Гүлмира Тәжиева. Дәстүрлі өнер театры жағдайындағы маркетингтік қызмет

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласынан бастау алған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының темірқазық ойы – қазақ болашағының перзентін тәрбиелеу. Мақаладағы «Дәстүрді де дәріптеген, заман көшіне де ілескен ұлтқа айналуымыз керек» деген ұстаным жоғарыдағы ойды айқындай түседі [1].

Гүлмира Тәжиева

«Алатау» дәстүрлі өнер театрының PR-менеджері


Мақалада айтылатын «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы объективті түрде әлгі ұстанымды одан әрі тарата түсіндіреді, яғни жоба қазіргі алпауыт елдердің әлемге ықпал ету дәрежесі негізінен мәдени деңгеймен белгіленіп отырғанын, соған сәйкес қазақ ықпалдылығы да көбінесе дәстүрлі мәдениетімен айқындалатынын ұқтырады. Басқаша айтқанда, қазақ өзін дүниеге мәдениет тұтынып қана қоятын қауым емес екендігін, сонымен бірге мәдениет жасаушы ұлт екендігін де танытуы керек.

Алматы қаласының Мәдениет және архивтер басқармасына қарасты «Алатау» дәстүрлі өнер театры жоғарыда айтылған міндетті жүзеге асыру мақсатында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дүниеге келмей тұрып-ақ жобаланып, құрылған – театр өз есігін көрермендеріне 2016 жылдың жазында, Тәуелсіздік күні және Алматы қаласының мыңжылдық тойы қарсаңында ашты (қазіргі директоры – белгілі дәстүрлі әнші, жыршы, дәстүрлі өнердің жанашыры әрі зерттеушісі Берік Жүсіпов). Ол әзірге дүние жүзі бойынша жұртшылықтың дәстүрлі өнерге сұранысын өтейтін театр тұрпатындағы бірден бір орын. Театр дәстүрлі өнердің ән, жыр, күй, терме, айтыс тәрізді бірнеше түрін насихаттайды және дәстүрлі орындаушылықты зерттеу жұмысын жүргізеді.

Дәстүрлі өнерді театрлық деңгейге жеткізе көрсету өте күрделі, асқаралы міндет. Себебі, 1930-1940-шы жылдары дәстүрлі орындаушылықты музыкалық театрларда сазды-би қойылымдары түрінде сахналау тәжірибесі бұл түрдің кейін классикалық сахнаға біржола орын беруімен үзіліп қалды. Одан бері дәстүрлі орындаушылықтың өзі де өзгеріске ұшырады, бұрынғы табиғи реңкінен, өң-сөлінен айрылды, яғни профанацияланды. Қазірде дәстүрлі ән-жыр, күй тыңдайтын орта азайды. Жұртшылықтың эстетикалық мұқтажы заманына қарай өзге өріске, негізінен эстрадаға, бұқаралық субмәдениетке бет бұрды. Мұндай жағдайда дәстүрлі орындаушылықты концерт-қойылым ретінде жалаң көрсете бермей, оны насихаттаудың, яғни ағартушылықпен айналысудың оңтайлы жолдарын тауып, сол арқылы бүгінгі қала қазағының қанында әліге дейін баяу ағып жатқан мәдени код – бір кезде халқымыз байыбына бармай, түйсікпен тапқан, театрлық көрініс-қойылымдарға жуық байырғы өнерімізге деген сұранысты түртіп ояту керек болды. Бұл міндеттің үдесінен шығарар жолдың басы – көрермен ықыласын аудару, дәлірек айтқанда, жұртшылықты дәстүрлі өнер театрына көптеп келтіру. Ал ол мақсатқа жеткізетін кешенді тәсіл – маркетингтік қызмет.

Әлбетте, дәстүрлі өнер театры жағдайында заманауи маркетингтік әдіс-тәсіл қолданудың кәдімгі театрларда қолданылатын маркетингтен бірқатар айырмашылығы бар, дегенмен, екеуінің де нәр алар негізі бір, ол – дүниежүзілік тәжірибе пісулі астай даярлап қойған маркетинг ғылымының теориялық және практикалық жиынтығы. Театр өнері қарқынды дамыған, соған орай ондағы қойылымдар мәдени өнім (тауар) ретінде қарастырыла бастаған соңғы екі ғасырда театр қызметіндегі маркетингтің жалпы осы ұғымнан алғанының (алатынының) да, қосқанының (қосатынының) да басы айқындалып, төрт аяғы түгелденіңкіреп қалды. Оның мәні жоғарыда айтылған театр қойылымдарына мәдени өнім деп қарайтын көзқарастан бастау алып, одан әрі: мақсатты аудиторияны зерттеу; ондағы әлеуметтік топтарды, олардың жас шамаларын анықтау; топтардың мәдени сұранымын, талап-тілегін айқындау; театрдың өз көрерменін «тәрбиелеп шығару»; саладағы инновация, т.б. болып тарамдалып кете береді. Бұл не үшін керек? Бұл ең алдымен дәстүрлі өнер мекемесінің алмағайып нарық жағдайында өз орнын жалтақсыз тауып алуы үшін керек. Нарық мәдениет саласында да бар және ол өзге салалардан бір де бір кем емес, соған орай ондағы бәсеке күрес те қатаң. Мұндай жағдайда, оның үстіне қазіргідей аумалы-төкпелі экономикалық ахуал кезінде, өнер ошағы өз қоңын өзі көтермесе, сырттан біреу келіп, қол ұшын созбайтыны анық. Ал өз жағдайыңды өзің түзеу деген сөз – театр ұжымының өз көрерменін іздеп тауып, залға баурап әкелуі. Сонда ғана қойған қойылымың өтімді тауарға – театр өніміне айналмақ.

Дегенмен, театр өнімі – бұл жерде спектакль, музыкалық қойылым, театрландырылған көріністер – әдеттегі ұғымдағы тауар емес екендігін есте ұстау жөн. Шаруашылық жүргізудің өзге бірде-бір саласында ондай айрықша көркемдік «өнім» жоқ, болмайды да. Бұл өнім – бір мезгілде кісінің эстетикалық мұқтажын да қанағаттандыратын, оны рухани да жетілдіретін, нағыз мамандардың алаулы жүрегінен, шебер қолдарынан төгіліп түсетін ұжымдық ой-сана, өнер туындылары. Сол себепті қазіргідей алып тұтыну қоғамының ақпараттық өктемдігі (агрессиясы) жағдайында мәдениетті тарихи-мәдени тұрғыдан біркелкілеудің және ондағы биік адамгершілік үлгілерді сақтаудың тетіктерін анықтау – өнер мекемесінде жүргізілетін маркетингтік қызметтің және бір мақсаты болып табылады. Адамның жаны теңіздей терең ғой. Адам баласының көңілінің қошы, рухани керегі сол тұңғиықтың айдын бетінде әлсіз дірілдеп, сөніп-жанып тұратын бір жарық сәуле дерсің. Ол әсте көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейді. Маркетологтардың пайымдауынша, көбінесе кісі дүкенге кіргенде өзіне не керегін анық пайымдай бермейді, осы жерде де өнер ошағындағы маркетолог өнер ордасының есігін ашқан, яғни ашқысы келіп жүрген адамның жүрек түкпірінде, тілінің ұшында не тұрғанын, яғни рухани тілегін, сұранымын әлгі дүкенші сияқты жіткірлікпен жазбай тануы тиіс. Ал бұл өз кезегінде алдын ала жүргізілетін маркетингтік зерттеу, талдау ісін керексінеді.

Әлгіндей зерттемелер әдетте саладағы ішкі-сыртқы жағдайларға ахуалдық және жиынды талдама жасаудан бастау алады. Талдау мынадай бірнеше бағыттан тұрады:

  1. Театр өнімін, оның сегменттерін өткізу нарығы.
  2. Саладағы бәсеке.
  3. Баға тағайындау – сатылатын билеттердің бағасы (тикеттеу).
  4. Театрға келушілердің саны және көрермен сұранымы.
  5. Репертуарлық жоспар ерекшелігі.
  6. Театрдың маркетингтік жоспары [2].

«Алатау» театрының маркетингтік жоспары әлі арнайы түрде жасала қойған жоқ, дегенмен оның негізгі бағыттары жуырда талдап жасалған театр Қызметінің тұжырымдамасында көрініс тапқан [3]. Бұл құжаттың мәні, түйіп айтқанда, аталмыш өнер ошағын музыкалық театр ретінде қалыптау мәселесіне келіп саяды. Осы орайда маркетинг – қалыптау ісінің айрықша маңызды тетігі ретінде көрсетілген және алдағы кезеңде бұл іспен айналысатын арнаулы маркетингтік қызмет құру жобаланған. Ондай арнайы қызмет бүгінгі таңда көптеген елдердің театр саласында ұтымды қолданылып жүр және ол әдеттегі маман маркетолог дәрежесінен асып, өзіне жалпы көрерменмен жұмыс істейтін әкімшілер қызметі, билет кассасы сияқты құрылымдық бөлімшелерді біріктіреді. Соның ішінде алдымен театрға тұрақты келетін көрермендерді анықтап, олармен ұдайы жұмыс істеудің әдіс-тәсілдері белгіленген (конференциялар, бенефистер, артистермен кездесулер ұйымдастыру, спектакльден соңғы пікір алысу, электрон пошталарына бағдарлама жіберу, онлайн-билет сату, т.б.). Оған қоса-қабат жаңадан көрермен табу жүріп жатады. Оның да жолдары қилы-қилы, айталық, маркетинг пен паблик-рилейшнзті тоғыстыру, яғни е-мәдениетті дамыту, мультимедиялық жүйе мен конвергентті журналистиканы пайдалану арқылы көрермен ықыласын жаулау. Ол үшін театрда әртүрлі шаралар толассыз жүріп жатуы керек, мысалы, қойылымдық премьералар, бенефистер, мерейтойлық спектакльдерді атап өту, театр маусымын салтанатпен ашу және жабу, фестиваль-байқаулар, мақсатты спектакльдер қою және т.б. Бір сөзбен айтқанда, театрдың жұрт ойлайтындай кезекті Мәдениет сарайы емес, репертуары музыкалық дәстүрлі өнер қойылымдарымен сипатталатын толыққанды театр екендігін таныту – мақсат. Себебі, бүгінде бізде дәстүрлі өнер ошақтары мен жұртшылық арасында үлкен бір аксиологиялық кеңістік орын алып отырғаны жасырын емес. Осы орайда «Хит ТВ» телеарнасының журналисі Әріпжан Әли биылғы наурыз айында жүргізген сауалнаманың нәтижесі ой саларлық:

[4].

Дәстүрлі өнерді насихаттауда ортақ іске жаны ашитын бұқаралық ақпарат құралдарының жоғарыдағыдай көмегі ауадай қажет. Дегенмен, осы арада қоғамдық пікірді, рухани сұранысты анықтау ісінде негізгі жүк қалай болғанда да өнер мекемелерінің өз иығына түсетін және ол мекемеде тұрақты, жүйелі жүргізіліп отыруы тиіс екенін айта кету жөн. Мысалы, «Алатау» театрының былтырғы жыл қорытындысымен жүргізілген негізгі көрсеткіштер бойынша талдау бірқатар ойға тамызық болды.

[5].

Осы және өзге де ішінара жүргізіліп жүрген зерттеулер қоғамда дәстүрлі өнерді тамашалауға едәуір сұраныс бар екендігін, бірақ жұртшылық оны қай жерден, қалай көруді жете біле бермейтінін көрсетіп отыр. Бұл жерде адамдарды кінәлауға болмас. Көп нәрсе мәдениет саясатымызға, сондай-ақ өз өнерлерін көпшілікке танытудың едел-жедел жолдарын таба алмай жүрген дәстүрлі орындаушылардың өздерінің енжарлығына да байланысты. Міне, бұл жерде заманауи маркетингтің екінші бір қағидатын сөз етуге тура келеді. Ол театр ұжымын өз қызметін көрсетуге театрдың залымен қамалып қалмай, одан шығып, халықтың өз ішіне баруға үндейді. Мұның түрі екеу: билеттерді билет кассасы аясынан халық көп жүретін орындарға апарып өткізу, онымен бірге сол жерлерде артистердің өнер көрсетуін ұйымдастыру. Соңғысын мекемелерге, балалар және қарттар үйлеріне «көшпелі» қойылымдар түрінде де, не болмаса көпшілік орындарда таза флэш-моб формасында да өткізуге болады. Биылғы наурызда біз, театрдың PR-қызметі MEGA Alma-Ata  әкімшілігімен бірлесе отырып осындай алғашқы флэш-мобты сыннан өткізіп көрдік.

«Алатаудан ән шашу» деген атаумен өткен бұл шара Наурыз мейрамы мен 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орайластырылып, Алматыдағы  MEGA Alma-Ata сауда және ойын-сауық орталығында 25 наурыз күні оздырылды. Мейрам күні ғимаратта халық әдеттегіден көп болды және көпшілігі балаларымен келген. Қала қонақтарының да баршылық екендігі байқалды. Осыны алдын ала ескеріп дайындалған жарнамалық флаерлер таратылды.

Және оларды тарату барысында келушілермен қысқа-қайырым тілдесулер де болды. Олардан жалпы келушілердің (ішінде өзге ұлт өкілдері де аз емес) қазақ дәстүрлі өнеріне оң көзбен қарайтындығы, өздері де тыңдап, балаларына да тыңдатқысы келетіндері айқын аңғарылды.

Осы сөзіміздің дәлеліндей сауда және ойын-сауық орталығының төменгі қабатындағы алаңда өз өнерлерін көрсетуді бастаған артистердің маңайына үйірілушілердің қарасы да аз болған жоқ. Екі сағатқа жуық уақыт ғимараттың кең шаңырағы күмбірлеген күйге, шалқыған әнге, тағылымды терме дыбыстарына толды. Әсіресе театр артистерінің жігіттер тобы орындаған «Молдабай» әніне, қыздар тобы шырқаған «Жас екпін» маршына және «Үш қоңыр» триосының өнеріне жұрттың ықыласы ауды. Әрине, алдағы уақытта акустикалық әндерді көбейту керек, себебі, кейінгі кезде фонограммадан жалыққан өнерсүйер қауым шын өнерге, жанды дауысқа көбірек ден қоя бастағаны белгілі. Сонымен бірге нөмірлерді музыкалық қойылымдардан үзіктер түрінде көрсетсе жөн болар ма еді деген ой келді.

Ал тұтас алғанда нәтиже күткендегідей: «алғашқы құймақтың күмпиіп піскен жерлері» болмай қалмаса да флэш-моб формасы өзінің ұрымтал әдіс екендігін көрсетті. Бірқатар адам қалада дәстүрлі ән, күй, қойылым көруге болатын орын бар екендігін білді, алдағы уақытта солардың кейбіреуі театр табалдырығын аттайды деп те сенеміз. Міне, осы жерде театрдағы маркетингтің үшінші міндеті – келген көрерменге ыңғайлы да сапалы қызмет көрсету міндеті туындайды.

Біз бұл жерде буфетте бәліш сатуды ғана айтып отырған жоқпыз (әрине, ол да керек, театрдан аш қайтқан адам оған оралып келуі неғайбыл). Мәселенің мәселесі – қойылымнан кейін үйге жетудің қамы. «Алатау» театры қаланың орталығында тұрған жоқ, ол шаһарымыздың оңтүстік етегінде жаңадан орнаған «Алғабас – 1» шағын ауданында орналасқан, оның үстіне қойылымдар күн әбден кешкірген, ал қоғамдық көлік сиреген уақытта аяқталады. Түнгі мезгілде кримоногендік жағдай да көбірек орын алатыны белгілі. Міне осыдан кейін көпшілік адамдар театрға барғысы келмейді. Барса да қойылым үстінде алаң көңіл болып отырады. Оның аяғына таман тезірек киім ілгішке жету, соңғы автобусқа үлгеруді ойлап отырған адам нөмірді көріп те жарытпайтыны белгілі. Қазіргі маркетинг білгірлері осыған байланысты театрдың арнайы тапсырысымен көрермендерді әртүрлі бағдарлармен әкететін рейстік автобустар ұйымдастыруды ұсынады. Мұның өзі қоғамдық көлік ұйымдарына да пайдалы: кешкі ауысымға шыққан автобустардың түсірер түсімі молаяды, әрі театр БАҚ арқылы көлік фирмасын жарнамалайды. «Екі жеп биге шығу» деген осы.

Маркетинг – көпмәнді ұғым. Қаза берсе, бұл бағытта идея дегеніңіз аткөпір. Оларды мынадай негізгі бағыттарға жіктеуге болады:

  • театр сайтының, әлеуметтік желілерінің белсенді жұмысы; электрондық тәсілмен билет сату;
  • театрдың тұрақты көрермендерінің клубын ұйымдастыру;
  • театр күшімен корпоративтік шаралар ұйымдастыру;
  • театрдан тыс қойылым қою, көшеде жүргізілетін іс-шара;
  • баспасөз мәслихатын жиі өткізіп отыру және оның әрқайсысына шағын қойылым сипатын беру;
  • көрермендердің премьералық көрсетілімнен кейінгі пікір алысуын ұйымдастыру;
  • театрдың өз басылымын, буклет, күнтізбелік басылымдар шығару;
  • бұқаралық ақпарат құралдарында дәстүрлі өнерді насихаттауға бағытталған өзінің не бірлескен тұрақты теле-радио бағдарламаларын, газетте айдар ашу;
  • БАҚ-пен бірлескен жобалар, соның ішінде әлеуметтік мәні бар жобалар жасау;
  • дәстүрлі орындаушылық өнер жөнінде «дөңгелек үстел» мәжілістерін өткізу;
  • әр маусым соңында артистік труппа арасында сауалнама жүргізу; «пошта жәшігін» қойып, пікір жинау;
  • БАҚ қызметкерлерін ынталандырып отыру;
  • театр холлын әртүрлі шараларға – сурет, фотография, қолөнер көрмелеріне пайдалану, т.б. [6].

Театр саласындағы жағдайды бағалай келгенде айтарымыз – қазақстандық театрларда жұртшылықпен байланыс жасау, әлеуетті көрерменнің ойын білу жұмысы өкінішке орай жеткіліксіз жүргізіліп келеді. Ал мұның өзі театрдың шығармашылық қарымын жеткілікті пайдаланбауға, қаржылық жағдайын әлсіретуге, ең бастысы жарғылық міндетті қажетінше орындаудағы кемшіліктерге әкеп соғып отыр. Қала әкімі Бауыржан Байбектің тікелей бастамасымен 2016 жылғы тамызда құрылған мәдениет ошағының дүние жүзі бойынша дәстүрлі өнерді насихаттайтын және жанында кинозалдары бар бірден-бір  театр екендігін бүгінде бірі білсе, бірі білмейтіні аян. Қазақ халқының қарқарасында тоғысқан інжу – маржан әсем ән мен тәтті күй, арынды айтыс, тартымды терме, дәстүрлі би мен ұлттық кинотуындыларын дүйім жұртқа дәріптейтін дәстүрлі өнер театрына деген оң көзқарас қалыптастыру біз үшін қай кездегіден де зәру мәселе.

 Пайдаланылған дереккөздер 

  1. Н. Назарбаев. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. – https://egemen.kz
  2. Пучкова Е. Маркетинг в сфере театрального искусства. – //http:www.dissercat.com
  3. www.nationalmuseum.kz. Журнал «Культурное наследие – Мәдени мұра» // № 4-2017
  4. http:www.voxball.com
  5. «Алатау» дәстүрлі өнер театры» МКҚК-ның 2017 жылғы қызметі бойынша есебі
  6. Бошакова М. Банк идей по театральному пиару. http://www.teatr-mpr.livejournal.com
20 Сәуір 2018
196
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет