Көрнекті ғалым, мифолог Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай кездесу өтеді

"Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубы көрнекті ғалым, мифолог Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай белгілі мәдениеттанушы ғалымдармен танымдық кездесу ұйымдастырып отыр. Кездесу 14-наурыз сағат 11:00 де Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өтеді. Мекенжай: Панфилов көшесі 127. кинозал.

Серікбол Қондыбай (1968 – 2004) – ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың өлкетанушы, географ, публицист, этнограф-ғалымы.

Серікбол Әділбекұлы Қондыбай Маңғыстаудың Қарақия ауданы, Құрық кентінде 1968 жылы 14 наурызда дүниеге келген

1975-1985 жылдары Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе кентіндегі №3 мектепте білім алған. 1991 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетін “географ-геоморфолог” мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін аудандық “Білім қоғамында” жауапты хатшы, аудандық байланыс торабында монтер болып қызмет еткен. 1986 жылғы “Желтоқсан оқиғасына” қатысып, 17 желтоқсан күні ұсталып, 10 күн қамауда отырған.

1991 жылы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, 1991 – 1997 жылдар аралығында Маңғыстау, Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология және биоресурстар басқармасында қызметкер, орта мектепте мұғалім, өлкетану, туризм, ландшафт эстетикасы мәселелері саласында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздары, географиясы тұрғысында мағлұматтар жинастырып, бірнеше кітап жазған ғалым. Ғалымның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997), «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000), «Есен-қазақ» (2002), «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003), «Арғықазақ мифологиясы» (2004), «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005), «Маңғыстаунама» (2006), «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006), «Жауынгерлік рух кітабы» (2006) сынды зерттеу еңбектері бар.

13 Наурыз 2018
1380
0
0