Анар Еркебай. Дәстүр мен жаңашылдыққа бай фестиваль

Астананың 20 жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің халықаралық фестивалі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен КСРО халық артисі Асаналі Әшімовтың басқаруындағы Қазақстан Театрлары ассоциациясы 2018 жылдың 30 қазан – 6 қараша аралығында Талдықорған қаласында өтті.

Анар Еркебай

театртанушы


Фестиваль шеңберінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Жетісу университетінің төрінде «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғыруы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Театр өнерінің мейрамы мен Талдықорғандағы Б.Римова атындағы облыстық драма театрының жаңа ғимаратының ашылуының да тұспа‑тұс келуі қала қонақтары мен тұрғындарын мерекелік көңіл‑күйге бөледі. Ал, жаңа ғимараттың төрінде, фестивальдің салтанатты ашылу жиынында Серпер жастар сыйлығының тапсырылуы жас дарынды актерлерге үлкен үміт отын жағып бергенімен қатар, оларға болашаққа сеніммен қарауларына мүмкіндік бергені сөзсіз.

М. Әуезов "Айман-Шолпан"
М. Әуезов "Айман-Шолпан"

Фестивальдің ашылуынан кейін Б.Римова театры жаңа ғимарат сахнасында М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» премьерасын ұсынды. Бұл қойылым фестиваль бағдарламасынан тыс, тек театрдың жаңа маусымының ашылуы ретінде көрсетілді. Спектакльді қоюға Астанадан арнайы шақыртылған Нұрқанат Жақыпбайдың режиссерлік қолтаңбасы бұл қойылымнан да айқын байқалғаны жасырын емес. Бүкіл труппа қатысқан, аға, орта, жас буынның мүмкіндіктерін ортаға салған режиссер қойылымды ән мен биге, ұлттық салт‑дәстүрлерге толтырыпты. Жаңа ғимаратты көңілді комедиямен ашып, сахнаны салтанатты той‑шашумен ажарландыруы фестивальге келген шетелдік қонақтар мен қатысушыларға біздің бай мұрамыздан хабар беріп, ұлттық ерекшелігімізді анық көрсетті.

Тәжірибелі режиссер актерлердің толқыған мерекелік көңіл‑күй сәттерін ескере отырып, оларға еркін қимылдауға, оқиғаның даму жүйесіне қарай импровизация тәсіліне баруға мүмкіндік берген. Әрине, режиссерлік ой‑тұжырым толыққанды бейнелі суреттеу дәрежесінен көріне қоймаса да, орындаушылардың жанды әрекетін, режиссер ұсынған трактовкаларын дұрыс орындауға деген құштарлығын айтпай кетпеуге болмайды.

Бірақ, тамашалық ойын‑сауықпен көмкерген режиссер кейіпкерлердің мінез ерекшеліктерін толық ашпағанын да айта кету керек. Айман мен Шолпанның, Арыстан мен Әлібектің, Жарастың жеке даралықтарының байқалмауы, актерлердің режиссер ұсынған нұсқамен ғана сахнада әрекет жасауы спектакльдің көркемдік‑идеялық жағына нұқсан келтірді. Дәл сондай‑ақ, сахнада көштің белгісіндей ілініп тұрған түйелердің де ойналмай қалуы, қойылымның көркемдік дәрежесін түсірді. Сосын бізге түсіндіргендей, спектакль жаңа сахнада сол күні ғана ойналғандықтан, жұмысшылар жарық, басқа да техникалық құрығылардың тілін әлі жаттап білмегендіктен түйелер тек ілулі тұрған атрибуттарға айналып қалған екен. Дегенмен де, мұны біз түсіністікпен қарасақ та, қойылымға келген бес жүз адамның әрқайсысына барып мұндай нәрсені түсіндіріп жатпайсың ғой.

Фестивальдің «Үздік спектакль» номинациясына ие болған қойылым Дина Жұмабаеваның режиссурасымен шыққан Георг Бюхнердің «Войцегі» болды. Ашылғанына екі жыл болған Азамат Сатыбалдының «theater 28» театрының репертуарына енген бұл спектакль қазіргі таңда көрерменнің көзайымына айналғаны жасырын емес. Барған жерінде аншлагпен өтетін спектакльдің заманауи шешімі, қолданылған түрлі эффектілері мен инновациялық жаңалықтары жұртшылықты бірден өзіне баурайды.

Георг Бюхнер "Войцек"
Георг Бюхнер "Войцек"

Режиссер пьесаның идеялық‑көркемдік сипатын өзінше бағдарлап, ой‑тұжырымын актер ойыны арқылы жүзеге асыруға күш жұмсаған. Оқиға болмысын шиыршық атқан әрекеттермен ашуға, кейіпкерлердің даралығына, ішкі психологиялық толғаныстарына физикалық әрекеттермен келу жолдарын қарастырған.

Азамат Сатыбалды орындаған Войцек – өзінің адуынды темпераментімен, актерлік техникасының шеберлігімен көзге түсті. Орындаушының кейіпкерінің жүйке ауруына шалдыққан, «горох» – бұршақтық диетаның арқасында тек физикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар жүйке күйзелісіне ұшырауын психофизикалық әрекеттерді керемет қолдана отырып жасай алған. Актер Войцектің бұл жағдайын дірілдеген, сөздері мен іс‑қимылдарын өзі сезбей қайтала беретін әрекеттермен керемет жеткізді. Өмірінің мардымсыз өтіп жатқанын Войцек – Сатыбалды бір орында тұрып жүгіруі арқылы, өзін Капитанға шын мәнінде таптатқызып, еріккен Дәрігердің эксперимент обьектісіне айналғанын сенімді көрсетті. Сүйіктісі Мария оның көзіне шөп салғанын білгенде, сенер‑сенбесін ұқпай дал болып, ақыры баласының анасын пьесадағыдай пышақтап емес, тұншырықтып өлтіреді. Өзін тұншықтырған қоғамды, ол да тұншықтырып өлтіргендігі өмірдің заңдылығы деген ойға жетелейді.

Спектакльдің көркемдік‑идеялық мазмұнын ашуға, оқиға желісін шиеленістіруге септігін тигізіп, Войцектің әрекетін тереңдететін Дәрігер роліндегі Данияр Базарқұлов пен Мария роліндегі Ажарлым Мағзұмның орындаушылық өнерін айтпай кетпеуге болмайды. Қойылымның кіріспесі мен финалындағы Дәрігерден бастау алып қана қоймай, сондай‑ақ оның Войцекті адам құрлы көрмей экспериментінің ойыншығына айналдыруы, бір уақытта сахна ортасындағы жәшікке шығып алып клоунша қылжақтап, жиналған халықты өз ырқына бағындыра әкетуі де есте қалған мизансценалардың бірі болды. Ал, Марияны актриса үстіндегі пішінсіз күпәйкесі мен аяғындағы керзі етігіне, қолындағы жаңа туған сәбиіне қарамастан әйелдік нәзіктігіне баса көңіл бөлген. Тамбурмажордың (Асан Мажитов) сыйлаған шыны көз сырғаға қызығып, нәпсінің жетегінде кетіп, қателескенін кеш түсінген әйелдің өмірі де қайғылы аяқталуы трагедияның негізгі желісі. Оның өз өміріне өкпесі, некесін қидырмай балалы болуына, сүйген жарының ақыл‑есінен адасуына деген психологиялық толғаныстарын аяқ‑қолын қатты сермеп, долданған адамшы билей жөнелуі арқылы жеткізуі әсерлі.

Режиссердің сахнада тек ағаш жәшіктер мен тақтайларды ойната отырып, Войцек пен Мария арасындағы қарым‑қатынастық мәселелер басталған кезде аспаннан жаңбыр төгілуі керемет табылған шешім. Сондай‑ақ, сахнада шынайы жаңбырдың жаууы да бүгінгі режиссурадағы инновацияның пайдаланудың жаңа бір қырын байқатты. Д.Жұмабаеваның әр қойылымынан әлемге әйгілі музыкалық композицияларды орнымен пайдалана алуы да әсерлі. Осы жолы да атақты француз композиторы Ян Тьерсеннің “Arrivai On The Island” және “Tne Man With Hanging Arms” атты композиялары әр мизансценаны ажарландырып, қойылымның лейтмотивіне ғана айналмай, кейіпкерлердің іс‑қимылдарымен әдемі өрнектелген. Режиссурадағы тың ізденістер мен шешімдер, актерлік ансамбль мен шеберлігі бар «Войцек» қойылымы фестивальдің бас жүлдесін алды.

Фестивальдің «Үздік режиссура» номинациясын Қ.Қуанышбаев атыдағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Қорғансыздың күні» қойылымының қоюшысы Әлімбек Оразбеков иеленді. Режиссер сахна кеңістігін өзінше пайдаланып, эпикалық кең тынысты шешімді, монументалды пішінді қалап, символдыққа, мазмұнды жинақтылыққа ұмтылыпты.

"Қорғансыздың күні"
"Қорғансыздың күні"

М.Әуезовтың әңгімесіне инсценировканы өзі жасап, ақын С.Ақсұңқарұлының поэзиясын орынды кірістірген. Режиссер қойылым желісінің негізіне «Қорғансыздың күнін» ала отырып, Жарық пен Түнек сынды аллегориялық кейіпкерлерді енгізген. Осыдан спектакльдің мазмұны кеңейіп, қарапайым тұрмыстық‑отбасылық трагедиядан философиялық ойларға толы дүниеге ұласқан. Ғазиза мен оның өмірін сындырған Ақанның арасындағы кикілжің заман қайшылығынан биіктеп барып, қойылым халық тағдырын суреттейтін идеялық жиынтылыққа жеткен. Тіршіліктің көзі пайда болғаннан бері ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың бітпес айқасын, адамгершілік пен зұлымдық сынды қасиеттерді Жарық пен Түнектің Ғазизаның өмірі үшін арпаласуы арқылы шешім тапқан. Сөйтіп, шығарманың идеялық арнасы кеңейіп, кейіпкерлер әрекеті әлеуметтік‑философиялық сипат алған.

Режиссердің ой‑тұжырымын дұрыс ұққан суретші Ш. Елембаева сахнаны ақ және қара түстермен ғана көмкеріп, өмір айналымын бейнелейтін үлкен арбаның доңғалағын оңтайлы қолданған. Жарық пен Түнектің осы доңғалақты бір‑бірінен тартуы, Ғазизаның өмірі қыл ұшында тұрғанын суреттегендей кішкентай қыздың сол доңғалаққа бұратылып айналуы да тағдырдың диірменін көрсеткендей қойылымның трагедиялық тереңдігі пен адамзаттың философиялық болмысын беруде өте орынды табылған. Ал шымылдық жабыларда халықтың екіге бөлініп, доңғалақтарды екі жаққа тартып тұруы да жарық пен түнектің күресі еш бітпейтінін ашатын әдемі көріністердің бірі болды.

Семейдің «Дариға-ай» жастар театры ұсынған Шекспирдің «Ричард ІІІ» қойылымы да тың шешімдерге бай дүние болды. Жалпы режиссер Дина Жұмабаева жаңа режиссерлік толқынның өкілі ретінде заманауи ой мен шешімдерді нық та сенімді алға тартып отыратынын әр қойылымынан байқауға мүмкіндік береді. Осы жолы да ол Шекспирдің атақты мәтінін батылдықпен қысқартып қана қоймай, сондай‑ақ оған өзіндік ой‑тұжырым мен бірге ырғақ пен тыныс беріп отыр. Алайда, режиссер қолданған көптеген тәсілдердің (топырақ, қылыштар, адам бассүйегін меңзеген доптар, т.б.) біраз шетелдік режиссерлердің қойылымдарында көрініс тапқанын сыншылар баса айтып, оның өзіндік ой‑тұжырымының болуын қалады. Өз тарапымыздан қосатынымыз, қысқартудың арқасында Ричард пен леди Аннаның арасындағы байланыс жоғалып, Аннаның өз әкесі мен күйеуін өлтірген Ричардқа тұрмысқа шығуының себебі де ашылмай қалыпты. Сахнада шелектеп төгілген қанның көрерменге әсері зор болғанымен ол Ричардтың қанышерлігі мен жауыздығын аша алмады.

У. Шекспир "Ричард III"
У. Шекспир "Ричард III"

Ричардты сомдаған Е.Нұғыманов лордтың сыртқы кемтарлығымен қатар ішкі психологиясына ашуға мән беріпті. Алдына қойған мақсатына жету үшін тақ пен билік жолындағы кедергі жасап тұрған адамдарды шыбын құрлы көрмей өлтіруі Ричардтың қанышер мен жауыздығын айдан анық көрсетіп тұр. Актер бүкірейген, аяғын сылтып басатын, өтірік жылап тұрып қарқылдап күліп жіберетін құбыжықтың бейнесін нанымды шығарды.  Актерлік сыртқы техникамен қатар ішкі күйзелісті де сезінуге мүмкіндік бергені үшін Е.Нұғыманов фестивальдің «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.

Жалпы соңғы кезде еліміздің әр сахнасында спектакль қойып жүрген Дина Жұмабаева өз ізденістерінде алыс‑жақын шетелдік режиссурасының озық үлілеріне, тың бейнелеу тәсілдеріне сүйенетіні жасырын емес. Режиссерлік кәсіппен айналысқанына біраз жыл болған Динаға болашақта өзіндік ой‑тұжырымды көбірек қолданып, жастыққа тән біреулерді қайталау, екіншілерге еліктеу сынды албырттық сезімдерден арылғаны дұрыс болар еді дегіміз келеді. Өйткені, кәсіби деңгейі жоғары, қалыптасқан режиссура жеке қолтаңба мен өзіндік бейнелеу жолдарын талап ететінін ұмытпағаны жөн.

Өзбекстаннан келген Сырдарья облыстық драма театры Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер‑ана» қойылымын ұсынды. Қазақ көрерменіне жақсы таныс шығармаға өзіндік интерпретация жасап, өз шешімімен келген дүниені жылы қабылданды. Ә.Мәмбетовтен бастап кейінгі режиссерлер де қолданып жүрген Львов‑Анохиннің инсценировкасынан бас тартқан режиссер Н.Гаибназарова қойылымға Жер‑ана образын шығармай, бүкіл оқиғаны Толғанайдың төңірегінде өрбіткен. Актриса өз өмірін әңгімелей келе, балаларының, жары Сұбанқұлдың соғысқа кеткен сахналарында нағыз мейірімді ана мен әйелдің нәзік жанын нанымды суреттейді. Алғашқы нанды қолына ұстап тұрып, мейірлене иіскеген Толғанайдың бойынан Жер‑ана мен Ел анасының жиынтық бейнесін көрсете алған. Осындай тамаша орындаушылықтың нәтижесінде «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленуі де орынды болды.

Режиссер суретшімен ойластыра отырып, сахналық кеңістікті де дұрыс шешкен. Суретші Ш.Абдумаликовтың сахна төріндегі баспалдақпен шығатын екінші қабатты осы өмір мен келесі өмірдің арасындағы көпір ретінде шешуі өте ұтымды шыққан. Ұлдары мен Сыбанқұлдың соғысқа, келмеске кететінін білдіргендей баспалдақпен жоғары шығып, көпірмен жүруінде үлкен мән болды. Сахнада әр заттың метафоралық түсініктемелері де ойналып тұрды. Мәселен, почташы суық хабармен келген сайын қара қағаз емес, суреті жоқ бос рамаларды әкелуі де сол адамның бұл дүниеде жоқ екенін көрсетіп тұрғандай. Бетінде адамдардың киімі, ағаштар мен гүлдердің суреті жапсырылған жерде төселген үлкен көрпе Жер‑ана ролін тамаша ойнап шықты. Оны Толғанай жамылып өткенді есіне алады, бірде ол жылап жатқан Әлиманның үстіне жабылады, т.с.с. Осындай қызықты әрі ойлы шешімдері үшін қойылым «Үздік сценография» номинациясын өз қанжығасына иеленді.

Ал, М.Ғафури атындағы Башқұрт мемлекеттік академиялық драма театрының Т.Миннулиннің «Іздеп таптым сені» қойылымы режиссердің қарапайым шешіміне қарамастан өзінің жинақтылығымен, екі актердің жоғары кәсіби ойынымен көзге түсті. Екі мүгедек жанның бір‑бірін көрмей, телефон арқылы ғана табысқан оқиғада сахналық әрекеттердің аздығына қарамастан актерлердің өз кейіпкерлерінің психологиялық толғаныстарына терең бойлауы, ішкі көңіл‑күй мен сыртқы пішінде тұтастық, жан дүниесінен туған шынайылық керемет шыққан. Нурсина – Гульмира Исмагилова мен Рахимьян – Фиргат Гариповтың сезім иірімдері шығарманың мазмұнынан туындап, спектакльдің көркемдік ерекшелігін айқындай түскен.

Т. Миннулин "Іздеп таптым сені"
Т. Миннулин "Іздеп таптым сені"

Сахнаның екі бұрышында орналасқан актерлердің телефон тұтқасын алғандағы өзгерістері, ішкі құбылыстарын сыртқы сараң да нақты суреттеулермен жеткізуі де қарапайымдылығымен әрі шынайылығымен таңқалдырды. Әсіресе, Г.Исмагилованың телефон қоңырау шалғанда нақ дәл қазір кездесуге баратын бойжеткендей қобалжып, ақырын ғана жымиып, қойнына тыққан ерін далабын шығарып боянып, шашын жөндеп барып қана тұтқаны көтеруі – жүрегіне махаббат сезімімен бірге үміттің де ұялағанын көрсетеді. Сондай‑ақ, актрисаның пластикалық мүмкіндіктерінің де зор екенін байқататын сахналар да аз болмады. Мұндай хореографиялық көріністерді енгізуі арқылы режиссер – дене мүмкіндігі шектелген екі жастың рухани мүмкіндігі шектелмегенін, аяқтарымен билей алмаса да жандарының, көңілдерінің өміршеңдігін көрсететін тамаша шешкен.  Ішкі драматизмге толы спектакльде кідірістер де, актерлердің үндемей ойнауы да, әлемге әйгілі соқыр әнші Андреа Бочеллидің әсерлі әндері де режиссердің қажетті жерінде тауып қолдануынан кейіпкерлер бейнесін тереңдете ашуға мүмкіндік берген. Екі актердің ойынында өзара ұғынушылық, үйлесімді қарым‑қатынас сезілген бұл қойылым «Үздік актерлік  ансамбль» номинациясына иеленгені де заңдылық.

Жас режиссер Фархад Молдағалиевтің «Қарагөз» саундрамасы «Классиканың заманауи сахналық интерпретациясы» атты номинацияға сай қойылыпты. Ұлттық шығармаға жаңа көзқараспен келіп, тың шешімдер мен ізденістерге барған режиссердің жұмысы ерекше қызықты нәтиже берген. Шығарманың көркемдік мазмұнына терең бойлап, оған заманауи сарын беріп түрлі бейнелеу тәсілдерін қолданған.

Режиссердің қиялы мен ой‑тұжырымының арқасында Сырым – Қарагөз – Нарша махаббат үштүгінің қырлары жаңа бояуға еніп, бүгінгі уақыт талабынан шыққан. Ұлттық болмысты көрсететін фольклорлық негіздерді суреттеуде режиссер әсірелеу әдістерін қолдануда жаңаша әдістермен келуі де спектакльдің сахналық өнерімізге жаңалық болып енуіне түрткі болып отыр.

Режиссердің шығармаға берген осындай бүгінгілік астарлы ой‑тұжырымына, сахналық шешіміне актерлердің ойындары да сай шыққан.

Сырым, Қарагөз бен Наршаны орындаған актерлер режиссер ұсынған трактовканы дұрыс түсініп, дәстүрлі сүрлеуді қайталамай кейіпкер мінезін өзінше пайымдауға ұмтылған. Махаббатты ойын ретінде ғана көретін, Қарагөздің сезімдерін аяққа таптаған Сырымның бойынан бүгінгі жас жігіттің бейнесін анық көруге болады. Актер өзін ғана, өзінің ермегін ғана ойлайтын Сырымды адал сезімдерден ада,  өзін сүйген бойжеткенді күнәға итермелеп алып, үстерінен түскен халықтың алдында қорғаудың орнына өзінің киім‑кешегін тез жиып зып беріп қашып кетуінен, соңғы сахнада жынданған Қарагөзді жиіркенішпен итеруінен оның пасық ниеті мен адамгершілікке жұрдай болмысын нақты көрсетті.

Қарагөз бен Сырымның махабатының қасында әрқашанда екінші планға ысырылып қалатын Нарша бұл қойылымда шынайы сезімдердің, таза ниеттің иесі екенін байқатты. Актер Наршаның болашақ жарына деген тек жанымен ғана емес, тәнімен де ынтықтығын қараған көзқарасынан, Қарагөздің қолын ұстап, құшағына қысуға деген ниетін қимыл‑әрекеттерімен нанымды жеткізген. Ал, Қарагөз роліндегі М.Өсербаева жас қыздың ішкі сезімдерін сыртқы пластикалық бояулармен, түрлі хореографиялық палармен жеткізуі әсерлі. Жас актриса шеберлігі үшін «Үміт» номинациясын иеленді. Ал, Мөржанды сомдаған А.Супатаева «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесіне» ие болды. Дәстүрлі Мөржандардан мүлдем бөлек бейнені шығарған актриса дауыс ырғағының ерекшелігімен, психофизикалық әрекеттерді нанымды жеткізуімен ерекшеленді.

Режиссер сахнаның кеңістігінде минимализмді сақтап, тек шымылдықтың артына музыкалық аспаптармен сүйемелдеп отырған орындаушыларды орналастырып, Қарагөз бен Сырымның сезімдерінің тиянақсыздығын көрсету мақсатымен екі арқанды керіп қойған. Қыз мен жігіттің алғашқы тән ләззәтіна бөленетін жері де осы арқандардың үстінде өтеді. Арқанның үстіндегі қалт‑құлт еткен қимылдары мен құлап бара жатып осы болмышы сезімдерге талпынғандай жармасуы да махаббаттарының беріксіздігін көрсетеді.

Жанрын саундрама деп алғанымен үш‑төрт көрінісі ғана бұл атауға лайық шыққан дүниені Фархад әлі болса да толықтырып, басқа сахналарды да осы арнаға тоғыстырса толыққанды қойылым болатыны сөзсіз. Сахнаның екі шетінде орналасқан микрофондарға әуені де биі де екі түрлі ырғақпен орындалған жар‑жар, тойдағы гротеск әдісіне сүйенген би қимылдары қазақ сахнасына жаңа шешімді, заманауи тынысты қойылымның дүниеге келгенін паш етті десек артық емес.

Түркия елінен келген  Хасан Ажар өндірістік театры ұсынған «Пирайе» моноспектаклі Назым Хикметтің түрмеде жатқан кездегі сүйікті жары Пирайемен хат арқылы жүздесуі баяндалады. Режиссер әрі актер Мурат Чидамлидің шеберлігінің қырын ашқан бұл қойылым «Қазылар алқасының арнайы жүлдесімен» марапатталды.

Түріктің атақты жазушы‑драматургі, ақыны Назым Хикметтің өміріндегі ауыр кезеңі – саяси қуғынға ұшырап, абақтыда өткізген тұсын М.Чидамли байсалды ойынымен ашқан. Кейіпкердің әр көріністегі ой арпалысын, өз тұсындағы тірлік өлшеміне қанағаттанбайтын, сонымен бірге, сол сұрықсыз, өмір қапасында жатса да өз білімін әрі қарай жетілдіруін доғармаған Хикметтің жан күйзелісін, психологиялық толғаныстарын нанымды ашқан. Сүйікті жары, баласының анасы Пирайенің сүретімен тілдесуі, өзінің өлең жолдарын оқуы, ән айтуы актердің дауысының зор екпінін барынша байқатып қана қоймай, екі сағат бойы жалғыз өзі бүкіл көрермен залын тырп еткізбей ұстап отыруы да актерлік өнердің зор мүмкіндігін байқатты.

Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» пьесасын сахнаға шығарған Қызылорда облыстық қазақ драма театры «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясын иеленді. Қойылым режиссері Х.Әмір‑Темір еліміздің тарихындағы ең ауыр кезең – өткен ғасырдың 30-шы жылдарын суреттеп қана қоймай, мәдениетіміз үшін үлкен іс‑шаралар жасаған Темірбек Жүргеновтың бейнесін тарихи деректерге сүйене отырып ашумен қатар бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен де параллельдер жүргізуге тырысқан. Дегенмен де, драматургиялық материалдың жазылу стиліне, ондағы олқылықтар аяққа тұсау болғанына байланысты қойылым плакаттық‑иллюстрациялық дәрежеден аса алмаған. Актерлердің ойыны да эскиз дәрежесінде қалған. Мұнда талас тудырмайтын, көркем жасалған Темірбектің әкесі Қара ролі болды. Талантты актер Б.Алпысбаев ойынында бұл роль қызықты бейнелеу тапқан. Ол төңірегінің қоршаған жандардың пасықтығымен бірге, өзін де аямай әшкерелеуге дайын, адам тірлігінің жұты болған қоғам туралы қатал байламға келуін актер шынайы ашты. Осыдан актер «Екінші пландағы ең үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды. Сондай‑ақ, С.Әбдіразақов орындаған Жүргенов ойдың, парасаттық адамы, қоғамдағы өз орнын барынша терең сезіп, елінің көркейуіне, ұлттының өнері мен мәдениетін асқақтатуға, ақыры жалмауыз саясаттың құрбанына айналғанын жанды психологиялық толғаныспен жеткізуге тырысқан. Соңғы сахнада Жүргеновтың атылуы – тағдыр алдындағы қисынсыз тізе бүгуі емес, трагедиялық сезімнің шарықтап барып, рухани жәбір көрген қоғамға деген, зұлым билікке деген қарсылық.

Қазақ драматургиясы мен сахнасында Т.Жүргенов бейнесі қажет, оны жоғары көркемдік талапқа сай жасау жалғыз Қызылорда театр ұжымының ғана емес, басқа театрлардың да шығармашылық борышы деп қараған дұрыс. Өйткені ұлтымыздың зиялы өкілі Темірбек Жүргеновтың бейнесі үлкен сахналық полотноға лайық екені сөзсіз.

Фестивальге қатысқан Али Арслан атындағы Түркмен Жастар театрының Н.Реджеповтың «Көроғлы және Агаюгус» атты аңызға құрылған шығармасы бай бірақ мүлдем ойналмаған сценографиясы мен тамаша костюмдерімен есте қалды. Режиссерлік ой‑тұжырымның әлсіздігі актерлік ойыннан, сұлбалық дәрежеден аспаған мизансценалардан байқалып тұрды. Көрікті, батыр тұлғалы, зор дауысты актерлердің сахнаға құр кіріп‑шығуы өкінішті. Тек, Агаюнус роліндегі Г.Аннаменгалиева шықан сәтте өз сұлулығымен, әйелге тән нәзіктігімен сахнаны құлпыртып жібергенін айтпай кете алмаймыз. «Ең үздік эпизодтық роль» номинациясын иемденген актриса шеберліктің кемелін көрсетпесе де көрікті тұлғасымен көрерменнің есінде ұзаққа қалғаны сөзсіз. Жалпы, қазіргі таңда экономикалық дағдарысты басынан өткізіп жатқан Түркмен елінің өнер ұжымы шетелге шығып фестивальге қатысуының өзі үлкен жетістік деп айтқымыз келеді.

Н.Реджепов "Көроғлы және Агаюгус"
Н.Реджепов "Көроғлы және Агаюгус"

Ал, қырғыз ағайындарымыз ұсынған Б.Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жасөспірімдер театрының «Қасқыр ұлыған түн» қойылымы «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді. Мұның басты себебі – бүгінгі таңдағы еліміздің танымал жазушысы Сәбит Досановтың шығармасына инсценировка жасап, сахнаға шығаруы қазақ көрерменіне жаққаны рас. Дегенмен де, спектакльдің көркемдік деңгейі сын көтермейтін дәрежеде. Театрлар фестивальдерге ең үздік деген қойылымдарымен қатысуға тырысып, сол арқылы өз ұжымының бағыт‑бағдарын, шығармашылық деңгейін, біртұтас бір мемлекеттің өнерін байқатуға мүмкіндік беретінін ұмытпаған дұрыс.

Жеті күнге созылған өнер додасының қысқаша нәтижесі осы. Жылына екі рет өтетін Орталық Азия елдерінің халықаралық фестивалінің ел мәдениетіндегі орны бөлек. Өз елімізбен қатар өзге елдердің сахналық өнерінің бүгінгі даму тенденциясын айқындайтын көркемдік өлшемге айналған бұл фестивальдің өмір жасы ұзақ болсын деген ниеттеміз. Өйткені фестиваль режиссерлер мен актерлерге шабыт беріп, тың ізденістерге итермелеп, жаңа жобалардың дүниеге келуіне түрткі болады.