Мәскеуде Қазақстан киносы күндері аясында "Қазақфильмнің" фильмдері көрсетіледі

Мәдени іс-шара заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай өткізіліп отыр.

2019 жылы қарашаның 18-і мен 23-і аралығында Мәскеуде өтетін Қазақстан киносы күндері шеңберінде "Қазақфильм" киностудиясы түсірген "Шыңырау", "Томирис", "Анаға апарар жол" және "Әміре" фильмдері көрсетіледі. Аталған мәдени іс-шара заңғар жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай өткізіліп отыр.

Қазақстан киносы күндерін РФ Мәдениет министрлігі, "Кино планетасы" компаниясы, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі және Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.

Мәдени іс-шараның ашылу салтанатынада Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша түсірілген "Шыңырау" фильмі (режиссері Жаңабек Жетіруов) көрсетілмек. Ал Ақан Сатаевтың "Томирис" фильмі осы мерекенің жабылуында ұсынылады.

Айта кетсек, Қазақстан киносы күндері аясында Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" және Джефф Веспаның "Әміре" фильмдері көрсетіледі. Бұл аталған фильмдерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген.

Мәдени іс-шара барысында киностудияның фильмдерін Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті Арман Әсенов, "Томирис" және "Анаға  апарар жол" фильмдерінің қоюшы режиссері Ақан Сатаев, сонымен қатар фильмдерде басты рөлдерді сомдаған актерлер – Әлмира Тұрсын ("Томирис") және Әділ Ахметов ("Томирис", "Анаға апарар жол") таныстыратын болады. Ал ашылу салтанатында ұсынылатын "Шыңырау" фильмінің көрсетіліміне  басты рөлді сомдаған актер Асылхан Төлепов және продюсер Базар Әбділдина қатысады.

16 Қараша 2019
44
0
0