"Қап-қара адам" прокатқа шығады

Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" атты қылмыстық драмасы қазақстандық прокатқа шығады.

2020 жылдың 6 ақпанында режиссер Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" атты жаңа көркем фильмі үлкен қазақстандық прокатқа шығады. Фильм "Short Brothers" және "Arizona Productions" компанияларының қатысуымен түсірілген. "Қап-қара адам" драмалық триллері ауылда өлтірілген баланың тарихын баяндайды. Тергеуші Бекзат (актер Данияр Алшинов) істі тез арада жапқысы келеді, себебі кінәліні – зиянсыз ақымақ Пукуарды (Теоман Хос) – жергілікті полицейлер тауып қойған. Тек қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласқанда ғана, іс орнынан қозғалады. Енді тергеушіге өмірінде бірінші рет қылмыстық істі барлық ережелерге сай жүргізуге тура келеді...

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 2019 жылы 23 қыркүйекте Испанияда өтті. Картина Сан-Себастьяндағы 67-Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. San Sebastian International Film Festival - әлемдегі ең көне "А" класты кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен қатар).

Көрсетілімнен кейін бірден әлемдік баспасөз басылымдарында фильм туралы жағымды пікірлер пайда бола бастады: картинаны шет елдік сыншылар "әдемі, ирониялық, талғампаз", "қызықты авторлық триллер" деп атады және оның "қатал сұлулығын" атап өтті. Әлемдегі кино туралы жазатын ең беделді басылымдардың бірі, Variety, фильмге мақтаулы рецензия жариялап, оны "керемет, ымырасыз нуар", "ғажайып криминалдық драма" және "ырғақты, қызықты триллер" деп атады.

Өткен жылдың қараша айында Австралияның Брисбэн қаласында өткен "Asia Pacific Screen Awards-2019" сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі барысында режиссер Әділхан Ержанов "Қап-қара адам" фильмі үшін "Үздік режиссер" номинациясында жеңімпаз атанды. Осылайша, Ержанов осы номинацияға ие болған ең алғашқы қазақстандық режиссер болып отыр. Оның қарсыластарының қатарында танымал режиссерлер болды: филиппиндік Лав Диас, қытайлық Ван Сяошуай, палестиндік Элиа Сүлейман және тай елінен Аноча Сувичакорнпонг. "Asia Pacific Screen Awards" (APSA) кино саласындағы ең ірі әлемдік сыйлықтардың бірі болып табылады және ЮНЕСКО және ФИАПФ (халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы Федерациясы) қолдауымен өткізіледі. Оны жиі азиялық "Оскар" деп атайды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы "Қап-қара адам" Almaty Film Festival аясында питчинг жобаларының жеңімпазы атанған болатын.

Сценарий авторлары Әділхан Ержанов және нидерландтық Ролоф Ян Миннебоо. Халықаралық ілгерілету бойынша продюсер – Ольга Хлащева, атқарушы продюсер – Серік Әбішев, екеуі де режиссердің барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильмнің операторы ресейлік Айдар Шәріпов, Ержановпен "Әлемнің ерке енжарлығы" фильмінде жұмыс істеген. Қоюшы-суретші - режиссер Ермек Өтегенов, режиссердің тағы бір тұрақты серіктесі. Фильмнің әуенін атақты музыкант Ғалымжан Молданазар жазды.

"Бұл өзгеріп, адам болатын кейіпкер туралы фильм. Бұл классикалық оқиға, талай рет айтылған, бірақ ол әрқашан қызықты және ол мені толғандырады. Бұл анти-детектив. Бұл жерде ең бастысы адам өлтіру емес, бас кейіпкердің өзінің ішкі қақтығысын қалай шешетіні", - деді Әділхан Ержанов фильм туралы.

"Менің ойымша, бұл фильм – біздің ортақ үлкен жетістігіміз. Алаңдағы атмосфера тамаша болды, бұл режиссер Әділхан Ержановтың үлкен еңбегі. Алғашқы күннен бастап, ол маған менің кейіпкерім Бекзат қандай жолмен өтетіні туралы айтқан кезде, мен: «бұл маған арналған роль, мен армандаған роль дедім", - деді басты рөлді сомдаушы Данияр Алшинов.

"Бұл Әділхан Ержанов түсірген менің сүйікті фильмдерімнің бірі. Өте терең, салмақты және атмосфералы. Ол өз әлеміне алғашқы секундтан бастап тартып алады. Ариана рөлінің арқасында мен өзімнің жаңа қырларымды аштым, ал бұл мен үшін актриса ретінде баға жетпес тәжірибе. Мен осы жобаның бір бөлігі болғаныма бақыттымын және көрерменнің оны көретініне қуаныштымын!" - деді Динара Бақтыбаева.

"Фильм бірден беделді халықаралық кинофестивальдердің үлкен қызығушылығын тудырды. Әлемдік премьерасы жер бетіндегі ең көне "А" класына жататын кинофестивальдердің бірі Сан-Себастьяндағы негізгі конкурстық бағдарламада болып өтті. Содан кейін "Қап-қара адам" Бусан (Оңтүстік Корея), Норвегия, Түркия және Керале (Үндістан) сияқты бірнеше басқа да салмақты фестивальдердің бағдарламаларына шақырылды. Қараша айында әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі "Asia Pacific Screen Awards" сыйлығын режиссурасы үшін алды. Сонымен бірге, 2020 жылы бүкіл әлем бойынша алты ірі кинофестивальге қатысу жоспарланған», - деді өз сөзінде фильмнң халықаралық ілгерілету бойынша продюсері Ольга Хлащева.

Фильмнің дистрибьюторы Meloman Entertainment компаниясы, олар Әділхан Ержановтың "Әлемнің ерке енжарлығы" атты фильмін прокатқа шығарған болатын.

27 Қаңтар 2020
65
0
0