Мақала
Арай Сақтағанова: Қуыршақ театрының әртістері жаңашылдыққа дайын
Бөлім: Театр
Датасы: 08.10.2020
Мақала
Арай Сақтағанова: Қуыршақ театрының әртістері жаңашылдыққа дайын
Бөлім: Театр
Датасы: 08.10.2020
Арай Сақтағанова: Қуыршақ театрының әртістері жаңашылдыққа дайын

Сахнаға өзі емес, өлеңмен өрілген өмірі шығатын Шәмші шығармашылығы жайлы сыр шертетін жаңа спектакль – Мемлекеттік қуыршақ театрында сахналануда. Жаңа маусымда жарыққа шыққан спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірін сахналайтын – Арай Сақтағановамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Сақтағанова Арай Құдайбергенқызы – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан жас әрі талантты актриса, «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының иегері. «Құлыншақ пен бөлтірікте» – құлыншақ, «Ана-Жер Анада» – Әлиман, «Түйме қызда» – Түйме қыз, «Ромео мен Джульеттада» – Леди Капулетти, Леди Монтекки, Розалина, «Айко мен Страшкода» – Айко бейнелерімен көрермендеріміздің көзайымына айналып келеді.  

Қайырлы күн, Арай ханым. Жұмысқа қайта кірісіп, қасиетті сахнаға оралғаныңызға қуанышты шығарсыз. Ұзақ уақыт карантиннен кейін театрға алғаш келгендегі сезіміңіз қандай болды?

Қайырлы күн! Биылғы көктемнен бастап әлем елдері өз тарихында ең ірі оқшаулануды бастарынан өткерді. Шекараларын жапты. Барыс-келіс, алыс-беріс тоқтады. Көзге көрінбейтін жауды жеңу үшін төтенше жағдай мен карантин енгізуге тура келді. Ұзақ уакыт карантиннен соң театрға келгенде сағына күткен театрымның табалдырығынан бастап сахна төріне дейін жүріп, сағынышымды, мауқымды бір басып алдым.

Театр сахнасынан тыс ұзақ уақыт өткіздіңіздер. Осы кезде өзіңіздің бойыңызда бәлкім жаңа қырларыңыз ашылған шығар?

Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті адамзаттың басым бөлігінің уақытын төрт қабырғада өткізуге мәжбүрледі. Әрине, тілсіз жаумен күрес оңай болып жатқан жоқ. Дегенмен де, кез-келген тоқырау – тек қиындық қана емес, үлкен жаңалықтың, жаңа идеялар мен шығармашылық шабыттың вулкандай атылатын кезі екен. Тарихта бұған мысал жетерлік. ... Атақты ағылшын ақыны Уильям Шекспир 1606 жылы Англияны баудай түсірген оба індеті кезінде карантинде жатып әйгілі «Король Лир», «Макбет» «Антоний мен Клеопатра» шығармаларын дүниеге келтірген екен. 1665 жылы Исаак Ньютон Кембриджді тастап, үйіне оралуға мәжбүр болады. Оған сол кезде Англияда өршіп кеткен оба дертіне байланысты қабылданған карантин себеп болған екен. Сөйтіп, мұғалімдік қызметінен уақытша ажырап, әріптестерінен алыстап кеткен Ньютон амалсыздан ғылымға бет бұрыпты. Әлемге әйгілі «Ньютон заңдары» осылай пайда болған екен. Міне, өнер адамдары да осы кезге дейін қол тимей, уақыт болмай, сәті түспей, желке жар бермей жүрген үлкен істерді, жаңа шығармаларын қолға алып, адамзаттың рухани қазынасын толтырып жатқан жайы бар. Театрымыздың Instagram және Facebook паракшаларынан кішкене бүлдіршіндерімізге арналған бірнеше айдар пайда болды: «Үйрен де жирен», «Таңғы жаттығу», «Балаларға базарлық», «Қайырлы түн, балақай», «Ойнайық та күлейік», т.б.

Сол жайында толығырақ айта кетсеңіз. Білуімізше Қуыршақ театрының ұжымы дамылсыз, қарқынды жұмыс жасайды. Өзге театрлардай жазғы демалысқа шықпай, бүлдіршіндерге өнер көрсетіп жүрсіздер. Осы жылдың наурыз айынан бастап әлеуметтік желіде де тоқтаусыз жұмыстарыңыз жүруде. 

2017 жылы театрымызға Есеналиев Талғат Қамқабайұлы басшы болып тағайындалды. Театр ішінде түбегейлі өзгерістер сол кезден басталды. Қазіргі таңда 85 жылдық тарихымыз бар болғанмен жаңашылдық пен өзгерістер қажет болды деп ойлаймын. Репертуарымызға да көптеген жақсы жас маман режиссерлар сахналаған қойылымдар енді. Ересектерге арналған спектакльдеріміз бар. Дамылсыз, қарқынды жұмысымыз сол кезде басталды. Жазғы демалыста шынымен де Алматыға көп қонақтар келеді. Өзге қаладан бөлек, шет елдерден де көп келеді. Сол кезде Алматының өз ерекшеліктерін аралауға шығады. Көшелерін, ескерткіштерін, мәдениет ошақтарына да келеді. Бірақ көбісі жабық болады. Сондықтан қала қонақтарын, тұрғындарын жазғы демалыс уақытында театрда күтеміз. Бұл дәстүр жалпы біздің театрда ғана емес басқа өнер орындарында да жалғасын табады деген сенімдемін. Ал онлайн жұмыс шынымен де наурыз айынан бастап әлеуметтік желілерде әлі де тоқтаусыз жүруде. Бәрімізге де бір үлкен сынақ болды. Бірақ қуыршақ театрының артистері жаңа белестерді бағындыруға әрқашан дайын.

Шәмші атамыздың әндерінен құралған жаңа қойылымның дайындығын қашан және қалай бастадыңыздар?

Аты алты алашқа әйгілі, қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған ұлы композитордың шығармашылығынан біздің қуыршақ театрымыз да құр алақан емес. Вальстің королінің әуезді әндерінен құралған кешке дайындығымызды наурыз айында бастап, ал қазіргі таңда қарқынды жұмыс жасау үстіндеміз. 

Білуімізше қуыршақ театры музыкалық қойылымдарды бұрын-соңды қоймаған. Бұл шешімге қалай келдіңіздер?

«Өмір - Өзен" қойылымы бұрын-соңды қуыршақ театрында болмаған эстрадалық жанрдағы қуыршақтар әлеміне сапар шектіреді. Бұл Еркебұлан Қабдылдың режиссерлық бастамасымен қойылып жатқан  Шәмші атамыздың әсем әндеріне, түрлі-түсті жарыққа, техникалық эффектілерге толы палитралы қойылым.

Музыкалық қойылымды қуыршақ жүргізумен келістіру қаншалықты қиын? Сіздер жанды дауыста ән шырқайсыздар ма?

Бұл қойылымға арнайы жасалған планшетті қуыршақтар, марионеткалар өте икемді, ыңғайлы жасалынған, сондықтан аса қиындық тудыра қоймады. Елімізде арнайы кәсіби түрде оқытатын оқу орны болмаса да, қуыршақ жасау шеберлігіне бар жан-тәнімен берілген жандардың қолынан шыққан әр қуыршақ икемді. Сондықтан біраз дайындық қана болса, кез келген музыкалық сахнаға қуыршақты жүргізу, шығару, ойнату жеңіл. Шәмші атамызға арналған қойылымымызда барлық әндер тек жанды дауыста шырқалады. Хоры да, дуэті де, акапелласы да бар, биі де бар. 

Шәмші атамыздың 50-ден астам әндері бар. Ішінен өз қойылымдарыңызға әндерді қалай таңдадыңыздар?

Әндерді режиссердың нұсқауымен, оқиғалар желісіне байланыстырып алынды. Ерекше бір таңдау болды дей алмаймын. 

Дәл қазіргі дайындық барысын айта кетсеңіз. Қойылымның әлі де дайындайтын тұстары көп пе?

Біз премьераға толыққанды дайынбыз деп айта алмаймын. Жалпы өнерде жүріп, қандай да бір туынды жасаған адам өз жұмысына соңына дейін көңілі толмайды. Бізде де дәл сол жағдай. Қандай қойылым болмасын, жылдар бойы шыңдалып, жаңа қырлары ашыла береді. Біз әлі де жұмыс үстіндеміз. Ән, би, қуыршақ жүргізу жағынан жұмыстар күнделікті жүргізілуде. Сондықтан біздің жұмысқа баға беруге асығыңыздар. 30 қыркүйек күні театрымыздың YouTube парақшасында онлайн премьера өткіземіз. 

Әңгімеңізге рақмет! 


Сұхбаттасқан: Ақмарал Қонысбаева

Сізге қызық болуы мүмкін: