Серік Бұлғақбаев: Жанат Хаджиев болмағанда мен кім болар едім

С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театрының аға буын актері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Бұлғақбаевпен сұхбат.

сұхбаттасқан: Бейбіт Әлкеева

Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, театртану, IV курс



 

Қарашаның алғашқы күні Жезқазғанда күздің қара суығынан гөрі көктемнің лебі ескендей болды. Театр өнерінің таңдамалы туындыларына шөліркеген Арқа жұрт ғана емес, биыл екінші рет өткізіліп жатқан, әрі Халықаралық деңгейге көтерілген «Жанат Хаджиев атындағы II Халықаралық театрлар фестивалі» кәсіби театр мамандары мен С.Қожамқұлов театрының шығармашылық ұжымын да зор қуанышқа кенелтті. Фестиваль аясында театр мұражайында қойылымдағы суреттермен танысып жүргенімде бір-бірін қайталамайтын мінездер жасап, бірде әлемдік классикадағы Гамлет, бірде қазақ классикасындағы Бақтығұл, тағы бірде Жантық, Нарша бейнелерімен бір сәтте көңілімде тұрақтап қалған театр артисіне көзім түсті. Фестивальдің үшінші күні суреттерден көрген, қазір көзілдірік таққанымен жанары жасындай, жасы алпыстан асқанымен сахна сайысының күні бүгінге дейін қоюшысы әрі хас шебері, актер Серік Бұлғақбаевпен сұқбаттасудың сәті түскен еді...

Сәлеметсіз бе, Серік аға.  Фестивальдің жалғасын тапқанына қуаныштымыз. Ж.Хаджиевпен тығыз байланыста жұмыс жасаған актерлердің бірісіз. Әңгімемізді сол театр тарланы атанған режиссер жайлы бір естелікпен бастасақ...

Алдымен, Жезқазғанға, театрымызға қош келдіңіздер дейміз. Келгендеріңізге өте қуаныштымыз. Рақмет. Жәкең туралы айтсам таңды таңға жалғап тоқтамай әңгімелеуге болады. Ол ерекше адам болатын. Мен мына сөзді ылғи да айтып жүремін: «Жәкең болмағанда мен кім болар едім?!» Бәлкім, актер болармын, бірақ, қандай актер? Міне, мәселе. Мені барлық рөлге салып көріп, өзім білмейтін қырларымды ашып, нағыз өнер майталманы еткен осы Жәкең. Ол кісінің атындағы фестивальдің өтуі өте дұрыс деп есептеймін. Дәстүр жалғасын тапса деген ниеттеміз.

Өмірге келген сәтіңізден өнерге келген сәтіңізге дейін қысқа-нұсқа баяндай аласыз ба?

Менің өмірім өзі қызық.  Мен 6 айлығымда әке-шешемнен қалған адаммын. Интернатта тәрбиелендім, білім алдым. Аллаға шүкір, біздің интернаттан жаман адамдар шыққан жоқ. Мектепті бітіргеннен кейін Мәскеуге Қазақстаннан оқуға өнерлі  балалар сұратып жатыр деген хат келіпті. Өзім тұйықтау баламын, шашым ұзын. Барып көргім келді. Барсам, біреуі домбырамен, бірі ән айтып, өнерлі балалардан ине шаншар орын жоқ. Барлығы дайындалып келген. Мен ғана ештеңе көрстеуге дайындалмағаным көрініп тұр. Сосын шығып кеттім. Сол мен барғанда ыңылдап ән салып тұрғандар Айдос Бектеміров, Сағызбай Қарабалин, Саят Мерекенов, Майра Әлімбетовалар екен ғой...  Қызығы, 15 күннен кейін Қазақстаннан өткенімен Мәскеуде жазбаша тапсыра алмай бірнеше бала құлап, тағы да жеті адам керек деп газетке шықты. Осы жолы, барайыншы деп шешім қабылдадым. Мен тағы да зор дайындықпен бармадым. Абайдың қара сөздерін, сосын бірнеше тақпақтар жаттап алғам. Өзіммен-өзім тұйық болған бала едім, Мәскеуден келген профессорлар алдында, арасында Р.Сейтметов бар, өлең оқып тұрып,  тер деген бұрқ ете қалған. Сосын ән айт деді. «Құстар әнін» айттым. Пианисттен қалып кеткем, ол екінші куплетіне келгенде мен қайырмасын айтып, қып-қызыл болып әрең аяқтадым. Ертеңіне тізім шықты. Жетінші болып тұр екенмін. Менің ешқандай жарып бара жатқан ештеңем жоқ.  Бірақ, менің тазалығыма қызыққан болуы керек, мектеп бітіре салып келген баламын. Шынайы ұялсам қызарам, қысылсам тер шығады. Ал, көп талапкерлер қалыптасып қалған, студия бітіріп келген, шығып ойнап кете беретіндер еді.Олар сол менің әлі бұзылмаған, қалыпқа құйылмаған болмысыма қызыққан болса керек. Солай, Мәскеуде бес жыл білім алдым. Бітіргеннен кейін бізді Торғай театрына жіберді. Біздің алдымызда бітірген буын Торғайда алғаш театр ашқанда қабылданған түлектер еді. Соларға қосымша болып екінші буын біз бардық. Солай өнердегі өз жолым басталып кетті.

Театрдағы ең алғашқы рөліңіз жайында...

Бақтың жануы деген сол шығар Ж.Хаджиев алғаш кездескенімізде Д.Исабековтің «Әпкесін» қойды. Мен сол спектакльде Тимурды ойнадым. Менің ең сүйікті рөлдерімнің бірі. Себебі, Тимур менің характеріме келетін. Оның ішкі жалғыздығы, әке-шешесі жоқ қой олардың да, сол күйді жаныммен сезінетінмін. Оның әпкесіне келіп айғайлайтын жері бар. Сол сахнадағы менің ұстамдылығым мен ішкі хәл-күйім Жәкеңе ұнаған болуы керек. Келесі қойылымында бірден Бақтығұл бейнесін тапсырды. Әлі соншалықты тәжірбием жоқ, жап-жас маған сеніп М.Әуезовтің «Қараш Қарашындағы» басты бейнені берді. Содан ары қарай әр-түрлі бейнелер жасай бастадым. Т.Рысқұловты сомдау үлкен мектеп болса, кейіннен Прометей, Нарша, Жантық... солай жалғаса берді. Ол кезде репертуарда он бес спектакль болса, соның он үшінде ойнайтын болдым. Сол он үштің он бірі басты рөл болатын. Менің партнерлерім (сахнадағы серіктес) де өте жақсы болды. Д.Жанботаев, Р.Ибраевалармен сахнада талай сәтті бейнелер жасадық.


 

Ж.Хаджиев режиссурасындағы ешкімге ұқсамайтын ерекшелік деп нені айтар едіңіз?

Ол кісінің қойылымдарына актерлерден партнерлерді таңдай білуі. Сахнада екі әлсізді түйістірмейтін. Мәселен, мен Бақтығұл болсам Досекеңді (Д.Жанботаев) Жарасбай, мен Т.Рысқұлов болсам оны Сталин ететін. Образдарды қарама-қарсы қоятын. Бір партнер көтерілсе екіншісі де соңынан қуып жетеді. Мықтыларды бірге қойған жерде мизансценаларды да актер өзі қояды. Себебі, ол сенің жүрегің. Сезінгеніңе байланысты іс-әрекет жасайсың. Тағы бір үлкен ерекшелік Жәкең ансамбль жасағанды ұнатады. Актерлік ансамбль болмаса спектакль болмайды дейтін.

Бүгінге дейін сахна сайысын қоюшы екеніңізді білеміз. Осы фестивальдің ашылуында да сіз жұмыс жасадыңыз.  Жалпы, осы жайында кеңірек тоқталсаңыз? 

Иә, Жәкең қойған «Қыз Жібектегі» сахна сайысын, «Әбілмансұрдағы» Абылай мен Шарыштың, «Қозы Көрпеш - Баян Сұлудағы» сайысты дайындадым. Павлодарға да бардым, Оралда Махамбеттің еске алуында бір ай бойы арнайы сахна сайыстарын қойдым. Өз-өзімді бала кезден қалыпта ұстап, ылғи спортпен шұғылданатынмын. Кейіннен осы өнерді жақынырақ танысып, қазір жастарға да үйретіп жүрмін.

Тарлан режиссермен қаншама жыл жұмыс жасағадыңыз. Есіңізде сақталып қалған, ұмытылмайтын ерекше екі диалог?

Алғаш театрға келгенінде кабинетіне шақырып алды да:

 Ж.Хаджиев: Қандай рөлді жақсы көресің?

С.Бұлғақбаев: Гамлетті.

Ж.Хаджиев: Әлі піскен жоқсың.

Содан сол рөлді маған қырық жасымда берді. Міне, мықты режиссердің піскен уақытымды күтуі. Бейнені жасай алатынымды білуі, сенуі және сонау жылғы сөзімді ұмытпауы.

Тағы бірде театрда «Ақан Сері - Ақтоқты» қойылымын қойғысы келетінін айтты. Неге қоймасқа дегенімде, «Ақан жоқ»,- деді. Қараңызшы, не деген жауапкершілік, адалдық. Басқа біреу болғанда кез-келген актерден Ақан шығара салушы еді. Ал, ол кісі ондай қадамдарға бармайтын. Ақыры, сол спектакльді сахналамай кетті. Жәкең жайлы айтылғанда осы екі диалог ылғи да ойымда түседі. 

Сіздің ойыңызша, қазіргі театр өнеріндегі нөмірі бірінші мәселе?       

Театр сахнасына шығатын материалдардың деңгейі төмен. Қазіргі қазақтың драматургтері көп нәрсені ашып жазбайды ма әлде тек тапсырыспен бір нәрселерді құрастыра сала ма, әйтеуір, соншалықты өзекті дүниелер аз. Материалдар, онда сахнадан айтылуы керек мәнді нәрселер көп болса бүгінгі процесс басқаша болатын ба еді. Сол үшін де шығар ғұмыры ұзақ спектакльдер аз. Мәселен, шетелдік қойылымдар естисіз бе, екі жүз бірдеңесінші рет қойылайын деп жатыр деп айтып жатады. Неге? Бізде жүзге жетпей өліп қалады. Бүкіладамзаттық, өмірлік мәні бар дүниелерді сахналамағандықтан шығар...

Театрдағы жас буын актерлерден кімдердің талпынысын ерекше атар едіңіз?

Біздің театрдағы жастар өте жақсы. К.Әбілдинді айтуға болады. Қазір театрда бірнеше жақсы бейнелері бар. Бірақ, оны да әлі үлкен рөлдерге салу керек. Одан кейін Ардақ, Нұржан, Мейрамбек сынды ізденімпаз жас актерлер бар. Талабы мол жастардың көптігі қуантады. Кәсіби шыңдалуына әсер ететін қойылымдар қойылса нұр үстіне нұр болар еді.

Актерлік өнер қандай мамандық?

Біздің мамандық – ең қайырымды мамандық қой. Апталап, айлап жасаған  жұмыстарымызға мақтау айтылса бізден бақытты адам жоқ. Жанымызды сол үшін саламыз. Біздерді алдау оңай. Алданбайтын актер ол – актер емес. Халық бағаласа одан асқан бақыт жоқ. Кезіндегі біз жанында жүрген Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев сынды хас таланттар өмірден өтпейтіндей көрінетін еді. Сол секілді бәрі де өз кезегімен өмірден кете береміз. Соңымызда өнеріміз қалса да сол жеткілікті... 

«Рөлге дайындық процессі»  жайында бір мысал айтсаңыз?

«Қозы Көрпеш - Баян Сұлудағы» Жантық бейнесі. Жантықты жасау үшін әр таңда репетицияға келген сайын «не дайындап келдің?» деп сұрайды Жәкең (Ж.Хаджиев). Түнімен өзі жанында боласың, не дайындап үлгеремін деп ішімнен ойлап аламын да, (күлді) әйтеуір бірдеңелер көрсетуге тырысамын. Жантықтың өмір сүрген кезеңін, оның ата-анасын ізде дейді. Таңырқап қарап қаламын, оны қайдан іздеймін деп. Жәкең көзінің астымен қарайды да: «Иди,  иди. Ищи, фантазируй» дейді. Ааа, фантазия болса басқа әңгіме деп алып әбден ізденеміз. Кейіпкерге мінездеме жазып әкелеміз. Режиссер анда тұр, мында бұрыл демейтін. Бәрін жүрегімізден өткізіп барып жасайтынбыз. Сондықтан, әрбір бейне нанымды, әрі өзіміз үшін ыстық.

Дәл қазір С.Қожамқұлов театрынан не көргіңіз келеді?

Театрда классикалық шығарма сахналанса. Барлық актерлік құрам (аға буын, орта буын, кіші буын) жұмылдырылып, ерекше бір серпіліс алсақ деп ойлаймын.  Классика сөздің қадірін білуге, жастардың өсуіне үлкен көмек болары сөзсіз. Классиканы ойнау басқаша жауапкершілік.

Сұхбатыңызға көп рақмет!

 

17 Қараша 2018
125
0
0