Алматыда «Қал қалпақтай» балалар шығармашылығы көрмесі ашылады

ЮНЕСКО Қазақстан Ұлттық Федерациясы Клубтарының 10-жылдығын атап өту қарсаңында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде 8-желтоқсан күні сағат 16.00 ЮНЕСКО клубы «Алые паруса» көркемсурет шеберханасының шәкірттері дайындаған «Қал қалпақтай» балалар шығармашылығы көрмесі ашылады.

«Алые паруса» көркемсурет шеберханасы педагогтарының ұйымшыл ұжымы балаларды көркем бейнелеу өнері мен дизайнге 8 жылдан бері баулып келеді. Оған суреттер, витраждар, макет және киім үлгілерін жасау кіреді. Балалар өз шығармашылығында қағаз, мата, саз, ағаш, пластилин мен басқа да түрлі материалдарды пайдаланады. Клубта театр шеберлігі үйірмесі тұрақты түрде жұмыс істейді және классикалық музыка концерттері үнемі өткізіліп тұрады.

Осыдан бір жыл бұрын барлық сынақ кезеңдерінен сәтті өткен «Алые паруса» көркемсурет шеберханасы ЮНЕСКО Клубы мәртебесін иеленді.

Балалар шығармашылығы – балдырғандар қиялының шексіз шарықтау әлемі. Ол бояуларының сан-алуандығымен және күтпеген композициялық шешімдерімен ерекшеленеді. Өз еңбегінің нәтижелерін – суреттері мен қолдан жасаған бұйымдарын мақтанышпен көрсетіп жүрген жас суретшілердің бақытты жүздерін көрудің өзі зор қуаныш!

«Қал қалпақтай» көрмесінде балалардың орындалу техникасы әртүрлі жұмыстары қойылған.

Көрме шеңберінде балғын дизайнерлер жасаған қалпақтардың сәндік көрсетілімі өткізіледі. Дефиле кезінде балалар ата-аналарына скрапбукинг және оригами  техникасымен өз қолдарымен істеген бұйымдарын сыйға тартады.

Пейзаждар, натюрморттар, қиял-ғажайып және тақырыптық суреттер зор қызығушылық туғызып отыр. Экспозицияға 40-тан астам бас киімдер мен балалар шығармашылығының 60-тан астам сан қырлы, ең жарқын жұмыстары қойылады.

Көрменің ашылуында ҚР Орталық мемлекеттік музейі директорының орынбасары – Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы,  «Алые паруса» көркемсурет шеберханасының жетекшісі, суретші-кескіндемеші, бейнелеу және сызу мұғалімі -  Грибова Маргарита және KazFUCA ЮНЕСКО Қазақстан Ұлттық Федерациясы Клубтарының Бас хатшысы Ақжарова Сәбина Серікқызы сөз сөйлейді.

«Қал қалпақтай» көрмесінің салтанатты бөлігін жас актерлердің барлық қатысушылар мен келушілер үшін арнайы дайындаған «Некрасивая ёлка» спектаклі тәмамдайды.

Музей алқызыл желкен астындағы шығармашылық әлемімен танысуға шақырады.

Көрме 2018 жылдың 24-желтоқсанына дейін өтеді.

ҚР Орталық Мемлекеттік музейі     

 Алматы, «Самал-1» ықшам ауданы. 44  

www.csmrk.kz  E-mail: csmrk1986@mail.ru

Анықтамалар алу үшін телефон: 264-46-50,  264-55-77.

 

6 Желтоқсан 2018
22
0
0