Қытай композиторы Сянь Синхайдың мемориалдық фотокөрмесі өтеді

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылдың 26 желтоқсаны күні сағат 15.00-де Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы  Бас Консулдығымен  бірлескен  Қытайдың танымал  халық композиторы Сянь Синхайды еске алуға арналған мемориалдық   фотокөрме ашылады.

Сянь Синхай (13.10.1905 - 30.10.1945 ж.ж.) - халық музыканты, педагог және коммунист- революционер, сондай-ақ белгілі қытай композиторы, пианист, дирижер болған. Сянь Синхай 250-ден астам шығармалардың авторы, сүбелі туындыларының арасында кантата, опера, симфония, оркестрлік музыкаға арналған сюиттер, рапсодия, скрипка мен пианиноға арналған көптеген соло және ансамбльдердің мәні зор. Өз шығармаларында ол Қытайлық ұлы революцияның шындығы мен ұлттық бостандығын терең бейнелеген. Оның бірқатар музыкалық шығармалары ұлттық өрнек мен түпнұсқалық құндылығымен ерекшеленеді, сонымен бірге қытай халқының қолдауын иеленген және қазіргі күні де танымалдылыққа ие.

Ол Пекин университеті жанындағы дәстүрлі қытай музыкасы институтында, кейін Шанхай консерваториясында оқыды. 1929 жылы Сянь Синхай Парижге оқуға барып, 1935 жылы Қытайға оралып антижапондық патриоттық қозғалысқа белсене қатысты.

1938 жылы Синхай Қытай революциясының қасиетті орны Яньаньға келді. 1939 ж.Лу Сюнь атындағы Өнер институтының музыка факультетінің деканы болып тағайындалды. Яньанда өткен жылдар композитордың шығармашылық өмірінің ең табысты кезеңі болды: бар-жоғы бір жыл ішінде ол өзінің жауһар туындыларының бірі "Сары өзен кантатасы", сондай-ақ "Еңбек туралы кантата", "18 қыркүйек туралы кантата" және "Қарсы шабуыл", "Халықаралық әйелдер күні", "Жойылсын Ван Цзинвэй" және т. б. шығармаларын жазды.

1940 жылы Сянь Синхай Кеңес Одағына Мәскеуге жіберілді, сол жерде "Ұлт азаттығы" деп аталатын бірінші симфониясын аяқтады. 1941 жылы Алматыға көшіп келіп, cол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясы, «Қытай рапсодиясы» сюитасын, «Аманкелді Иманов» поэмасын жазды. Бұған қоса ол екі ел арасындағы елші ретінде қазақтың көптеген халық әндерін жинап, қайта өңдеді.

Қазақстан - Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылғы 7-қазанда Алматы қаласындағы көшелердің бірі «Сянь Синхай көшесі» атауына өзгертіліп, онда сазгердің құрметіне ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш-тақтада: «Көрнекті қытай композиторы, Қытай - Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі елші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады»,-деп жазылған. Биыл Сянь Синхайдың туғанына 113 жыл толуына орай, қазақстандық және қытайлық өнер шеберлері аталмыш сазгердің өмірі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың арасындағы шынайы достықты арқау еткен «Музыкант» қысқа метражды фильмін түсірді.

Көрме экспозициясында композитордың Қытай мен Парижде оқыған жылдары, достарымен бірге түскен, пролетарлық, музыкалық мәдени шараларға қатысқан, әйелі Цянь Юньлин және қызы Нинамен бірге түскен отбасылық фотосуреттерден тұратын 60-қа жуық суреттер, Лу Синь атындағы Өнер институтына жазған Оқу құралдары, Ресей, Қазақстан, Моңғолияда өмір сүрген жылдар, музыкалық шығармаларының партитуралары, Сянь Синхай және Байқадамовтар отбасылары арасындағы достық ықыласқа толы жылдарды бейнелейтін фотолар қойылған.

Көрме 2019 жылдың 10 қаңтарына дейін жалғасады.
Анықтама телефондары: 264-46-50

25 Желтоқсан 2018
162
0
0