын. Тарихи мұрағаттар ішінде «ресім Кетбұға Найман» деген көне парсы жазылған құжатта қазақтың үкілі домбырасымен отырған бейнесі салынған. Кетбұғаның суреттегі жас мөлшері Парсы елін бағындырған кезге сәйкес келетіндігін профессор М.Оразбай тарихи дәйектерге сүйене отырып дәлелдеген. Осы уақытқа дейін Кетбұға Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір кезде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылып келсе, ендігі табылып отырған тарихи деректер Кетбұғаның домбырашы екендігін айғақтай түсті. Ал, қазақ даласында сақталаған аңызда Кетбұғаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десе Кетбұғаның, Кетбұға десек «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатындығы белгілі. Қаһарлы Шыңғыс ханның заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» қазақтың күй тарихындағы ескі күйлердің бірі болып саналады. Күйдің аңызы бойынша Шыңғыс ханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болса, кейде Жошы ханның баласы аң аулап жүріп мерт болғанда осы қайғылы хабарды күймен естірткен болып айтылады. Көршілес Қырғыз халқында «Кетбұқа» деген елдік күй бар және күйдің аңызында Шыңғыс ханның баласы Жошы ханның өлімін күймен естірткен деп келеді. «Ақсақ құлан» күйіне қатысты маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың айтуы бойынша аңыз былайша баяндалады:

«Бұрынғы өткен заманда Жошы деген хан болыпты. Оның сенімді бас уәзірі бар екен. Жеті жыл жер бетін шарлап, алыс сапардан оралған оны Жошы хан шақыртып алып, көрген-білгенін сұрапты.

- Саруалдың арығы деген жерде көп ордалы құландар жатыр екен. Соның ішінде киелі ақсақ құлан бар екен, оған ешкім жоламайды. Өзіне тиген адамды құлан не теуіп, не таптап өлтіреді, әйтеуір, ажал қармайды екен. Сол ордалы құланды көрдім,- дейді уәзірі.

- Оу, ақсақал, мен адамды жылқы не құлан теуіп өлтіреді дегенге сенбеймін, - дейді сонда Жошы ханның қасында отырған баласы. Содан ол қырық жігітке келіп: - Уәзірдің айтқан жеріне біз де барып, көзімізбен көріп қайтайық, - дейді. Қырық жігітті көндіріп, уәзір айтқан жерге келсе, құлан жайылып жүр екен. Ханның баласы қызыл шекпенін киіп, мылтығын қолына алады да, құландарға қарай жүреді. Сонда көп құланның ішінен бір ақсақ құлан үйірінен бөлініп шығып, одағайлап келіп жер тебініп, пысқырып қалғанда айналаны қап-қараңғы тұман басып кетеді. Мергендер бір-бірінен көз жазып қалады. Бір кезде тұманның арасынан: «Қу шақайлыдан қаша жүріңдер, қызыл шекпендінің үстін баса жүріңдер» деген бір дауыс естіледі. Жігіттер тұман сейілгеннен кейін қараса, құландар да, ханның баласы да ізім-ғайым жоқ болып шығады. Олар үш күн бойы іздеп жүріп хан баласының жалғыз шынашағын тауып алады. Үстінен шұбырып өткен көп құлан оны таптап кеткен екен. Мергендер елге келеді. Баласын жоғалтқан хан қайғыдан қан құсып, басын көтермей жатып қалады. «Кімде-кім менің алдыма "балаң өлді" деп келетін болса, соның құлағына қорғасын құямын», - деп жарлық етеді. Мұны естіген халық ханға баласының өлімін естіртуге қорқады. Сөйтіп, ел-жұрт мұның еш амалын таба алмай, дал болады. Сонда ноғайлыдан шыққан Кербұқа деген домбырашы тәуекелге бел буып, хан сарайына келеді. Ол келе домбырасын тарта бастайды. Сонда домбыраға алғаш салғаны құланның жүрісі екен. Хан басын көтерместен жата береді. Домбырашы әрі қарай толғайды. Домбыра «Балаң өлді, Жошы хан» деп күңіренеді. Сонда хан басын көтеріп алып:

- Әй, сенің тартар күйің емес, менің естір күйім емес екен бұл, «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой мына күй, - дейді. Сол уақытта Кербұқа:

- Тақсыр-ай, балаңыздың өлгенін өзіңізден естіп тұрмын, - дейді.

- Өз қолымнан өлтірер едім, әттең, мынау сөз тауып кетті-ау. Бәлен жерде айдаһар жылан бар. Домбырашыны соның алдына апарып тастаңдар, - деп әмір етеді хан. Кербұқа:

- Тақсыр, оған да құлдық, тек домбырамды өзіме беріңіз, - дейді. Ханның нөкерлері оның қолына домбырасын беріп, аяғына кісен салып, айдаһардың алдына апарып тастайды. Айдаһар адамды көріп, жұтайын деп қасына келгенде, Кербұқа оның алдына отыра қалып, күй тартады. Сонда айдаһар күй біткенше тыңдап жатқан екен. Күй аяқталған соң ініне кіріп, ат басындай алтынды домбырашының алдына домалатып әкеліп тастайды. Кербұқа алтынды құшақтап еліне қайтады. Ол ханның қаһарынан да, айдаһардың аузынан да осылайша аман құтылып, мұратына жеткен екен»3. Мұндағы күйшінің айдаһардың алдына барып күй тартып, ат басындай алтын алып қайтып, мұратына жетуі қазақтың ежелгі аңыз-әпсаналарында кездесетін мифологиялық сарындармен астасуынан, оқиғаны әсірелеп айтудан туындаған болуы керек.

Тарихи деректер бойынша «Алтын топшы» кітабында «1223 жылдары Орта Азия елдерін Шыңғысхан өзіне түгелдей қаратып Самарқанд қаласында тұрады. Үш ұлын жинап, ақылын айтып, Монғол үстіртіне қайтып кетудің қамына кіріседі. Сол кезде, үлкен ұлы Жошы қайтып келмей қояды. Шыңғысхан ашу шақырып, Жошыны шақырып келуге үш дүркін шабарман жібереді. Бұл арада Жошы аң аулап жүріп тосыннан мерт болады. Жошының өлімін ешкімнің Шыңғысханға естіртуге жүрегі дауаламайды. Осы кезде атағы жер жарған күйші Кетбұға «мен Жошының өлгенін ұлы ханға естіртем» дейді. Сол бойынша, Қаһарлы Шыңғысханның алдына барып «Ақсақ құлан» атты күйін шертіп береді. Шыңғысхан күйді әбден естіп болып, ауыр күрсінеді «еһ, Жошы өлген екен ғой» деп басын салбыратып, қамығады» - деп жазады. Демек күй аңызында да, тарихи деректің арасында аса алшақтық жоқ, ортақ сарын Шыңғыс ханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтай мен Маңғыстау түбегіне дейінгі байтақ далада дерлік тартылып күні бүгінге дейін жеткен. Монғолияның Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің бірнеше нұсқалары бар. Күй теріс бұрауда (квинта) орындалады. Кетбұғаның өзінің тартқан нұсқасы дәл сол қалпында жетті деу қиын. Қазақ күйлеріне тән импровизациялық үрдіс тән екендігін ескеретін болсақ 800 жылда күйдің түрлі нұсқаларының пайда болуын табиғи құбылыс деп қараған жөн. Бірақ бір нәрсенің басы ашық, ол «Ақсақ құлан» күйін алғаш шығарып, орындаған Кетбұға екендігі анық. Тарбағатайлық домбырашы Бағаналы Саятөлековтың, Сыр бойының күйшісі Нәби Жәлімбетовтың, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйіндегі ортақ сарын «Балаң өлді, Жошы хан» - деп келетін естірту ретінде домбыраның сөйлейтін тұсы. Дей тұрғанмен де, домбыршы Қамбар Медетовтың жеткізуіндегі нұсқасын айрықша айтуға болады. Біріншіден, бұл көне жәдігердің қазақ арасындағы төрелерде сақталуы. Төрелер Шыңғысханның ұрпақтары болып саналатындығы белгілі. Екіншіден, басқа күйлерге қарағанда бітімі, құрылымы, әуені жағынан оқшау сарындағы туынды. Күйдің әуенінен түркі-монғол сарыны байқалады. Әсіресе, үстіңгі ішектегі бурдон тәрізді құдіретті, күңіренген сарыннан ескіліктің лебі еседі. Күйдің шығу тарихына, әуеніне қарағанда «Ақсақ құлан» түркі-монғол халқында ертеден келе жатқан адам казасын естірту жанрында шыққандығын байқаймыз. Бүгінгі күні «Ақсақ құлан» домбырашылардың репертуарынан берік орын алған күйлердің бірі. Кең тарағандығы соншалық, бұл күйді орындамаған домбырашы некен саяқ деп айтуға болады және бірнеше озық варианттары бар. Қазақстанның Халық артисі, майталман домбырашы Рүстембек Омаров, КСРО Халық артисі, дирижер, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі домбырашы Қошқарбек Тасбергеновтың орындауындағы нұсқаларын айрықша атауға болады.

Кетбұғаның «Ақсақ құланнан» басқа «Нараду», «Терісқақпай» деген күйлері болғандығы жөнінде деректер бар. «Нараду» атты күй әйгілі күйші Абылда да бар. Бұл жөнінде академик А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде былай дейді: «Нараду күйі туралы тағы мынадай аңыз бар. Онда бұл күйді шығарған Абыл емес Кербұқа деген күйші дейді. Нараду жаудың қолының көптігін көріп сескенейін дегенде Кербұқа «Нараду» күйін тартып оның рухын көтерсе керек. Айта кетуіміз керек, Кербұқаның «Нарадуы» Абылдың «Нарадуынан» тіпті өзге күй»4Осыған қарағанда Кетбұғаның «Нараду» деген күйі кейінгі заманға дейін тартылып келгенге ұқсайды, өкініштісі бүгінгі күнге жетпей қалуында.

Кетбұғаның аты көршілес қырғыз, қарақалпақ фольклорында да кездеседі. Сонымен қатар, Кетбұғаның есіміне байланысты да әртүрлі пікірлер бар. Кейде Кербұқа деп те айтылады. Қырғыздарда Кетбұқа болып келеді. Ата-бабаларымыз ертеде аңдарды кие тұтқанқандықтан Кетбұғы болуы мүмкін деген де жорамал бар. Ежелгі наным-сенім бойынша жетіқабат жерді көк өгіз немесе көк бұқа мүйізімен тіреп тұрады деген түсінік бар екендігі белгілі. Сол дәуірдегі Найман ханының аты Байбұқа. Осыған қарағанда Кетбұқа болуы да әбден мүмкін. Дей тұрғанмен де, Кетбұға атауы халық арасына кең тарағандықтан, осыған тоқтаған жөн болар деп ойлаймыз.

XV-ғасырда Доспамбет жыраудың, XIX-Махамбеттің

«Кетбұғадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда»

- деп жырға қосуы, «Ақсақ құлан» күйінің 800 жыл бойы халық жадынан өшпеуі Кетбұғаның қазақ халқының сан қатпарлы тарихында орны айрықша екендігін байқауға болады. Әлемді дүр сілкінткен Шыңғыс хан құрған империяның ең ірі әскери қолбасшысы дәрежесіне жеткен тарихи тұлғалардың бірі, күй атасы - Кетбұғаның есімі ел есінде мәңгі жасай бермек.

Қолданылған әдебиеттер


  1. Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. Монография. Астана: Күлтегін, 2002.
  2. Оразбай М. Кетбұға күйшінің тарихи суреті табылды. Қазақ әдебиеті, № 45, 2007.
  3. Райымбергенов А, Аманова С. Күй қайнары. Алматы: Өнер, 1990.
  4. Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. Очерктер. Алматы: Жазушы, 1975.