Алматыда «Бұғылар жолы» атты фотокөрме ашылады

2019 жылдың 14 наурызында сағ. 16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматыдағы Мажарстан Бас Консулдығымен бірлесе отырып «Бұғылар жолы» атты фотокөрмесін ашады.

Орталық музей мен Мажарстан Бас Консулдығы арасындағы мәдени ынтымақтастық байланыс жылдан-жылға нығаюда. Соңғы жылдары музейге келушілер Мажарстанның тарихы, мәдениеті туралы сыр шерткен: «Мажарстан ғылымының – мерекесі», «Мажарстан шығыстанушылары» сынды көрмелермен танысты. Қалыптасқан  дәстүрді жалғастыра отырып Орталық музей Мажарстан Бас Консулдығымен бірлесіп «Бұғылар жолы» көрмесін келушілердің назарына ұсынады.  Көрме аңшылық және табиғатты қорғаумен кәсіби түрде айналысатын Одон Блауманның фото шығармашылығына арналған.

Көрмеде жабайы аңдардың өмір сүру ортасындағы түрлі сәттерін бейнелейтін түсірілімдерді тамашалауға болады. Фотосуретшінің шығармашылық тақырыбы бұл жолы Мажар елінің мақтанышы, табиғатының інжу-маржаны бұғылар мен еліктерге арналған. Одон Блауман тек қана фотосуретші емес сонымен қатар, кинотүсірілімдермен де айналысады. Қазіргі таңда суретші DVD форматта 55 фильм түсіріп, көрермендерге тарту етті. Фильмдер: Австрия, Германия, Нидерланды, Италия, Белгия елдерінде көрсетіліп зор қошеметке ие болды. Оның фильмдері «Аңшылық – балық аулау» телеарнасында жиі көрсетіледі.  О. Блауман аңшылық мектептері үшін бірқатар арнайы оқу фильмдерін және аңшылық кәсібімен айналасушы компаниялардың жарнамаларын  түсірді.

Одон Блауманның жеке көрмелері Венгрияның ірі қалалары – Будапешт, Секешфехервар, Папе, Печье, Зирценде сондай-ақ, шетелдер Германия (Дортмунд қ.), Австрияда (Зальцбург қ.) өтті. Оның жұмыстары аңшылар журналдарының мұқабасы, аңшы ақпараттық бюллетені  (PIRSCH, WILD und Hund) беттерінде, түрлі күнтізбе, газет, кітаптар басылымын безендіруде пайдаланылды.

«Бұғылар жолы» көрмесі бұдан 10-15 миллион жыл бұрын Орталық Азиядан тараған ашатұяқты бұғы тәріздес жануарлар дүниесіне арналды. Бұл жануарлардың Венгрия табиғатына бейімделуі, қоршаған ортаны жерсінуі аңшылық кәсіптің өрістеуіне ықпал етті. Мажарстанда бұғы, еліктердің Еуропа аймағындағы ең үлкен тобы сақталған. Мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынған аңдар осы күндері аңшылық объектісіне айналып отыр.

Көрме экспозициясындағы Одон Блауманның 65 туындысы Венгрияның әсем табиғаты, жануарлар әлемімен таныстырады. Келушілер үшін арнайы түсірілген қысқа метражды фильм көрсетіледі.

Көрме Венгрия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Көрме Технодом Оператор АҚ қолдауымен ұйымдастырылды.

 

                                    Көрме 2019 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.

                                   Анықтама телефондары: 264-46-50, 264-55-77

12 Наурыз 2019
248
0
0