Біржан Хасанғалиев: Басшылық қызмет үлкен жауапкершілік жүктейді

П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің құрылғанына – 85 жыл. Абай атындағы МАОБТ-да мерейтойын дүркіретіп өткізген ұжымның басшысы Хасанғалиев Біржан Ескендірұлымен сұхбаттасқан едік.

Біржан Хасанғалиев

Сұхбаттасқан: Гүлзия Сәдуақас



Ел әнші-сазгер деп таныған Біржан Хасанғалиевтің 85 жылдық тарихы бар П.Чайковский атындағы музыкалық колледжді басқару барысындағы тәжірибесі қандай? Шығармашылық адамға басшылық қызмет кері әсерін тигізбей ме?

Мен 17 жыл сахнада жүрген өнерпазбын. Жеке және әкеммен бірге бір сахнада өнер көрсетіп жүрдім. Сонымен қатар, консерваторияны бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап Қыздар педагогикалық университетінде сабақ бердім. Сондай-ақ, әкемнің шығармашылық кештерін ұйымдастырып продюсерлік қызмет те атқардым. Әкемнің музыкалық студиясын басқарып, әкімшілік қызметті де қатар алып жүрдім. Ал, осындай 85 жылдық тарихы бар өнер-білім ордасын басқару мен үшін зор құрмет әрі мәртебе болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік  жүктейді. Өнер адамдарының ішінде тек шығармашылық жұмыспен айналысатындары және ұйымдастырушылық қызметті де қатар алып жүретін азаматтар бар. Өзімнің тәжірибемді, қарым-қабілетімді көрсетуге мүмкіндік беретін бұл білім ордасын  басқару – мен үшін жаңа белес болады деп ойлаймын.

Колледждегі бұрыннан келе жатқан үрдістен бөлек, қандай жаңалықтар енгізе алдыңыз?

Екі жылдың ішінде атқарған жұмыстарыма есеп беріп, сараптама жасадым. Қарап отырсам, 22 әкімшілік-шығармашылық жоба өткізілді. Атап айтсам, біз жарты жыл бұрын, республикадағы музыкалық колледждердің арасында бірінші болып халықаралық аккредитациядан өттік. 5 үлкен республикалық және халықаралық конкурстар ұйымдастырдық. Бұл конкурстардың өтуіне қолдаушылар, демеушілер табылып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Ғимаратты жөндеу жұмыстарын өткізіп, концерттік залымызды жаңартып, оған осы колледждің түлегі, КСРО халық артисі Ермек Серкебаевтың есімін бердік. Оқу ордасында білім алып жатқан шәкірттеріміздің салауатты өмір салтын ұстануына оң көзқараспен қарай отырып, спорт залымызды да жөндеуден өткіздік. Сондай-ақ, ансамбльдерге киім тігу және аспаптармен қамтамасыз ету жағын да ұмыт қалдырған жоқпыз. Тек шығармашылық жағынан емес, шаруашылық жұмыстардың да атқарылуын қадағалауда ұстаймын. Директор болу шығармашылықтан бөлек, оқу процесі, шаруашылық жұмыстар, қаржылық жағын бақылауда ұстау сияқты бірнеше компоненттерден құралады. Сондықтан, жауапкершілігі зор жұмысты, абыроймен атқаруға тырысамын.

Осы орайда, студенттердің жағдайына тоқтала кетсеңіз. Білім алушыларды жатақханамен қамту мәселесі қалай шешіледі? Осы оқу орнына түсуге талпынып жүрген талапкерлердің ойында жүрген сұрақ деп ойлаймын...

200 ден асатын орынмен қамтылған жатақханамыз бар. Студенттерге барынша жағдай жасалған. Жатақханаға 30 жылдан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген.  Алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржылық қолдау берілсе, жатақхананы күрделі  жөндеу жұмыстарынан өткізгім келеді. Бұл менің алдағы күндердегі жоспарға енгізген шаруаларымның бірі.

Бұл колледж бүкіл музыка өнерінің іргетасын қалайтын бастауыш мектебі іспетті. Жасөспірімдердің талантын шыңдау үшін, колледждің аясы ғана емес, облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейде көрінуге мүмкіндіктері бар. Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Дұрыс айтасыз. 85 жылдық тарихы бар колледж еліміздің территориясындағы тұңғыш музыкалық білім ордасы екенін мақтанышпен айтамыз. 85 жылдың ішінде қаншама студент осы білім ордасын тәмамдады. Олар еліміздің мәдениет саласына қызмет етіп жүрген, халықтың сүйіктілеріне айналған өнер иелері. Бізден 8 КСРО халық артисі шықты. Мұның өзі біз үшін зор қуаныш және ол кісілерді мақтан тұтамыз.

Біз қазір ақпараттық заманда өмір сүрудеміз. 2 жылдың ішінде заман талабына сай жұмыстар атқардық. Колледждің сайтын жасадық. Әлеуметтік желілерде парақшаларымыз бар. Тұрақты жұмыс жасайды. Бір жыл бұрын «Единое база оповещение в социальных сетях» атты жоба ұйымдастырғанбыз. Бізде оқитын студенттер мен жұмыс жасайтын ұстаздардың қай желіні пайдаланып отырғанын біліп отырдық. Колледжге қатысты ақпараттар болса, бірден бір-бірімізге таратып, әлеуметтік желілерде бөлісеміз. Мұның негізінде, бір уақытта қаншама аудитория колледждің тыныс-тіршілігімен танысты.

Колледжде «Студенттік кеңес» бар. Олардың атқарып жатқан шаруалары әкімшілікпен тікелей байланысты. Колледжде қандай мәселелер болып жатыр, қандай істер атқарылып жатыр, болашақтағы жоспарлар туралы ой бөлісіп, пікір алмасамыз. «Болашақ - жастардың қолында» десек, осы жастардың белсенді болуына, білім алуына, кәсіби сахнаға аяқ басулары үшін бар мүмкіндікті жасап, өздерімен тығыз байланыс орнатып жүрген жайымыз бар. Студенттердің әртүрлі конкурстарға қатысуына да барынша жағдай жасаймыз.

К.Кенжетаев пен Ш.Бейсекова атындағы халықаралық конкурс өткіздіңіздер.  Нәтижесі қандай?  Конкурсты ұйымдастыру кімнің идеясы? Бұл жай есеп үшін емес пе?

Бізде «Даму жоспары» бар. Сонда нақты жазылған: П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі Республикалық және халықаралық деңгейде өтетін конкурстардың орталығы болуы керек делінген. Жоғарыда айтып өткенімдей 2 жылда 5 конкурс ұйымдастырылды. Шабал Бейсекова – біздің оқу орнының түлегі. Кәукен Кенжетаев – өнерге өлшеусіз үлес қосып, өзіндік дара жолымен аты қалған тұлға. Кәукен ағамыздың 100 жылдық мерейтойының куәгері болдым. Бірақ, өткізілген шараға көңілім толмады. Осындай азаматтарға неліктен ауқымды шаралар, халықаралық конкурстар  ұйымдастырмасқа деген ой келді. Бұл идеяның тууына Кәукен ағамыз бен Шабал апайымыздың ұрпақтары да өз әсерін тигізді. Ол кісілердің қыздары: Баян Кәукенқызы мен Ғани Кәукенқызы  бізде 40 жылдан  бері қызмет жасап жүрген ұлағатты ұстаздар. Ол кісілердің қарапайымдылықтарына тәнтімін...

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорына осы конкурсты өткізу туралы ұсынысымды тастадым. Қор бізге қолдау көрсетіп, 3 вокал номинациясы бойынша конкурс өткіздік. Бұл іс-шараға 100 ден аса өнерпаз қатысты. Мектепте, колледжде, ЖОО оқитын дарынды қыз-жігіттер топтарға бөлінді. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден де қатысушылар келді. Олар мүмкін, бұрын К.Кенжетаев пен Ш.Бейсекова туралы білмеген шығар. Бірақ, осы конкурс арқылы біраз мәлімет алды деп ойлаймын. Бұл конкурс шетел азаматтары мен өзіміздің іні-қарындастарымыз, өскелең ұрпақ үшін ұлылардың еңбектерін, олардың шығармашылық жұмыстарын насихаттау жолында атқарылып жүрген игі шаралардың қатарын толықтырды деген сенімдемін. Сондай-ақ, конкурстар туралы қоса кетсем... «Көшпенділер әуені» деген Республикалық конкурс өтті. Ұлттық аспапта ойнайтын балалардың өнерін ортаға салған конкурстың қаржылық қоры 5 млн теңгені құрады. Өте жоғары деңгейде өтті. Жалпы, Алматы – Қазақстанның мәдени орталығы деген статусқа ие қала. Сол себепті, осы сынды мәдени шаралардың көптеп өткізілуі қала тұрғындары мен қонақтарына рухани қазына сыйлайды деген ойдамын.

Бұл колледжден талай сахна саңлақтары түлеп ұшқанын білеміз. Сондай-ақ, бұл өнер ордасында білім алған азаматтар мен азаматшалар республика көлемінде ғана емес, Ресей, Италия, Голландия қатарлы елдерде еңбек етіп жүргені мәлім. Сол кісілермен шығармашылық байланыс, тәжірибе алмасу бар ма?

Иә, шын мәнінде бұл колледждің түлектері елімізде ғана емес, алыс жақын-шетелдерде де қызмет етіп, жетістіктерге жетіп жүр. Бекназарова деген пианист қызымыз Австриядағы Антон Брукнер атындағы университетте білім алып, шығармашылығын Еуропада жалғастыруда. Ол жерге дарынды, талантты балаларды ғана қабылдайды. Осындай шәкірттерімізді ұйымдастырылып жатқан конкурстарға шақырамыз. Қонақ ретінде және қазылар мен сарапшылар алқасында отырып, артынан ерген ізбасарларына өз бағаларын беріп, шеберліктерін де көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, қарым-қатынас орнатылған деп айта аламын.

Колледжді жылына қанша шәкірт бітіреді? Олардың қаншасы өз жолын таба алады. Оқу барысында адасып келдім деп өкінетін шәкірттер бар ма?

Бізге жылына 105 грант бөлінеді. Түлектердің ішінде коммерциялық тұрғыда білім алған шәкірттер де бар. Өткен жылы 120 бала бітірсе, биыл 110-115 бала бітіреді. Олар өздерінің жолын тауып жатыр десем артық айтқандық емес. Өйткені, 96-97 пайызы өзінің оқуын жалғастырады. Консерватория, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы, Астанадағы өнер университетінде білім алып жатқан түлектеріміз бар. Олардың әрі қарай өнер жолында жүруі, оқуын жалғастыруы – біздің жемісті жұмыстарымыздың нәтижесі десек болады.

«Рухани жаңғыру» деген идеяны өнер жолына түскен шәкірттерге қалай түсіндіріп жатырсыздар?

Бізде арнайы жоспар құрылды. Елбасының жолдау мақаласына сәйкес студенттерімізбен түрлі тәрбие сағаттарын өткізіп жүрміз. «Рухани жаңғыру» аясында концерттік бағдарламалар мен түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілуде. Идеяның мән-мағынасын толыққанды, жан-жақты түсіндіреміз. Шәкірттеріміз де өз ойларымен бөліседі...

Басшылыққа келгелі жеке шығармашлығыңыз шет қалып жатқан жоқ па?

Шынымды айтсам, шетте қалды. Басшылық қызмет үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сол себепті, жеке шығармашылығыма көңіл бөле алмай жүрмін. Бірақ, мен мұны проблема деп есептемеймін. Өйткені, бұл қадамға өз еркіммен бардым. 17 жыл өмірімді сахнаға арнадым. Енді өзім жинаған тәжірибемді жастармен бөлісіп, білген-түйгенімді өскелең ұрпаққа үйреткім келеді. Шәкірттеріміздің сахнадан жарқырап көрінген сәттерін көргенде қуаныш сезімінен бөлек, өз ісімнен ләззат алатын кездер де болады. Негізгі жұмыстар екі жылдың ішінде атқарылды. Ендігі уақытта осы қарқынды жоғалтпай, бос уақытымды жеке шығармашылығыма бұрсам деген ниетім бар.

Басшы ретінде, ұстаз ретінде колледжде білім алып жатқан өнерпаздарға ұстаз болып отырсыз. Ал, өзіңіздің жеке шәкірттеріңіз бар ма?

Жоқ әлі. Қай мамандықта оқитын бала болса да, мен оны өз шәкіртім деп есептеймін. Ал, жеке дара шәкірт тәрбиелеп жатқан жоқпын. Ол уақыттың еншісінде...  

Біз, 1 қарашада (2017ж –Г.С) тұңғыш рет Мәскеуде есеп беру концертімізді өткіздік. Соған колледжден 42 адам қатысты. Қазақ өнерін Ресейде асқақтатқан концерттің 90 пайызында біздің шәкірттер өнер көрсетті. Әрине, қаншама дайындық пен маңдай-тер, уақытымызды, сапалы, жоғары деңгейдегі бағдарламаны көрсету үшін арнадық.... Залда отырып, балаларымның өнерін көріп риза болдым. Өз еңбегімнің жемісін көргеніме де қуандым. Ол кез – бақытты сәттерімнің бірі болды...

Өмірде және өнерде өзіңіз жайдары, жұмсақ көрінесіз. Басшылық қызмет қатаң талап пен мінезді қажет етеді. Сахна мен қызметте екі түрлі емессіз бе?

Қызықты сұрақ. Қатал басшымын деп айта алмаймын. Өзімнің отбасым, ата-анам, балаларым бар. Оларға махаббатпен, сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарайсың. Ал, жұмыста әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Психологиялық тұрғыдан әрбір қызметкерге жеке қараймын. Мысалы, кейбір қызметкерлер қатаң стильді жақсы көреді. Ал, кейбірі демократиялық тұрғыда қызмет еткенді қалайды. Жалпы, әріптестерімнің  қай-қайсысы болмасын өз міндеттерін қалтқысыз орындауға тырысады.

Басшы екенмін деп, жұрттың бәріне айғайлай берсең, қадірің де кетеді, өз денсаулығыңа да зиян. Басшы болған соң берілген істің тиянақты орындалуын қадағалайсың. Өзімді демократтық тұрғыдағы басшы деп санаймын.

Біржан аға, армандарыңызды немен байланыстырасыз?

Меніңше, көп адамда арман ортақ. Мысалы, отбасыға байланысты болса, балаларыңның бақытты болғаны, жақсы білім алғаны, жақсы азамат болып өскені, ол – арман. Жұмыспен байланысты болса, студенттерім конкурстардан орын алып жатса, шәкірттеріміз өз жолын тауып жатса, сол қуаныштардың көптігін, ары қарай да молая беруін армандайсың... Қызметкерлерімнің отбасында бәрі жақсы болса, олардың жүзінен шаттық сезімін ғана көрсем деп армандаймын.

Ашық-жарқын әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыстарыңыз мол болсын!




Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет