"Хат" фильмі Оберхаузен кинофестивалінің негізгі байқауына іріктеліп алынды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қарасты «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігінде түсірілген «Хат» фильмі Германияда мамыр айының 3-і мен 8-і аралығында өтетін 64-ші халықаралық «Оберхаузен» қысқаметражды фильмдер кинофестивалінің (Internationale Kurzfilmtage Oberhausen)негізгі конкурстық бағдарламасына іріктеліп алынды.
"Хат" фильмі Оберхаузен кинофестивалінің  негізгі байқауына іріктеліп алынды

Жас режиссер Әділ Мұсатаев түсірген дебюттік картина анасына хат жазуды армандап жүрген балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы баяндайды.

- Фильмдегі оқиға  шынайы өмірден алынған. Бұл оқиға Өскемен қаласындағы балалар үйінде болған екен. Осы оқиғаны танысымнан ести сала, дайын драматургияның бар екенін аңғарып, оны кино тіліне салып көрмек болдым. Осындай белді кинофестивальде фильмнің тұсауы кесілетініне өте қуаныштымын,-  деді режиссер Әділ Мұсатаев. 

«Оберхаузен» кинофестивалінің ресми сайтының мәліметі бойынша, биыл фестивальдің негізгі халықаралық байқауына 33 елден 53 қысқаметражды фильмдер көрсетіледі. Олардың арасында АҚШ, Қытай, Мысыр, Аргентина, Бразилия, Үндістан, Франция, Жапония, Ресей, Қазақстан, Финляндия және тағы да басқа елдерден фильмдер бар. Жалпы осы байқауға 6000-ға жуық фильмдер тапсырыс түскен.

Алпыс жылдық тарихы бар «Оберхаузен» халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалі қысқа метрлі фильмдерге арналған ең ірі байқаулардың бірі (1954 жылдан бері өткізіліп келеді). Әлемде өтіп жатқан қысқа метражды фильмдерге арналған бұл байқау күллі әлемнен келген киногерлерге кино төңірегінде әңгіме құрып, оны талқылауға, жаңа трендтер мен есімдерді ашуға кең мүмкіндік беретін бірден бір фестиваль.  Дәл осы фестиваль арқылы Мартин Скорсезе, Джордж Лукас, Роман Полански сынды басқа да кино майталмандардың жұлдызы жанған екен.

«Хат»

Сценарий авторы және режиссері:Әділ Мұсатаев

Қоюшы операторы: Ақылбек Әбдірахманов

Қоюшы суретшісі: Ратмир Назаров

Дыбысын жазған: Илья Коробейников