Данияр Базарқұлов: Режиссерлікке келгенім өзімді сынағаным еді

Әмина Өмірзақованың туғанына 120 жыл толуына орай Семейде өткен фестивальде "Үздік спектакль" номинациясын Данияр Базарқұловтың "Адамзат" спектаклі жеңіп алған болатын. Данияр шығармашылығы, жеңістері мен алдағы жоспарлары, режиссураға қалай келгені туралы ойымен бөліскен болатын.

Әмина Өмірзақова апамыздың мерейтойына орай өткен фестивальге 12 театр қатысты. Жеңіс оңайшылықпен келген жоқ , үлкен дода болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар дегендей, жарып шығып бас жүлдеге ие болдық. Бұл қойылым көптен бері ойымда жүрген, жетекшіміз Азамат Сатыбалдыға айтқанымда ол бірден қолдау білдірді. Спектакльдің суретшісі Грузиядан арнайы шақырылған Тамри Охикян, сол елдің  3 мықты суретшілерінің ішіне кіреді.

Фестиваль өз деңгейінде өтті, республикалық шараның қазылар алқасын Асанәлі Әшімов басқарды. Қазылар алқасының құрамында Әлия Бөпежанова, Бақыт Нұрпейіс сияқты елімізге белгілі театр танушылар спектакльдерге өз бағаларын берді. Сол кісілердің ойларын, пікірлерін тыңдап, сынынан өтіп, өздерінің шешімімен осындай жүлдеге ие болдық деп ойлаймын.  Мен ол жаққа жарысқа емес, театрымыздың деңгейін көрсетіп, режиссуралық қырымды шыңдауға бардым.

Режиссурлікке келгеніме 3 жылдай болып қалды, басында актер болдым. Одан кейін шығармашылық ізденістермен осы жолға келдім. Басында «Ол» деген моноспекткаль жасадық, ол бойынша көптеген жүлделер алдық,  мен «Үздік ер адам бейнесі» номинациясын жеңіп алдым. Екінші жеке жұмысым Максим Горькийдің «Шыңырау түбінде» (На дне) қойылымы болды. «Шыңырау» Астанада өткен Әшірбек Сығай ағамыздың фестивалінде «Үздік дебют» алды. 2018 жылы Ақтөбеде өткен халықаралық фестивальде гранд-при жеңіп алған болатын.

Режиссерлікке келгенімнің бір себебі өзімді сынағым келді, қаншалықты шаба алатынымды көрейін дедім. Коллективпен жұмыс істей аламын ба, қаншалықты материалды халыққа жеткізе аламын деп бастаған жол болатын. Ал қазір бірыңғай сол бағытқа кетіп барамын.

Қазір Павлодар қаласындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы театрда жаңа қойылымға кірісіп жатырмыз, қазан айының 23-24 күндері премьерасы болады. Драматург Асылбек Ихсанның «Соңғы мамонт» деген пьесасын қойып жатырмыз. Бұл заманауи трактовкада жақсы жазылған күрделі пьеса деп ойлаймын. Содан осыны қоюға деген қызығушылығым оянды. Павлодардағы театр басшылығынан шақырту алып, қазіргі таңда осы жерде қойылымға дайындық үстіндемін.

Болашақта қойылатын қойылымдар ойымда өте көп, бірақ оны қай театрда қоятыным әзірге белгісіз. Алдағы уақытта ойымдағылардың барлығын іске асырамын деп ойлаймын.

Семейдегі өткен фестиваль туралы біз бұдан бұрын жазған болатынбыз.

 

11 Қазан 2019
148
0
0