ЖАНДЫ СУРЕТ

Сахна көрінісі: төртінші планда биіктігі 1'/2 кездік сәкі. Сәкінің үстінде оң жақта салынып жатқан фабрика, завод, улкен-үлкен үйлердің көрінісі; сол жақта жаңа ауыл — колхоз, радио, почта, аурухана, мектеп, комбайндардың көрінісі.

Ортада: ағарту майданында істеліп жатқан істер. Баспахана, газет, журнал, кітаптар.

Жоғарыда плакат: білегін сыбанған, иығында мылтық, қолында балға жұмыскер. Кемпірқосақша жұмыскердің айналасында жоғары (Генеральная линия ВКП (б))—жарықпен жазылған  ұран.

Екінші планда колхозға әлі кірмеген жеке шаруалар, сынық дөңгелекке қима қағып жатады.

Бірінші планда Кеңес үкіметіне қарсы адамдар. Сол жақта — ескі бастық (әскер), екі оқыған; оң жақта — бұрыңғы жер иелері, байлар, молдалар, лашық үйдің көрінісі.

I КӨРІНІС

Перде ашылғанда бірінші пландағылар көрінеді.

Б а с т ы қ (жанындағыларға лашық үйді көрсетіп). Міне, халық, көресіңдер ме? Мынау не? Мұндай өмірде қандай тіршілік бар? Бұрын бұлар кім болғандар? Мұндай күйге қалай түсті? Кім жазықты? Кім кінәлі?

I  з и я л ы. Тақсыр, мәртебеңізге бас иемін. (Бастықтан рұқсат сұрағандай пішін көрсетеді.)

Б а с т ы қ. Сөйле, мырза!

I з и я л ы. Бұлардың мұндай күйге түсуіне өмірлері жазықты! Ғасыр кінәлы.

Б а с т ы қ. Қалайша ғасыр кінәлы?

I з и я л ы. Әуелде от болып күннен туған жер неше мың ғасырлар дәуірінде өзгере-өзгере осы халге жетті. (Қолымен көрсетіп.) Бүл тұрғандар заман толқынының сеңімен айдалып, қайраңға шығып қалған теңіз бетінің қаймақтары.

Б а с т ы қ. Енді мұнан былай қарай ғасырыңыз өзгере ме? Жоқ, осы қалпында өзгермей қала ма?

I  з и я л ы. Әрине, өзгермек.

Б а с т ы қ. Біз кешегі тәтті тұрмыска қайта айналып соға аламыз ба? Кәне, данышпандар, осыған істер амал-айла бар ма?

I  з и я л ы (қолын жайып). Анау заманның   сұрғылт тұрмысына ұясынан ұшқаннан үйренген. Өмір бойы мұз төсеніп, кар жамылып келе жатқан жалшылар тобы дүниеде бізбен қатар жасайтын болса (аз тоқтап), иә... менің  кесілген   үмітім жалғанып,   сынған ерім сынығына қайта жамалмас дейім.

II  з и я л ы. Тоқтал, мырза!.. Неге   мұнша қарайып, үмітің кесілді. Неге мұнша жауыңнан мұқалып,   тауың шағылды. Біз кешегі түлеп ұшқан ақ иық кыран емес пе едік. Неше мәртебе дүниені күңірентіп адам қанын   сел дария қып ағызған біз емес пе едік? Сіз жаңылысасыз...біздің үміт әлі үзілген жоқ... істейтін ісіміз... тәңірдің бізге деген болашағы әлі алдымызда.

Б а с т ы қ (күлімдеп). Иә... рас... сен асыл бекзада әулеттен сынып үшқан асыл едің. Үмітің әлі жоғалған жоқ екен, мынау тұрғандар кім? Мұндай халге оларды кім ұшыратты?

II з и я л ы (тұрғандарға қарап). Мырзалар, сөз сіздерге берілді. Өз ауыздарыңыздан естиік, кәне, сөйлеңдер.

Б а й (ілгері бір ұмтылып). Құлдық кішілік еттім.., Мен кешегі алты алашта атым шыққан, қотан-қотан қой өрбіткен, қос-қос қылып отарға жылқы айдатқан текті атаның тұқымымын. Шынжыр балақ, шұбар төс казақтың кәрі құтымын. Маңдайым күнге тимеген. Табаным жерге тимеген, қазы-қарта, сары қымыздан басқа тамақ ішпеген, аузымнан мәйегім ақтарылған бай едім. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген, алдыма келген істерге қара қылды қақ жарған әділ едім. Ондар, жүздер. малшы-жалдар қараша үйді құл еткен айдынымнан ел сескенген кешегі кәрі арыстан едім.

Б а с т ы қ. Сөйле, қарт... кеп естісін!.. Шешіл... бұл күйге қалай түстің?

Б а й. Ойбай, тақсыр-ау! Бізден несін сұрайсыз. Біздің мән-жайымыз сізге тасқа таңба басқандай белгілі нәрсе емес пе? Кешегі жабыларға жал бітіп, тілсіздерге тіл бітіп, меңіреулер көсем болып, бәріміздің басымызға ойнақтаған жоқ йа? Бұларды өстіп қоямыз ба, тақсыр?

С а у д а г е р. Қарт сөзінің жалғаны жоқ. Далада қарт сияқы байлар сөнген соң, қалада біз сияқты саудагерлердің де туы құлап, дүкені жабылды.

II з и я л ы. Әлі жолыңнан танған жоқ екенсің, етіңе батқан жау таяғын есіңе сақтаған екенсің. Үмітің алдыңда!

Ж е р  и е с і. Иә... тақсырлат! (Қызып сөйлейді.) Мен кешегі жер тәңірісі, алланың берген байлығының арқасында теңселген орман, жарқыраған көл, көк шалғынға оралған далаға не болып, мыңдаған жұмысшы, арбалаған алтынның қожасы ем. Мынау қарттың сөзінің бәрі рас. Менің жайым сіздерге қанық. Кедей, бай деп әлемге әйгілеп қақсамай, біздің мақсатымыз — бұрынғыдай күнелту.

С а у д а г е р. Өткенді теріп өмірді өксітуден қанша пайда. Мырзалар, келіңдер іске кіріселік. Шетелден бізге жәрдем бар ма! Бұдан  былай не істемекпіз?

II  з и я л ы. Шетелден күтіп тұрған үмітіміз көп. Сыртта олар СССР-ды ойран қылуға жиянгерлікке даярланып жатыр. Құралы дайын, әскері мығым. Жалғыз-ақ іште біз ештеңе істей алмай отырмыз. Сырттан отты олар қойса, іштен отты біз берсек, бұл кеңесің көп өмір сүре алмас, өзі де құлар.

Б а с т ы қ. Қарап тұратын не бар, тез соғыс ашу керек, қара табан қүлдардың ұлын ұрымға, қызын қырымға шұбырту керек.

Б а й. Дұрыс-ақ тақсырдың сөзі. Тұлымдысын күң қылып, айдарлысын құл қылу керек.

II з и я л ы. Жоқ, асықпаңдар, бәлшебек осал жау омес, езіне-өвін жұмсап жіңішкелеп тамырын қүртпасақ, бос айғаға алғызбайды. Бұларды құрту үшін бес жылдық жоспарына бөгет жасап, ұлы істерін жеңілге саю керек. Өпдіріс жоспарларын дәл мөлшерінен айшылық жол асырып, бар-бар дәулетін жою керек. Бұлардың аяқ алыстары алшаңдап асып, күн санап күшейіп барады. Күнделік өнімсіз іспен қолдарын байлап, балалардың ойыншығындай қылу керек. Бұлардың топ майданындағы ұраны ұйымдасқан мәдени шаруа, анау күн санап өсіп қауләп бара жатқан колхоз шаруаларын ірітіп-шірітіп тоздыру керек.

I з и я л ы. Бұл айтып тұрғандарыңыз   бұл уакытқа шейін не қып істелмеді? Сіздің ойыңызша, тап тартысы деген  жеңіл көрінеді ғой.

Б а с т ы қ, II з и я л ы (жарыса). Істеліп келеді, істеліп жатыр.

II з и я л ы. Әлдеқашан басталған... Бірақ енді басталған істі тез аяқтату керек.

Б а с т ы қ. Біздің оқымысты адамдар орталарына кіріп тапсырылған істі істеп жатыр.

I  з и я л ы. Жамағат! Тоқталыңдар, қан төгуде канша мақсат бар? Олар көп,   жарлы-жалшымен   бүкіл дүние толған. Оларды жеңем деп   жүріп ақырғы үміттеріңнен айрыласыңдар.. Ресейде болған октябрь ойранын өршітіп, бүкіл дүниеге төңкеріс туғызып алып жүрмеңдер. Олардың жасауына менің сенімім зор.

Б ә р і (шуласып). Қара мынаны! Өшір үніңді! Ба с т ы қ.  Бұл не деген масқарашылық!

С а у д а г е р. Бәлшебекті жақтап тұр.

М о л д а. Тәңірдің жолына қисық, дінсіздерге бұрылып тұр.

II з и я л ы. Жамағат, тоқтаңдар!

Б а с т ы қ. Әскери тәртіпке шақырамын. (Шу тоқталады.)

М о л д а. Атағыңнан садаға кетейін, аллам! (Зиялы мен бастыққа қарап.) Біздегі бір-екі сөз.

Б а с т ы к. Рұқсат, дін тәңірісінің уәкілі.

М о л д а. Тәңірдің ізгілік жолын бұзған пенделерді аздырып, ібіліс, малғұн жолына салған бұзақыларға бізден де жәрдем алыңыздар. Олардың ішінде бізден де   іс істеп жатқандар жоқ емес. Қара халың алдында мынаны көп сөйлегейсіздер. «Бір тәңірдің ғибадатханаларын: мешіт, шіркеулерді басқа пайдасына   пайдаланған залымдарға тәңірім апат жіберем, ем табылмас ауруларға кіріптар қылам»,— деген.

II з и я л ы. Дұрыс, тақсыр! (Бастыққа қарап.) Сіз осылай болатын болды деп сыртқа барыңыз, жиянгершілікті тездетіңіз. Мен мынау мырзалармен бірге іштеріне кірем. (I зиялыга қарап.) Сіз аузыңды бағып, кітап жазбай, уағаз сөйлемей, біздің дәулет қазынасынан нан жеп, тыныш отыра беріңіз.

Б ә р і (шуласып). Дұрыс-дұрыс.

I з и я л ы. Жоқ, менің   арым мұны көтермейді.   Менен аулақ. Мен жалғыз ғылым үшіп   ғана жасамақпын. Ғылым үшін. Бәрібір ғылым адам баласына бірдей ортақ., кім еңбек сіңіріп пайдаланса — сонікі.

II з и я л ы. Бұл өзі қыңыр   адам, артынан сөйлесерміз. Кәне, жүріңдер. (I зиялыдан басшсы шыгып кетеді.)

I з и я л ы. Ғылым, сен әрі қадірлі, әрі   содырлысың. Адам баласына қадірің сол: табиғаттың неше түрлі   жасырын сырларын, қолы   жеткендерді жақсы тұрмыспен пайдаландырдың. Дәулеттіні үлде мен бүлдеге бөледің.

Содырың сол: әлсіздерді әлдіге талаттың! Жерде от   болып, көкте у болып адам баласын қырғынға ұшыраттың. Көрдің бе әлгілердің тағы да осыған даярланып кеткенін! Миллион көп пе, мың көп пе? Миллиондар мыңсыз   жасай  алады, мың миллионсыз жасамайды. (Шығып кетеді.) 

II КӨРІНІС

II пландагы артқы шымылдық ашылады, 3—4 жеке шаруалар әңгімелесіп отыр. Біреуі   сыңған арбаның дөңгелегіне   қалжуыр байлап отыр. Үстеріне II зиялы кіреді.

II з и я л ы. Е... Не деп отырсыңдар?

I ш а р у а. Көрмейсің   бе, арбаға   қалжуыр байлап, шаруамызды жөндеп жатырмыз.

II з и я л ы. Е... сорлылар, сендердің де түптеріңе жеткен екен.

II ш а р у а. Не дейсің, жеткенің кім?

II з и я л ы. Арбаңды сындырып, шаруаңды бүлдіріп, ұзын жолдың үстіне аунатып тастап кеткенін айтамын.

II ш а р у а. Ұқпадың, жұмбағыңызды шешіп айтыңыз.

II з и я л ы. ¥зын жолдың үстінде арба жаматтырып қойған кім?

II ш а р у а. Сізше кім деп ұғасыз?

II з и я л ы. ¥қпайсың ба кім   екенін? Кім болушы еді? Әрине, бәлшебектер!

III Ш а р у а. Бізді ешкім тепкен жоқ, сіздің айтқаныңызша, бізді ешкім ұзын жолдың үстіне аунатқан   да жоқ. Біз өзіміз ере алмай қалып отырмыз.

II з и я л ы. Сорлы надан, ұқпайсыңдар? Басыңнан бағыңды алған кім? Алдыңнан малыңды алған кім? Сендерге арқа сүйеу болатын дәулетті тоздырған кім? Әрине, бәлшебектер! Сендер болашақ тіршіліктеріңе қандай қам істеп отырсыңдар? Ештеңелерің жоқ бейғам жатырсыңдар. Айналаңды торлап, у төгіп, тамырын жайып жатқан дұшпандарыңды сезбейсіңдер!

I ш а р у а. Осы кісінің сөзі миға қонады. Біз, шынында, тіршілікке ешбір қам істеген жоқ екенбіз.   Тақсыр, ақылыңызды айтыңыз, бұдан былай қай жолға түсіп, не істеу керек?

II з и я л ы. Сенің жолың белгілі емес пе? Бұрын ұяңда не көрсең, сол жолға түс.

I  ш а р у а. Ол жол бұл күнде бізге   қолайлы болмай тұр! Бүрыңғы жолды атай   көрме: ол жол бұрыңғы   би,

болыс, төре, манаптардың, мыңды айдаған байлар билеген жол ғой. Олардан біз өмір бойы теңдік көре алмай, қажып-шаршаған жол.

II з и я л ы. Надансың!   Ақымақсың! Бұл күнде сен соққан балықтай болып басың зеңіп қалған көрінеді! Менің айтатын ақылым — өз шаруаңа өзің ие бол, меншікті шаруаның жолын қу. Өз басыңа жеке бақыт тіле дейім.

Өздерің ойлап қараңдаршы. Бір астаудан мың жылқы су іше ала ма? Бірімен-бірі тебіспей ме?

II ш а р у а. Тақсыр, данышпан! Бізді айналдырмасаңыз қайтеді, астауы келіссе, алты мың да ішпей ме? Біз жаңа ғана сіздің алдыңызда жолымызДЫ белгілегеміз.

II з и я л ы. Кәне, тыңдайык, жолың қандай?

I  ш а р у а. Кеңес үкіметі ұйымдасқан ұлы жолдың желісі: тәртіп, кедей, батырақтар   мен бізді де сол майданға шақырады! «Қоғамдасқан күшті бір жерге біріктітіріп, еңбек етіп, жеміс же»,— дейді. Біз сол жолға түсіп, еңбекті бір жерге қоюға бара жатырмыз.

II ш а р у а. Мен мына кісінің әлгі сөзінен кейін әзірге тоқтала тұрсам деймін,   саған да соны   айтам, бірігіп ұйымдасқан шаруаның түрін көріп, жақсы болса кіруіміз қашпас.

II з и я л ы. Не жақсылық күтесіңдер? Одан ешбір жақсылық шықпайды. Табысыңа, өз басыңа, меншікті мүлкіңе де қожалығың болмайды! Бүйтіп шатасып өздеріңді-өздерің әуре қылмаңдар! Мені танисыңдар ма? Мен сендердің шын қәмқорларың: сендерге жаным ашып шын ақылымды айтып отырмын! Алмасаңдар өз обалдарың өздеріңе! Күндерде бір күн менің алдымды бір табарсыңдар: бұл күнде алмаған ақылымды естуге зар да боларсыңдар!

II ш а р у а. Сен қатты кетпей тұра тұр! Бұл кісінің де сөзінде жан бар сияқты; біз асықпайық, бізді қуып қысып келе жатқан ешкім көрінбейді ғой...

I ш а р у а. Сен сайтанның аздыруына еріп азба!.. Кеңес үкіметі орташаларды ортасынан қуган жоқ: бай табын жоюға кіріскендері бізге найза сұққан жоқ. Тырнағын батырған жоқ. Сондықтан мен басқа жерден жақсылық күтпеймін. Біз жаңа құрылып, ұйымдасып жатқан жаңа тұрмыстың бір кірпіші   болып қалануымыз көрек! Мына кісінің етегін ұстап, сынық арбаны құшақтап, қара басыңның қамын сен-ақ қу. «Көптен шыкдан көмусіз қалады» деген. Мен сол көппен біргемін! Орталарына барамын: жаңа тұрмыстың жас кірпішін жұмыскер, жарлы-батырақтармен бірге қаласам! (Шығып кетеді.   Қалған екеуі, біріне-бірі қарап аз тұрады.)

II з и я л ы. Жә... азамат...   Не тұрыс бар,   не ойлап тұрсың?

II ш а р у а. Әлгінің сөзі маған батып кетті, бір нәрсеге көзі жетіп, көңілі сенген кісі сияқты!

II з и я л ы. Ол ақымақ, өлерін-тірілерін білмеген, ол ертең-ақ қайыр сұрап өзіңе келеді, түбінде қайыр сұрауға құмар болсаң, сенің де жолың болсын.

II ш а р у а. Қайыр сұрауға кім құмар дейсің. Ондай қаралы күнді атай көрмеңіз!

II з и я л ы. Ендеше, менің соңымнан ер, қарның ашып, өзегің талмайтын дәулет иесі адам боласың. (Екеуі ақырын басып, шығып кетеді.)

 

III КӨРІНІС

Арттағы шымылдық ашылады. Колхозданған жаңа ауыл, дүрсілдеп, қызып жүріп жатқан тау кендері. Заводтар, қайнаған  жұмыс, қаптаған халық, ығы-жығы.

 

Р а д и о. Алло! Алло! Тыңдаңыздар!

Б ә р і (тыңдай қалады). Жолдастар, құлақ салыңдар, бес минут демалыс.

Р а д и о. Алло! Алло, тыңдаңыздар Мәскеуден, 1931 жылы январьдың 13 - і. Алло! Алло! Тыңдаңыздар! Бүкіл дүние жүзінің пролотариаты, даярланыңыздар! Даярланыңыздар! Бүкіл дүние жүзінде Октябрь төңкерісін туғызуды тездетіңдер! Жаулар Кеңес үкіметіне қарсы жиянгерлікке дайындалып жатыр. Ішкі-сыртқы жаулардың аты мен оғына өздеріңше жауап беріңдер! Балғаны босатпаңдар, іс қарқынын солғындатпаңдар! Жиянгершілердің жиянгерлігіне бесжылдық ұлы жоспарды төрт жылда орындаумен жауап берілсін. Келесі бесжылдыққа бел түріп, білек сыбагып, дайын тұрыңдар.

Б ә р і. Ура!.. Ура!.. — Дайынбыз!.. Дайынбыз!

И н ж е н е р. Неменеге дайынбыз   дейміз, әлі дайындық түгіміз   жоқ! ¥лы жоспар-пландарымыз   баланың ойыншығындай! Үлкен өндіріс, өнеркәсіп пландары   кеңесті Ресейдс жоқтың қасы! Сондықтан, жоспарды көңейтіп неше жүз мың мәртебе өсіру керек!

I ж ұ м ы с к е р. Рас, біз әлі өгіз аяңмен келеміз, мы-нау маманымыздың сөзі мақұл!

Б і р н е ш е у і. Дұрыс-дұрыс! Кеңейту керек, үлкейту жерек!

М а м а н. Жолдастар, біздегі ірі кемшілік мынау: әрбір ұлт елдеріне неше жүз миллиондаган қаражат ұсталып кетіп жатыр. Міне, осы әр ұлтқа бөлшектеніп ұсталып жатқан қаражатты бөлшектемей, Мәскеу, Ленинград сияқты кіндік қалалардың біріне дүние таң қалғандай бір ірі өндіріс орнатсақ, кеңес шаруасына пайдасы үлкен болар еді! Мәселен, салынып жатқан ұлт елдеріндегі университеттер... бұған шығарылып жатқан қаражат, меніңше, орнына кетіп жатқан қаражат емес!

III ж ұ м ы с к е р. Жоқ, жолдас,   сіздің бұл пікіріңіз дұрыс емес. Ұлт мәселесі   жайындағы   партия саясатын бұлай бұрмаламаңыз. Бұрын алпауыттардан езілген ұсақ ұлттарды сол қалпында   қалдыру партия жолына жатпайды. Бұрын олар құл қылса, енді біз ұл қыламыз. Бұрын оларда мәдениет есігін қара құлыппен бекітсе, енді біз езілген ұсақ ұлттардың еңбекшілеріне түгел ашамыз, ашып та отырмыз. Бұрын олар обырдай, обырып, жыландай сорса, енді біз  ұсақ ұлттардың   мәдениетін көтеріп ұлы өндіріс ұйымдарын да ашамыз. Жетіспеген жеріне болысамыз, жәрдемдесеміз. Бізде меншікті байлық жоқ, дәулет бәрімізге бірдей. Міне, қысқаша айтқанда, сіздің сөзіңізге жауап осы болады.

I ш а р у а. Рас-ақ, біз құрғақ саясатты білмейміз, қолмен ұстап, көзбен көргенде нанамыз. Көзім жетті, мыналар не? (Колхозды көрсетіп.) Бұл ұйымдасқан шаруа, кешегі ыбырап, азулының аузында, тырнақтының қолында жүрген еңбектеріңнің байлығы, мынау не (фабрика-заводтарды көрсетіп), бұрын кімдікі еді, бүгін кім не болып отыр.

I ә й е л. Әрине, жарлы, жалшы — біз иеміз.

Қ а й ы р ш ы. Ассалаумағалейкүм!

I ш а р у а. Не керек, отағасы?

Қ а й ы р ш ы. Біз өспедік — сендердей алға бастыра алмадық. Бір жерде айналдырған 5 үй едік. Мал кезегіне келгенде, күнде төбелесеміз! Осында үкіметке арыз қылғалы келем.

I ш а р у а. Ой! Сен баяғы Ермекбаймысың?

Қ а й ы р ш ы. Ия, шырағым, алғашқыда түсіне алмай қалып, енді-енді үғып, колхозға кірем бе деген ойым да бар!

I ж ұ м ы с к е р. Е, жолдас! Ортаға келсең, қойнымызды ашамыз: адам болып қатарга кір, өзің сияқты осы күнге дейін ұйымдаспаған жеке шаруаларға үлгі болып, бізбен бірге оларды да колхоздандыр.

М а м а н. Оны әуре қылып не қыласыздар, өз күнін езі көре берсін, олар КОЛХОЗ  тұрмысына үйренбеген, аяғымызға тұсау, қолымызға байлау болады.

I ш а р у а. Бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстаған мырзаң жарылқамады ма?

Қ а й ы р ш ы. Ой, шырағым-ай, алдандық, сорладық, біздің түбімізге жеткен сол қулардың құтыртқан қызыл тілдері болды ғой. Міне, қарашы, мен өлі баяғы қәлпым.

I ж ұ м ы с к е р (Маманды көрсетіп). Мынау Маманды танисыздар ма? Білдіңдер ме кім екенін? Бүл жасырынып кірген жылан, сіңіп жүрген сұм екен.

III ж ұ м ы с к е р. Рас, әлгі сөйлеген сөздерінің түрін ұқтыңдар ма?

Б ә р і. Шығар ортамыздан! Шық!

Маман салбырап ортаға жеке шығады.

И н ж е н е р. Жолдастар! Мінеки, сіздер ылғи ұшқалақ істейсіздер! Артын ойламайсыздар! Бұл жолдас Кеңес үкіметіне шын беріліп, бар еңбегін аямай істеп келе жатқан жоқ емес пе?

I ә й е л. Сіздің де кім екеніңізді білдік, ортамыздан былай шығып тұрыңыз!

III ш а р у а (Инженердің жанына келіп). Өзегің талып, қарның ашпайды дегенің қайда, мені не күйге ұшыраттың?

Р а д и о. Алло! Алло! Тыңдаңыздар! Орталарыңызда қой терісін жамылып жүрген жат адамдар болмасын! Іштеріңді тазалаңдар, ұштасқан тап майданы — ұлы социалистік қайта құру дәуірі іс-қарқынын күшейтіңдер.

Б ә р і (Инженер мен Маманға). Шық, кет ортамыздан, босат орынды.

Бір топ адамдар сахнадан айдап шығып кетеді.  

IV КӨРІНІС

А р т и с т (кіреді). Жолдастар, біз мәдениет майданындағы қызыл әскерміз, мемлекет театрының артисіміз. Бүгінгі бесжылдық мүшелінде істеген ісімізден есеп  бергелі орталарыңа келдік.

I ж ұ м ы с к е р. Жолдастар,   ұлт театрының   есепті баяндамасын клубқа барып тыңдайық, міне, бәріңізге хабарландырғаным осы.

II ж ұ м ы с к е р. Дүрыс, той  тойға ұлассын.

Б ә р і. Дұрыс.

II ж ұ м ы с к е р. Қадірлі артист жолдас! Біздің ортамызға келген құрметіңізге өз тіліңізбен шырқап беріңіз.

Б ә р і. Пәле, кәне, көңілді бір көтеріп серпілтіп таста.

А р т и с т. Жарайды. (Өлеңі).

Өрбіген ұясынан бір жас ұлан,

Қызғалдақ гүл өсірген арасынан.

Серпілтіп қара түннің түнектерін

Мінеки, отау тіктік қыр басына.

Тілек бір, жолымыз бір мәңгілікке,

Болдырып, қажымайтын көк құрышпын.

Болғанмен сырты шапан қазақ түрде,

Мазмұнды, іс, маңызды іс сендердікі.

Қайыспайтын жүкті көтер, асқар белім,

Қайтпайтын қара тастан асыл жүзім.

Ойнақтар жаңа тұрмыс арқасында,

Емшегін мәдениет емген едім.

Б ә р і. Жаса! (Қол соғады.)

II а р т и с т.

Бірінші жылы бала едік,

Әр нәрседен шала едік.

Сонда - дағы сескенбей,

Үлкен істі бастадық,

Қиындықтан кашпадық.

Екінші жылда еңбектеп,

Үшінші жылда қаз-қаздап,

Төртінші жылда дөң асып,

Сыбанысып білек қарысып,

Белден ыстық жарысып.

Бесінші жылда бұралып,

Бәйшешектей оралып,

Жарым-жарлы батырақ

Таңдайға сап ұранын,

Теңселіп күйін жырладым.

Алтыншы жылдан асқанда,

Алшаңдап аяқ басқанда,

Ажалы жеткен қауымды

Арыстандай айбатпен

Жапыштаймын, таптаймын.

Тар кезеңнен өткен соң,

Суық күндер өткен соң,

Октябрьдей жаралып,

Қызыл тумен оралып,

Шаттанамын, серпілем.

Мен тілімін жарлының,

Мен куйімін табымның,

Мен әскери пролетар,

Мен тотысы гүлденер,

Жауымды шодпен күйдірер.

Ә с к е р   т о б ы.

Біз арыстан еңбекшілер қыраны.

Біздің ұран — лениншілдер ұраны.         

Қаны қара жауыздарды құртамыз,

Қызыл әскер езілгендер қорғаны.

Кеңес туып мәңгілікке қорғаймын,

Жауып тұрған нажағайдан таймаймыз!.

Тасты құмдай уатамыз қайратпен

Аштық-тоқтық барлығына шыдаймыз.

Сұм байлардың қызғалдағы солғанша,

Бүкіл жерде социализм болғанша,

Неше мың жыл құлдықтағы елдердің

Еңбегі өніп жарық сәуле жанғанша.

Өнер, білім, қайрат, жігер бізде мол,

Жер де, көк те, су да, шөл де бәрі — жол.

Қай патшаньң қозғалса да байлары,

Өз басында еңбекшіл тап біздің қол.

Аттанамыз шықса байлар майданға,

Біз қорғанбыз еңбек үшін туғанға.

Біздің мақсат, әділ тұрмыс орнату —

Ленинизм жолыменен жиһанға.

Пионер, комсомол тобы сырнай, кернеймен өтіп кетеді. Сахнадағы жұмыскер тобы, хор.

Шымылдық