"Әлемнің ерке енжарлығы" фильмі Францияда DVD-ге сатылымға түсті

Әділхан Ержановтың "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмі Францияда DVD-ге сатылымға түсті.

Әділхан Ержановтың "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмі Францияда DVD-ге шықты. Дистрибьютор Arizona Distribution француз компаниясы. Алғашқы тираж 1500 дананы құрап отыр, оның 400-і Францияның қоғамдық және білім беру мекемелеріне, атап айтқанда, кітапханаларға түседі. Қалған даналары Францияның бүкіл аумағы бойынша ірі және орта сауда орталықтарында сатылымға түсті. DVD-ды сондай-ақ осы сауда орталықтарының онлайн-дүкендері арқылы, Arizona Distribution компаниясының онлайн-дүкені арқылы сатып алуға болады. Сонымен бірге, DVD-ге бонус ретінде Ержановтың 2014 жылғы "Үкілі Кәмшат" (The Owners) фильмі қоса берілген.

Arizona Distribution компаниясы Arizona Productions компаниясының еншілес бөлігі болып табылады, бұл компания Short Brothers компаниясының қатысуымен Astana Film Fund-пен бірлесіп "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмін шығаруға қатысқан. Фильмнің бас продюсерлері Ақан Сатаев пен Эрнар Құрмашев. Естеріңізге сала кетсек, фильмнің әлемдік тұсаукесері Францияда – 71-Канн кинофестивалінің "Ерекше көзқарас" конкурстық бағдарламасында өтті. Картина бұдан әрі бүкіл әлем бойынша көптеген беделді фестивальдарға қатысып, марапаттарға ие болды. Соның ішінде "Үздік фильм" және "Үздік сценарий" санаттарында Asian Pacific Screen Awards сыйлығына немесе "азиялық оскарға" ұсынылған болатын. Сондай-ақ, "Әлемнің ерке енжарлығы" беделді ресейлік "Ника" сыйлығына да ұсынылды.

"Француз әріптестерім мен көрермендердің фильміме қызығушылық танытқанына қуаныштымын. Және де "Үкілі Кәмшат" фильмінің бонуспен жүріп жатқанына да ризамын – себебі бұл екі фильм бір-бірінің айырмашылықтарына қарамастан көңіл күйі мен формасы жағынан өте ұқсас", – деді Әділхан Ержанов.

Картина алыс ауылдан Астанаға келген ғашық жұптың оқиғасын баяндайды. Салтанаттың отбасы үлкен қарыздарға батқан. Бұл түйін кейіпкерді үлкен таңдау алдына алып келеді. Табысының аздығына қарамастан, Қуандық ғашығына көмектескісі келеді. Өзіндік қатал заңдары бар қала жас ғашықтардағы барлық құнды дүниелерді тас-талқан етеді, бірақ Қуандық пен Салтанат оған барлық күш-жігерімен қарсы тұруға және өз махаббаттарын сақтауға тырысады.

7 Қараша 2019
35
0
0