Алматыда «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті

18-қазан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Kinoplexx Sary Arka» кинотеатрымен бірлесе отырып, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және уақытша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға «Мұзбалақ» атты жаңа толықметражды анимациялық фильмінің қайырымдылық көрсетілімін ұйымдастырды.

Бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайтын бұл мультфильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ  түсірген. Фильмді режиссер-аниматорлар – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы жасап шыққан.

Авторлар «Мұзбалақ» атты анимациялық фильмі арқылы тарих қойнауына еніп, жоғалып бара жатқан,  қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениетін көрсету арқылы, адаммен бүркіт арасындағы сенім негізіне құралған достықты жас ұрпақ санасына сіңіруді көздейді.

Қайырымдылық көрсетілімге келген балалар фильмнің ерекше ұнағаны және  әр кейіпкерлерін қызыға тамашалағандары туралы айтты. Сондай-ақ оларды «Kinoplexx Sary Arka» кинотеатры ұсынған тәтті тағамдар мен фильм авторлары ұсынған сыйлықтар ерекше қуантты.

Сол күні кешке «Kinoplexx Sary Arka» кинотеатрында «Мұзбалақ» анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. Мерекелі кешке жиналған көрермендерге картинаның режиссерлері – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы, сценарий авторларының бірі, қоюшы суретшілердің бірі Адай Әбілда, саундтректің  орындаушысы, әнші Ұшқын Жамалбек жаңа мультфильм туралы өз ойларын айтты.

- Біз осы «Мұзбалақты» жасаудан бұрын «Тастүлек»  атты қысқа метрлі анимациялық фильмді аяқтаған кезіміз, «Қазақфильмге» Бақыт Ғафуұлы  басшы болып келген болатын. Ол кісі анимация бөліміне келіп біздің «Тастүлек» анимациялық фильмімізді көріп, ұнатып, көңілінен өткеннен кейін, осы фильмді ары қарай толықметражды етіп жасауды тапсырып, қолдайтынын айтты. Содан бастап осы тақырып негізінде жаңа толықметражды «Мұзбалақ» мультфильмінің сценарйын жаздық, жаңа кейіпкерлерді қостық және экшн жанрында түсіреміз деп шештік. Енді міне, Бақыт Ғафуұлының арқасында «Мұзбалақ» анимациалық фильмінің тұсаукесеріне жиналып, бас қосып отырмыз, - деді Тілек Төлеуғазы.

Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандар істеген.  Ұзақтығы 67 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.

- Бес жасар бүркітті қазақ Мұзбалақ дейді. Қазақ бұл тәкаппар құсқа жас ерекшелігіне қарай ат қояды. Біз аңға шықпасақ та, аңшылардың әңгімесін тыңдап өстік. Үлкендермен еріп, аңды қалай тұзаққа түсіруге болатынын да шет жағалап көзімізбен көрдік. Қыранды қалай қондырып, тұғырына қалай отырғызу қажеттігін, атты қалай баптап, қалай жарататынын, құсты қалай қолға ұстауға болатынын біздей ешкім білмесі анық, - деді Тұрдыбек Майдан.

Айта кетсек, «Қазақфильм» киностудиясы екі бірдей толықметрлі анимациялық фильмді өндірді. Үстіміздегі жылдың қараша айының соңында режиссер Адай Әбілданың тарихи тұлға, қолбасшы Күлтегін туралы түсірілген анимациялық картинасы жарық көреді.

Аннотация:

Ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналап келе жатқан абжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасады. Ақыры абжылан қайта жер астына қашып жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам жұтып дәніккен абжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді.

Анықтамалық ақпарат:

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ

Жанры: толықметрлі анимациялық фильм

Тілі: қазақ

Қоюшы режиссерлері: Тілек Төлеуғазы және Тұрдыбек Майдан

Сценарий авторлары: Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда

Қоюшы суретшілері: Адай Әбілда, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы

Композиторы: Әсет Даненов

Монтаж: Тілек Төлеуғазы

Фильм директоры: Ербол Бораншы

Дыбыс режиссері: Жеңіс Екпін

Редакторлар: Жамаш Ержанат, Салтанат Дүнгенбаева

Мәтін редакторы: Болат Жетекбай

Дыбыстарды жазған: Сергей Фигнер

Дыбыс үйлестіруші:Виталий Ткаченко

Қоюшы режиссерлердің фильмографиясы:

Тұрдыбек Майдан

1999-2001 ж. Қытайдың Шәндұң өлкесіндегі Хызы қаласында көркем сурет колледжын оқыған. 2005-2010 ж. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында «Анимация режиссурасы» мамандығын бітірген.

Фильмографиясы:

«Әлін білмеген» - 2008(4 минут)

«Ақ қаз» - 2010(10 минут)

«Тастүлек» - 2014( 23  минут)

«Бақыт жолында» - 2015(12 минут)

«Мұзбалақ» - 2017(65 минут)

Тілек Төлеуғазы

2006 - 2011 ж. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын да «Анимация режиссурасы» мамандыған бітірген.

Фильмографиясы:

«Нүктелер» - 2009 (3 минут)

«Бөгде» - 2010 (6 минут)

«Тастүлкк» - 2014 (23 минут)

«Иесі оралған мысық» - 2015 (12 минут)

«Мұзбалақ» - 2017(65 минут)

19 Қазан 2018
88
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет