«Қазақфильмнің» фильмдері Барселонадағы кинофестивальге қатысып жатыр

«Қазақфильмнің» фильмдері Барселонада өтіп жатқан кинофестивальге қатысып жатыр.

Испанияның Барселона қаласында қазанның 30-ы мен қарашаның 10-ы аралығында өтіп жатқан Asian Film Festival Barcelona кинофестиваліне Хуат Ахметовтың «Әруақ», Әзизжан Зайыров пен Мұхамед Мамырбеков түсірген «Қыз бен теңіз», Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау», Төлеген Байтүкеновтың «Саташ» және Алдияр Байракимовтың «На грани» фильмдері қатысып жатыр. Аталған кинотуындыларды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.

Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған испаниялық фестивальде Азиядағы  25 елдің 100-ге жуық фильмдері көрсетіледі. Байқаудың басты бағдарламасынан бөлек, фестиваль шеңберінде Asian Film Awards Academy киноакадемиясы (Һонкоңда орналасқан) тағайындаған Asian Film Awards жүлдесі табысталады және Жапонияның кино қоры ұйымдатыруымен жапондық кинорежиссер Ясужиро Одзудың (Yasujiro Ozu) ретроспективасы өтеді.

  • «Әруақ» фильмі екі кейіпкердің – Ағатай қарт пен жетім баланың кездейсоқ ұшырасуы  туралы баяндайды. Фильмде басты ролді қазақ киносының мэтрі Асанәлі Әшімов сомдайды. Айта кетсек, КСРО халық артисі осы фильміде сомдаған ролі үшін жақында ғана Анапа қаласында өткен «Киношок» кинофестивалінде  үздік ер адам рөлі жүлдесімен марапатталған болатын;
  • «Қыз бен теңіз» әлеуметтік фильмінде БЦП-мен ауыратын Әсел есімді бойжеткеннің өмірі баяндалады. Оның бар арманы – махаббатын кездестіріп, отбасын құру. Уақыт өте Әсел БЦП-мен ауыратын Тахир есімді жігітті кездестіріп, өмірі өзгереді;
  • Белгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген «Шыңырау» фильмі құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді;
  • «Саташ» картинасы қылмыскерлермен шайқасқа түскен ауылдың Саташ есімді адал учаскелік полицейі туралы баяндайды. Қарақшылар тұрғындарға күш көрсете бастағанда, бас кейіпкер Саташ оларға жалғыз өзі қарсы тұрып,  борышын соңына дейін өтейді;
  •  «На грани» фильмі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, алайда тағдырлары кездейсоқ тоғысқан жасөспірімдер туралы баяндайды. Отбасы жылуы мен жақындарының қолдауынан айырылған, тіпті әлеуметпен тіл табыса алмай жүрген олар бастарын қауіпке тігеді.

Аталған кинотуындылар басқа да халықаралық кинофестивальдерге қатысып, жүлделі орындарды иеленген болатын.

8 Қараша 2019
23
0
0