Жас киногерлердің "Үміті"

Бішкек қаласында өткен бесінші "Үміт" форумында қазақстандық үш фильм жүлдеге ие болды.

Ержан Жұмабеков

кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА PhD докторанты



2017 жылдың 18-20 желтоқсан аралығында Бішкек қаласында бесінші «Үміт» – ТМД елдері киносының форумы аталып өтті. Форумға қатысқан фильмдер жанрлық, мазмұндық тұрғыда жан-жақты. Олар өз елдерінің әлеуметтік хал-ахуалдарын көркемдік бейнелер, сюжеттік желілер арқылы жеткізуге тырысады. Қазақстан атынан халықаралық байқауға ұсынылған төрт фильмнің қатарынан Жайық Белқожаевтың «Мен оралдым» фильмі «Үздік деректі фильм», Асылхан Шәкеновтың «Кішігірім қалада» фильмі «Үздік көркемсуретті фильм», Евгений Лумповтың «Жол» деректі фильмі «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номиянациялары бойынша бағаланды.

 
"Мен оралдым", реж. Жайық Белқожаев

 

«Мен оралдым» деректі фильмінің оқиғасы Қытай елінен атамекенге келген кейіпкер туралы баяндайды. Ол анасы қайтыс болғаннан кейін, қаржысы болмағандығына қарамастан Қазақстанға оралуға шешім қабылдайды. Режиссер кейіпкердің жаңа ортаға бейімделуі, қалыптасуы және бүгінгі өмір салтын көркемдік тұрғыдан көрсете алған.

Бұл кейіпкер – ұзақ жылдардан бері енді ғана экранда пайда болған өмірлік кейіпкер. Тақырып біздің қазіргі қоғамдық, әлеуметтік мәселелермен тікелей байланысты. Тәуелсіздік алған жылдардан бері көші-қон мəселесінің түйіні көрсетілген. Бағдарлама аясында келгендердің көпшілігі тыныс-тіршілікке үйренісіп кетуі оңай болмағанымен қатар, жеке отбасылық әлеуетін көтеру қиынға соғатынын білеміз. Олардың жолында кездесетін түрлі қиындықтардың бəрі фильм тақырыбының маңызды екенін ұғындырады.

Десек те, фильмнің кейіпкері өз өміріне шағымданбайды, керісінші өз күшіне, шексіз мүмкіндіктеріне сенімді.

 
"Кішігірім қалада", реж. Асылхан Шәкенов

 

Көркемсуретті фильмдердің халықаралық байқауында үздік атанған  Асылхан Шәкеновтың «Кішігірім қалада» фильмі де оқиғаны жеткізу тәсілімен ерекшеленді. Фильмге кішкентай қаладағы жас жігіттің жалғыздығы арқау болған. Кейіпкердің күндері бір-біріне ұқсас. Бірақ, барлық жайды кейіпкердің өмірінде пайда болған бейтаныс қыз өзгертеді. Фильмдегі кейіпкердің әлемі, жалғыздығы, өз-өзіне сенімсіздігі сынды тәсілдердің берілу формасы Нариман Төребаевтың «Антиромантика», «Кішкентай адамдар» фильмдерін еске түсіреді. Алайда, актердің тартымды харизмасы, режиссердің өзіндік қөзқарасы бар.

 
"Жол", реж. Евгений Лумпов

 

Сонымен қатар, фестивальде көрсетілген Евгений Лумповтың «Жол» деректі фильмі көрерменге ерекше әсер сыйлады.

«Жол» фильмінің басты кейіпкері өзінің заманауи өнер қойылымдарымен танымал суретші – Асхат Ахмедьяров. Фильм идеясы және формасы тұрғысында жоғары деңгейді бағындырған. Кейіпкер мен режиссерді ортақ «шығармашылықтағы еркіндік» идеясы біріктіріп, фильмнің бейнелік қатарында олар өз шешімдерімен ерекшеленеді.

Айта кетейік, бұл фильмдер Халықаралық байқау бағдарламасында Қырғызстан, Литва, Өзбекстан және Тәжікістаннан қатысқан 10 фильмнің арасынан озып шықты.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет