"Домбыра" фильмі екі кинофестивальге қатысады

"Домбыра" фильмі екі бірдей халықаралық кинофестивальге қатысады.

Режиссер Рамазан Қалиолланың қысқаметрлі «Домбыра» фильмі 12-15 наурыз аралығында Санкт-Петербург қаласында өтетін Sensus Халықаралық кинофестивалінің іріктеуінен өтті.

Фестиваль аясында әлемнің түкпір-түкпірінен толықметрлі және қысқаметрлі көркем фильмдер, деректі және анимациялық туындылар мен музыкалық бейнебаяндар көрсетіледі. Фестивальдің мақсаты – режиссерлерді қолдау және кинематографияны насихаттау.

Сонымен қатар, «Домбыра» фильмі 2020 жылдың 14-28 наурыз аралығында өтетін XIX Халықаралық Kids First кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына іріктелді.

Аталған кинофестиваль өз көрермендерін әлемнің ірі студиялары, жекеменшік компаниялар мен жас киногерлер түсірген балаларға арналған фильмдермен таныстырады. Kids Firs байқауына қатысатын туындылар 50-ден астам алаңдарда көрсетіледі.

Естеріңізге салсақ, «Домбыра» фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі түсірген. Картинаның желісі домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірін баяндайды.

Айта кетсек, аталған кинотуынды былтыр Алматыда өткен IV Халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, «Бродвей таңдауы» сыйлығын алған. Сондай-ақ бұл фильм Нью-Дели қаласында өткен VIII Халықаралық қысқаметрлі фильмдер фестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды.

«Домбыра». 30 минут

  • Сценарий авторлары: Рамазан Халиолла, ЖанатЖайлыбай
  • Режиссері: Рамазан Халиолла
  • Қоюшы-операторы: Болатбек Маликов
  • Қоюшы-суретшісі: Салауат Қабдолданов
  • Композиторы: Әсет Дәненов

Режиссер туралы анықтама:

Рамазан Халиолла 1994 жылы 15 мамырда Қарағанды облысы, Балхаш қаласында дүниеге келген. 2012-2017 жылдар аралығында Нұр-сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, «Кино және телеарна режиссері, продюссері» мамандығы бойынша оқыған.

13 Наурыз 2020
69
0
0