Астанада «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің тұсауы кесілді

17-қазан Астанадағы «Kinoplexx Sary Arka» кинотеатрында толықметрлі анимациялық «Мұзбалақ» фильмінің ресми тұсаукесері өтті. Фильмнің авторлары режиссер-аниматор – Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.

Мультфильмнің тұсаукесерінде түсірілім тобы, кинематографиялық қауым және ата-аналарымен келген кішкентай көрермендер болды. Кейіпкерлердің іс-әрекетіне қызыға қарап отырған көрермендер  көрсетілім соңында фильм авторларын ду қол шапалақтап қарсы алды.

Екі жарым жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген.  Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан. Ал фильмге жазылған саундтректің авторы танымал әнші әрі композитор – Ұшқын Жамалбек.

Естеріңізге сала кетейік, «Мұзбалақ» мультфильмі отандық прокатқа 2018 жылдың 18 қазанынан бастап шығады. Адам мен бүркіттің достығы туралы баяндайтын картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы шығарған.

Аннотация:

Ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналап келе жатқан абжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасады. Ақыры абжылан қайта жер астына қашып жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен абжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді...

Анықтамалық ақпарат:

Атауы: «Мұзбалақ»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ

Жанры: толықметрлі анимациялық фильм

Тілі: қазақ

Қоюшы-режиссерлері: Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы

Сценарий авторлары: Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда

Қоюшы суретшілері: Адай Әбілда, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы

Композиторлары: Әсет Даненов, Ұшқын Жамалбек

Монтаж: Тілек Төлеуғазы

Фильм директоры: Ербол Бораншы

Дыбыс режиссері: Жеңіс Екпін

Редакторлар: Жамаш Ержанат, Салтанат Дүнгенбаева

Мәтін редакторы: Болат Жетекбай

Дыбыстарды жазған: Сергей Фигнер

Дыбыс үйлестіруші:Виталий Ткаченко

18 Қазан 2018
104
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет