Аманкелді Мұқан. Астанадағы сахна өнерінің айтулы мерекесі

Фестивальге талдау және қорытынды нәтижелері.

Аманкелді МҰҚАН

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты


Ағымдағы жылдың 16-28 маусымы аралығында Астана қаласының  20-жылдық мерейтойына орай Қазастан Республикасы Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен «Қазақ­кон­церт» мемлекеттік концерттік ұйы­мы және Қа­зақ­стан театрлары­ ассо­циациясы ұйымдастырған ІІ Дүниежүзілік «Астана» теа­тр фестивалі болып өтті. Фести­вальге әлемнің театр өнерімен алға озған: Италия, Германия, Польша, Литва, Жапония, Грузия, Қы­тай, Ұлыбритания, және көрші Ресей, Өз­­бек­стан, Қырғызстан және фестивальді өткізуші Қазақстан секілді 12 елдің үздік 17 театрының спектаклдері қатысты.

Фестивальдің қонақтары мен көрер­мендері өткен және жаңа ғасырдың аты әлемге мәшһүр болған сахна шеберлері атанған: Джорджо Стрелер (Италия), Роберт Стуруа (Грузия), Эймунтас Някрошюс (Литва), Юрий Бутусов (Ресей) секілді  танымал режиссерлердің әлем театры тарихында  хрестоматияға айналған туындылары және күні кеше ірі театр фестивалдерінде «үздік спектакль, үздік режиссура» номинацияларын жеңіп алған жаңа қойылымдарын тама­шалады. Бұл фестивальдің жағымды сәттер мен керемет әсерлер сыйлаған беттері болды.

Фестиваль бұл мерекелік көңіл күймен бір жақты той тойлау, мадақ айтып құттықтау емес. Жетістіктерімізді саралай отырып әлі де жасалатын, жетіле түсуге тиіс жаңа белестерді межелейтін алдағы жұмыс жоспарының басы. Сондықтан, жас фестивалдің келешегі анық, аяғын нық басқан Ресейдің Чехов атындағы, Францияның Авиньион, Англияның Эдинбург, Австрияның Зальцбург т.б. секілді әлемнің ірі халықаралық театр форумы деңгейіне жақындау үшін жасалынатын үлкен жұмыстың басы деп білгеніміз жөн. Бұл фестиваль бас қаланың мәдени-көркем келбетін ашуға ғана бағытталмай, жалпы тәуелсіз қазақ елінің оң имиджін әлемдік қауымдастыққа танылуы үшін жасап жатқан саяси мәні бар мемлекеттік маңызды іс-шара деп түсінгеніміз абзал. Негізі ертерек қолға алынуы керек қажетті жұмыс болатын. Екі жыл көлемінде театр феативалін өткізуге назар аударылып жүзеге аса бастағаны көңілге медеу. Бұл қазақ театрының әлем театрларымен қарайлас алға басуына мол мүмкіндіктер ашады. Болмасаң да ұқсап бағуға әрекет етудің өзі де алға қарай үлкен жасалған қадам болмақ.

Алдымен біз алыс-жақын шетелден театр мерекесіне келген ұжымдар мен олардың қойылымдарының деңгейі, фестивалдік сұраныс рейтингіне  сай, қажетті қойылымдарымен көрінгендігін атап айтуымыз қажет. Үлкен халықаралық кеңістікте белгілі, сүйекті режиссурасымен жоғары деңгейде танылған театрлардың Астана фестиваліне қарай ат басын бұруын, олар өздерінің үздік деген қойылымдарын көрсетуге ниет білдіргендігі жақсы үдеріс ретінде қабылдадық.

«Арлекин – екі мырзаға бір қызметші» /реж. Дж.Стреллер

Әлемге танымал итальяндық «Piccolo Театro di Milano» театры көрсеткен «Арлекин – екі мырзаға бір қызметші» спектаклі 70 жылдан аса сахнадан түспей келе жатқан, әлем театры тарихында аңызға айналған спектаклді ХХ ғасыр театрының ірі тұлғасы, режиссер Джорджо Стрелердің жұмысы. Бұл қойылым Астана фестивалінің сахнасындағы шетелдік театрлар шеруінің жақсы бастамасы деп білдік. Екінші дүние жүзілік соғыс бітісімен іле-шала қойған бұл спектакль несімен құнды? - деген мәселеге келсек, бай театр тарихы бар Еуропада, соның ішінде әлем театрының даму тарихына үлкен із қалдырған итальяндық del arte театр жанрының үлгісін еуропаның бел ортасында жаңалап, қалпына келтірген айтулы қойылым. Режиссер маскалар комедиясындағы ұтқыр әзілді беретін өзіндік актерлік ойын үлгісі ХХ ғасырда кең қанат жайған психологиялық театр ерекшеліктерімен онның ішкі бауындай астастырады. Жанр табиғатына сай аса мәртебелі сахна падишасы - актерге белгілі сахналық жүйе бойынша мол шығармашылық еркіндік береді. Ойын сахна ішіне шағын сахна кеңістігін құрып, барлық оқиға осы алаңда өрбиді. Ойынға қатысушы актерлер жылжымалы пердесі бар сахна кеңістігінде әрбір маскаға тән «актерлік әдістерімен» өнер көрсетіп ойнайды да сахна алаңынан шыққаннан кейін қатардағы адамдар (көрермен) секілді өз өмірін жалғастырады. Көрермен театр ішіндегі театрды тамашалап актерлер өнерімен бірге ортағасырлық сахна сыртының тынысымен де таныса алады. Мұнда ойынның басталуы және аяқталуын қадағалайтын сахнаға жарық беруші шырақтарды жағып сөндіретін қызметкер шал, сахнаның бұрышында ойын желісін қалың кітапқа қарап бақылап отыратын, қажет жерінде актерлердің ұмытқан сөздерін сыбырлаушы-суфлер тағы басқа театрдың қосалқы қызметкерлерінің жұмысы да жалпы театр ойыны элементі ретінде қаралады. Көреремен ортағасырлық сахна өнері болып жатқан ортаға түсіп, оның қандай атмосферада өтуінінің тірідей куәсі болады.

Бұл театрдың басты ұстанымы, итальян театр мәдениетінің дәстүрін барынша сақтай отырып заманауи үлгідегі спектакль көрсету. Біз итальяндық театрдың тұпнұсқа қойылымымен жолығып, олар ұсынған спектакль атмосферасында болдық. Дж.Стреллердің алғашқы актерлер құрамында болып жасы 70-тен асқанша Арлекино рөлін орындаған Стефано де Лука қалпына келтірген спектакль актерлері дәстүрге берік. Режиссер алғашқы сызып беріп кеткен желісі бойынша қойып, жақсы үйретілген актерлік ойын техникасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқандығын көреміз. Орындаушылардың сахнадағы актерлік құрал-әдістері әр алуан: дене пластикасы, қас пен қабақ, қол, дене ым-ишараларын кеңінен пайдаланыды. Спектакльді әлемнің 40-тан астам еліндегі фестивальдерде әр-алуан сахна кеңістігінде, ашық алаңдарда көрсетілгендігімен Гиннесстер кітабына енген. Сахнада актерлік ойын стихиясын тұғыр еткен бұл спектакль әлі де болса талай ұрпақ көременді бей-жәй қалдырмасы анық.

Мариус фон Мейенбург «Азап шеккендер» спектаклі /реж. Гжегож Яжина

Заманауи театр өнерінің алдыңғы легінен көрініп келе жатқан поляк режиссурасы, поляк театрының  ізденістері мамандар арасында кеңінен мәлім. Белгілі  «TR Warszawa» ұжымы өзінің 2015 жылы сахнаға шығарған  «Азап шеккендер» спектаклінен Еуропа театрының есімдері елге танымал  екі бірдей авторын тартқанын көреміз.  Немістің жас танымал драматургі әрі режиссері Мариус фон Мейенбургтің пьесалары заманауи Еуропа және орыс сахнасында қойылуы прогрессиялық өсу үстіндегі үдеріске айналды. Берлиндік «Шаубюне» театрының көркемдік жетекшісі Томас Остермайермен тұрақты тандемде жұмыс істеуі, классик драматургтерді заманға сай лайықтап қоюы, өз пьесаларын жазуы және сахналауы үйреншікті құбылысқа айналды.  Оның қаламынан шыққан «Азап шеккендер» пьесасын қойған талантты режиссер Гжегож Яжинаның бүгінгі заманауи Еуропа режиссурасының көшін бастап келе жатқанын ескерсек сөзсіз, Астана фестивалі мен көрермендері осы спектакльді қоюшылар тандемімен  үздік еуропалық драматург пен режиссердің шығармашылығымен танысты. Бұл спектакль бүгінгі әлемде, батыс пен шығыста қаны сорғалаған өзекті мәселелердің бірі, жас ұрпақтың дін жолына келуі, жәй келмей оның ең радикалды қанатынан таңдап алып фанатизммен дінді ұстанушы, насихаттаушы жолына түсуінің себеп-салдарына үңіледі. Бұл жаппай психозға ұрындырып, санасы бекімеген жастар бойында елеулі өзгерістерге алып келетін, айналасына қолайсыздықтар тудыратын өзекті проблема. Актриса Юстина Василевска орындаған Лидка  мектептің жоғары сыныбында оқитын, әкесінің тәрбиесіндегі, өзгелермен көп араласпайтын, өзін өзі тануды Інжілден тапқан жан. Режиссер басты кейіпкер Лидканың мектеп қабырғасындағы, үйдегі, өз ортасындағы елеусіз аздаған өзгерістер мен ауытқулардан себептерді тізіп көрсете келе спектакль  финалында қолдарына дауыс күшейткіш мегафондар ұстап көшеге шыққан радикалды топты, қоғам үшін өте қауіпті күшіті соңына ертіп шығуына дейінгі даму жолын көреміз. Демократия мен либералдық құндылықтарды ту еткен Еуропа қоғамы өз бойынан өсіп шыққан, әр түрлі орта ықпалымен дамыған қауіпті ісікті алдын алу мәселесі ерекше назар аударуды қажеттігін баяндайды. Үйдегі ата-ана тәрбиесі (анасыз өскен қыз бала), мектептегі сабақ беру, моральді психологиялық хал-ахуал (оқытушылармен тіл табыса алмаушылық), көшедегі қатарластарымен конфликтіге келушілік т.б. санасы қалыптасып келе жатқан баланың қоршаған ортадан алған жан жарақаттары айналып келгенде қоғам өзі тудырған өзекті мәселеге назар аудартады.

Мариус фон Мейенбург «Азап шеккендер»

Еуропа театр режиссурасындағы үйреншікті құбылыс, актерлердің сахнадағы өмір сүру дағдысы, өздерін сахнада еркін ұстауы біздің көрермендердің қабылдау шеңберіне сыймай жатуы (секс тақырыбындағы әңгімелер, сахнада жалаңаштану, зорлау көріністері, т.б. батыл көрсету) кейбір жас балалармен келген, ересек көрермендеріміздің спектакль үстінен шығып кетуіне мәжбүрледі. Көзі үйренбеген көріністерден назарын жасырып, қашқалақтаған ұяң көрерменнің бұлай етуі заңдылық. Көше өмірі мен біздің беріп жатқан тәрбиеміз екі басқа, бұл не қылған екі жүзділік деп байбалам салушылар да жетерлік. Десекте, бұл бізді театрларымыздың сахнадан  кейбір «өмір шындықтарын» көп жалаңаштап көрсете бермейтіндігіміз. Қасиетті өнер деп шаң жуытпаған театр сахнасын руханилықтың, тазалықтың орны, ұлтты тәрбиелейтін орта деп білгендіктен әліге дейін еуропалықтар жасаған анайы көріністерге қия алмай келеміз. Бұл ұстанымымыздың дұрыс-бұрыстығының бағасын келешектің уақыт таразысы бере жатар.

