Қазақ анимациясы Португалияда өтетін фестивальде бақ сынамақ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Күлтегін» атты толықметражды анимациялық фильмі Португалияда өтетін Халықаралық кинофестивальдің негізгі бағдарламасына қатысады.

Қыркүйектің 14-і мен 15-і аралығында Португалияның Порту қаласында өтетін бұл фестиваль осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұл байқаудың мақсаты португалдық және әлемдік фильмдерді кеңінен насихаттау. Дегенмен, фестиваль ұйымдастырушылары байқаудың басты бағыттарының бірі әлемге әйгілі киногерлермен қатар, танылуына кең мүмкіндіктері бар жаңа есімдерді ашу екенін айтты.

- Біздің ұлттық фильмнің әлемдік тұсаукесері осындай белді кинофестивальде өтетініне өте қуанып отырмыз. «Күлтегін» фильмі ата-бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауызбіршілігі, олардың тұрмысы мен салт-дәстүрлері  туралы. Күлтегін - бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да фильм батыс көрермендеріне қызықты болатынына сенімдімін. Қазылар алқасының да көңілінен шығып, жүлделі орыннан көрінетінімізге кәміл сенемін,- деді фильмнің режиссері Адай Әбілда.

Естеріңізге сала кетсек, жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің жастық шағы туралы баяндайды.

Айта кетсек, «Күлтегін» фильмі шілде айының басында Астана қаласында өткен XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің «Еуразия жүрегінде» атты конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатын.

Фильм туралы: Ұлы түрік мемлекетіне ыдырау қауіпі төнеді. Түркілердің бірлігін сақтап қалан Ұлы Елтеріс қаған жаңа мемлекетті құруды көздеген сатқындардың қолынан мерт болады. Тақтың мұрагері Елтерістің ұлы 12 жасар Күлтегін қашып құтылады. Өзінің туған жеріне оралу үшін ол көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Бұл жолда оған түркілердің жебеушісі Көк Бөрі мен туған бауыры Білге көмекке келеді. Басы біріккен олар жауды жеңіп түркі әлемін құтқарып алады. Білге қағанды таққа отырғызған Күлтегін түркі мемлекетінің әскери қолбасшысы атанады.

Ұзақтығы: 60 минут Тілі: қазақ тілінде Қоюшы режиссер: Адай Әбілда Сценарий авторлары: Адай Әбілда, Жәнібек Нұрбекұлы Қоюшы суртшілер: Қасиет Сақиолла, Жәнібек Нұрбекұлы, Адай Әбілда

Композиторы: Әсет Дәненов

Дыбыс режиссері: Евгений Селюков

Редакторы: Салтанат Дүнгенбаева

Кеңесшілер: Тамара Мұқанова, Едіге Тұрсынов

Продюсер: Адай Әбілда

Директоры: Айбике Рақымжанова

Аниматорлар: Абзал Инсебаев, Қуаныш Нағгыз, Мейіржан Төлепбай, Шаттық Тұрсынали, Қасиет Сақиолла, Ермек Мананбаев, Жақсыбек Кәміл, Бағдар Жынсабек, Қали Бақытхан, Гүлжан Қаділбек, Мариям Қалибек, Темірлан Кенжеғалиев, Кұнанбай Әбелдинов, Жанәділ Байдарбек, Шыңғыс Сапар

Рөлдерді дыбыстаған: Мерей Әжібеков, Азамат Қанапия, Бақытжан Жармұхамбетов, Гүлназ Әуесбаева, Руслан Ахметов, Динара Әбікеева, Нүкетай Мышбаева және басқалары.

Режиссер туралы:

Адай Әбілда 1987 жылы Павлодар облысының Майқоңыр ауылына туған. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясын бітірген (2009). Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жанындағы «Анимациялық кино» ӨБ басшысы, «Astana film» ЖШС құрылтайшыларының бірі және директоры. ҚР Кинематографистер Одағының мүшесі.

Фильмографиясы: «Қоңырау» (2009 ж.), «Мико» (2009 ж.), «Аңшы» (2010 ж.), «Көкбалақ» (2011 ж.), «Жерұйық» (2013 ж.), «Кілем үстіндегі қала» (2014 ж.), «Күлтегін» толықметражды анимациялық фильмі, «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмі (қоюшы суретші).

Жүлделері: «Үздік студенттік жұмыс» («Шәкен жұлдыздар» ХКФ, 2009), «КРОК» фестивалінің жүлдесі (Мәскеу, 2010), «Ислам киносы» фестивалінің жүлдесі (Казань, Татарстан, 2011), «Бастау» ХКФ бас жүлдесі(Алматы,2011), «Карлыгаш» кинофестивалінің жүлдесі(Алматы, 2016).

17 Шілде 2018
222
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет