Мәншүк Тәшімова. Ересектерге арналған қойылымдар қуыршақ театрында

Еуропа елдерінде ересектерге арналған қуыршақ қойылымдарын қою біраз уақыттардан бері жолға қойылғанмен, қазақ қуыршақ театрлары бұл үрдісті соңғы он жыл көлемінде ғана қолға ала бастаған. Әсіресе соңғы кезде Мемлекеттік қуыршақ театрында үлкендерге арналған қойылымдар нақты жолға қойылып, алға қойған мақсаттарына жете бастаған секілді.

Мәншүк Тәшімова

Театртанушы

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері


Еуропа елдерінде ересектерге арналған қуыршақ қойылымдарын қою біраз уақыттардан бері жолға қойылғанмен, қазақ қуыршақ театрлары бұл үрдісті соңғы он жыл көлемінде ғана қолға ала бастаған. Әсіресе соңғы кезде Мемлекеттік қуыршақ театрында үлкендерге арналған қойылымдар нақты жолға қойылып, алға қойған мақсаттарына жете бастаған секілді. Ана мен баланың өмір сүрудегі арақатынасы адам баласы өмір сүрген кезде күрмеуі шешіле қоймайтын түрлі қайшылықтарға толы күрделі тақырып болып отыр. Ананың көңілі балада болғанмен, баланың көңілі далада екенін сөз ететін Евгений Ионов пьесасының негізінде сахналанған «Ана жүрегі» драмасы жас өспірімдік шақтағы өтпелі кезеңде баланың жиі жіберетін қателігі тоңмойындық пен далабезерліктің өз түбіне жететінін жас режиссер Антон Зайцев сауатты режиссерлік трактовка арқылы берген. Тіпті жалпы пьесаның оқиғасы бойынша айтылатын сөздер тым аз болғанмен драмалық шығарманың жалпы оқиғасы түсінікті. Режиссердің актерлерге: «Анаға деген өз көңілдеріңізді жазу арқылы білдіріп хатқа түсіріңіздер» деп берген тапсырмасы негізінде жазылған хаттар да өте әсерлі болып, қойылымға ебін тауып кіріктіргені режиссер тарапынан тапқырлық болып өз орнын тауыпты.

Қойылымның өн бойында бала бейнесінде жіптермен тоқылып жасалған Әлди қуыршақ басты рөлге алынып, оқиға өрби түседі. Бала алғаш туылған кездегі ананың толқынысы мен қуанышы, алғашқы қадам басуы мен ойнау, достарының пайда болуы барлығы барлығы көз алдыңнан өтеді. Көрермен өзінің бала кезін көз алдынан өткізіп отырады.

Айым болып тудыңба?!

Күнім болып тудыңба?!

деп келетін сазгер Е.Хасанғалиевтың әні қойылымға әр беріп тұр. Ән сала отырып бөбегін жұбататын  Ана – Толқын Тілеулиеваның дауысында әдемі саз, жұмсақтық  пен аналық мейірім бар. Ол қуыршақ бейнесіндегі баласын (Р.Абу) кеудесіне қысқанда көрерменнің жүрегі елжіреп толғанады. «Қайран анашым» деген сөз ырқыңнан тыс айтылып, көзіңе ыстық жастың келгенін байқамай да қалатыныңыз қойылымның мазмұндылығында жатыр еді. Бұл спектакльде сауатты режиссерлік жұмыс ғана емес, актерлік ойын мен мизансцена, түрлі ойға жетелейтін шырмалған арқандар мен бос бөшкелерден құрылған декорация барлығы қимыл-қозғалысқа келіп, көрерменнің қиялын қытықтап, жүрегіне ізгілік дәнін егуге көмектесіп тұр. Домаланған бөшкелер жан-жақтан дөңгелеп келгенде Ана – Толқын оларды бар күшімен кері айналдыра қайтаруы, ананың бар қиындыққа тойтарыс беретінін білдіретін қарапайым ғана шешім өте әсерлі болған.

Драма оқиғасының басында маңайындағының бәріне анасымен бірге қарап қызығатын бала өсе келе өзгеріп сала береді.  Жалғыз баласын асырап, ешкімнен кем қылмас үшін анасының қаншалықты тер төгіп жұмыс істеп жүргенін түсінгісі келмейді. Бұл көрініс пластикалық қимыл-қозғалыспен беріледі. Көрші балаларда бар «Алтын алма» өзінде жоқ екенін айтып бұртиғанда, ана сол алтын алманы қалайда алып беретінін айтып уәде еткен. Бұл ретте жасөспірім бала роліндегі Р.Абу ойыны кейіпкерінің психологиясымен дөп келген. Қырсығып отырған баланы анасының мейірімі елжірей еріткенде көз жасын сүрте отырып, ұяла күле бастап ақыры ана мен баланың құшақтасуымен бітетіні күнделікті өмірден алынған қарапайым көріністі ұтымды актерлік шеберлікпен берген. Қос қуыршақшының арасында шығармашылыққа толы әріптестік орнаған.

Қойылымдағы оқиғаның шиеленісер тұсы баланың жігіттік шаққа жетіп, көше бұзықтарына ілесіп сұлуға ғашық болатын сәт. Енді оған Ана кедергі келтіретіндей. Ол анасын үйден қуғандай болады. Өйткені ол жалғыз өзі емін еркін жүріп-тұрмақшы. Пәтерді босатып бере қоймаған анасынан кетіп тынатыны өмірде кездесіп жататын трагедиялық жағдай көрерменді ойландырады. Оқиға шарықтау шегіне жақындайды. Баласын уайымдаған ана қолына шырақ ұстап туылған күнімен құттықтағалы келеді. Қолдағы шырақ – үміт сәулесі екені түсінікті болғанмен қазақ көрермендерінің психологиялық қабылдауына аса келіңкіремейтін деталь. Достарының арасында анасын мойындамаған асау жігіт: «Ол менің анам емес, ол өлген» деп жүгіре жөнелуі Ана – Толқынды рухани өлтірген еді. Мұндай жағдайда сорлы ана не істесін? Состиып көкірегі қайғыдан жарылардай тұрып қалып, көз жасына ерік бере,  қыстыға жылайды актриса. Сол сәтте Т.Тілеулиева бейнелеген сорлы ананы аямау мүмкін емес. Жасқа толы жанары жәутеңдеп, дір-дір етеді. Өзім болдым, толдым деп көше кезіп кеткен жас жігітті іштей жек көріп отырасыз. Р.Абудың кейіпкері кейде анасына  қарайлағысы келгенмен тоңмойындығы мен бұзықтығы ырқына көндірмей, маңайына тұмсығын көтере қарайтын менменшіл болып кетеді.

Әсіресе, баланың бұзық топқа қосылатын кездегі маска тектес қуыршақтар мен олардың көрсеткен оғаш қылықтары көрерменді ойландырмай қоймайды. Жақсылық атаулысынан түк бітірмесе де өмірлеріне мәз-мейрам боп жүрген ол топтың езулері екі құлақтарына дейін жеткен деп көрсетеді қуыршақ шебері. Актерлер (А.Байырбекова, А.Сақтағанова, Г.Бейсембаева, А.Жақынбаев, М.Камалов) оларды маска есебінде бетіне, қолына немесе аяғына киіп алады. Әрбір маска тектес қуыршақта мінез бен оғаш қылық бар. Қойылым оқиғасына қарай шырмала түсетін ақ түсті арқан актерлердің әрекет етуіне көмектесіп, сахнаның әрін келтіріп ғана қоймай астарлы ой айтып тұр. Суретші өмірдің сабағын алмаған бұзылған жастарды осылайша әжуәлай суреттейді. Жалы төгілген сұлу жылқының басын киіп шығатын актрисаның өнері атауға тұрарлық. Ол түнгі клубтардағы Сұлу бейнесінде көрінеді. Оның жасаған биі, пластикасы мен тербетпе әткеншекте биік өкше аяқ киіммен жасаған трюктері оңайға түскен жоқ.

Осы тұста өте ауыр тиетін сахна бар. Ол ананы (қуыршақ бейнесіндегі мамық толтырылған ұстын) көтеріп әкеп топырақпен көме бастауы оғаш көрінгенімен, шырқыраған ащы шындық анық еді. Анаға бақыт пен қуанышыңды көрсете алмасаң олардың осылай төмпешік болып көміліп қалатынын, бала асықпағанмен ананың қартаятыны, о дүниелік болып кетсе ананы сыйлап құрмет көрсетуге үлгере алмай қалуымыз мүмкін екенін қойылым еске салады.

Қорыта келе айтарымыз психологиялық шиеленіске толы тақырыпты жеткізу қиын болғандықтан режиссер драмалық сахналарды көптеп пайдаланады. Спектакльдің өн бойында елу пайыз драмалық ойын үлгісі актерлік шеберлік арқылы жеткізілгенмен, бұл тың тәжірибе өзінің мәуелі жемісін берді.

Ұлы Отан соғысы тақырыбын безбендеуде Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша жасалған сахналық жүйенің алар орны ерекше. Дегенмен бұл тақырыпқа жазылған көптеген басқа да көркем және драмалық шығармалар баршылық болғанмен соларды қолға алуға асықпай «Ана – Жер ананы» қазақ жеріндегі барлық театрлар жарты ғасырдан астам уақыттан бері сан-қырынан айналдыруға құмарымыз басылар емес. Енді міне шығарманы Мемлекеттік қуыршақ театрының қолға алуы жаңалық болғаны рас. Өйткені бұл шығарма аталған Қуыршақ театры сахнасынан алғаш рет орын алған еді.

Жас режиссер Дина Жұмабаеваның түрлі режиссерлік трактовкаларына оң көзбен қарағандықтан тың жаңалықтардан дәмелі болғанымыз рас. Үкілі үмітіміздің жүні жығылмады. Тек сахнаның үстінде кішкентай ғана кеңістікте өткен қойылым алаңына алғаш көз тіккенде-ақ режисураның иісі аңқып сала берді. Сахнаның негізгі тоны бидай сабанның әдемі сары түсімен алынып егістік алқаптың көрінісін беріп тұр. Жұмыскерлер, трактор мен шөп немесе астық тасыған жүк көлігі дейсіз бе бәрі де соғыс кезін көз алдыңа елестетіп мен мұндалап сала береді. Осы көріністі жағалай алқа қотан отырған актерлер, дөңгелене қоршау құрып тұрған етіктер тек жұмысшы халықтың киімі ғана емес соғысқа кеткен көп азаматтың үңірейе көрінген орнын да айқындап астарлы ой айтып тұр.

Толғанай роліне үш актриса Т.Тілеулиева, М.Тәуекелова, Г.Рахимовалар қатар алынған. Олардың қызыл, ақ, қара орамалды болып келуі басты кейіпкердің отағасы Сұбанқұлмен алаңсыз өмірін, қан майданды және күйеуі мен атпалдай азамат ұлдарынан айырылған қара жамылған ананы меңзейтіні көрген көзге түсінікті символдық түстер еді. М.Мақатаевтың «Қырқыншы жылдардағы бесік жыры» өлеңі әуенімен бірге театр актерлерінің орындауында спектакльдің өн бойында лейтмотив ретінде алынып, табиғи әуен хорға ұласып әсерлене түседі. Қойылымда ұзын сапты ағаш қасықтардың да айтары зор. Қасықтарды бір-біріне ұру арқылы музыка әуенін шығара отырып сол қилы кезеңнің ритмін келтіруі, бұған актерлердің етіктерін ұра бір қалыпты басуы соғыстағы қатал тәртіп пен тыл өміріндегі адамдардың ауыр қол еңбегін меңзеп қойылымның темпоритмімен ұласатыны режиссер тарапынан өте ұтымды шығыпты. Осылай бола тұрғанмен шығармашылық ұжым өздерінің Қуыршақ театры екенін бір сәтке естен шығарып алған тәрізді. Қойылымның үлкен жастағы көрермендерге арналғанын желеу етіп жетпіз пайыздай әрекет пен сөз драмаға ауысып, қалған аз пайызы ғана қуыршақтарға жүктелген. Қуыршақтардың сырт келбеті мен сипаты сын көтермейтін еді. Қуыршақ театрының жүрегі қуыршақтар десек, білдей мемлекеттік театрда қуыршақшы шебердің болмауы ол театрдың шығармашылығындағы келешектің күңгірт екенінен хабар беретіні даусыз. Қуыршақшы шеберді дайындау осыдан біраз жылдар бұрын мәселе етіп қозғалып, зерттеу мақаламызда жазылып көтерілгенмен оңтайлы шешім шығарылмағаны міне тығырыққа тіреп отырғанының куәсі болып отырмыз. Қуыршақтарда әрекет жоқ. Басты кейіпкер Сұбанқұл (Б.Момынжанов) мен әр түрлі жастағы үш ұлының Қасым (А.Жақыпбаев), Майсалбек (Б.Икласов), Жайнақ (Р.Абу) атты қойылым кейіпкерлерінің бет-әлпеті мен тұлғасын бір-бірінен ажырату мүмкін емес еді. Қуыршақтың бетін бояу арқылы заман салған қиындықты көрсетуге тырысып баққанмен ол қуыршақтар көрерменге көркемдік бейне бере алып тұрған жоқ. Қуыршақтар ойынының жоқтығы шығармашылық табысқа қол жеткізуге барын салған режиссер мен актерлердің адал еңбегіне нұқсан келтіргені өкінішті. Келесі сөз етеріміз Сұбанқұлдың аузына сөз салғанда актер өзі табиғи дауысымен сөйлемей таспада басылған үнді жіберуі түсініксіз болды. Ал, Жайнақ пен Әлиманның (Д.Иса) микрафонмен сөйлегенін қалай түсінеміз? Дауыс күшейткіш құрылғылардың қажет емес екенін, актерлердің демі мен үнінің табиғи да ашық шығауына көптеген кедергілер келтірілетіні мәселе етіп көтерілгенмен көптеген театрларымыздың бұл бастамаға құлақ аспай отырғаны өкінішті жағдай. Бір айта кетерлігі бұл ұжымның соңғы кезде қойылған қойылымдарының барлығы дерлік микрофонмен ойналып жүр. Қорыта сөйлесек алдағы уақытта театр ұжымы қойылымдағы қуыршақтарды образға келтіріп қайта жасап, қуыршақтар ойынын көркейтіп, шұбалаңқы тартқан тұстарын жұмырлап қысқартса жақсы қойылымға қол жеткізеді деген пікірдеміз.

Ақтөбенің «Алақай» қуыршақ театрының сахнасындағы Н.В.Гогольдің «Шинель» повесінің желісі бойынша жасалған «Шапан» қойылымында режиссер Мейрам Хабибуллин оқиғаны бүгінгі күнмен үндестірген. Спектакльдегі Аккакий Аккакиевич бейнесіндегі жалғыз қуыршақ темір қалбырлардан жасалыпты. Ол жұпынылықты, кедейлікті беріп, өмірде жолы болмаған Аккакидің көрген қорлығын айтып тұрғандай әсерде қаласыз. Актер Дәулет Балапановтың ойнатуында қуыршақтың сылтыңқырап басатын жүрісі, қисық қыңыр тұрысы, қауашақтардан шыққан қаңғыр аралас әлсіз дауыс барлығыда кедейлік пен мұқтаждықтың символындай ауыр әсер ететін еді. Оның үстіне актер кейіпкеріне естілер естілмесі белгісіз ұғынықсыздау сөйлейтін төмен тондағы дауысты алып асықпай сөйлейді.

Есесіне сахнаны дерлік алып жатқан әдемі шапандар көздің жауын алатындай әдемі. Олар еңселі де көлемді. Салтанатты да тартымды. Бірінен-бірі өткен зерлі, түрлі-түсті құлпырған олар байлық пен тоқшылыққа тұнып тұр. Осы шапандардың арасында жыртық-жамау Аккакидің кебіні жетімсірейді. Әр шапанның астарында бір бір тұлға бар. Олардың түп негізіндегі байлар мен шен иелерінің қолдарына қызыл қолғап киіп клавиятура тетіктерімен жазу жазатыны бүгінгі күнгі адамдарды елестетеді. Жұмысбасты, қағаз бен жазу бүгінгі күнгі еңбеккерлердің бет пернесі дегенге саяды режиссер шешімі. Шапан иелері жәй ғана адамдар емес, Аккакидей қарапайым адамды езіп жаншып жоқ ету мен қорлап күлу олар үшін түк те емес, үйреншікті жәйтқа айналған. Аккакий бүгінгі күннің кедей кепшігі болса, самсыған көп шапан қарапайым халықтың еңбегін жеп арам ақша тауып семірген жебірлер тобы екені даусыз.

Аспан түстес көк оюлы ұлттық шапан ерекше көзге түседі. Бір ұлттың байлығы осы шапанның үстіне жағылғандай ол кеңк кеңк масайрап күледі.  Арнайы дәрежесі бар шапанның кеудесі толған төсбелгі. Қоюшы суретші Ә.Құрманалина төсбелгіге шырша ойыншықтарын іліп жылтыратып қойыпты. Ойыншыққа айналған төсбелгі деген кекесінді аңдымау мүмкін емес. Шапан иесінің заңмен қатысы бары сөзсіз. Қайсы шапанды алып қарасақта өзінше ой атып тұр. Оған актерлер тарапынан қосылған сөз саптау  мен әр мінездегі дауыс үндестігін қоссаңыз шығармашылық тандем түзіліп көрерменнің ойына шабуыл жасау салтанат құрады. Келесі Сәнді шапан да өз дәрежесінде құлпыра қарайды. Атақ пен даңқтан кенде емес оның өз есебі түгел. Долларлы шапан сытырлаған ақшаның буына мас бола сөйлейді. Гогольше шапан арыдан сыр шертетіндей қарапайым. Түрлі картиналардың суретін келтіріп тігілген шапанда тарихтан сыр ақтарады. Тігіншінің шапаны еш шапаннан кем емес. Ол түймелермен, метрмен алды жапқышпен тікелей қатысы бар «Тігінші» екенін аңғартады. Осындай алпауыттардың арасында дауысы әрең шығатын Аккакидің шапаны мәдениетті түрде «Кешірерсіздер» деген сөзді әлсіз дауысымен жиі қайталайды. Әбден қиналғанда «Мені неге ренжітесіздер?» деп мұңын шағатын оның шапаны жамау-жамау ескі. Осы екі ауыз сөз ғана кішкентай момын адамның кішіпейілділігін аңғартатындай.

Жаңа шапан тігілгеннен кейін ғана Аккакий адамдар санатына қосылғандай болғанмен оның жан-дүниесі опық жеген, рухы сөнген адам еді. Сол бойы басын көтере алмай, көңілі асып-тасып тойып секіріп, асқақтап тұрғандарға ілесе алмай жүрген момын да байғұс Аккакиді қатты аяйсыз, көзіңіз жасқа толып, көкірегіңіз өксікке тығылып отырады. Яғни режиссер шешімі өз діттегеніне жетті, көрермен жүрегіне жол салынды деген сөз. Ұлы Гогольдің діттеген мақсаты да осы қарапайым  да момын адамның бейнесін шығару.

Қойылымның қазақ көрерменіне от тастайтын кезі спектакльдің соңғы сахнасы. Режиссер қазақ қоғамындағы адам өлген кездегі жоқтауды сынап- мінеп оқиғаны дамыта түседі. Адамның көзі тірісінде сыйласуға жарамаған пенделердің, өлгеннен кейін жасанды жоқтау айтып, қайғырған кейіп танытатын ащы шындықты жайып салады режиссер. Әсіресе марқұмға арналып құран бағыштайтын сәтте карта ойнап отырғандардың лып етіп жүгініп отыра қап құранға ниет етуі, әйелдер жағының сонда шашылып жатқан қағаздарға жармасып бастарына жабуы мысқыл күлкі мен трагедияға толы болатын. Ащы шындықты көре отырып қоғамдағы пенделердің жасанды қылықтарын еріксіз мойындап ойға шомып кетесіз.

Қорыта айтарымыз сахнадағы жеті шапанды қуыршаққа айналдырып ойнатып, қимыл-қозғалысқа келтіру жағы жетіспей жатқанын еске саламыз. Қимыл мен әрекеттің аз болуы қойылымның темпоритміне әсер еткенін ескерте отырып қойылымның құндылығын ерекше бағалаймыз. Соңғы кезде біздің елімізде ересек көрермендерге, жас өспірімдерге арналған қуыршақ театрының қойылымдарының күн санап көбейіп жатуы қуантарлық жағдай болып отыр. Қойылымдарымыздың үздік атанып шет елдік фестивальдерге шақырту алып жатқаны және сол қойылымдардың барлығын дерлік жас режиссерлердің сахналап жатуы осыдан аз ғана уақыт бұрын орын алған олқылықтарды жоятыны сөзсіз. Бұл ретте қуыршақ теарының директоры Талғат Қамқабайұлының жас режиссерлерді театрға арнайы шақырып, шығармашылық жарысқа түсіріп мүмкіндік бергеннін ерекше атап айтуымыз керек.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет