Мақала
«Талантты еске алу – қазақ өнеріне деген құрмет, руханият алдындағы парыз»
Қазақ театр және кино өнерінің актерлік мектебінің негізін салушылардың бірі, ҚР Халық артисі, саңлақ сахнагер Серәлі Қожамқұловтың дүниеге келгеніне 125 жыл толып отыр. Республика көлемінде аталып өтіп жатқан мерейтой қарсаңында талантты артист, тау тұлға, өнердің ерен жүйрігі С.Қожамқұловтың шығармашылық жолы жайлы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Қазақ кәсіби өнерінің ақтаңгері» атты деректі фильм ұсынды.
Бөлім: Театр
Датасы: 09.05.2021
Авторы: Бейбіт Əлкеева
Мақала
«Талантты еске алу – қазақ өнеріне деген құрмет, руханият алдындағы парыз»
Қазақ театр және кино өнерінің актерлік мектебінің негізін салушылардың бірі, ҚР Халық артисі, саңлақ сахнагер Серәлі Қожамқұловтың дүниеге келгеніне 125 жыл толып отыр. Республика көлемінде аталып өтіп жатқан мерейтой қарсаңында талантты артист, тау тұлға, өнердің ерен жүйрігі С.Қожамқұловтың шығармашылық жолы жайлы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Қазақ кәсіби өнерінің ақтаңгері» атты деректі фильм ұсынды.
Бөлім: Театр
Датасы: 09.05.2021
Авторы: Бейбіт Əлкеева
«Талантты еске алу – қазақ өнеріне деген құрмет, руханият алдындағы парыз»

Қазақ топырағында өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары шымылдығы түрілген кәсіби театрдың алғашқы қарлығаштары Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Бадыров, И. Байзақов, Қ. Жандарбеков, Ә. Қашаубаев сынды дала дарындары болды. Солардың бірі, тұтас ғұмырын ұлттық өнердің жандануына арнаған дара талант иесі Серәлі Қожамқұлов - 1896 жылғы мамыр айының 5- ші жұлдызында Қостанай облысында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Серәлі. Бала күнінде анасы еркелетіп “Серкем менің!” деп атаған.

Әкеден жастай жетім қалған Серкенің өнерге деген құштарлығын оятуға туған жездесі Ж.Темірбеков пен қазақтың әйгілі жазушысы Б.Майлиннің шапағаты тиген. «Қызыл керуен» труппасының жұмысына белсене араласып, өзінің сахна өнеріне деген қабілет-қарымын байқатады. Орынборда С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Қ. Бадыров сияқты қазақ әдебиеті мен өнерінің белгілі тұлғаларымен танысып, өнерге деген ықыласы арта түседі. Қызылорда қаласына іргетасы қаланған кәсіби театрда тұңғыш рет М. Әуезовтың «Еңлік – Кебек» трагедиясы қойылып, осында Серке алғаш рет Еспембет рөлін сомдайды. Кәсіби өнерге осылайша аяқ басқан жас дарын ғұмырының соңғы сәттеріне дейін сахна өнеріне қалтқысыз қызмет етті.
Қазақтың төл шығармаларынан бастап, батыс және орыс драматургиясында 170-тен астам кейіпкердің характерін жасап, қазақ кино өнерінің өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосқан майталман артисттің шығармашылығына кәсіби әрі сыншылық көзқарасын білдірген Мемлекеттік қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген артисі, театр режиссері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек ойын былай түйіндейді:
«Серке Қожамқұлов... «Сераға» дейтін оны жұрт. Қазір елімізде 60-тан аса театр бар деп қарастыратын болсақ, осылардың барлығының бастауы, үлкен ағаштың тамыры болады ғой. Біздің Серке ағаларымыз үлкен қазақ театры деп аталатын бәйтеректің тамыры іспеттес. Орыс театры өздерінің тарихын 300 жыл бұрынғы уақыттан бастайды. Ал, біз бір ғасырлық театрымыздың тарихын меніңше әлі толық зерттеп білген жоқпыз. «Серке ағалар кімдер? Олардың шығармашылықтары қайда жатыр?», - міне зерттеу осы сауалдардан бастау алуы қажет. Актерлік өнердің бастауы саналатын Серағаңдар нағыз таланттарға тән үлгі көрсетіп кетті. Қазіргі артистер кейде әлеуметтік жағдайын айтып жатуы мүмкін. Ал, ол кісілер нағыз күрделі де қиын кезеңде өнерге шын беріліп, айлық та, атақ та, үй де берілмейтін шақта руханиятқа есеппен емес ессіз сүю арқылы қызмет етті. Бүгінгі дейін көрген көрермендерінің көкейінен шықпаған, таңдаулы рольдерінің бірі «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» спектакліндегі Қарабай бейнесі екені анық. Міне, біз сол бейнелерлі, артистің көзін көргенімізге бақыттымыз. Себебі, Серке аға сахнаға шыққанда нағыз бекзат өнерді, әр ролінен өзінен тән биікітігін аңғаратын едік».

Ә.Мәмбетов, С.Қожамқұлов

Деректі фильмде кинотанушы Гүлім Көпбайқызы «Қазақ кино өнеріндегі Серке салған сара бейнелер» тақырыбында Серәлі Қожамқұловтың шығармашылығы жайлы тың деректермен бөлісті.
«Елімізде 125 жылдығы аталып өткелі отырған С.Қожамқұлов өнертанушылар мен кинотанушылар зерттеуі бойынша «Қазақ киносындағы тұңғыш кино актер» деп есептелінеді. Себебі, 1930жылдары қазақ кино өнерінде алғаш рет Қазақстан тақырыбындағы «Востокфильм» түсірген «Жұт», «Қаратау құпиясы», «Дала әндері» сынды фильмдер жарыққа шықты. Осылардың ішінде «Жұт» және «Қаратау құпиясы» фильмдерінің көшірмесі сақталғанымен, «Дала әндері» көркем фильмінің көшірмесі сақталмаған. Оның бірден бір себебі, кеңестік идеология кезінде аталмыш киноөндірісін басқарып отырған қазақ зиялылары І.Жансүгіров, Б.Майлин болғандықтан, ол фильм саяси қуғындауға ұшырап кетті деуге болатын. Міне, осы фильмде Серәлі Қожамқұлов өзінің ролін сомдаған болатын. Егер, бұл фильм сақталып, бізге жеткен болса қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алатын туындылардың бірі болар еді.

 

Сонымен қатар, артисті Қазақстан тақырыбына түсірілген «Амангелді» көркем фильмінде екінші рольдегі кейіпкер ретінде көреміз. Жалпы, С.Қожамқұлов қазақ киносында, ұлттық кинода бой көрсетіп, өзінің табиғатпен берілген дарынын экран өнері арқылы да жеткізе білді. Бірақ, актер ешбір фильмде басты роль сомдамаған. Десе де, артистің кәсіби шеберлігі сондай, басты рольді сомдаған артистерден алдыға шығып отырады. Алғашқы жылдардағы қазақ киносындағы «эпизодтық рольдердің патшасы» деп ауыз толтырып айтуымызға болады. Кейінгі түскен «Абай әндері», «Ақгүл», «Райхан» фильмдеріндегі көркем бейнелерін де ерекше атап өтуіміз керек. Сонымен бірге, С.Қожамқұловты тек біржақты театр артисі деп қарастырмауымыз қажет. Қазақ киносының, оның ішінде ұлттық қазақ киносының алтын қорында сақталған фильмдерінде ерекше көзге түскен, актерлік мектептің үлкен абызы болып саналатын артистердің бірі – С.Қожамқұлов» деп түйіндейді.

Иә, саф өнердің серкесі С.Қожамқұловтың шығармашылық жолы том кітапқа арқау боларлықтай. 1979 жылдың 25-желтоқсан күні «Ана-Жер-Ана» спектаклінде ақсақал рөлінде соңғы рет ойнады. Арада алты күннен соң 83-тен 84-ке қараған шағында 31-желтоқсан күні мәңгілік ұйқыға кетті. Таланттың өмірден өткен күні болмайды, тек туған күні болады. Қазақ өнеріне өмірін арнаған ұлы тұлғаның есімі жылдар өткен сайын жаңғыра бермек.