Ф.Кафка «Аштық шебері» /реж. Э.Някрошюс/

 

Литвалық «Meno Fortas» театры Ф.Кафканың «Аштық шебері» әңгімесі негізінде қойылған спектаклін белгілі театр режиссері Э.Някрошюстің сахналауында ұсынды. Қойылымының мазмұнын екі сөзбен қысқа қайырсақ, қоғам үшін «ерекше өнер иесі» болып табылатын ашығуды өмірлік кәсіп еткен жанның жүрекжарды әңгімесі. Ашығуды өзі үшін биік өнер деп бағалап, бар болмысымен беріле 40 күн ораза тұтады. Тек нәтижесінде танымалдылыққа жетудің орнына өзін жоғалтып маңдайын тасқа соғады. Әңгіме авторының назарында болған оқушысы жоқ жазушы, көрерменсіз қалған театр, өз тыңдаушысын таппаған композитордың кебін киген өнер адамының болмысының бақытсыздығын көрсетер суреткер мен қоғам арасындағы жиі болатын дисгармонияны сипаттаған танымал әңгіме негізінде режиссер философиялық терең мәні бар, метафоралық ойға жетелейтін, экспрессивті заманауи спектакль жасаған.

Спектакль басталғанда көңілді джаз музыкасының ырғағымен сахнаға жеңіл, сәнді жүріспен шығып ресторанның меню тақтасына бормен қазақша «Аштық» деп жазатын басты кейіпкер Аштық шебері актриса Виктория Куодитенің көтеріңкі көңіл күймен басталып баяндалатын өмір тарихынан ешқандай трагедиялық жамандықтың ізі сезілмейді. Ел-жұрттың алдында торға қамалып ораза тұту басында адамдардың үлкен қызығушылығын тудырғанмен, уақыт өте келе таңдану саябырсып, Ашығу шебері халықтың назарынан шеттеп, ұмытыла бастайды. Сонда да ашығуды өз өмірінің мәні деп білген басты кейіпкердің көрерменмен бөлісетін жан-дүниесі, барынша ашылатын қуанышы мен күйініші бей жәй қалдырмайды. Бүгінгі күннің өмір шындығына, адамдардың бойында бар «әлсіздіктерін» көрсететін режиссер тарапынан ұтымды табылған детальдар спектакльдің өн бойында кездеседі. Режиссер басты кейіпкердің аштық жариялаудан алған сылдырмақ марапаттарын көрсететін сахна назар аударуға тұрарлық. Театр осы спектакльмен қатысқан түрлі фестивальдерден алған марапат қағаздары мен естелік статуэтка, кубоктарын театрдың тарихи мұражайындағы экспонатқа емес, қорапқа жиып осы спектакль реквизиті ретінде қолданады. Аштық королі өзінің ерекше танымал болып аузымен құс тістеген кезін баяндайтын сахнада алған «марапаттарын» алдына жайып салып марқаюы мен кеудесіне нан пісірер масаттануынан бүгінгі қоғамда бар ауыру диагнозын көргендей боламыз. Біздің фестиваль марапаттаған диплом мен естелік сыйлық та театрдың келесі қойылымда сол қораптан табылатынан, кейпкердің ел алдында аштыққа ұзақ шыдайтындығынын дәлелдеу үшін далбақтаған шабысына берілген кезекті «сылдырмағына» айналатын көзіміз жетті.  Өз заманын, қоғамын, сылдырмаққа әуес ауыруын жазып қалдырған талантты Ф.Кафканың шағын әңгімесінің бағы театр сахнасында қайтадан жанып, заманымыздың танымал суреткері Э.Някрошюстің режиссурасымен кекесінді метафоралық мысқыл, жанды ауыртар экспрессивті аянышқа бөлейтін сезімдер иірімімен айшықтала түскен.

Осындайда, Ф.Кафканың жазу деңгейіндегі шағын әңгімелерімен танылған біздің қазақта қаншама жазушылар бар еді деген ой келеді. Олардың оқырманға терең ой салатын керемет суреттелетін тартымды туындыларын қашан, кім сахнаға шығарады? Шағын әңгімеден баршаны ойландыратын талантты спектакль тудыру үшін театр, режиссер қаншама еңбектену, қаншама оқу-тоқу қажет? - деген сұрақтар ойға келеді. Біз көрген спектакль деңгейінде қойылым жасау үшін көп еңбектеніп, көп оқығанымен бірге ең басты қасиет – ерекше талантты режиссер болып туылу керектігін көреміз. Мүмкін, осындай еуропалық деңгейдегі талантты режиссерлік жұмыстарды көру біздің театр қайраткерлерінің ұйықысынан оятып, жас таланттарға ой салып, серпіліс берер.

Жан Поль Сартр «Жабық қоғам»

Германиялық Тәуелсіз интернационалды «11» театры француз экзистенциализм бағытының философы, негізін қалаушы жазушы-драматург Жан Поль Сартрдың «Жабық қоғам»/«Шығарға жол жоқ» қойылымын көрсетті. Қоғамның әр түрлі сатысына жататын бірі бай Эстель, екіншісі пошта қызметкері Иннес, үшіншісі Гарсен журналисті Жұмбақ қызметкер бір бөлмеге тоғытады да қайтадан еркіндікке шығатын мүмкіндік қалдырмайды. Сәлден соң адамдар арасына өзара керілдесу, кикілжің, күшті әлсізге әлімжеттілік жасау, өзгені өзіне бағынышты ету секілді үш адамның (қоғамның) еркінен тыс іс-әрекеттері басталады. Автор осындай жабық ортада, түрме камерасында, жабық қоғамда күш көрсету позициясынан болатын әлімжеттіліктің, өзгеге тәуелді болу табиғатына назар аудартады. Тақырып қызықты, көтерген мәселе терең де мәнді. Театрдың жас актерлер құрамының орындаған спектаклі көрерменге екі ұшты ой қалдырды. Негізінен спектакльдегі актерлердің сахналық әрекеті,  мизансценалар, декорация, жарық құралдары қарапайым шешім тапқан. Осы қарапайымдыққа ойынымен жан беруге тиіс сахна кеңістігіндегі әрекет етуші жас актерлердің көзінде от, жүрегінде жалын сезілмеуі, шығарманың мәні мен мазмұнын толық ашып бере алмағанын көрдік.

Ағылшынның «1927» театры жас театрлардың бірі. 2005 жылы жазушы, актриса және режиссер Съюзенд Андрейд  өзінің әріптесі аниматор, иллюстратор және кинорежиссер Пол Бэрритт тарапынан құрылып оларға актриса және костюм суретшісі Эсме Эпплтон және актриса, композитор және пианистка Лилиан Хэнли қосылады. Бүгінгі таңда бар біраз өнер түрлерінің басын біріктіретін шығармашылық тұлғалардан құрылған театр спектакльдері өзіндік ерекшеліктерімен, сан түрлі жанрлардың басын біріктірген қайталанбас қойылымдарымен танымал. Мультипликация мен театрдың қосындысында өзіндік тәжірибе жасап, қызықты нәтижелерге қол жеткізген бұл ұжымның жұмысы әлемдік театрлар фестивалінде үлкен сұранысқа ие. Әр қойылымымен сан түрлі тақырыпты батыл қозғаған бұл театр Астана фестивалі сахнасында көнеден келе жатқан аңызды жаңа заманның тыныс-тіршілігімен сөйлеткен. Балшықтан жасалған алып адам – Големге жан бітіру арқылы тұрмысы мен өміріне  алғашқы жеңістеріне қол жетіп, технология мен экономика дами келе адамды өзінің тұтқынына айналдырады. Театр технологиялық озық жетістіктер адам тұрмысын едәуір жеңілдетумен бірге големдер (технологиялық жетістіктер) тұтастай бақылауына алатын заманақыр уақыт келгенін сатиралық тілмен ұтымды береді.

Басты кейіпкер Роберттің сатып алған балшықтан жасалған адамы осы жолмен өзінің иесін басқара бастауы, бірте-бірте адамның машинаға айналуына алып келеді. Театр актерлері анимациялық сызылған суреттер әлемі мен физикалық театрдың орындауына еркін ауысуы арқылы көрермен екі түрлі ғана емес, бірнеше өнер түрлерінің қосындысынан болған синтетикалық өнердің нәтижесін тұтас көркем туынды ретінде қабылдайды. Сахнадағы визуалды суреттер мен әрекет етуші актерлер ойынына арнайы жазылған музыкалық бөліктер спектаклдің ажырамас компонентіне айналған. Заманауи театр өнері жанр шеңберінде таза күйінде қала алмайтындығын көрсетті. Спектакль құрылымы, компоненттері өзге де жанрларды біріктіріп көрермен үшін қызықты дүниелер жаратуға болатындығына көзіміз жетті. Мұндай қосынды өнер, қосынды болса да айтар ойы мен берер әсері мол көркем жасалған спектакль біздің дәстүрлі өнер мен кәіби театрдың ортасынан жасауға болатындығын көрсетті.

Ш.Руставели атындағы Грузия мемлекеттік академиялық театры Астанаға фестивальге келмес бұрын Алматы қаласында екі күн қатарынан Р.Стуруаның режиссурасымен Б.Брехттың көпшілікке кеңінен таныс емес 1930 жылы жазылған «Ереже және ережеден тысқары - Исключение и правило» пьесасын «Заңдастырылған заңсыздық» деген атпен қойған спектаклін көрсетті. 2016 жылғы грузин театр сыншыларының бағалауы бойынша жылдың 5 үздік қойылымның қатарына кірген бұл спектакльдің Астана фестивалінің бағдарламасына енуі сөзсіз жетістік. Б.Брехттің көтерген тақырыбы бүгінгі күннің тынысымен үндесетіндігі, бұдан ғасырға жуық уақыт бұрынғы айтылған қоғам ауыруы қайта қозып, сәл сабыр сақтап өз ісімізге бажайлап қарау керектігін еске салады.  Бұл қойылымда режиссер пысықай бизнесмен Лангман (актер З.Папуашвили) әрекетімен қай жерде пайда бар десе елден бұрын жүгіретін, байлық үшін бәрін таптап өтуден тайынбайтын ашқарақ капитал иесінің ісін еске салады. Оның жалдаған жұмысшыларына жасайтын қысымы, қатігездігі, соттағы құқық қызметкерлерінің шешімін өз пайдасына заңдастыруы заманның азғанын, заңдарының болса әбден тозығы жеткенін көрсетеді. Үстем тап езгісінен босамаған  қарапайым адамдар өз проблемасымен қалып отырғаны, қоғам шындығы жайлы мәселеге трагедиялық фарс жанрында назар аудартады. Режиссер пьесада жоқ араб Шейхы мен Будда құдайы секілді кейіпкерлерді спектакльге кірістіре отырып, шындықққа мүлдем жанаспайтын диаметралді қарама-қайшы сот шешімін шығартады. Кейіпкерлердің сот отырысынан кейін танымал сахнаға белгілі футбол клубының жалауымен шығуы, немесе өз  тәуелсіздігін талап етіп отырған «Каталонияға еркіндік!» ұранымен қолдау көрсетуі жер бетіндегі барлық демократиялық, адами құндылықтардың үстінен кекете күле қараған басты кейіпкердің шімірікпес сайқалдығын, көлгірсіген келбетін көрсетеді.

Н.Ёсихиро «Кабуки Ики көрсетеді» атты дәстүрлі Кабуки театрының үлгісіндегі шоу

Жапония астанасы Токиодан келген «Nakamura Gekijo» театр труппасының өнерін асыға күттік. Қиыр шығыстан 400 жылдан аса тарихы бар аты әлемге танымал дәстүрлі «Кабуки» театрының Сарыарқа төсіне  тұңғыш рет келуі шынында да тарихи құбылыс болатын. Н.Ёсихироның «Кабуки Ики көрсетеді» атты дәстүрлі Кабуки театрының мән мағнасын танытуды көздеген театр Астана фестиваліне арнайы дәстүрлі театрдың үлгісіндегі шоу-спектакль алып келген. Таза кабуки театрының дәстүрлі ойынынан бөлек, жалпы шетелдік көрерменге ұғынықты болатындай қолтаңбамен жасалған арнайы қойылым болған. Спектакль оқиғасы көне дәуірдегі Ямато деп аталған Жапония тарихындағы аңыздан бастау алып, Айдаһарға құрбандыққа берілген қызды құтқаруа қарсы шыққан жас батыр жігіт ерлігі. Қызбен бірге күн шығыс елінің барлық тарихы жазылған орама қағазды құтқарудағы жүріп өткен жолы мен күресі. Асыл білім жинақтап жазылған орама қағазды иелену үшін күрес жапонның дәстүрлі театр кейіпкерлерін Хан тәңірі тауынан соққан самал желмен Сарыарқа төсіне орналасқан қазақ елінің бас қаласы Астанаға алып келеді. Қазақстанның өсіп өркендеуі үшін жақсылықтың нышаны болған Арыстандар биі биленіп дұға тілектер айтылады.

Шоу-спектакльде дәстүрлі жапон театрының үлгісіндегі келісті кимоно-костюмдер, әртүрлі кейіпкерлердің түрлі әдістермен әдемі жасалған маскалары, дәстүрлі аспаптарда орындалатын ұлттық музыка, би, пластика, акробатикалық трюктер т.б. элементтердің бәрі кеңінен қолданылған. Сонымен бірге бүгінгі балалармен жасөспірімдердің көріп-біліп өскен қылыштарын жалаңдатқан Нинзясы мен Самурайының тайталасы да осы жерде, көрермендер залымен араласып, интерактивті түрде белсенді өнер көрсетеді. Екі гейша О-Уме мен Кочо орама қағазды тауып алып болып жатқан соғысты тоқтатып, орама қағазды ашқанда ондағы «Тату болайық» деген қазақша мәтінді көрермен жылы қабылдады. Жапон театры мерекелік Астана атмосферасына көтеріңкі көңіл күй сыйлаған дәстүрлі театрыдың арнайы қойылымы болды.

Әрине, театр мамандарының танымал дәстүрлі кабуки театрын көреміз деген үміті ақталмағаны болмаса, жапондық қонақтар фестиваль ұйымдастырушылары ұсынған идея төңірегінде тыңғылықты жұмыс жасаған. Спектаклдің екі елдің арасындағы татулықты бекіте түсуге, қазақ – жапон мәдени байланысын дамытуға бұл қойылымның қосқан үлесі мол. Оригиналды кабуки театрының түпнұсқа қойылымдарымен кездесулер әлі алда деген үміттеміз.

Ц.Цзинчжи «Шабдалы гүлін ұнатамын» драмасы. реж Жэнь Мин

Қытай халық республикасынан Бейжің халықтық көркем театры драматург Ц.Цзинчжидің «Шабдалы гүлін ұнатамын» атты драмасын театрдың директоры Жэнь Мин режиссурасында  көрсетті. Жалпы саны үш-ақ актермен ойналатын бұл драма «қойылым ішіндегі қойылым» үлгісінде орындалады. Режиссер шағын сахна кеңістігінде өзіндік пластикасы мен сөйлеу мәнері бар актерлердің ойынын үйлестіре білген. Мұнда шартты түрде ойналатын шығыс театры мен еуропаның психологиялық театрының қабысатын тұстары да баршылық.

Тан династиясының кезіндегі дәстүрлі қытай әдебиетіндегі хикаяттан алынған оқиға желісі махаббаттың төңірегінде шынайы өмір өрнегімен астаса өрбиді.  Қытай мәдениетінде махаббат символы болған шабдалы гүлінің көрерменге тастайтын ойы, айтпағы да мол. Оқиға көне дәуірде өтіп оны орындауға келгенде бүгінгі заман актерлері арасында өзара қызу пікірталас туындайды. Үйіне мас болып келген күйеуі әйелінің өзге еркекпен көңіл қосқанын байқамай қалың ұйқыға кетеді. Ұйқыдағы күйеуінің астына басылып қалған бас киімін алып беруді сұраған нақсүйер жігіттің өтінішін қате түсінген әйел күйеуінің беліндегі қылышын суырып алып береді. Осы жерден бастап дайындық жасап жатқан актерлер арасында оқиғаны қалай бағалап, қалай орындау керектігі жайлы айтыс өрбиді. Әркім өз деңгейінен салмақтап оқиғаға шынайылық, нақтылы екпін қояды, дұрыс деген өзіндік оқиға шешімін ұсынады. Осы төңіректе әр түрлі оқиғалар желісі өрбиді.

Бүгінде өз елінде танымал пьесаға айналған бұл шығарма бірнеше халықаралық театр фестивальдеріне шақырылып он жылға жуық уақытта 275 мәрте көрсетіліпті. Спектаклді орындаушы актерлер өз кейіпкерлерінің іс-әрекетіне баға беріп, қажет жерінде өздерінің пікірлерін ашық білдіріп отырады. Бұл бүгінгі қоғамдағы махаббат, мораль, екі жүзділік секілді этикалық мәселелерді көтерген көрермендер үшін қызықты спектакльдердің бірі болды. Назар аударарлық мәселе, қойылым ішіндегі қойылым болатын театр сахнасының батыста да, шығыста да негізі бір болғандығы. Көлемі, сахнаға арнайы сахна кеңістігін орналастыру үдерісі ұқсас театр мәдениеттерінің өзіндік бояуы мен үнін көрсетеді.

А.Чеховтың «Ваня ағай»

Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры белгілі режиссер Ю.Бутусовтың қойған А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасын көрермен үлкен ықыласпен күтті. Спектакль 2017 жылы Ресейдің «Алтын маска» конкурсының алты номинациясы бойынша үздіктер тізіміне ілігіп «үздік режиссура» номинациясын және  Александр Новиков – Ваня ағай – үздік ер адам рөлі, Сергей Мигицко – профессор Серебряков пен Ольга Муравицкая – Соня – екінші пландағы рөлдерге жеңімпаздар деп табылған. Әрине, Бейбітшілік және келісім сарайының үлкен залын толтырған көрермен осындай танымал спектакльді бекерге күтпегенін ойын басталған алғашқы сәттен-ақ өткір сезінеді. Бұған дейінгі Чехов пьесаларындағы көңіл күй атмосферасы, үйреншікті екінші пландары келмеске кетіп түгелге жуық кейіпкерлер өзінің жан айқайымен бөліскісі келеді. Бәрі айқайлап сөйлейді, әрқайсысының айтары бар.  Актерлердің өмір сүру әдістерін режиссер әдейі осылай шартты түрде көрсете отырып, олардың жан айқайын, жалғыздық зардабын тартқан кейпін беруге тырысқан. Бәрі оқыған, интеллигент ортаның адамдары бола тұрып өзгермелі уақыттың талабынан сай емес, сүрінген, қателіңктерін түсініп жанталаса жол іздеген, адасқандар. Әрбір актер өз кейіпкерлерінің жан дүниесін жалаңаштап беруге барын сала ойнаған спектакль көрерменді бейтарап қалдырмайды. Кейіпкерлер трагедиясын, жалғыздығын көрермен бірге сезініп, бірге егіледі.

Залда спектакльдің мұндай үлгіде қабылдамайтын көрермендер болғанын мойындай отырып, классикалық қойылым әр кезеңде уақыты, қойылу тәсіліне қарай өзіндік интонациясын тауып, өзіне тән акцентпен қою уақыт талабы болатынын айта кеткіміз келеді. Классикалық туындының ұзақ жылдар қолданыста болуының басты ерекшелігі де осындай заман талабына сай өзгере алатындығында, өзгеше үлгіде қоюға болатындығында. Кеше іштен тынып жылаған Чеховтың оқыған, интеллигент кейпкерлері бүгінгі ХХІ ғасырда сыпайылықты жиып қойып тамырлары білеулене, ауызынан ақ көбігін шаша жын ұрғандай өз ақиқатын дәлелдеуге ұмтылысы өзгерген қоғам мен өзгерген адамдардың шындығын көрсетеді.

Бұған дейін Астана қаласына бірнеше рет келген Мәскеу губерниялық театры (Ресей) заманауи драматург Ярослава Пулиновичтің пьесасы бойынша режиссер А.Горушкинаның қойған «Шексіз сәуір» драмалық импровизациясын көрсетті. Театр бұл жолы камералық құрамда, шағын кеңістікке арнап қойылған жұмыстарының бірін алып келіпті. Кеңестік тұрмыстың ерекше көрнісі,  коммуналдық квартираның ішкі кеңістігіне көрсететін қолайлы кеңістік деп Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың сахнасының бір қанатын таңдапты. Сахна сыртының сыланбаған кірпіштері ырсиған қабырғасы, коммуналдық желілердің жалаңаштанып тұруы өмір сүруге қолайсыз, көп жанұяның шоғырлана өмір кешіп жатқан сүреңсіз ортасын көрсетеді.

Жасы тоқсаннан асқан ракпен ауыратын Вениамин қарияның  өлім алдындағы балалық күнінен бастап барлық өмір белестерін дәл алақанға салғандай етіп есіне түсіреді. Бұл аумалы-төкпелі ХХ ғасырдың барлық елеулі кезеңдерінің куәгері болған адамның тұтастай ғұмыры. Актер А.Амелиннің сахнада өмір сүру әдісі режиссер ойынан өрбіткен. Қалт-құлт еткен кәрілік пен балалықтың бақытты шақтарына қатар ене отырып актер, соғыс әкелген өмірдің  қиыншылықтары мен бейбіт өмірдің қызығын, албырттық пен ақыл толғандағы сабырлылықты, сүйікті ойыншықтарынан айырылған баланың ренішін, алғашқы махаббат сезімін, сүю мен қоштасу секілді адамға тән сезімдер толқыны кезектесе келіп, аз ғана уақыт аралығында тұтастай бір ғұмырды, аумалы-төкпелі өткен ғасырдың толқымалы сәттерін көз алдымыздан өткізеді. Спектакль әсерлі, кейіпкерлердің әр түрлі тағдырын актерлердің талантты ойыны арқылы өрнектеп көрерменге бере алды.

Көрші қырғыз елі бұл фестивальде екі спектаклін көрсетті. Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз академиялық драма театры тарихшы-ғалым Ерлан Сыдықов пен Шамил Жапаровтың «Ажалмен күрес» драмасын алып келіпті. Қойылым этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың өмірінің соңғы сәтін бейнелейді. Қырғыз-қазақ үшін қастерлі тұлғаның 170 жылдық мерейтойы тұсында сахнаға шығуы, оған екі жақты шығармашылық байланыспен келуі көңіл қуантарлық жай болған. Оқиға өтетін орны бір жерде, аз ғана уақыт аралығында, өмір жолында кездескен маңызды тұлғалармен диалог түрінде өрбиді.

Шоқанның әр қайсысының өзіндік мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы бар Колпаковский, Достаевский, Потанин, Гудковский, әкесі Шыңғыс секілді тұлғалармен арадағы әңгімесі басқа дала, үйде, кабинетте болса осылай асықпай, жоғары интеллектуалдық сарында жүруіне келісуге болар еді. Бұл әңгіме Шоқанның 30-жылдық өмірінің қорытындысы, өмірінің ақтық бір сәтінде көз алдынын тізбеленіп өте шығар тұста, ескі көз таныс-достарымен әбден әлсіреп есінің бір кіріп, бір шығып жатқан тұсында өтетіндіктен, актерлердің ішкі-сыртқы жай-күйінде, тебіреніс-толқуларында әр түрлі сезімдерді шынайы көру жазбады. Режиссер радиоспектакль қойғандай, актерлерге сахнада артық әрекет бармайды. Шоқанның әр тұлғамен кездесер немесе қимай қоштасар тұсында сахналық кеңістікке қосымша әрекет, драматизм, ауыспалы атмосфера жасауда сараңдық танытқандықтан спектакль бір сарынды шыққан. Тек Шоқанның әкесімен болатын сахнасында өзара сезім жақындығын, баласын қимайтын терең қайғы кешкен Шыңғыс пен Шоқан арасындағы бақұлдасқан сәттер ерекше әсер қалдырады. Өзара артық сөзсіз түсіністік жүректі тербейді. Өз тарапымыздан спектакльді талдау барысында осындай көп сұрақ тудыратынын қойылымның фестивальдік бағдарламаға енуіне келісе алмайтынымызды білдірдік.

Жазушы-драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» пьесасы бойынша қойылған спектаклі қазақтың жүрегіне салмақ болып түскен желтоқсан көтерілісінің сызатына үңіліп, оның сабақ аларлық тұстарына назар аударуы айтуға тұрарлық. Драманың өзегіне желі болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін, қазақ жастарының ұлттық рухын, жастарымыздың тәуелсіздік үшін күресі. Спектакльдің басты кейіп­кері – Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің тағдыры, оның Фатимамен арсындағы сезімдері, сын сағат соққанда ел, жер, отан ұғымдары арқылы қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылған күресі, ғасырлар бойы ата-бабалар армандаған егемен ел болуға талпынысы суреттеледі.

Қазақ жастарының бойындағы қажыр-қайрат пен ерік-жігерін барынша қайрап, өн бойындағы төзімділік пен намыс отын жалындатқан осы бір қиын қыстау кезең жайлы қойылымның әрбір кейіпкерінің желісі жалпы көпшілік сахналардағы пластикалық сахналармен ұштасып әсерлі шыққан. Қойылым барысында режиссердің бірнеше сахналық шешімдері есте сақталып қалды. Алдымен негізгі қақтығысқа түсетін қарсы күштер империяның жазалау машинасы мен қазақ халқының озық ойлы жастары арасында образдық келбетін спектакльде пластикалық бимен көрсетуінен көреміз. Көпшілік биге негізгі кейіпкерлерді араластыру арқылы спектакль атмосферасына кеңестік машинаның таптап өтетіндей күшін, қорқынышын, азат­тық­қа ұмтылған жастардың жігері мен бұлқынысын дене пластикасы тілімен беруге ұмтылған. Спектакльдің екінші жартысы мен финалындағы көпшілік сахналардың көрермендерге әсері мол. Сот процесі кезіндегі Қайратты бес бұрышты қызыл жұлдызға керіп қойып жауап алуы сахнасында жалпы спектакльдің ой-идеясын ашатын темірқазығын көреміз және күші тең емес алып империямен алысқан ұлтшыл қазақ жастарының жігерін беретін әсері күшті символдық белгіні оқимыз.

Қойылымда актерлердің көпшілік би сахналарында біргелікте қимыл-әрекет жасауға дағдылану аздығы сезіледі. Спектакльдің екінші жартысында және финалында Дәметкен ананың сахнаға шығыстарынан қойылымның екі финалдық шешімін көрдік. Соңғы шығысты қалдырып алдындағы артық деп танылған сахнаны алып тастағанның өзінде қойылымның көркемдік  сапасына нұқсан келмейтін секілді. Қонаевты орнынан алған хабарлайтын ресми қаулы оқылғаннан бастап атойлап, ұрандатқан жастардың бәрі бірдей алаңға жүгіруі, төңкерісшіл топқа айналуы ескі кеңестік «ура-патриотизмді» еске салатын  бір жақты шешім болған.

И.Сұлтан «Ар-ождан»

Өзбек ұлттық академиялық драма театры режиссер Марат Азимовтың сахналаған И.Сұлтанның «Ар-ождан» драмасы өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазылған екен. Бұл тақырып кеңестік дәуірде көтеріліп, одақтас республика театрлар репертуарының барлығында болған. Қазақ театры да осы үлгіде жызылып сахнасына қойылған спектакльдері қызу пікірталастар тудырғанын театр тарихынан білеміз. Өзбек ағайындар ескі материалдан бүгінгі таңда қоғамға, адамдарға айтылу керек деген тақырыпты, көтерген мәселелерді,  толғандырған тұстарына назар аударған. Бағдарламада келітірілген профессор Камиловтың: «Үйіме байлық келіп, ар бас тартса, байлықты өртеймін» деген сөзі спектакльдің негізгі өзегін аңдатады. Жаһандану, нарықтық қатынаспен жалғасқан жаңа әлеуметтік өмір белең алған тұсында талай ғасырлар бойы халықтың даралығын, салт-дәстүрін, бірлігі мен бірегейлігін жоғалту қауіпі өткір тұрғанда жеке алынған жанұядағы рухани хал-ахуалды жалпы қоғамдағы болып жатқан өзгерістерден бөле-жарып қарауға сірә болмас. «Тәрбие - тал бесіктен» болмаса, әркім өзінен, отбасынан бастамаса мемлекттің бұл бағытта әлі келмейтін тұстары жетерлік. Сондықтан атадан балаға берілетін тәрбие, ұят пен ар-ұжданның мәселелерін көтерген өзбек театрының спектаклін бүгінгі қоғамның өзін-өзі қорғауға, өзіндік даралығын сақтап қалуға жасаған қадамы десе де болады.

Спектакльдің өзіндік үні, айтар ойы бар. Өнер көрсеткен актерлік құрамның орындаушылық ансамблін, жекеленген актерлердің ойын өрнегіне тәнті болдық. Актерлер негізі мәтінге құрылған спектакльдің монологтары мен диалогтарында, өзара қарым-қатынас ым-ишаратында ұлттың бойы мен ойына, сөйлеген сөзіне тән шығыстық сыпайылық пен жұмсақтық, нәзіктік, қызуқандылық ерекшеліктерін көре алды. Актер сөйлеген сөзі мен әуезді үнінде сезімге құрылған интонациялық иірімдері басым.

Иә бұл спектакль фестивальдік форматтан гөрі кассалық қойылымға келеді. Биылғы екі ел арасындағы барыс-келіс, өзара мәдени күндер мен шығармашылық байланыстың басы осы Астана фестивалінде Өзбек ұлттық драма театрының спектакльмен бастады. Бұл қадамды өзіндік жоғары деңгейдегі жалғасатынын фестивальге келген өзбек ағайындардың ниетінен көрдік.

Бұл сахна өнерінің мерекесіне еліміздің 60-тан аса театрларының ішінен жетекші өнер ұжымдары өнерлерін көрсетіп көремендердің ықыласына бөленді. Олар: республикамыздағы ең жас өнер ордасы Astana Musical театры Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен (реж А.Маемиров) ашты.  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма теа­тры Ғ.Есімнің «Таңсұлу» драмасын (реж А.Кәкішева), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Г.Хугаевтің «Қара шекпен» спектаклін (реж А.Маемиров), Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қа­зақ музыкалық драма театры У.Шекспирдің «Отелло» трагедиясын (реж Т.Теменов) көрсетті. Алды 3 жыл, арты өткен театр маусымында тұсауы кесілген бұл қойылымдарды өзара фестивальге жіпке тізгендей біріктіретін тақырыптық бірлік көре алмадық. Негізгі фестиваль ұйымдастырушы А.Маемиров бұл жолы шетелдік қонақтарға халқымыздың өмірі мен салт-дәстүрді көрсетер фольклорлық қойылымдарға таңдау түскендігі жайлы айтқан болатын. Қалай болғанда да еліміздің бас театры мен мюзикл театрларының репертуарындағы екі спектакль талапқа сай десек, қалған Қуанышбаев және Мүсірепов атындағы академиялық театрлардың репертуарынан алынған қойылымдар бұл ұстанымға келе бермейді. Бұл қойылымдар жайлы кезінде республикалық БАҚ бетінде, әлеуметтік желілерде жеткілікті пікірлер айтылғандықтан қадала тоқтауды жөн көрмедік. Есесіне осы фестивальдің бағдарламасын енбеген Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы музыкалы драма театрының М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы негізінде қойылған саун-драма үлгісіндегі спектаклі фестивальдің қазақстандық театрлар тарапынан көрсетілген есте қаларлықтай әсер сыйлаған қойылым  болды. Жас режиссері Фархат Молдағалиев бұл трагедияның бірнеше нұсқасының негізінде өзіндік қойылым жасап, классикалық драматургиямызды жаңаша оқуға тыңнан жол салды. Облыстық театрдың жастарын жаңа шығармашылық ізденістерге жұмылдыра алған жас режиссердің бұл жұмысы қазақ театрындағы жаңа белес.

Ұлттық драматургияның классикаға айналған үлгілеріндегі авторлық идеяны шашау шығармай оқуда, тосын сахналық шешім мен нұсқаға мән берген. Бүгінгі жас көрермендерден алыстап бара жатқан М.Әуезов кейіпкерлерін, онда көтерілген қазақ үшін өзектілігін жоймаған мәселелерді музыка, пластика, сөзбен көркем беруге күш салады. Ғасырға жуық бұрын жазылған драматургтің шығармасынан суыртпақтап бүгінгі ұсынған режиссердің спектаклі көрерменге ой салады, толғандырады, қызу пікірталасқа жетелейді. Бастысы қазақ театры, оның бірнеше онжылдықтар бойы үзіліссіз шикізаты болған драматургиясы жаңа қырынан көрініп, өзіндік үн, өзгеше бояумен көмкерілді.

Қорыта келгенде, еліміздің бас қаласының 20 жылдық мерейтойын тойлау аясында өткізілген ІІ дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі жұмысы отандық театр өнерінің дамуына серпіліс берді деген ойдамыз. Фестивалдің басты мақсаты – Қазақстанға әлемге танымал белгілі театрларын шақырумен бірге, отандық театрларының жетістіктерін әлемге таныту мәселесін естен шығармауымыз керек. Бұл фестиваль нәтижесі кәсіби жоғары деңгейде өтетін келесі әлемдік театрлар мерекесінің кезекті баспалдағы болуы тиіс. Ол үшін:

- «Астана» фестивалінің бағдарламалық дирекциясы ресми түрде бекіп, фестиваль миссиясы мен ұстанымдары төңірегінде жұмыс істеп, әлемдік театрдың озық жетістіктерін өз көрермендеріне ұсынатындай бағдарламалар түзуді жедел қолға алу керек;

- фестиваль аясында қазақ және өзге диаспоралар театрларын, озық  режиссура жетістігімен таныстыратын, насихаттайтын қазақстандық шоукейс бағдарламасы белсенді жұмыс істеуі керек;

-   Қазақстандық театрлардың шоукейс бағдарламасына арнайы шетелдік  қонақтар, театр сыншылары, театр фестивальдерінің бағдарламалық директорлары, продюссерлер т.б. шақырылуды қамтамасыз ету керек. Қазақ театрының соңғы жасаған қызықты шығармашылық жұмыстарымен таныстырылымдар, спектакльдер тұсаукесерлері, сауда жәрмеңкелерін өткізу басты назарда болуы керек;

- фестиваль жұмысы аясында қазақ театры мен қайраткерлерін толғандырған мәселелер төңірегінде тақырыптық конференциялар мен ғылыми симпозиум, немесе дөңгелек үстелдер де тұрақты түрде ұйымдастырылуы керек;

- фестивальге келген қонақтар мен театр шеберлерін барынша пайдаланып шеберлік сыныптарын, практикалық сабақтарды, тренингтерді тұрақты өткізуді ойластырған жөн;

- фестиваль нәтижесі жайлы рецензиялар, аналитикалық материалдар жариялауды қадағалап, ұлт театрларын өрге сүйрейтін орталық, орындалған жұмыс нәтижесі жайлы тұжырымдамалар, келешегіне жол көрсететін аналитикалық сараптама, бағдарламалар жасауды жолға қою;

- елімізде мәдени туризімді дамытуда фестиваль төңірегінде қызықты да тартымды іс шараларды қарастыру өзге ресми мекемелердің бағдарламаларымен келісімде түрде кешенді жүргізілуі тиіс;

Өнер мерекесінің соңғы аккорды болған осы фестиваль аясында Берлин, Венеция және Канн кинофестивалінің «Оскар» және «Алтын пальма бұтағы» сый­лы­ғының иегері, танымал театр және кино актриса Жюльет Биноштың шеберлік сыныбы мен «Жүректен шық­қан сыр­лы сөз» атты шығарма­шы­лық кеші фестиваль қатысушылары мен қонақтарына ұмытылмас сәттер сыйлады. Кездесу барысында қонақтың өзін еркін ұстауы, залдан қойған сұрақтарға барынша толық, сауатты жауаптары актриса бойындағы қарапайымдылық пен бекзаттықты, кәсіби өсу мен тұрақты ізденісте жүретін ойлы суреткер жанның бейнесін көрдік. Биік атақ пен абыройға малданбаған, әрбір кинодағы, театрдағы рөліне үлкен дайындықпен келетін айтқан актриса залға жиналған қалың көпшілікті баурап алды.

Бас қаламыз – Астананың 20 жылдық тойы қарсаңында екінші рет өткізілген бұл сахна өнерінің фестивалі қазақ театры мен оның жанкешті қайраткерлеріне жаңа әсерлер, тосын идеялар алып келіп соны шығармашылық биіктерге жетелейді деп білеміз.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет