Мейрам Хабибуллин: Ақтөбеде мені көп көрермен қабылдамайды

Төл театр өнерін дамытуда – әлемді аузыңа қарату ғана маңызды емес. Еліміздегі алпысқа жуық мемлекеттік театрлардың режиссерлері қатарында өзіндік қолтаңба қалыптастырып, тың ізденістерге баратындардың саны саусақпен санарлық. Әсіресе, облыстық өнер ұжымдарынан олардың есімдерін сирек кездестіреміз. Солардың бірі – режиссер Мейрам Хабибуллин.

сұхбаттасқан: Жансая Тұрмағанбет



М.Хабибулиннің 2014 жылдан бері Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында қойған «Сабақ» (Э.Ионеско), «А зори здесь тихие» (Б.Васильев), «Әйел сыры» (Б.Абдраззаков), «Темір Нарком» (Р.Отарбаев), «Гамлет» (У.Шекспир), «Мұқағали» спектакльдері, сонымен қатар, «Алақай» қуыршақ театрының сахнасындағы үлкендерге арналған «Шапан» (Н.Гоголь), «Құстар фестивалі» (Д.Исабеков) қойылымдары театр жұртшылығына оны талантты режиссер ретінде танытты. Жас режиссер «Шапан» спектаклі үшін Республикалық «БАЛАУСА» эксперименталды қойылымдар фестивалінде «Ең үздік сценографиялық шешім» номинациясы, Қ.Сүгірбеков атындағы І Республикалық жас режиссерлердің форум-фестивалінде ІІІ орын, «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Бас жүлдені» иеленді. Ал, «Гамлет» моноспектаклімен «Балауса» IV Халықаралық эксперименталды спектакльдер додасында, Түркиядағы «Түркі әлемінің күндері» фестивалінде сәтті бой көрсетіп, алдағы күндері Еревандағы Халықаралық Шекспир фестиваліне жол тартпақ. Театр көкжиегінде өзіндік орнын айқындап келе жатқан режиссермен біз де өз кезегімізде сұхбаттасуды жөн көрдік.


Мейрам Махсотұлы, сіз қызмет ететін Т.Ахтанов театры секілді еліміздегі аймақтық өнер ұжымдарының шығармашылық қадамдары баяу басып қалатын әдетіне бой үйретіп кеттік. Осы ретте, облыстық театрлардың күн тәртібіндегі шешімі қиын мәселелерге нені жатқыза аласыз?

Негізгі мәселе – театрды құраушы әркімнің жеке өзіңде деп ойлаймын. Мен, мысалы, төрт-бес жыл «маған ешкім мүмкіндік бермейді» деген бұрыс пікірмен өз шығармашылығымда аз-кем кідіріс жасап алдым. Сол ойымды бұзып, жаңа көзқарас қалыптастырған бұрынғы директорымыз Нұрхан Кенжебайұлына алғысым шексіз. Ол өзімен бірге жаңа мүмкіндіктер алып келген жоқ, тек баяғыдан қолда бар мүмкіндіктің есігін ашып берді. Бәрі бар, тек оны пайдалану керек екенін есімізге салды. Бұл біздің алға жүруімізге стимул болды десем, артық айтқаным емес.

Сол серпіннің әсерінен осы «Гамлет» моноспектаклін қойған секілдісіз. Таңдауыңыздың жас актер Бағдат Төлеуғалиевке түсуінің себебі неде?

Бұл жерде спектакльдің тууы – екіжақты түсінісу арқылы жасалған шығармашылық байланыс нәтижесінде болды. Бағдат театрға келгеннен бастап, оны өзіммен идеялас екенін түсіне бастадым. Сөйтіп, бірге жұмыс жасаймыз деген келісімге келдік. Біз пьесаның түпкі анализіне үш ай, сахналық репетицияға үш ай арнадық. Бағдатпен шығармашылық тандем жасау өте ыңғайлы. Өйткені ол – саналы актер. Саналылық пен түсіністік ұғымдарын өте жақсы көремін.   


"Гамлет" моноспектаклі (Гамлет - Б.Төлеуғалиев)

Актерлік жолын режиссурамен жалғап жүрген режиссерлердің қатары көбейіп келеді. Кәсіби емес режиссураны жағалап жүргендерге қалай қарайсыз?

Режиссураға қадам басарда, ең бастысы өз жолыңды таба білу деп ойлаймын. Қандай да бір қолтаңбаңды жасау маңызды. Өйткені, режиссура – өткір мамандық. Не баурап алады, не бетіңді қайтарады. Осы екеуінің ортасы деген жоқ. «Сенікі емес» екенін түсінсең, сол жерден тоқтау керек. Әрине, «олай болады, болмайды» деп шорт кесуге қақымыз жоқ. Әйткенмен, өзім бұл жөнінде қарсы пікірдемін.

Ал, адам режиссер болып туып, бірақ адасып актерлік жолды таңдап, кейін өз-өзін табуы да мүмкін ғой?

Олай бола қоюы екіталай. Мен өзім оқуға театр деген нәрсені білмей келдім, бірақ «менікі» екенін түсіндім. Менің ойымша, құдай өзі бағыттайтын секілді осы жолға қарай. Оның үстіне, режиссер болуға талап етілетін дүние – диплом ғана емес.

Режиссураға кәсіп ретінде қарайсыз ба әлде өнер туындысы деп пе?

Жеке мен, режиссураға кәсіп ретінде қараймын. Кәдімгі, ай сайын еңбек жалақысы төленетін жұмыс ретінде ғана. Мәселе, кімнің қалай жұмыс жасайтынында ғой...

Қазіргі Ахтанов театрының репертуарлық саясатына көңіліңіз тола ма?

Жоқ. Егер пайыздық өлшеммен қарар болсақ, отыз-қырық пайызға ғана.

Актерлерге екі труппаның бір сахнаны бөлісуі ыңғайсыздық тудырмай ма?

Жоқ, ыңғайлы. Бәлкім, ет үйренді. Қайта көп жағдайда бос қалып жатады сахна.

Елімізде көрермен үшін ғана жұмыс жасайтын режиссерлер бар, тіпті көп. Облыстық театрларды былай қоя бергенде, бас қалалардың еңселі театрларында бұл көрініс орын алып жатады. Сізде «бүгінгі көрерменнің сұранысы осындай» деген сылтаумен ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүруге тура келетін кездер бола ма?

Мысалы, сіз үйге қонақ шақырасыз делік. Сол кезде әр қонақтың талғамына байланысты тамақ істемейсіз ғой. Сіз өзіңіздің сүйікті тамағыңызды пісіресіз. Қонақ сен ұсынған тамақты жейді, ұнатпаса – жемейді. Мәселе осыда. Режиссура мен театр жеке адамның қалауын қанағаттандыру емес, ол қоғамның кетігін толтыру үшін деп ойлаймын. Мен мысалы, бір спектакль қойсам, оны бүгінгі қоғам қабылдайтынын сеземін. Оны арнайы көрермендер үшін қоймаймын. Негізі, сіз айтып отырғандай, көрерменнің жетегінде кету оңай. Мен оны құп көрмеймін. Бәлкім, мені Ақтөбеде көп көрермендер қабылдамайтыны сол үшін де болар.

Қабылдамайтыны сіздің шығармашылық бағытыңызға әсер ете ме?

Әсер етпейді. Мен өз қалауымша бір қоямын, екі қоямын. Үшіншісінде, мен оларға емес, олар маған үйренеді. Өз тәжірибемде ондай жағдайлар болған.

Әйткенмен, өз қалауыңыздан тыс, тапсырыспен қойған спектакльдеріңізді де көзіміз шалды. Пьесаны таңдау режиссерге берілмегенде, оны сахналауда қиындықтарға кезіктіңіз бе?

Ең бірінші, сол тапсырыспен жазылған пьесаны алғаннан кейін, сен оны сүюің керек. Оған жан бітіру үшін, өз жаныңды беру керек. Ең басты пролема сол. Пьеса режиссерге ұнамаса, бір ойға жетелемесе, ол нағыз трагедия.

Демек, сізге «Темір Нарком» пьесасы ұнаған жоқ қой?

Пьеса ұнаған жоқ.

Театрға сырттан келген режиссерлердің актерлерге жаңалық әкеліп, көзқарастарын өзгерткен кездер болды ма?

Бәрі актердің сана-сезіміне байланысты. Кейбір актерлерге қандай режиссер қойса да – бәрібір, әйтеуір, спектакльде ойнаса болды. Ал, кейбіреулері талғампаз. Бір режиссерді жақын тартады, біреуін қабылдамайды.

Сондай талғампаздар бар ма Ақтөбе театрында?

Талғампаздар бар. Бірақ бірен-саран, көп емес.

Оның себебі неде деп ойлайсыз?

Кәсібиліктің жетіспеуінен болар. Кәсібилікті өзім қатты бағалаймын. Әркім өзінің жұмысының нағыз маманы болуы керек.

Жоғарыдағы сөзіңізде көп көрермен қабылдамайды деп қалдыңыз ғой. Ал театрдың өз труппасы, аға буыны қалай қабылдайды?

Мені бұл нәрсе аса қызықтырмайды екен. Және өзім қойған спектакльдер турасында театр актерлерінен пікір сұрамауға тырысамын.

Не дегенмен, сезіледі ғой жағымды не жағымсыз көзқарастары?

Тіпті елемейді екенмін. Өйткені көп жағдайда мен істеп жатқан жұмысты олар елемей жатады. «А, Гамлет боп кетті ме?»,- деп атүсті қарай салатындары да бар. Мен оған, әрине, ренжімеймін, көп жағдайда ондайға энергия жұмсамауға, мән бермеуге тырысам.

Республикамыздың әр аймағында өз театрларына жаңа серпін беріп жүрген сіз сияқты қазақ театрының кемелденуіне үлес қосып жатқан жас режиссерлер көбейіп келеді. Олармен шығармашылық байланыста болып тұрасыз ба?

Фархад Молдағали, Фархадбек Қанафин, Дина Жұмабай сияқты жас режиссерлердің көбімен байланыс жасап отырамын. Нақты шығармашылық байланыс әзірге бола қоймады, бірақ, фестивальдерде жүздесе қалып, бүгінгі қазақ театры мен режиссурасы төңірегінде, бір-біріміздің спектакльдеріміз туралы пікір алмасып отырамыз. Бұл жерде маған ұнамайтын бір жағымсыз үрдіс бар. Сен не Шабыттың, не Жүргеновтің түлегі болуың керек. Әсіресе, аға буын арасында мектеп талғайтындар болады.

2014-тен бері Т.Ахтанов атындағы театрға қызмет етіп келесіз. Алдағы уақытта тағы қандай театрлардың сахнасын бағындырғыңыз келеді?

Бұл турасында арнайы мына театр деп ойланып көрмеппін. Екі-үш театр арнайы шақыртқан болатын. Бірақ келісім бермедім.

Не үшін?

Өйткені, олар мен қоятын спектакльге өздері пьеса ұсынды. «Ренжімеңіздер, ол ұсынысты қабылдамаймын, барсам мен өзім пьеса алып барамын», - дедім. Олар келіскен жоқ. Мен бармадым.

Ал, Ақтөбе театрынан ұсынылған тапсырыстық пьесаларды неге осылай кері қайтармадыңыз?

Өйткені, ол менің жұмыс орным. Біріншіден, театр мен режиссердің екіжақты түсінісу үшін жасалады әдетте. Мен ол спектакльді қоятын болсам, ертеңгі күні өзім спектакль қоюыма мүмкіндік ала аламын. Екіншіден, отбасылық жағдайыма байланысты мен Ақтөбеде жұмыс жасауым керек. Үшіншіден, кейбір актерлерді қимайтын да болармын. 

Ақтөбе театрының нағыз кәсібилік деңгейге жетуі үшін не істеуге болады? Бәлкім режиссер шақырту немесе құрамды өзгерту керек деген сияқты қандай шешімдер ұсына аласыз?

Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмайды екем. Жауап беруге болар еді, егер сіз айтып отырғандай, театрға жаңа мамандар шақыртылып, құрам ауысса. Білмеймін, нақты айта алмайды екем. Бәлкім, театрдың аурасы сондай болуы мүмкін. Бәлкім, жаңа театр салу керек пе? Сондай кейін мүмкін бір нәрсе өзгерер... Иә, мүмкін.

Мейрам Махсотұлы, әңгімеңізге көп рахмет! Қалай болғанда да, қазақ театрының жоғын жоқтайтындар барда – оң өзгерістерге қадам басу бар деп білеміз. Сізге шығармашылық табыс тілейміз!