Қоржынымдағы жиылып тұрған байлықты тәрк етуге дайынмын

Қуыршақ театрының артисі Қамалов Мақсат Нұрланұлының танымдық мақаласы

Дайындаған:  Гүлдана ЖАМАЛБЕК



Мен Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы, Баялдыр елді-мекенінде туып өстім. 8 - сыныпқа дейін Сұлтан Қожанов атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласына оқуға түстім. Отбасымда бес адамбыз. Мен үш ағайындымын. Үлкен ағам және қарындасым бар. Алматы қаласында 9 - сыныпты бітіріп, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде «Қуыршақ театры әртісі» мамандығы бойынша білім алдым. Содаң соң жоғары білімді араға бір жыл салып, Шымкент қаласындағы Қазақ-түрік Халықаралық университетінде алған болатынмын. Өнер жолына келуіме әулетіміздегі аға-әпкелерім өз септігін тигізіді десем де болады. Өйткені олар ауыл-ауылда болатын тойға шығып, аудандарға барып концерт қоятын. Мен бала кезімнен сол кісілермен бірге жүріп, бірге ән айтып, солайша өнерге ғашық болғанмын.  Колледж табалдырығында оқып жүрген кезде бірінші курстың  екінші семестрінде бізге Мемлекеттік қуыршақ театрына әртістерді қабылдап жатқандығы туралы хабар келді. Сол сәтті пайдаланып, жолы болған төрт ұл театрға жарты бірлікке жұмысқа қабылданды. Міне, содан бері осы қара шаңырақта жұмыс жасап жүргеніме 15 жылдың жүзі болыпты.

Меніңше, драма артисі мен қуыршақ театрының артисінің айырмасы көп. Саралап айтар болсақ, ең бірінші, драма артисі өзі бірінші планда болады. Екінші, образының жай күйін ішінен өткізіп барып оны көрерменге тартады. Үшіншіден, драма театрында алдыңғы пландағы әртіс деген ұғым бар. Ал енді қуыршақ теартына келсек, мұнда бізге екі есе жұмыс жасау талап етіледі. Өзіңнің ішкі «кухняңнан» образды бір өткізіп, қуыршақты игеріп, екі қайтара тағы сүзгіден өткізу қажет және бастапқы, қосалқы рөл деген ұғым жоқ. Яғни, сахнада басты кейіпкерді ойнап, ширманың артына кетіп, сен қосалқы рөлді сомдауың мүмкін. Бұл жан-жақтылықпен қатар ұйым ішіндегі ауызбіршілікті нығайтады десем қате айтқаным емес.

Сомдаған образдарымның жеке өміріме әсер еткендері де бар. Атап айтсақ, өзіме студент кезден бері жақын рөлім Аладдин образы болатын. Өнер академиясында оқып, театрда жұмыс жасап жүрген кезімізде, марқұм ұстазымыз, әрі әріптесіміз Досмұхан Бейсенбаев деген ағамыз Аладдиннің рөлін сомдайтын. Біз әлгі жерде ол кісінің киімін кигізіп, жанында көмектесіп қызыға қарап жүретінбіз. Сол рөл уақыт өте келе маған тиді. Еңбектің де берер жемісі бар екенін сол кезде сезгенмін. Есте қаларлық тағы бір образым ол студент кезде ойнаған рөлім. «Алқызыл гүл» қойылымындағы құбыжық жігіттің образы. Мүмкін алғашқы рөлім болғандықтан ба, сол образды жақын тартамын. Соңғысы  марқұм ұстазымыз, ҚР еңбек сіңірген артисі Сұлтанғали Шүкіровтың қойған «Аққу Жібек» деген қойылымдағы Төлеген рөлі. Мен жаныма жақын, өміріме әсер еткен осы үш образды ерекше атап айтар едім.

Аладдин рөлін алған кезде, менің жолым болды. Тағдырым деп айтсам да болады. Бір жағынан ұсыныс, екінші жағынан театр басшылығының бұйрғы  болды. Ол образды мен қуана да қорқа қабылдадым. Өйткені ол образ әртістен барынша қажырлы еңбек пен максималды тұрғыда өзінің ішкі толғанысын қажет  етеді. Мен тағдырға сенемін, бірақ көп жағдайда оны адам өз қолымен жасайды деп ойлаймын. Бізге көктен бұйрық пен бірге таңдау қоса келеді. Бұйрыққа бағына тұра таңдау жасау адамның өз қолында.  Ал дұрыс таңдау үшін өзіңің ішкі жан дүниеңмен үйлесімде болу – ол бақыт.  Ішкі меніңді тыңдай білу өнер адамдарына ең қажетті қасиеттердің бірі деп айта аламын. Өзім шығармашылық болсын жеке өміріме байланысты сұрақтарды жеке қалып, ой өзегінен өткізіп саралауға тырысамын.

Режиссерлардың бір-бірімен айырмашылығын, мен алдына мақсат қойып, анық нені қалайтынын білетіндігімен және ізденімпаздығын айрықша атап өткім келеді. Жаңа маусымға дайындап жатқан ауқымды жобамыздың режиссері, ШҚО «Жастар театрының» режиссері Айдын Салбан алғашқы күнде жақсы сөз айтқан болатын. Ол «Режиссер – ер, ал әртістер – әйел заты. Егер екеуінің арасында түсіністік және сезім болса, міндетті түрде тамаша дүние туады», - деді және мен ол кісінің сөзімен толықтай келісемін. Мақсат айқын болса, іс те қомақты болады деп ойлаймын.

Артистер бір-бірімен өзінің жұмысына деген жауапкершілікпен өзгешеленеді. Артис тәртіпке бағынбаса, талант екінші орынға жылжиды. Жеке өмір мен шығармашылықты мүлде араластырмау қажет.

Мен үшін өнер – ол өмір сүру стилі, адамның өмірден ләззат сыйлайтын және адамдарға ой салатын кие. Өз басым басқа театрларға жиі барамын. Көрген қойылымнан бір нәрсе ойыма түртіп алып, өзімнің қоржынымды байытуға тырысамын. Бұл сөз саптауымды, шығармашылық ізденісімді молайтуға өз әсерін тигізеді. Атап айтатын болсам Астана қаласындағы Жастар театрының «Егер де мен...», «Асауға тұсау», «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» қойылымдарын қанша рет қайталап көрсем де жалықпаймын. Содан кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Қара шекпен», «Қызыл орамалды шынарым» қойылымдары өз көрермендерін тапқан туындылар деп айрықша атап өткім келеді. Жоғарыда аталған қойылымдар қаншама сыннан сүрінбей, нақышталып сүрленген туындылар ғой. Мен өз басыма келер болсақ, сынды түзу қабылдаймын. Әсіресе менен бұрын көйлекті ерте тоздырған үлкендердің сөзіне құлақ асамын. Қазақы қанымызға сіңген қасиет қой, өнердегі үлкен ата-апаларымыздың айтқан сынын бұлжытпай қабылдап, сонымен жұмыс жасаймын. Егер де ол менің ішкі жан дүниемнен шықпай, үйлесім таппаған жағдайда ғана ол сынды қайта ой елегінен өткіземін. Жеке өмірімде де дәл солай. Өзіме келгенде қатты сыншылмын. Ұйықтар алдында өткен күнге көз жүгіртіп өзіме өзім есеп беремін.

Сын арқылы, меніңше, шығармашылық та дами түседі. Өз шығармашылық тынысыма еркіндікті әрқашан беремін. Театрдың күнделікті кестесінен бөлек, айналысатын істерім көп. Соның бірі әнді музыкалық әрлеу. Бала күнімнен әнге, әуенге жақын болғанмын және ол қазірге дейін менімен бірге. Театрдың жұмыс кестесінен тыс, басшылық тарапынан түрлі іс-шаралар мен мерекелік кештерді ұйымдастыруға бұйрық түскенде, жиылып тұрған қоржынымдағы байлықты сол кезде тәрк етуге дайын боламын.

Бір ғасырға жуық тарихы бар қуыршақ өнерінің қара шаңырағы саналатын театрымыздың 84 маусымына біз көрермендерімізді көп жаңалықпен куантпақпыз. Соның бірі Еврипидтің «Медеясын» алғаш рет қуыршақ бейнесінде тірілтіп, қалың көпшілік назарына ұсынамыз. Үлкен жауапкершілік пен ыждаһаттылықты талап ететін қойылым. Алғашқы күндерден бастап қойылым режиссері Айдын Салбанмен шығармашылық топ тығыз байланыс орнатты. Медея қойылымының бағасын алда көрермен бере жатар. Бірақ әзірге ауқымды жобаның үштен екі бөлігі дайын деп айта аламын.

Сүйікті біздің көрермендерімізді, өнерсүйер жандарды жаңалыққа толы жаңа маусымда театрға шақырамын!

14 Тамыз 2018
82
0
0
Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет