ATAU кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Астанадағы «Мәскеу» Бизнес орталығында жаңадан ашылған «Платформа» кеңістігінде  «ATAU»  кинофестивалі өтті. Байқауға қатысқан қысқаметрлі студенттік  фильмдер қатарынан жеңімпаздар анықталды.

Фото Brod.kz сайтынан алынды.

Кинофильмдер арасында үздіктерін таңдау үшін қазылар алқасы тағайындалды: Александра Поршнева – Қазақстанның сыншылар Ассоциясының мүшесі, Ольга Скальчук (Ресей)  - куратор, өнертанушы, Айгерім Мажитхан – өнертанушы.

Фестивальдің әр күнінде көрермендерге фильмдер атаулары жазылған арнайы қағаз таратылды. Таңдауға көрермендер де қатысып, ат салысты. 1 желтоқсан күні жеңімпаздар аталды.

«За чувственность и визуальный ряд» сыйлығы  − «Пуговицы», режиссері Елизавета Новикова.

«За оригинальность воплощения» сыйлығы  − «Одиночество. Безлюдные места», режиссері Бауыржан Дарменов.

«За воплощение на экране достоверного портрета молодёжи» сыйлығы − «Жаздың салқын түнi», режиссері Амир Аменов. 

«Ата-тегiн iздеу» сыйлығы − «Қасапшының бір күні», режиссері Нұрсұлтан Нұсқабеков.

«За смелое выражение актуальной темы» сыйлығы − «Самал», режиссері Шұғыла Сержан.

Көрермендер назарынан шығып, көптеген дауыс жинаған «Толғау» фильмі, режиссері Аян Найзабеков.

Platforma кеңістігінің жетекшісі, куратор-өнертанушы Айгүл Ибраева «Біріншіден, бізге осындай іс-шараларды өткізуге қолдау көрсеткен «Мәскеу» бизнес орталығының басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Күнделікті келіп, дауыс берген көрермендерге және жас режиссерларға ризамын, бірігіп жұмыс атқарғанымыздың жемісін көріп отырмыз. «ATAU» атты эксперименталды фильмдер фестиваліміз өсіп, өркейетініне сенеміз», - деп қуанышымен бөлісті.

«Самал» фильмі. Кинокартинаны тамашалағанда «Ата-анаң жынды болса да байлап бақ» деген мақал еске түседі. Фильм басталғанда Самал ескі автобуспен Алматы қаласының бөктерінде орналасқан ауылдағы үйге қайтып келгенін көреміз. Ол келе салып, үй тіршілігімен айналысып жүргенде ағасы анасын жетектеп келеді. Қарт ана үнсіз отырса да оның қылықтарынан осы дүниеден алыс ойға кеткенін, бір дертке шалдыққанын байқауға болады. Самал суға бара жатқанда анасы артынан қалмай біраз жүргенде де бойынан балалық көрінеді.
Бұрынғы ана образына, оның махаббаты мен сүйіспеншілігіне деген сағыныш су құйып тұрған сәтінде далада ойнап жүрген Самалмен аттас қызды анасы шақырғанда басты кейіпкердің бұрылып қарағанда көздеріндегі мұңынан сезіледі.
Анасының жағдайы келесі бір көріністе жақсы ашылып жеткізілген. Самал су әкеліп үйге кірген сәтте анасы сөмкесін қопарып, ішіндегі заттарды шашып тастағанын көреді. Қысқаметрлі фильмде әр кадр мен көрініс ойластырылған. Әр көрініс нақты және орнықты. Анасының заттарды шашып, одан кейін қолынан тартып алған нәрсе үшін еңіреп жылағаны оның денсаулығының нашарлағанын, ақыл есінің ауыса бастағанын айқын көрсетеді. Ағасы мен қарындасының арасында болған ұрыстан ағасының өз жағдайын өзгертіп, қалаға барып жұмыс істеп жаңа өмір бастағысы келетінін және қарт ананы күтуден шаршағанын түсінеміз. Екі бала қарт ананың күтімін бір –біріне сілтеп, «сен бақ» -деген ұрыс-керіспен аяқталады. Режиссер фильмде үйдің төбесіндегі антенаға байланып қалған «ұшатын жылан» ойыншығын көрсету арқылы ұядан ұшқысы келетін бала үйге байланып қалған деген мағынада жеткізеді. Түрлі түсті «ұшатын жылан» желге желпілдеп, сол күйі байлаулы түрде қалды.
Толғаныста жүрген Самал мен қоршаған ортаның, кең даланың шешімі шебер құрастырылған, композициялық орналастыруда бейне мен күннің батып бара жатқандағы артқы аяның қызғылт түске боялуын атап өткім келеді. Бұл жерде оператордың және режиссердің еңбегі зор.
Түс. Түсіндегі бірінші пландағы раушан гүлдер, ақырын ашылған ақ есіктің ар жағында ұйықтап жатқан Самал. Раушан гүлдің көптеген белгілері бар. Сонын бірі сопылықта жанды білдірсе, ал христиан дінінде киелік пен тазалықтың символы. Негізі автор фильмде «Бала-өмір гүлі» мағынасында осы элементті қолданған секілді. Қызының бетінен сипаған анасының қолы қанға боялған. Қарт ананың қолындағы қанды өкініш пен ішкі күйзеліспен теңестіремін.
Фильмнің соңында қарт ана балаларының ұрысқанын естімесе де өзінің оларға масыл болмайын деп үйден шығып асығыс жүріп бара жатқаны, оны тоқтатпақ болған қызын құшақтап жылағаны көзіне жас ұялтып, аяныш сезімін тудырады.
Осы кинофильмде әлеуметтік жағдай да психологиялық аспектілер де қозғалады. «Самал» атты фильм өте терең, қазіргі заманға сәйкес көкейкесті драма.

«Қасапшының бір күні» фильмі. Басты кейіпкердің тағдыры ауызша айтылумен қатар оның күнделікті тұрмысындағы іс-әрекеті көрсетіледі. Үстіне киген фуфайкасы, ауыр жұмыстан қатайып кеткен үлкен қолдары, әңгіме арасында от жағумен ,отты оталдыру кезіндегі ұсақ детальдар оның жағдайын суреттейді.
Қасапшы: «Өмірімде істемеген жұмысым жоқ. Парикмахер де болдым, сапожник те болдым, автобус та айдадым, енді тек тігінші болу қалды. Тек қолдарым шопырдың қолдарындай» - деген сөздерінен кейін кадрды үлкейтілген планмен қасапшының авто бөлшегін ауыр жұмыстан қатайып кеткен қолдарымен жөндеп жатқаны көрсетіледі. Визуалды өте ұтымды сәт.
Фильм екі бөліктен тұрады. Біріншісі әке туралы, екіншісінде қасапшы өзінің баласы туралы айтады. Әке туралы бөлігінде түнгі уақыт түсірілген. Артқы аясы қараңғы, түнгі аспан. Оператор мен режиссер суретші Рембрандт кескіндемелерінде қолданатын тәсілдерді қолданған: проектор арқылы түнгі қараңғылықтан арнайы жарық түсіру арқылы кейіпкерді бірінші планға шығарады. Тіпті үйдің ішінде түсірілгенде кейіпкердің портретіне үлкен көңіл бөлінген. Жылы түсті жарық арқылы үй ішіндегі кадрлар мен бет –әлпеті жылы реңдерде орындалды. Контраст жиі қолданылады: пештегі оттың лапылдап жануы, қараңғы түнде көлік жөндеуі және тағы басқа қойылымдары жарық пен көлеңкені ойнату арқылы құрылды.
Екінші бөлігінде көрініс көбінесе күндізгі уақытта өтеді. Қасапшы өзінің ұлы болғанын, оның кішкентай кезінде жиі ауырып қиналғанын, қазір болса әйелі баласымен 20 жылдан астам бөлек тұратынын айтады. Ол ұлын сағынып жүргенін және ертелі-кеш оның іздеп келетінін, ата-тегін білу уақытының тәмамдағанын айтады. Мысал ретінде өзінің де осы уақытта әкесін тапқанын келтіреді. Фильм бойы осы ой бірнеше рет айтылады. Сондықтан бұл деректі фильмді «Ата –тегін іздеу» номинациясы бойынша тақырыпты ашқаны үшін қазылар ерекше атап өтті.


Бірінші бөлігінен қарағанда екінші бөлігінде динамикалы қозғалыс көп. Кинофильмнің негізгі колориті қара, қоңыр, сарғылт түсті болса, соңында қызыл түс пайда болады. Қора ішінде атқа құрық салынып, ұсталғанан кейін бір-біріне қайырылған пышақтар мен құбырдан ағып жатқан ала қызыл қанды көреміз. Осы сюжеттен кейін қасапшы өлімнен қорықпайтынын, ертелі кеш уақыты келгенде адам жан тапсыратыны туралы ой қозғайды. Қан –метафора тәріздес. Ұрпақтан ұрпаққа ген деңгейінде таралатын тектік. Әке мен баласының байланысы.
Деректі фильм болашаққа деген үмітпен аяқталады. Кейіпкер баласының туыстарын іздеп келеді деген сенімін айтады. Соңғы кадрда күннің батып бара жатқаны әдемі түсірілген. Көгілдір аспанда жарқыраған күн жылулық береді.
Көрермен түні бойы және келесі күннің кешіне дейін қасапшының ауыр тағдырымен танысады. Режиссер Нұрсұлтан Нұсқабековке осы бағытта жалғастыра беруді тілейміз.

Өнертанушы Айгерім Мажитхан

4 Желтоқсан 2018
80
0
0