Ж.Хаджиевтің туғанына 70 жыл толуына арналған ІІІ Халықаралық театрлар фестивалі өтіп жатыр

Үшінші жыл ұйымдастырылып жатқан театр фестивалі қазан айының 15-19 күндері С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында дәстүрлі түрде жалғасын тапты.

2017 жылдың 8-12 қарашасы аралығында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының 45 жылдық мерейтойы аясында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, театрдың іргетасын қалаушылардың бірі, көрнекті режиссер Жанат Хаджиев атындағы аймақтық, 2018 жылдың 1-4 қараша аралығында Халықаралық театрлар фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілген еді. Ағымдағы жылы Қарағанды облысының әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен фестивальдің аясы мен қамтитын аумағын кеңейтіліп, Ж.Хаджиев атындағы ІІІ Халықаралық театрлар фестивалі өтеді. Биылғы фестиваль көрнекті режиссердің туғанына 70 жыл толуына арналды.

Жанат Хаджиев 1972 жылы Мәскеу қаласындағы М.С.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесін бітірген бір топ актерлермен бірге осы театрда еңбек жолын бастап, көптеген спектакльдерде басты және негізгі рольдерді сомдады.

1980 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітіріп, туған театрынақайта оралды. Бас режиссер, көркемдік жетекші ретінде Серке театрының биік белеске көтерілуіне бүкіл күш-жігерін сарп етті.М.Әуезовтің «Қараш-Қараш», «Қарагөз», «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» (инсц.К.Ахметовтікі), Ә.Таразидің «Қыз махаббаты», А.Вампиловтың «Тұңғыш ұл», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Кәрімнің «Тастама отты, Прометей» т. б. спектакльдері режиссерлік тың шешімдерімен, ерекше концепциясымен жаңалыққа толы болды. Соның нәтижесінде Жанат Әубәкірұлының республикалық театрлар фестивалдерінде қойған спектакльдері жүлделі орындармен қатар, бірнеше дүркін фестивальдің  Бас жүлдесін  иеленді.  Ж.Хаджиев 2017 жылы сәуір айында дүниеден өтті.

Фестиваль ұлттық  театр  өнерінің  беделін биіктетуде  ерекше еңбек етіп, халқына  риясыз қызмет еткен, артына өлмес мұра қалдырған  талантты режиссер,  С.Қожамқұлов театрының іргетасын қалаушы ерекше дарын иесі Ж.Хаджиевтің   есімін ұлықтау, театр өнеріне сіңірген еңбегін насихаттау, кейінгілерге үлгі ету әрі қатысушы елдердің театр өнерінің дамуы  арқылы  ұлттық өнер мен  мәдениетімізді жаңа мазмұнмен, түрмен байыту мақсатын көздейді.

15 қазан  күні сағ. 14.00-де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Жақыпбай бастаған құрамында Башқұрт және қазақстан театр сыншылары бар фестивальдің қазылар алқасы, Ж.Хаджиевтың жұбайы Р.Хаджиева, қарындасы Ф.Хаджиева мен туысы С.Қиқымов және басқа да құрметті қонақтар мен қала жұртшылығының қатысуымен фестивальдің ашылу салтанаты өткен болатын. Фестивальдің ресми ашылуынан соң Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Г.Горинның «Ұмытыңдар оны» спектаклін қазылар мен көрермен назарына ұсынды.

16 қазан күні бағдарлама бойынша сағ. 11.00-де ШҚО театры Б.Мұқаевтың «Сергелдең болған серілер», сағ. 16.00-де «Ж.Хаджиевтың қазақ театры өнерін дамытуға тигізген ықпалы» шеберлік сағатын доцент, өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  «Өнертану» факультетінің декані,  театртанушы М.Жақсылықова мен Әдебиет пен өнер институтының «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі А.Мұқан өткізді. Сағ. 18.00-де -  У.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры Ж.Ануйдың «Сфорцандо» спектаклін көрсетті.

17 қазан күні сағ. 11.00-де - Абай атындағы Семей Мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры Иран-Ғайыптың «Адасқан бақ құсы» спектаклін қойды. Қатысушы театрлар, жюри мүшелері мен құрметті қонақтар және баспасөз өкілдерінің қатысуымен сағ. 16.00-де «Дидар» телеарнасында баспасөз конференциясы өтеді. Сағ. 18.00-де - «Турон» Мемлекеттік әскери театры Ш.Исахонованың «Ұлан» спектаклін ұсынады.

18 қазан күні сағ. 11.00-де Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театры Х.Мюллердің «Филоктет-Медея», сағ. 17-00-де М.Вахидов атындағы Мемлекеттік жастар театры А.Фирдоусидің «Знамы Ковы» спектаклін ұсынады.

19 қазан күні сағ. 11.00-де - С.Кожамқұлов театры Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» спектаклімен фестивальді аяқтайды.

Сағ. 14.00-де фестивальдің салтанатты жабылуы мен марапаттау шаралары өтеді.

Қатысушы театрлар мен жүлдегер артистерге фестиваль Ережесі бойынша түрлі аталымдар бойынша дипломдар, статуэткалар мен бағалы сыйлықтар тапсырылатын болады.

 Фестивальге қатысушы театрлар тізімі:

 1.А.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры

Ж. Ануй «СФОРЦАНДО» трагифарсы (реж. Татьяна Захарова);

  1. Өзбекстан «Турон»

Ш.Исахонова «Ұлан» драмасы (реж. С.Мелиев)

  1. 3. М.Вахидов атындағы Тәжік Мемлекеттік жастар театры

А.Фирдоуси «Знамя Ковы» тарихи драмасы (реж. Н.Меликов)

  1. Шығыс Қазақстан облыстық драма театры

Б.Мұқаев «Сергелден болған серілер» комедиясы (реж. С.Акелеев)

5.Х.Бөкеева атындағы Орал облыстық қазақ драма театры

Х.Мюллер «Филоктет Медея» трагедиясы (реж Қ.Қасымов)

6.Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Г.Горин «Ұмытыңдар оны...» трагикомедиясы(реж. Ж.Жұманбай)

  1. Семейдің Абай атындағы Мемлекеттік қазақ музыкалық -драма театры

Иран-Ғайып «Адасқан бақ құсы» драмасы (реж. Е.Төлеубай)

  1. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры

Ш.Айтматов «Шыңғыс ханның ақ бұлты» эпикалық драмасы (Реж. Т.Жанботаев)

Сахна бәйгесіне төрелік ететін әділ қазы алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі – Н.Жақыпбай. Сонымен қатар, қазылар құрамында – өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының доценті, «Өнертану» факультетінің деканы, театр сыншысы М.Жақсылықова, өнертану ғылымының кандидаты, З.Исмагилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының доценті, М.Гафури атындағы Башқұртстан мемлекеттік академиялық драма театрының тарихшысы, театр сыншысы – А.Сагитова, өнертану ғылымының кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының доценті, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театртану және кино» бөлімінің меңгерушісі – А.Мұқанов, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының қоюшы-суретшісі, ҚР Суретшілер одағының мүшесі – М.Сапаров бар.

17 Қазан 2019
92
0
0