С.Мұқанов театры – Алматыда

Театрдың Алматы көрерменіне арналған гастрольдік сапарының ашылуына орай, 26-қараша күні, сағат 17.30-да баспасөз конференциясы өтеді.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры өзінің 20 жылдық тарихында алғаш рет Алматы қаласының театрсүйер көрерменімен дидарласып, шығармашылық жетістіктерімен бөлісіп, қала халқына шоқтығы биік туындыларын 26-28 қараша күндері аралығында паш етпек ниетте. Театрдың Алматы көрерменіне арналған гастрольдік сапарының ашылуына орай, 26-қараша күні, сағат 17.30-да баспасөз конференциясы өтеді.

Баяндамашылар қатарында:

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының  директоры «Мәдениет қайраткері» төс белгісінің иегері және «Құрмет» орденінің иегері  – Жалғасбаев Біржан Нұрмаханұлы;

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі «ҚР тұңғыш Презиенті - Елбасы Қоры» сыйлығы және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері – Молдағали Фархад Ерланұлы;

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының негізін қалаған актерлердің бірі, труппа жетекшісі – Тойбазаров Дәурен Мұратұлы;

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Театр теориясы және тарихы» кафедрасының меңгерушісі, профессор және театр сыншысы, Республикалық және халықаралық театр фестивальдеріндегі  тұрақты қазылар алқасының мүшесі – Қабдиева Сәния Дүйсенханқызы;

Гастрольдік репертуар:

  • 26-қараша  Б.Жақып «Жан дауысы» soundrama  (реж.Ф.Молдағали)
  • 27-қараша  М.Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» драма  (реж.Б.Шамбетов)
  • 28-қараша М.Әуезов  «Қарагөз» soundrama (реж.Ф.Молдағали)

Басталуы: 18.30-да.

  • 26-28 қараша аралығында, сағат 11.00-де балаларға арналған М.Әлібектің «Сиқырлы дүрбі» (реж.Ф.Молдағали) ертегісі назарларыңызға ұсынылады.

Сонымен қатар, театр жанынан режиссер Ф.Молдағалидың жетекшілігімен құрылған «StarTDrama» лабораториясы «86» soundrama спектаклі мен О.Бөкейдің «Жылымық» көркем радиохабар жанрындағы спектаклін қосымша ұсынбақ. 

Өтетін орны:  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

Аталмыш спектакльдердің республикалық, халықаралық фестивальдерден алған жүлделер тізімі:

М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклімен Ақтөбе қаласының   жылдығына арналған IV Халықаралық «BALAUSA» экспериментальді спектакльдер фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды. Сондай-ақ, Өскемен қаласында театр ұжымы Рүстем Есдәулетов атындағы ІІ республикалық театр фестивалінде «Үздік спектакль» бас жүлдесі және сыйақысымен марапатталған.

Астананың 20 жылдығы мен көрнекті қайраткер Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің Халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» soundrama жанрындағы қойылымымен өнер көрсетіп, «Классиканың үздік заманауи интерпретациясы» номинациясымен және Алматы облысы әкімінің аранай сыйақысымен марапатталды. Театр актрисасы Аида Супатаева Маржан ролі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясы және сыйақысымен марапатталды. Мадина Өсербаева Қарагөз ролі үшін «Үміт» номинациясы және сыйақымен марапатталды. Арнайы шақыртумен, Қырғызстан Республикасы, Ош қаласында «ART-ORDO» VII Халықаралық театрлар арасындағы фестиваліне М.Әуезовтың «Қарагөз» спектаклімен қатысып, ІІ орын иеленсе, Қарагөз ролін сомдаған театрдың жас дарынды актрисасы М.Өсербаева «Ең үздік әйел ролі» номинациясын қанжығасына байлады.

Сонымен қатар, Әмина Өмірзақова 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVII фестивалінде Б.Жақыптың  «Жан дауысы» спектаклімен қоюшы-режиссер Ф.Молдағали «Үздік режиссура» номинациясымен марапатталды.

Алдымыздағы 2020 жылы Қазақстан мен Жапонияның арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, Семей өңірімен тағдырлас Жапонияның тарихында орын алған жағдайды ескере отырып, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Б.Жақыптың «Жан дауысы» қойылымымен Хиросима, Нагасаки қалаларына гастрольдік сапарлары жоспарлануда. Осы «Жан дауысы» спектаклімен Мәскеу қаласынан келген арнайы сыншылар мен театр менеджерлердің шешімімен Ташкент қаласында өтетін 2020 жылы мамыр айында «IV Достастық елдері, Балтия және Грузия жастар театры форумы» атты фестивальге Қазақстанның атынан С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жолдама алып отыр.

23 Қараша 2019
127
0
0