ARRI мен "Қазақфильм" серіктестігі

Германиялық ARRI компаниясы «Қазақфильммен» серіктестік құруға қызығушылық танытып отыр.

Кино өндірісіне қажетті жабдықтар нарығының көшбасшысы, бір ғасырдан астам уақыт кәсіби кино техниканың өндірісімен айналысатын Германияның ARRI компаниясы «Қазақфильмнің» модернизациясы жобасы бойынша киностудиямен серіктестікті құруға қызығушылық білдіріп отыр. Осы мақсатта Германиядан арнайы ұшып келген компанияның өкілдері «Қазақфильм» киностудиясының президенті Арман Әсеновпен кездесті.  

«Германияда «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі техникалық жағдайына қатысты талдау жүргізіліп, модернизация жобасы талқыланды. Осы орайда киностудияны жаңғырту бағдарламасына қатысу мүмкіндігін талқылау үшін Алматыға іс-сапармен арнайы келдік», - деді кездесу барысында ARRI System Group компаниясының директоры Йорг Поль.

«Керемет каскадерлік трюктар орындалатын экшн-фильмдер түсіретін «Қазақфильм» киностудиясын бүкіл әлемде жақсы біледі. Киностудия басшысымен кездесуде талқыланған талаптарға сай өз ұсыныстарымызды әзірлейтін боламыз», - деді кездесуден кейін Орталық Еуропа бойынша сату бөлімінің менеджері Корай Энлиоглу.

Келісімге келген жағдайда еліміздің басты кино алаңы – «Қазақфильм» киностудиясы мен ARRI компаниясы бірлесіп жұмыс істейтін болады. Герман компаниясы Орталық және Орта Азиядағы авторландырылған ARRI сервистік орталықтың опеаторы «Қазақфльм» киностудиясы болатынына қызығушылық танытып отырғанын айта кеткен жөн.

Шетелден келген қонақтарды «Қазақфильм» киностудиясының тыныс-тіршілігімен таныстыру мақсатында оларға арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Олар түсіру павильондарды, анимациялық бөлімді, костюмдер цехын, лаборатория мен «Сығанақ» қаласының декорациясына барды. Әсіресе Германиядан келген қонақтар «Қазақфильмнің» аумағында тұрғызылып жатқан заманауи компьютерлік технологияларды пайдаланып фильмдер түсіруге мүмкіндік беретін Орталық Азиядағы ең ірі түсіру павильонын (гринбокс) көріп, таңқалып қайтты. Айта кетсек бұл кешеннің құрылысы киностудияның жеке қоры есебнен жүргізіліп жатыр.

29 Қаңтар 2020
42
0
0