ТОРСЫҚБАЙ

Күлкі пьеса

Ойнаушылар:

Т о р с ы қ б а й, 30 жаста

Қ а й ы р, 33-те.

Қ а р ы қ б о л, 50-де.

Ы б ы р а й   м о л д а, 45-те.

3-4 ж і г і т,  3-4 ә й е л.

Сахна көрінісі: таулы дала, жаңада қойған қабір, маңайында екі-үш қабірдің көрінісі.

 

I КӨРІНІС

Торсықбай мен Қайыр сөйлесіп кіріп келе жатады. Қайырдың қолтығында отын, белінде балта, киімі жаман, өңі жүдеу, Торсықбайдың басында жекей тымақ. Жылпың жүзді, қолында қамшы, қойны томпайыңқы.

Т о р с ы қ б а й. Ырысың бар неме екенсің.

Қ а й ы р. Е, не қылған ырыс?

Т о р с ы қ б а й. Сорлы-ау, бүгін сені тамаққа тойғызам.

Қ а й ы р. Қанжығаңа байланған торсығың көрінбейді, неменеңмен тойғызасың?

Т о р с ы қ б а й. Ой, ақымақ! Менің бір ақырып, бажырайғаныма байлар қымызы мен етін береді.

Қ а й ы р. Осы уақытқа дейін Торсықбай тойғызады деп айтқан кедейді көргенім жоқ (күліп), қу моланың түбіне көміп қойған бірдемең болмаса.

Т о р с ы қ б а й. Ендеше, мен ұққызайын.

Қ а й ы р (жұлып алғандай), Ал, нені?!

Т о р с ы қ б а й. Бүгін бір ойға түсіп, осы жерге келдім

Қ а й ы р (жарыса). Е, ол не ой?

Т о р с ы қ б а й. Әлгі арамза Ыбырай молда мен маңқа Қарықболдың әбден ызасы өтті. Солардың қылығына қарай бір сұмдық істегелі бүгін әдейі осы бейіттің басына келдім.

Қ а й ы р. Сұмдығың не?!

Т о р с ы қ б а й. Сұмдығым сол: Ыбырай молда мен Қарықболдың басына жай түскендей қыламын.

Қ а й ы р. Е, оларға неге өшіктің?

Т о р с ы қ б а й. Ой! Ол жалмауыздарды сұрама. Әсіресе, құдай атқан жалмауыз Ыбырай молда: «Қәлу набил ғалайссалам, айтты пайғамбар ғалайссалам»,— деп құдайдың, Мұхамбеттің, Шадиярдың қасынан бүгін келген немеше, өтірікті соғып-соғып өзім үйде жоқта жаман қатынды алдап, балама «Тұмар, ішірткі жазып беремін»,— деп құдама сойған қара марқаның терісін қағып алып кетіпті.

Қ а й ы р. Мұнан басқасы бар ма?

Т о р с ы қ б а й. Ойбай - ау, өзгесін не қыласың, елге алым, шығын, рамат келсе, Ақымет ауылнайды өзі билеп, «Шығынды пәленге-түгенге сал»,— деп қара құрықтанып әкеп екеуміз сияқты кедейлерге салады. Анау күні болыстардың шығыны деп үш сом шығын салыпты, әлгі бір Ақымет ауылнай деген неме Қарықбол мен Ыбырай молдаға бөксесін тығып: «Бүгіннен қалдырмай төле»,— деп жанымды жағамнан алғаны ғой! Бір жұмаға қара дегенге көнбей, жалғыз сиырымды айдай жөнелгені. Ақырында әкетайлап, бас ұрып үш күнге әрең қараттым. Байлардың неше жылғы недоимкелері құлақ қағазы келместен жүр, олардан сұрамайды да. Біз сияқты кедейлердің басынан түспейді.

Қ а й ы р. Ойбай - ау, рас айтасың. Олар маған да қылықты қылып жүр. Саған салған үш сомды маған да салып, әнеугі өзің көрген екі енеге тел емізген жалғыз бұзауымды алып кетіп, бір үйлі жанды ақсыз қалдырды.

Т о р с ы қ б а й. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, Қарықбол байға ана жылдан бері бармай жүр едім. Ауылнайдан қысылған соң барып үш сом ақша сұрап едім: «Калтамда патшаның мөрі болса, бетіме басылсын»,— деп бермеді. Оны не қылайын-ау, қара сабасын иіндетіп пісіп жатыр екен, содан бір аяқ қымыз да бермеді.

Қ а й ы р. Бәйбішеден сұрасаң етті.

Т о р с ы қ б а й. Менен сөз қалды дейсің   бе? «Бүгін бейіт басына барып, Қозыжанның жетісін береміз»,— деп бермеді. Ыбырай молда тағы сол үйде екен, «Сен-ақ қаңғып жүре береді екенсің»,— деп маған тілі тиді.

Қ а й ы р. Өзінің өлімтікке үймелеген итше тіміскіленіп жүргені есінде жоқ қой.

Т о р с ы қ б а й. Әй, бәлем, Ыбырай молда-ай, бүгін, бәлем, сенің тамағыңнан қырық күнге шейін ас жүргізбестей қылармын-ау. Өзінің тіпті менімен жаны қас.

Қ а й ы р. Ол сенімен мұнша неге өшікті? Екеуің баяғыда тәуір едіңдер ғой.

Т о р с ы қ б а й (күліп). Оның менімен өшігетін жөні бар. Бұрнағы жылы Жартыбай аулында молда болып тұрғанда, Бердіғұлдың келіншегіне сөз айтып көндіре алмай жүреді екен. Онысын бір күні мен біліп, келіншекпен ақылдасып, молданы үйдің жабығынан түсірмек болдық. Ол түсетін жеріне үлкен күбіге ашыған іркітті толтырып құйып қойдық. Көптен келіншекке сөзін өткізе алмай кеуіп жүрген сорлы жабық тұрсын, шаңырақтан түсуге де көнді. Сонымен молдекең жабықтан түсем деп, күбідегі іркітке түсіп кетіп, салдырымен үйдің іші оянып, ит екен деп молдекеңді шөмішпен, шымшуырмен ұрып, әбден масқара қылған. Артынан Ыбырай молда менен болғанын біліп қойып, содан бері менімен араз.

Қ а й ы р (күліп). Ойбай-ау, оны мен де білем, енді өштесетін мәнісі бар. Ай, сенің де жұрт сүйер қылығың жоқ қой! Қарықболға баяғыда әкең өлді деп, Қояндыдан келе жатқанда өлмеген әкесінің жаназасына ел жиғыздың. Бұл өлмей Қарықболдың есінен кетер ме?

Т о р с ы қ б а й. Қазір Ыбырай молда мен Қарықбол аулындағы бар адамдарын алып, тап осы бейіт басына келеді. Бағана семіз бір боз қасқасын сойып жатқан, қымызын да алып келеді.

Қ а й ы р. Алақай! Қымыз бен етке тояды екеміз ғой.

Т о р с ы қ б а й. Ойбай, сорлы-ау! Олар саған дым да бермейді, тойғызсам — мына мен тойғызам.

Қ а й ы р. Сенің етің мен қымызың бар ма?!

Т о р с ы қ б а й. Өзің қымыз бен етке тойғын келе ме?

Қ а й ы р. Әбден.

Т о р с ы қ б а й. Ендеше, оларға бір іс қылайық.

Қ а й ы р. Не кыламыз?

Т о р с ы қ б а й. Тоқта...Ақылын таптым.

Қ а й ы р. Не таптың?

Т о р с ы қ б а й. Мен көрқап боламын.

Қ а й ы р. Япыр-ай! Сенен шықпаган сұмдықтың бәрі шығады-ау. Көрқап қалай боласың?

Т о р с ы қ б а й. Мен казір мына көрдің ішіне кіріп жатам. Мен алып келген көрқаптың киімдері бар, соны киіп жатам. Олар келіп бейіттің басына тырнадай қатар тізіліп, Ыбырай молда құранды әндетіп оқып отырған кезде, мен көрден көрқап болып шыға келемін.

Қ а й ы р. Менің миыма кірмей тұр.

Т о р с ы қ б а й. Тоқтай тұр, мына киімдерімді киейін, сосын жаңа айттым ғой, көрқап боп шығамын. (Киімдерін киіп жатады).

Қ а й ы р (күліп). Бәлемдер борбайларына бір тышады екен.

Т о р с ы қ б а й. Тышпақ түгіл, жүрегінің қабы жарылсын. Осы молдалар-ақ қылып жүр ғой! Өлген кісіні күнәдан ақтаймын, жаназасын оқимын деп бір алады. Сығат деп екі алады, сүйегіне түсем деп үш алады. Қырқы деп киім-кешегін тағы алады. Өлік шыққан үй кісісінен айрылып, қаралы болып зарлап отырғанда, артында қалған дүниесін молдалар тағы талайды.

Қ а й ы р. Рас, рас!!!

Т о р с ы қ б а й. Өзің ойлашы! Осы молдалар «алла акбар» деп қағып салғаннан басқа не бітіреді!

Қ а й ы р. Тсс, рас!

Т о р с ы қ б а й (далаға қарап). Ойбай, келе жатыр...(Басына шаш байлап, бет-аузын бояп жатады.)

Қ а й ы р. Астапыралдай, олар тұрсын, сені көргенде менің зәрем кетіп тұр.

Т о р с ы қ б а й. Зәренің әкесін көрден шыққанда көрерсің, міне!.. Сен менің сыртқы киімдерімді алып, ана бұтаның арасына жасырынып отыра тұр.

Қ а й ы р. Мен отырамын-ау, бірақ сені біліп қойса, өлтіреді ғой.

Т о р с ы қ б а й (арқаға қатып, күліп). Қорықпа, мені Ыбырай молда тұрсын, құдайың да танымайды. (Далаға қарап). Сен кет, енді олар жақындап қалды. (Шығып кетеді. Торсықбай көрге тығылады).

Далада әйелдер даусы.

Қожажан кетті бел асып,

Беліне белбеу жарасып.

Кеше де жүрген Қожажан,

Қайда кеттің адасып?

 

Есіктің алды күркеді-ау

Күркеден атым үркеді-ау.

Кеше де жүрген құлыным,

Топырақпен бетін бүркеді-ау.

 

II КӨРІНІС

Қарықбол, Ыбырай молда, 3—4 әйел, 3—4 жігіт сахнаға кіре береді, дауыс үзілмейді.

Қ а т ы н д а р   т о б ы.

Дария ішінде жел қайык,

Сөз сөйлейін ылайық.

Кеше де жүрген боздағым

Көзімнен болды бір ғайып.

М о л д а (жарыса). Сабыр кылыңдар, сабыр қылыңдар, жыламаңдар. Бұл алланың ісі, егер адамнан болса қайтер едік. Шариғатта өлікке көп жылау дұрыс емес. Көздің жасы қабірге толып мәйіт суға батады. Сабырлық қылыңдар.

Қ а р ы қ б о л. Топырағың торқа болсын, қарағым! '(Еңкілдеп жылап жатады. Бір-екі жігіт саба мен етті кіргізіп қояды.)

Молда ағузі-білләһиді бастап, бір қысқалау аятты әндетіп оқып жатады. Аятты аяқтап «сұбқанаке» деген кезде, Торсықбай көрден басын қылтитып шығарады. Басқалар байқамай отыра береді. Молданың көзі Торсықбайға түсіп кетіп: аятынан жаңылып, көзі аларып, шошып, «сұп-сұп» деп отырады. Отырғандар молдаға қарайды, молда селкілдеп, қалшылдап Торсықбайды көрсетеді.

Отырғандар: «Ойбай, алла, сұмдық»,—деп, тұра-тұра қашады. Торсықбай көрден көтеріліп шыға келеді. Молда сасқалақтап қаша алмай, сүрініп жығылады. Торсықбай көрден шығады. Молда басын көтеріп, Торсықбайға қарап, асығып қаша жөнеледі.

Т о р с ы қ б а й (ақырып). Тоқта, жалмауыз. Молда екі иығынан дем алып, қалшылдап қаша алмай тұрады.

Т о р с ы қ б а й. Сен кім?

М о л д а. Мен... мен... мен...

Т о р с ы қ б а й. Айт шыныңды...

Молда үндемейді.

Т о р с ы қ б а й (ақырып). Бол, айт шыныңды кімсің?'

М о л д а. Мен... мен... мен... мен... молда!

Торсықбай (суық пішінмен, көкірегін керіп, маңызданып). Сен молда, мен көрқап.

Молда (есі кетіп). Алла, көрқап!!. (Түсі бұзылып, қашуға ыңғайланады.)

Т о р с ы қ б а й. Тоқта!..

Молда қаша алмайды.

Т о р с ы қ б а й. Менің қарным ашып, сені қашан келеді деп күтіп отыр едім. Енді сен маған бір айлық тамақ боласың!

Молда (қысылып, ащы дауыспен). Алла, құтқар мені!!!

Т о р с ы қ б а й. Аллаң кім? Алланы көрдің бе? (Желкеден шап беріп ұстап алады.) Аллаң Қарықбол ма?

Молда (сасқалақтап). Ия, ия, жоқ... алла. (Қаша жөнеледі.)

Т о р с ы қ б а й. Тоқта! (Желкесінен сүйреп көрге алып келеді. Ақырып.) Кір мына көрге!!!

М о л д а. Ағатай, Көрқап!.. Мені өлтірме! Мен... Мен... Күнде тамақ әкеп тұрайын.

Т о р с ы қ б а й. Жұмасына бір қой әкеп тұрасың ба?

М о л д а. Әкелем... Әкелем... тұрам... тұрам...

Т о р с ы қ б а й. Ендігәрі елді алдап, өтірік шариғат соғуды қоясың ба?

М о л д а. Қо... қо... қо... қоям...

Т о р с ы қ б а й. Ендігәрі елді алдап, өтірік ішірткі, тұмар беруіңді қоясың ба?

М о л д а. Қо... қо... қоям.

Т о р с ы қ б а й. Жылдам, етігің мен шалбарыңды шеш!!

Молда шешеді. Торсықбай шалбарын алып, молданың басына кигізіп жатады.

 

III КӨРІНІС

Күліп Қайыр кіреді.

Т о р с ы қ б а й (Кайырға қарап). Дыбысыңды шығарма!

(Молданы қабірдің түбіне жатқызады.) Сен қазір үйіңе барсаң, өзің құтырып өлесің, ертең үйіңнің іші кұтырады. Қазір көп көрқаптармен қайтып келеміз. (Сәлдені алып.) Шұлғауым тозып жүр еді, аяққа жұмсақ екен, тәуір болды-ау. (Екеуі қымыз бен етті алып, шығып кетеді.)

 

IV КӨРІНІС

4—5 жігіт біріне-бірі тығылып, алдына «сен жүр, сен жүр» деп ымдап, қолдарында таяқ, қамшылары бар, молдаға жақындай түсіп, қайтадан кейін қашып, тағы да ілгері жүріп, ақырында молдаға келіп, қамшылап, таяқтап бас салады.

М о л д а. Шықты жаным! Алла, көрқап көбейді!

Келгендер айт-үйтке қарамай,  қолын байлап жатады. Біреуі басындағы шалбарды жұлып алады. Бәрі тұра-тұра қашады.

Келгендер. Молда сияқты, молда сияқты.

М о л д а. Мен молда, қарақтарым!.. (Сөйлеуге шамасы келмей жатады.)

Келгендер. Жоқ, сен молда емессің, әдейі бізді алдап молданың сүгіретіне түсіп тұрсың, мұны ұрып шынын айтқызу керек.

М о л д а. Қарақтарым-ау! Шындарыңмен танымай тұрсыңдар ма? Мен Ыбырай молда. (Асып-сасып Қарықбол кіріп келеді.)

Қ а р ы қ б о л. Құдай-құдай, а, құдай, (молдаға қарап) ойбай-ау, молдаға не болды? Өй, сендер неғып тұрсыңдар...

Келгендер. Біз тани алмай тұрмыз.

М о л д а. Мен... мен... мен өлдім, ойбай!..

Қарықбол (жүгіріп келіп молданың қолын шешеді). Ойбай-ау, (молдаға) не көрдің, не болды?

М о л д а. Су, су?

Қ а р ы қ б о л. Қымыз әкеліңдер, бол жылдам.

Келгендер (жан-жағына қарап). Ойбай, қымыз жоқ.

Б і р е у і. Ойбай, ет те жоқ.

М о л д а. Қымыз... ет... Көрқап... (Талып кетеді.)

Қарықбол. Аят оқыңдар!.. Құран... үшкіріңдер!

Бәрі: «Ағузі-білләһи»,— деп, молданың бетіне дем салады.

Перде