Аманкелді Мұқан. Менің Күләшім

Күләш Байсейітова – барша қазақ өнерінің биік өлшемі! Сонымен бірге, Күләш – кейінгі ұрпақ үшін аңызға айналған жұмбақ жан...

Аманкелді Мұқан

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты,

Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, Өнертану кандидаты, доцент



Кіріспе орнына

Аты аңызға айналған қазақтың бұлбұл үнді сахна шебері – Күләш Байсейітованы білмейтін қазақ жоқ. Ол өзін жарық дүниеге алып келген ата-анасының ғана баласы болып қана қалмай, барша исі қазақтың сүйікті Күләші болды. Дей тұрсақта, осы мәселені нақтылай келгенде танымал тұлға туралы көп нәрсені атүсті білетініміз, біраз деректерден хабарымыздың мүлдем жоқтығына көз жеткіземіз. Күләшті – Күләш еткен үлкен шығармашылық өсу жолы әлі де болса терең бойлай сараптауды, бар және көптеген жаңадан ашылып жатқан соны деректерді салыстырып ғылыми айналымға енгізу, салиқалы ой қорытулар жасауды қажет етеді. Күләштің өнер әліміне қанат қағу, жетілу, тынымсыз оқу, үйренуге тұтастай арналған өмірі мен шығармашылық жолы бүгінгі ұрпақтың назарын ерекше аударуға тұрарлықтай нысанасы болса керек. Оны терең, талмай зерттеу түсу қажет. Біз үшін Күләш Байсейітова кім?  

Күләш Байсейітова – барша қазақтың мақтан тұтатын талантты әншісі!

Күләш Байсейітова – барша қазақ өнерінің биік өлшемі!

Күләш -  аққу үнді әнішілердің биікке самғаған тұлғалық келбеті!

Күләш – адалдық пен шынайылықтың, еңбекқорлық пен кәсіби шеберліктің символы!

Сонымен бірге, Күләш – кейінгі ұрпақ үшін аңызға айналған жұмбақ жан ...

Өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында ел жадында жатталып қалатындай әдемі із қалдырған, ерекше талантымен көзге түсіп КСРО халық артисі атанған Күләш Байсейітованы көзі қырағы, көңілі ояу әрбір қазақ жүрек түкпірінде өзінше топшылап, өзінше сомдайды. Сан қырынан танып біліп, келер ұрпағымыздың санасына құймақ.

Біз таныған Күләш – қарапайым кедей жанұядан шығып өмірдің қиындығын көрген,  уақыт пен қоғам ерте есейткен өз заманының адамы, талантты өнер иесі, адал жар, аяулы ана, шынайы дос, бірегей тұлға, мәдениет пен қоғам қайраткері. Осыншама жауапкершілік жүгін өзінің нәзік иығына артып, мойымай көтерген жан ретінде ол өзінің ұстанған жолынан таймай, барға қанағат, жоққа салауат айтып талай белестерден сүрінбей өтті, небір сынақтарда дала мінезін көрсетіп қажыр-қайратымен, ақыл-парасатымен, еңбекқорлығымен, бойына біткен талантымен биіктен көрінді. Оның ішкі жан дүниесі жатқан бір жұмбақ әлем. Сол жұмбақты шешу үшін біз оның өзі жазған мақалаларына, берген сұхбаттарына назар аудара оқи отырып, сахна саңлағын кезінде ерекше толғандырған, ойландырған көпшілік оқырманмен ішкі жан дүниесін бөлістірген мәселелерге деген Күләштің көзқарасы арқылы үңілеміз. Күләш туралы замандастарының, сахнадағы әріптестерінің, өнертанушы мамандардың жазған естеліктері бір төбе дейтін болсақ солардың ішінен талантты қазақ қызының өнерін дөп басып аша білген,  кәсіби мамандардың түйін сөздері арқылы біраз жайлы айқындай түсеміз. Оқырман бұл айтылған құнды ойлары мен салмақты сөз ауанынан біздің басты қаһарманымыз – Күләштің бүкпесіз ішкі ойын оқып, сезім пернелерінде тебірене тербеліп, риясыз көңілін ұмсынысынан ұққандай боламыз.

Аңыз болып кеткен тұлғаның шынайы келбетін тануда, осындай сан алуан пікірлерден, тамаша естеліктерден, зерттеулерден әркімнің өз Күләші қалыптасады. «Өнер» сайтының оқырмандарына біз азын-аулақ зерттеулер мен піркірлерден ой түйген өз Күләшімізді ұсынамыз. Әркім өзіне қажетті деректерді тауып оқып, аты аңызға айналған талан иесі болған өз Күләшін ой-қиялымен сомдайды деген сенімдеміз.

Күләш Байсейітова қашан, қай жерде дүниеге келген?

ХХ ғасырда өркендегін қазақ ұлттық өнері мен мәдениетінің төрінен ойып тұрып орнын алатын халқымыздың талантты да аяулы қызы, ата аңызға айналған опера өнеріміздің негізін салушылардың бірегейі, Кеңестер Одағының халық әртісі Күләш  Байсейітованың (шын аты – Гүлбаһрам Бейісқызы) есімі ерекше аталады. Қазақтың Кеңестер Одағы құрамында өмір сүрген 70 жылдан аса уақыт аралығында Күләш есімінің кең таралуы оның табиғи талантымен, опера театры сахнасындағы орындаған жұлдызды партияларымен тікелей байланысты.

Қарапайым қазақ қызы Гүлбаһрамның бар болғаны 45 жылдық қысқа ғұмырында талантты сомдаған образдары мен ән орындаушылық өнер қалыпқа құйғандай қаншалықты анық, барша халыққа түсінікті болса, жеке басына байланысты нақтылы болуға тиісті деректердің бәрі өзгерістерге ұшырап, кейінгі ұрпаққа бірнеше нұсқада, бұрмаланып, түсініксіз жайлармен жеткендігін көреміз. Мұны біз танымал әншінің бір ғасырлық мерейтойының аталып өтуі барысында анық көрдік. Алдымен Гүлбаһрам атының қалай қысқартылып Гүләш аталуы, одан қазақ тілінің айтылу ерекшелігіне жақындатылып, оңтайланып  Күләш болып орнығуы да шыр етіп бұл дүниенің есігін ашқаннан кейін азан шақырып қойған атының өзін актуализациялауынан бастау алады екен. Бұл аттың оңтайлануы жайын кезінде Ғабит Мүсрепов өзінің баршаға белгілі «Чудо» атты тамаша естелігінде «Күләш (Күләштің толық аты – Гүлбаһрам, Гүләш деп орысша жазғанда біртүрлі естілетіндіктен, Күләш болып жазылып жетті)» [1, 15] дейді. 

Ал енді Күләштің балалық шағы мен туылған жері, күніне байланысты күні кешеге дейін бірнеше ұғым қалыптасып, бұл қалыптасқан кемшіліктерді түзеу күні кешеге дейін арнайы әдебиеттерде, немесе ресми энциклопедиялық сөздіктерде қолға алынбай келген. Оның да өзіндік себептері де жоқ емес.

Негізгінен, бізге жеткен Қазақстан Ұлттық энциклопедиясындағы ресми деректер бойынша ол 1912 жылы 2 мамырда Верный (Алматы), қаласында қарапайым етікшінің жанұясында дүниеге келеді.  Бұл жайлы жылдан жылға толықтырылып немесе жаңадан басылып шыққан әр жылдардың түрлі деңгейдегі энциклопедиялық анықтамалық сөздіктері бір ауыздан оқырмандарына осы мағлұматы таратып келді. Алайда, әншінің туған күніне және мекен-жайына байланысы деректердің қайта көтеріліп ашық айтыла бастағанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Ұлы әншінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында қыздары Қарылғаш пен Раушан Байсейітовалар баспасөзге берген сұхбатында ресми құжаттардағы көрсетілген деректерді жоққа шығарады. Олар: «Негізгі туған күні қаңтардың 12-сі. Ол кезде құжатты бірден алмаған. Әрі сол күні Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған күні болғандықтан, анамыз туған күнін 2 мамырға ауыстырған еді» [2] - дейді. Қарылғаштың айтқанынан астаналық «ИнфоЦЕС» газетіне берген «Как умирала Куляш Байсеитова» атты материалда бұл дерек толықтыра айтылады. Онда: «– Сейчас во всех энциклопедиях пишут, что она родилась 2 мая 1912 года. Но это неправда, – утверждает ее дочь Карлыгаш Байсеитова. – На самом деле – 12 января 1912 года, то есть в один день и год с Динмухамедом Ахмедовичем Кунаевым. Я у мамы при жизни не спрашивала, но есть версия, что ее именно из-за этого уговорили поменять дату рождения. И мама согласилась быть рожденной в мае: она любила весну. В одних источниках указывается, что Куляш родилась в Алма-Ате (так, по крайней мере, она писала в своей автобиографии), в других – в Актогае Карагандинской области, в очень простой семье: мать Зибажан – прачка, отец Жасын – сапожник. Ее родители были настолько бедными, что не могли прокормить двоих детей. Поэтому Гульбахрам (это имя, которое Куляш получила при рождении: Куля, ее детское прозвище, постепенно превратилось в имя Куляш) еще до школы отдали в детдом»-дейді. Бұл дерек нақтылы құжатпен дәлелденбеген. Осындай пікірді Күләштің замандасы, өмірде, өнерде қатар жүрген әріптесі Шара Жиенқұлова да айтып өтеді. Осындай екі жақты дәлелді-дәлелсіз деректер қатар жүргендіктен біз екі датаны, екі жақтың уәждерін де қатар келтіруді жөн көрдік.

Сонымен, әншінің туған жеріне байланысты да ескі ресми дерек көзі Алматы қаласында дүниеге келген деп жазып келсе, жаңа зерттеушілер, әншінің қыздары аналарының  Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының ауылының тумасы екендігін алдыға тартады. Тарихшы-өлкетанушы Күләш Сардарбек «Күләштің туған жері бүгіндері Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына қарасты Нарманбет ауылы аталады. Бұл өлке ХХ ғасырдың басында Қотанбұлақ болысы, Қарқара уезі, Семей губерниясы атанған» [1, 28] -дейді. Болса болар. Бұл деректі талантты әнші дүниеден өткеннен кейін арнайы қолға алып зерттеген, алғаш өмірбаяндық повест-эссе жазған қаламгер Сара Ләтиева да жоққа шығармайды. Бірақ, ол фактіні растайтын нақтылы мөр басылған деректі кездестіре алмауынан, мұражайлар мен мұрағаттарда қолға ұстайтын құжаттың болмауынан кейін, зерттеуші Күләштің өз қолымен жазылған деректердегі нақтылы дата мен мекен-жайды қабылдаудан басқа жол жоқтығына мойынсұнады. Сонымен бірге қаламгер Күләштің Алматы қаласында, 1912  жылдың мамыр айында туылуына байланысты қисынға келетін бірнеше себеп, жорамалдарын да тізбелеп айтып кетеді. Соның ішінде қаламгердің «Күләш мұрағатта сақтаулы өмірбаянында «Алматыда тудым» деп жазған» [1, 24] – деген жолдары бар екендігін алдыға тартады. Біз де соңғы шыққан жаңа дереккөздерін жоққа шығармай, Күләштің өз қолымен жазылып хатқа түскен дереккөзіндегі айтылған туған жері мен уақытына байланысты мәселені әзірге қанағат етеміз. Сонымен бірге осы екі ұшты пікірлеріді бір ізге салу жолында өнертанушы, өлкетанушы, тарихшы зерттеушілерге келешекте істейтін жұмыстар бар екендігіне назар аударамыз.                                                             

Өнер жолында

Гүлбаһрамның әншілікке бейімдігі, музыкалық табиғи таланты кішкене күнінен-ақ байқалған. Бұлай болуға әкесі Жасын кезінде жап-жақсы әнші болғаны, ел аралап ән салғаны да елеулі себеп болса керек. Бірақ әншілік өнер Жасынға ішер ас, киер киім болмаған соң үйлі-баранды болған шағында ол етікшілікті кәсіп еткен. Сөйтсе де ара-тұра көрші-қолаңның ауыл-аймақтың той-томалағында ән салудан қол үзбеген. Сөйтіп, болашақ әнші-артистше сауықшыл әкенің өнері игі әсері  кішкене Күләшке ерекше әсер етеді. Бұл жайлы Қанабек Байсейітов өзінің кітабында: «Әкесі Жасын – әжептәуір әнші болған, сері адам. Кезінде әйгілі Әсетпен, Балуан Шолақпен бірге жүріпті. Бір ағасы Манарбектің (Ержанов М.А. анықтауы) әншілігі – анау, өзге ағалары да өнерсіз болмаған, тек кәсіп етпеген. Айтбек те (ағасы)  әнді әдемі салатын, сырнайға қосылып айтқанда айызыңды қандыратын. Осындай ортада өскен, тәрбие алған Күләш өнерге жақын жүрмей қайтсін», – дейді [3,61]. Әкесі айтқан әндерге ынтыға құлақ түріп, ол жырлаған хиссаларды қызыға тыңдай зердесіне тоқып өскен зерек қыз тамаша музыкалық есте сақтау қабілетімен, қиялдай білер кең әсерлі ой-өрісімен өсіп жетіледі. Күләш бала күнінде асқан әншілігімен суырыла шығып ел аузына аса ілікпесе де, жеті жылдық мектепте, кейін Қазақтың педагогика институтына түскеннен кейін оқи жүріп, жаңадан бой көтеріп келе жатқан көркемөнерпаздар үйірмесіне үзбей қатысады. Сол кездері Күләштің жанынан табылған, кәсіби театрға актриса болып қабылдануына негізгі себепкер болған Қанабектің айтуынша, алғашында ол Күләштің сахна өнеріне қызығушылығына аса мән берменген. Үйінде жүргенде сырнайға қосылып ән айтатынын білгенімен, ол болашақ опера әншісі Күләштің бойында ерекше күшті де жоғары регистрдегі, кең диапазондағы дауысы барын дәл сол кезде танып біле алмаған сыңайлы. Ол қазақ даласында болып орындаушылық өнерді зерттеген вокалдық мектептің мамандары байқағанындай, халықтан шыққан әншілер арасында әйелдер орта, төменгі регистрде, ерлері дауысы жоғары және орта регистрлерде ән айтуға машықтануының әсері болса керек. Күләштің дүйім жұртты таң қалдыратын колоратуралы сопрано дауысының кең тыныспен ашылуына дейін әлі біраз уақыт бар болатын. Қала жастары көркемөнерпаздар үйірмесінде Жұмысшы жастар театры құрылып сонда жұмыс істеп жүрген Қанабектің қасындағы Күләш бірнеше қосалқы рольдерді орындауға тартылады.  Ол - «Исатай – Махамбет» пьесасындағы хан қыздарының бірі болып ойнады, «Арқалық батырда» Қалмақ қызы болды. Оның ешқайсысына да аса мән бермеген екенмін. Сырнайға қосылып үйде әртүрлі ән айта бергенімен, сахнада көсіліп шырқағанын көрген емес едім» [3, 61]-дейді. Әншілік, актрисалық талантымен толық көзге түсе қоймаған Күләш нақақтан жала жабылып оқудан қол үзіп қалғаннан кейінгі кезеңде театрдың жүріп жатқан репертуарындағы спектакльдерін көріп жүріп сол ортаға, сахнаға деген құмарлығының шексіз арта түскенін сөзсіз болатын. Қанабек Күләшпен залда спектакль көріп отырып байқаусызда назары ауып кеткенде Күләштің «сахнадағы актермен ілесіп «ойнап» отыр. Біресе қабағын түйе қалып қиналып, селк ете қалып шошып, біресе жадырай күлімдеп, сахнадағы актерлердің қимыл-әрекеттеріне үйлесе қозғалақтап шыдай алмай кетеді» - дейді. Cол жолы Қанабектің септесуімен Күләштің қазақ театрының актрисасы болуына алғашқы қадам жасалынады.

Бұл Қазақстанның астанасы Қызылордадан Алматы қаласына ауысып келген тарихи кезеңі болатын. Алғашқылардың бірі болып Қызылордадан көшіп келіп шығармашылық жұмысын қарқынды жалғастырған қазақ драма театр труппасына көптеген талантты жастар осы кезде келе бастады. Ш.Жиенқұлова «Өмірім менің өнерім» атты өмірбаяндық кітабында өзінің театрға актриса болып келуін былай еске алады. «Иә, мен театрға алғаш алынғанда он алты жаста едім. «Артист» дегенге үрке қарайтын кез, сондықтан әйел заты оның босағасын аттамайтын. Әйел рольдерін талдырмаштау келген ер адамдар атқаратын, кейіннен актерлердің жұбайлары ойнады. Жанбике Шанина, Зейнегүл Өмірзақова, Шәрбану Байзақова, Оразке Қашаубаева, Хадиша Қожамқұлова, Зура Атабаева – міне алғашқы актрисалар. – дей келе, - Күләш екеуміз театр табалдырығын қатар аттадық» [4, 27] - дейді. Екеуі де Алматы педагогика институтының дайындық курсында қатар оқып, Алматы қаласының орта, жоғары оқу орындарында, демалыс саябақтарында жұмыс істейтін көркемөнер үйірмелерінің кішігірім сахналық қойылымдары мен концерттік бағдарламаларына қатысып жүреді. Театр өнеріне бет бұрғысы келетін Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Манарбек Ержанов секілді өнерлі жастар театрға алынып, солардың қатарында Күләш те 1929 жылдың аяғында қазақтың драма театрының труппасына «отыз алты сом белгілеп, ең төмен ставкамен» қабылданады [3, 63].

Алғашында спектакльдерде көпшілік сахналарда кішігірім қосалқы рольдермен сахнаға шығып жүрген Күләш не бары бір-екі жылдың ішінде әнші-әртістік шеберлігімен көрініп, театрдың белді өнерпаздарының қатарынан орын алады. Театрда жылдам шығармашылық жетістікке жетуіне, сөйтіп репертуарда бар және жаңадан қойылған шығармаларда орталық рольдерді орындауға қол жеткізуіне өнер атты құдіреттің шеңберіне бар болмысымен беріле енген Күләш бойындағы құштарлық болатын. Театрдың сол кездегі барлық жұмысынан бас тартпай, «театрдың отымен кіріп, күлімен шығып» беріле жан-тәнімен еңбектену арқылы ол жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгеруге күш салады. Алдыңғы буын ағалар С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков секілді т.б. сахналық өнер тәжірибесінен үйренуден жалықпайды. Сонымен бірге реті келгенде өз бетінше де сахнада суырыпсалмалық, шығармашылық ізденістен де жалықпаған екен. Күләш туралы өзінің естелігінде Қ.Байсейітов оның сахнаға деген ерекше  құштарлық қырларына ерекше тоқталады. «Сахнаға шығуды жаны сүйетіні соншалық – егер өз рөлі бітіп  қолы сәл босай қалса, көпшілік ішіне ілесіп сахнаға шығуға өзі келіп сұранатын.... Күләш көпшілік сахналарына араласқан кездерінде де басқалардан ерекшелене білетін, спектакльдің мазмұнына сәйкес киіне қоятын. Көбінесе ұл баланың  кейпін жасап, солай киінетін.  Бірде жалқау баланың кейпін жасап, бірде кепкасын баса киіп ұры балаша шығатын, кейде бұзақылау балалар құсап көзін сығырайтып алатын. Әдейі сүрініп-жығылып жататын кездері де болушы еді, аз сәттің өзін де көрермен жұртқа әсерлі етіп көрсетуге тырысатын» [3, 61] – дейді. Актрисаның сахнаға, өнерге мұншама ашкөздене ұмтылу әншінің бойындағы буырқанған талант көзі іште бұғып жатпай қасиетті сахнадан көрерменге өзіндің қайталанбастай қолтағбамен жол іздеген кейпін, жас актрисаның сахналық өнерге деген ерекше құштарлығын көреміз. Талант көзі шығар жолдың сайы мен саласын іздеп тауып буырқанған күйі өз дегенін істетіп ауыздық бермейтін үлкен селдің екпінді ағынындай көрерменге жол тартқандығын айналасы бірнеше жылдардың ішінде көз жеткізеді.

Оның репертуардағы спектакльдерге қатысып, оны тамашалап көруі барысында кейіпкерлердің репликаларын рөлдің сахналық іс-әрекетін жаттап алуы есте сақтау қабілетінің жоғары деңгейде болғандығын көрсетеді. Осының арқасында ол сахнаға өзінің шығармашылық жолының басындағы жауапты рөлі Ж.Шаниннің «Шахта» спектакліндегі Зейнепті алып шықты. Бұл аяқ астынан болды. Жарнамада хабарланған актриса Жанбикенің ауырып қалуына байланысты режиссер тығырыққа тірелген сәтте жас Күләш осы рөлді орындауға өзі сұранады және спектакльді аяғына дейін іркіліссіз алып шығады. Басы артық дайындықсыз спектальге шығуға ерік білдірген жас Күләштің бойында өнер кернеген жанның сахнаға ұмтылысын көреміз. 

К.Байсейітова отызыншы жылдардың басында театр сахнасына қойылған І.Жансүгіровтің  «Кек» драмасында байдың тоқалы Қарысты,  Б.Майлиннің «Майдан» пьесасында Пүліш рөлін ойнап, драма театр сахнасында өнерге деген өзіндік қабілет-қарымын танытады. Алғашқы келген күнінен бастап театрдың жылнамасын жазып келген қазақ сахнасының ардагер актері Қапан Бадыров күнделігінің бетінде Күләштің драма театр сахнасындағы сомдаған елеулі рөлдерінің бірі Пүліш жайлы: «Күні кеше көрінгеннің қолындағы ататын тасы болған момын Пүліштің екі ұдай жерде аруақ-құдайға, дінге, кертартпа әдет-ғұрыпқа қарсы күрескенін актерлік шеберлікпен көрсетіп, рольді трагедиялық шыңына көтеретін. (Сөз арасында айта кету міндет: бұл образ қазақ сахнасында драмалық биіктен асқан жоқ, Пүлішті трагедиялық деңгейге көтерген тек қана Күләш, оны кейін ешкім қайталаған емес.) Күләштің сахнадағы ерекшелігі: қажетті жағдайда неше түрге түсіп, екі беті қып-қызыл болып қызара да, бозара да білетін. Қанын ішіне тартып, сұрланып алғанда, жүзінен жан шошитын» [5, 61] – дейді. Ол Күләштің орындаушылық шеберлігі мен табиғи талантын орыстың ұлы актрисалары В.Ф.Комиссаржевская, П.А.Стрепетовалардың терең трагедиялық рөлдерімен қатар қоя отырып, оның Пүліш образында көрсеткен ойын кестесін «сондай трагедия-ау деп ойлаймын» деген ой айта отырып: «Күләшті пәлендей біреуге теңеудің орны жоқ. Ол бір сырлы, сегіз қырлының тап өзі. Мыңнан озған өрен жүйрік, мұның өз жолы, өз мектебі бар талант, тыңнан жарып шығып жол салған жаңашыл қазақ ән, опера өнерінің пионері де, революционері де өзі еді»,  – деп  өзінің өте жоғары бағасын береді.

Жас Күләш драма театрында орыс драматургтерінен Н.В.Гогольдің «Үйленуінде» Агафья Тихонованың, М.Тригердің «Сүңгуір қайығында» Клавдияның рөлдерін сомдауда өзге халықтар репертуарына еніп, аударма пьесаларда cол ұлттың салт-дәстүрі  мен жан дүниесін жан-жақты игеруге күш салады. «Клавдияның бойын билеген сан түрлі қайшылықтар мен жүрегін тебіренткен себептерді актриса (Күләш – М.А.) шындықпен ашқан. Клавдияның бойындағы қиын жағдайларды Байсейітованың жете сезініп психологиялық терең шешуі нәтижесінде Клавдия нәзік жанды сымбатты әйел емеспіз Клавдия рольінде байқалған бұл қабілеті Байсейітованың үлкен актрисалық талантына тән ерекшеліктер екенін оның бүкіл сахналық өмірінен де көруге болады» [5, 216] – деген  жолдар театр тарихының бетінде жазылып қалған.

Ол Қ.Байсейітов пен А.Шанинің «Зәуресінде» Зәуренің, М.Әуезовтің «Еңлік – Кебек» трагедиясының бас кейіпкері – Еңліктің рөлдерінде ерекше көрінді. Соның ішінде Еңлік образын жасауда жас актриса көп еңбектенеді. Табиғи талантының арқасында ол режиссер көрсеткен мизансценаларды өзіндік түйсікпен қорытып сахнада қазақ қызының қарапайым да шынайы, өжет те өткір бейнесін толымды сипаттайды.  Ол әке шешесінің көздерінің қарашығындай болған ұлы да, қызы да болған келбетін актриса нанымды береді. Еңліктің «Ата-анам, ақ батаңды аттап кеттім-ау, Тентек ел, талқысына тастап кеттім, есен бол туған елім» деп басталып, көрерменнің жан жүрегін шымырлатар «Қоштасу» әнін нәзік үнімен мөлдірете айтқан Күләш драма театр тарихында сахнадан әндетіп айтудың дәстүрін алғашқылардың бірі болып қалайды. Кезінде тамаша орындалған рөлдің сахналық жолы күні бүгінге дейінгі Еңліктер үшін өзгеріссіз келе жатқан дәстүр сол Күләштің орындауынан бастау алады екен. Ол жайлы қазақ өнерінің белгілі қайраткері, композитор, дирижер Латиф Хамиди өзінің естелігінде: «Күләш симфониялық оркестрге қосылып ән салған тұңғыш қазақ екенін де еске алғым келеді. Драма театрының сахнасында «Еңлік – Кебекті» дайындап, оны оркестрмен сүйемелдеуді жоспарладық. Әрине, ол кезде дайын оркестр жоқ, 1933 жыл ғой. 17 адамдық оркестр біз қаладағы ресторандардан, кинодан жинап құрастырдық. Иә, иә, оны ұйымдастырдық деп емес, құрастырдық деу дұрыс. Еңлікті ойнаған Күләш сол сол оркестрдің сүйемелдеуімен ән салды. Бір ғажабы: Күлекең сол оркестрді тосын көрген жоқ, қайта бұрын біз байқамай жүрген дауыс мүмкіндігін ашып берді. Және халыққа да жақындай түсті. Мынадай жаңалыққа тосырқаған ешкім болған жоқ. Құлағы қоңыр домбыра мен сызылған қобызға үйренген халыққа симфониялық оркестр (дәл сол кезде толық қалыптаспаған болса да) дегеннің не екені әркімге белгілі. Ал, соны, жалпы көпшілік жатырқамай қабылдаса, бұған тікелей әсер еткен Күләш деп айтуымыздың еш артықтығы жоқ. Сонымен бірге, кейін бүкіл әлемді шарлап кеткен Күләштің бұлбұл үні де халқына сол жолы бірінші рет танылды (бөлектеу біздікі М.А). Оған дейін театрда спектакль үстінде бар дауысымен  дербес, яғни вокалдық сипатта, ән салмайтын. Еңліктің «Қоштасуы» қолма-қол ел аузына тарап кетті. Кейін ашылған музыкалық театрға Күләштің ауысуына мұрындық болған да сол Еңлік бейнесі» [6,38]  – дейді. Бұл көлемді үзіндіні толық келтіре отырып біз, қазақ театрының тарихында ұлттық орындаушылық дәстүрдің бастауында тұрған талантты сахна шебері Күләш Байсейітованың өмірінің аяғына дейін опера театрында еңбек еткен шығармашылық келбеті мен өсу жолын айқындай түспек.

Араға бірнеше жыл салып  қазақ музыкалық, кейін опера театрының жарық жұлдызы болып есімі жарқырай жанатын Күләштің драма театр сахнасында істеген 3 жылға жуық актрисалық қызметі кейінгі шығармашылық келбетінің қарыштап өсуіне, үлкен артист болып қалыптасуына ықпалы зор болды. Мәскеу қаласында қазақ музыкалық театрының артистерінің ойынын тамашалаған кәсіби театр мамандарының пікірлері бір ауыздан жалпы қазақ театрының тамаша жұмыстарын, соның ішінде Күләштің орындаушылық таланты мен шеберлігін құптарлық үлкен кәсіби мамандардың пікірлері жарияланды. Солардың ішінде жалпы Кеңестік музыкалық театр өнерінің бағыт-бағдарын айқындауға, шынай заманауи сахналық өнерді өркендетуге өте-мөте қажетті жолды қазақ театрының мысалында көріп, жоғары баға бере білген Мәскеу Камералық театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Александр Яковлевич Таировтың ойы біз үшін ерекше қымбат.   

Бұл театр маманының пікірінде сол кездегі қазақ музыкалық театрының жетістігінің түп төркініндегі озық идеяны көре алғандығында. Қазақ театрының көрсеткен екі қойылымы жайлы ой қорыта келе А.Я.Таиров: «Оба спектакля – и «Жалбыр» и «Кыз-Жибек» — с покорящей наглядностью говорят прежде всего о том, что казахский народ обладает большими и настоящими способностями в области театрального искусства и что мы в этом отношении можем ждать от казахского театра чрез­вычайно значительных и интересных достижений... То, что я видел, казалось мне временами почти невероятным» [7, 111] –деген баға береді.

А.Я.Таировтың осы жолы қазақ театры мысалында көтерген актерлік өнер, опера театрындағы шеберлік қырлары жайлы әңгіме бүкіл Одақ көлемінде көтерілген  маңызды да салмақты мәселелерден болатын. Ол Мәскеу сахнасында өнер көрсеткен қазақ әнші-актер орындаушылардың шынайы талант иелері екендігін толығымен мойындай отырып, осы шеберліктің, таланттылықтың түп төркін драма театр сахнасындағы тәжірибе нәтижесі деп қабылдайды. Ол әнші-актерлердің басым бөлігі бұған дейін драма театр сахнасында жұмыс істеп барып музыкалы театрға келуінен деп біледі. Жас қазақ орындаушыларының екі кеште ойнаған спектакльдері барысында көрсеткен сахнадағы актерлік шеберліктерін, кейіпкерлерді орындаудағы шынайылығын ол өзге жүздеген жылдар тарихы бар танымал опера театрларынан дәл қазір кездестіре алмайтынына нық сенеді. Және бұл қазақ театрында көрініс берген оң қадам өзге де ұлттық музыкалы театрлардың жолы мен шығармашылық бағыт-бағдарын айқындауда пайдалы әрі зор нәтижеге бастайтынын көрсетеді. Оның: «Молодым национальным театрам нужно искать свою дорогу, которая может обогатить современную театральную культуру, как несомненно обогащает ее великолепный артистический коллектив Казахского музыкального театра, с воодушевлением, искренностью, правдивостью и настоящей творческой непо­средственностью вводящий нас, при помощи театрального искусства, в прошлое и настоящее своего народа» [6 бұл да сонда] - деген қорытынды пікірін біз, А.К.Станиславский, В.И.Немирович-Данченко, В.Э.Мейерхольд секілді режиссерлері мен сахна реформаторларымен қатар актерлік өнерге, оның пластикалық іс-қимылына ерекше мән беріп ХХ ғасырда «синтетикалық театр» жасауға ұмтылған ірі суреткер А.Я.Таировтың көзқарасын көреміз. Білікті театр режисері сол кездегі көнекөз Еуропа мен Ресей опера театрларындағы қалыптасқан кері әсер беретін хал-жайды түзейтін жаңа бағыттың қазақ театры мысалында шеті көрінгендігін еске салады. Өзінің Мәскеу камералық театры ұстанған бағытты «эмоциональналды-құйысқан форма театры» немесе «неореализм театры» деп атаған режиссер, бірнеше ондаған жылдар бойы дамытқан жолына жақын келетін ойын өрнегін жас қазақ театрыдағы орындаушылар қолтаңбасынан көреді. Өзі темірқазық етіп көтеріп, көп тер төгіп жасаған синтетикалық театрдың үлгісін, ондағы орындаушылар шеберлігіне қойылар талапты жас қазақ театрының орындаушылар құрамының сахнадағы әрекетінен байқайды. Бір бойына ән айту, билеу, актерлік шеберліктері қатар үйлесім тапқан Күләштей, Құрманбектей, Шарадай, Қанабектей, Ғарифолладай т.б. өнерпаздар бойынан  көргендей болады. Тума талант дала халқы өнерпаздарының озық өнері Мәскеу жұртшылығының мүлгіген тыныштығын дүр сілкінтіп, есте қаларлықтай ерекше сәттер сыйлады.

Жұлдызды сапар

1933 жылы қабылданған үкіметтің арнайы қаулысымен жаңадан ашылған музыкалық драма техникумы талантты жастардан театрға әртіс мамандар дайындау ісі қолға ала бастайды. Осы оқу орнына тұңғыш қабылданған талапкерлер қатарында халық арасынан шыққан тамаша өперпаздардың бірегейі Күләш Байсейітова да бар болатын. Оның табиғи дарыны, әншілік келбеті осы студияда ашылып, бар қырынан көріне бастады. 

Қазақ музыкалық театрының шымылдығы  алғаш рет 1934 жылы 13 қаңтарда М.Әуезовтің И.Коцык музыкасымен әрленген «Айман –Шолпан» музыкалық комедиясымен ашылды. К.Байсейітова  басты рөлде ойнап, қазақ қызының небір қиын-қыстау кезеңде ар-намысын, жеке басының тағдырын қорғай білген ақыл, парасат иесі Айманның образын, кескін-келбетін, характерін үлкен шеберлікпен сомдады.

Күләштің бұл театрдағы екінші орындаған партиясы Б.Майлиннің «Шұғасында» Шұғаның бейнесі болды. Жас әртістің сахнадағы шеберлігі ұшталып, тәжірибе жинақтап шығармашылығы кемелдене түсті. Осы екі спектакльге музыкалық жетекші болған композитор-хормейстер И.Коцык, танымал қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанинмен бірге музыкалық театрдың алғашқы спектакльдерін жасауда халық әндерін кеңінен пайдаланған болатын. Қазақ музыкалық театрының іргетасын қалау ісіне ерекше үлес қосқан композитор, сол тарихи кезеңнің куәгері Е.Г.Брусиловский Күләштің Шұға рөлін орындауы жайлы: «Бұл пьесада Күләштің драмалық дарыны ашыла түсті. ... музыкалық театрда бұл оның тұңғыш трагедиялық рөлі еді. Бүкіл соңғы актіде Шұға өмірімен қоштаса, ажал құрсауында жатып, халықтың қайғылы әні «Бурылтайды» сыңсып айтумен болады. Зал іші күңірене күйзеліп, қоса еңірегендей күй кешті. Шыдай алмай, кеңкілдей сыңсыған қайсыбір әйелдерді залдан сүйемелдей жетелеп, сыртқа шығарып та жатты» [8, 53-54] – дейді. Осы келтірілген үзіндіден сол бір көмескі тарта бастаған уақыттың тынысын, талантты балаң Күләштің трагедиялық табиғатын, аты Одаққа әлі жария болмай тұрған кезіндегі қазақтың маңдайына біткен үлкен сахна жұлдызының алғашқы алып адымын көргендей боламыз.  

Либреттосын Ғ.Мүсірепов, музыкалық негізін Е.Брусиловский жазған «Қыз Жібек» операсында Күләш қатарынан артық туған жарық сәуле екенін толығымен көрсетті. Ол сомдаған Жібек образы бойында тұнып жатқап әншілік, артистік өнердің шексіз мүмкіндігін оятып, табиғи талант тасқынын құзар биікке шырқатты. К.Байсейітованың Жібегі оны өлмес, өшпес даңққа бөледі. Жібек көрөрмендерді жоғары адамгершілік рухымен, терең драматизмімен, романтикалық әсерімен баурады.

К.Байсейітовамен бірге алғашқы драма театр актерлері болған И.Байзақов, Ә.Қашаубаев, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков, Қ.Байсейітов, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев сынды тамаша орындаушылар тобы халық әндерін нақышына келтіріп орындауда шашасына шаң жұқтырмаған дүлдүлдер болатын. Тумысынан ел арасында әншілік өнермен танылған бұл өнерпаздар театр сахнасын да бейне жасауда актерлік өнері мен музыкалық табиғи дарынын шебер ұштастыра алды. Өте қысқа кезеңде музыкалық театр спектакльдері халық арасында қызу қолдау тауып үлкен табысқа ие болды. Халық комиссары Темірбек Жүргеновтің аузынан алғаш рет «опера» деген сөзді естігенде Күләштің «Құрмаш «опера» деген не? Әнді гармоньмен айтамыз ба әлде скрипкамен айтамыз ба?» [8 ] дейді. Опера өнері жайлы мүлдем естімеген жандардың араға бірнеше жыл салып Кеңестер Одағы астанасы Мәскеуде зор табыспен өнер көрсетуі, басты партия Жібекті орындаушы 24 жастағы К.Байсейітова КСРО халық әртісі атағын алуы көп жайды аңғартып тұр. Әнші-актриса осы өнерпаздар ішіндеөзіндік үнімен, қайталанбас орындаушылық шеберлігімен жарқырай көрінген ерекше бір төбе болатын.

Бұл әншілердің халық дәстүріне негізделген орындаушылық шеберліктері, табиғи қалпы алғашқы қазақ опера спектакльдерінде молынан көрінді. Кейінірек классикалық еуропа, орыс операларын орындауда да ұлттық ән орындаушылық дәстүр жалғастығы шынай-ылықпен көрініс тауып отырды. Әрине, домбыра, қобыз, сырнай сүйемелімен жеке, еркін, шалқыта жырлауға машықтанған, бірі екіншісін қайталамайтын суырыпсалмалықпен (импровизация) ерекшеленетін ұлттық ән орындаушылық дәстүр еуропалық музыка негізінің мүйіздей қатқан қатал жүйесіне бірден үйренісіп кете қоюы қиын болатын. Соған қарамастан қазақ ұлт операсының тұсауы сәтті кесілді. Алғашқы қадамы, өнер ұжымының бет алысының дұрыстығы Мәскеуде өткен онкүндік барысында айқындалды. Одақтағы театр, музыка саласының белгілі мамандары мен өнерсүйер қауым бірінші кезекте жас театрдың қайталанбас ұлттық салт-дәстүр негізінде бой көтерген табиғатын ерекше атап өтті. Осы сапарда көзге ерекше түскен әнші-актерлер К. Байсейітова, Қ. Жандарбеков сынды т.б. орыңдаушылар өнері мен олардың сахнада жасаған тамаша музыкалық образдар әлемі халық ауызыңда аңызға айналды. Солардың ішінде белгілі жазушы-зерттеуші Б.Нұркенжеев қазақ бұлбұлы Күләш – Қыз Жібек жайлы ойын былай толғайды: «Ешқандай да ән айту, ән үйрену мектебін бітірмеген, даусы қалыпқа түспеген, тек ұлттық дәстүрде (М.А) ашық дауыспен ғана ән айтуды меңгерген Күләш опера сахнасында Жібекті қазақы колоритпен алып шығады. Сәбидің еркелігіндей сыңғыр даусымен сызылта ән салған Жібек – Күләш көрерменнің жүрегін алғаш аузын ашқан сәттен-ақ жаулап алады. Оның қиімі, киімінің қонымы, қабағымен сейлеп қасындағыларға қарағаны, үлбіреп бұрылғаны, күлімдеп тыңдағаны; Төлегенді ұнатып тұрып, ұнатқанын білдіріп алмайын деп ұялғаны; Бекежанды көргенде бет жүзінің бір сәтте-ақ суып салуы, қысқасы, сахнада оның шашынан табанына дейінгі бүкіл дене мүшесі мен киім-кешегінің түгел ойнауы көргенді де, көрмегенді де мәңгі арманда қалдыратын құдірет. «Олай болуы мүмкін емес» деп ойлайсың, бірақ солай болып тұрғанын көргенде, айтарға сөз таппай таңданасың. Оның ойындарын көрмеген біз түгіл, көріп отырған небір тарландар да тілі байланып таңданысқан. «Ты наше Чудо» деген екен атақты орыс әншісі А.В.Нежданова Күләшті құшақтап. «Күләш өзі әннен жаралған бір жан еді!.. Қысқасы, Чудо!», – депті Ғабең де бағаларға басқа сөз таппай [9]

Орыстың белгілі жазушысы Демьян Бедный «Кыз Жібек» спектаклінен кейін алған әсері жайлы ой бөліскенде: «Я с напряженным волнением смотрел волшебное зрелище... молодого казахского театра. Актеры так даровиты, чудесная певица Куляш Байсеитова так чарующе трогательна в созданном ею образе...», – дейді. Ал, 1937 жылы Академиялық опера және балет театрының Ленинград қаласында болған гастролдік сапары барысында «Ленинградская правда» газеті: «Қыз Жібек» спектаклі жайлы: «...Куляш Байсеитова в роли пленительной героини этой музыкальной поэмы создает трогательный образ, и становится понятно все, что происходит на сцене. Артистка поет с искренней теплотой, и ее исполнение глубоко волнует зрителей...» [5, 38 ].

Сахнада шыңдалған талант

Бұл аталған кейіпкерлер қазақ опера өнері саласында  К.Байсейітованың  жасаған алғашқы «тырнақалды» образдары ғана. Ол  ұлттық театр сахнасына қойылған қазақтың төл опералары мен шетел, орыс және туысқан республика композиторларының операларындағы басты кейіпкерлердің образдарын тұңғыш тұлғалаған әнші-артистік, орындаушылық диапазоны өзгеше мол суреткер. К.Байсейітова жасаған опералық образдар қазақ сахнасының одан кейінгі әйгелі-артистері үшін (Ш.Бейсекова, Р.Жаманова, Б.Төлегенова, т.б.) үлкен өнер мектебі   болды. Ұлы   актриса   қазақ опера театрының сахнасында  өскен-өнген ортасы, заманы, дәстүр-салтын бір-бірінен шалғай, тағдыры мен мінезі, түр-тұлғасы да бір-біріне ұқсамайтын алуан характерлі образдар галереясын жасады. Е.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия, алға», Зильбердің «Бекет», Надировтың «Терең көл» операларында басты вокалдық партияларды  айтып, Қадиша  мен Ақжүністің, Айша мен Сайраның, Зере мен Раушанның образдарын жасады. Ол кезеңде К.Байсейітова ойнаған рөлдердің ішінде әсіресе Ақжүніс ерекше назар аударады. Ақжүніс бойындағы жарқ-жұрқ еткен алмастың жүзіндей   өткірлікті, минутына   мың құбылып,   сынаптай толқыған алдампаз мінезді, махаббат сезіміне берілген шақтағы «мұңшылдықты», өштескен адамынан кек алар кезіндегі айла-тәсілі мен    зымиян ойын – міне, осының бәрін К.Байсейітова шебер зергердей көп ою-өрнегімен, сан алуан бояуымен, бедерімен бейнеледі.

Ғ.Мүсірепов қазақ операларындағы қазақ қыздарының образына баға бере келе олардың тағдыры, операда жазылу жолдары арасында табиғи жақындық барын, тіпті ұқсастығын да баса айтады. Оның: «Белгілі жай – қазақ операсындағы қыз тағдырлары либретто бойынша бір-біріне ұқсастау келеді. Ақжүністен басқасы бәрі де арманына жете алмаған, қара күштердің құрбандары болған аянышты жандар (Қыз Жібек, Қадиша, Шұға, Ажар, Сара). ...Ал енді Күләш жасаған алыс жақын дәуірлердегі қазақ қыздарының бейнелерінде ұқсастық аз да, даралығы басым.» дейді. Бір операдан екіншісіне ауысып отыратындай бір тектес образдарды қайталамайтындай «даралығы басым» етіп көрсетуде К.Байсейітованың бойындағы орындаушылық таланты, драма актрисасына тән қызуқандылығы өзінің сүйікті Қыз Жібегінен кейінгі кезекті жұмысында ерекше көрініс береді. Әрине бұл жерде либретто авторы С.Камаловтың, композиторы Е.Брусиловскийдің де өзіндік орны бар десекте, негізгі салмақ «сахна падишасы – актерге» түсері мәлім. Күләш бұл жұмысына ерекше дайындалып өзінің шығармашылық өмірбаянына алтын әріптермен Ақжүніс бейнесін жазып қалдырды. Жаңа операның тұсауы кесілгеннен кейін 1937 жылы 17 қаңтарында «Социалды Қазақстан» газетінде басылған өзінің «Алғашқы әсер» мақаласында М.Әуезов: «...»Тарғын» пьесасы негізгі рольдер жағынан, оқиға-тартыс жағынан қарағанда артистерге өте қызықты материалдар берген. Әсіресе Күләшқа – Ақжүніске келгенде бұрын қазақ әдебиеті, қазақ сахнасы көрмеген жолбарыс тұлғалы, құбылмалы, сайқал, сегіз қырлы мүсінді көрдік. Күләш бұл рольде өзіне де, өзгеге де соншалық жат, жаңа рольде тақ қырлаған алмастай төңкеріле құбылады (бөлектеу біздікі М.А). Барлық мінез қылығының өрі мен ылдиы, күңгейі мен теріскейі көрушіге мастерлік әнінен де, әсіресе жарқ-жұрқ еткен ойынынан да өте әдемі көрініп отырды» [10 ,16] – деген толымды пікір айтады. Күләштің орындауындағы Ақжүністі көріп отырып аяқ астынан берген М.Әуезовтің пікірін белгілі жазушы Ғ.Мүсірепов те былай келтіреді: ««Ер Тарғынның» орта кезінде Тарғынды кезекті құрбандығының бірі етіп болған соң, Ақжүністің тоят тауып жатқанын бір кезі болушы еді. Сол тұста Мұхтардың былай дегені бар:

– Қарашы, қарашы! Добалдай Тарғынды жығып алып тояттап жатқан Пантера сияқты! – дей келе, – Бұл Күләш жасаған Ақжүніс бейнесіне дәл табылған теңеу еді» [11, 212]  – деген өзіндік ой қорытады Күләштің әншілік һәм актрисалық шеберлік қырына, орындаушылық қолтаңбасына ғұлама жазушының берген толымды бағасынан асырып айту мүмкін емес. Ақжүніс партиясы Күләштің бойындағы бұғып жатқан басқа да орындаушылық мол мүмкіндігін толымды етіп ашып көрсетті. Оның сахнада жасаған образының төрт құбыласын тең шығарған елеулі еңбегі осы Ақжүніс партиясы болғандығын көреміз.   

Ал, жазушы Ғ.Мүсіреповтың талантты әнші туралы жазып қалдырған мына ойы тұлғанының ішкі келбетін, Күләштің қазақ мәдениетіндегі ерекше құбылыс болу сыры мен сымбатын аша түсетін секілді. Ол орындаушының кәсіби театр сахнасында жұлдызының жарқырай жану себептерін, оның актерлік және әншілік қырларын жан жақты терең қарастыра келе: «соның бәрі Күләштің өзімен бірге туған. Күләштің өзі ән еді, өнер еді. Қайнатары жоқ, қоспасы жоқ, таза талант. Қысқасы «Чудо» дейді»[11,213].

А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» және М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операларындағы Ажар мен Сара образдары К.Байсейітованың шығармашылығының толыққанды кемелденген шағында орындаған ұлттық репертуадың үздік туындыларына жатады. Ол қазақ қызының жанын, бойындағы барлық болмыс-бітімін, музыкалық бейнесін опера сахнасынан толымды етіп кең тыныспен, ашық үнмен сомдады. Ұлтық дәстүр мен салт-жоралғының барлығын жақсы білетін Күләштің Ажары еркін де ерке өскен дала аруының мінезіне басып сүйгені Айдармен қол ұстасып қашып кетеді. Десек те, келесі көріністерде оның бойындағы тәрбие көргендігі, үлкенге ізет көрсетер ибалылығы жан-жақты ашылып, барлық жағынан қазақ қызының жиынтықталған шынайы бейнесін тереңнен толғап көрсете алды.

Ол театр сахнасында өзінің заманың тақырыбын, замандастарының келбетін сөз ететін операларда да шеберлік биігінен көрінген суреткер. «Алтын астықта» тракторшы Айшаның, «Гвардия, алғада» партизан кыз Сайранның образдарын жасаса, «Аманкелді» (Е.Брусиловский, М.Төлебаев) операсында батырдың жары Банудың, «Төлеген Тоқтаров» операсында (А.Жұбанов, Л.Хамиди) орыстың батыр қызы Любаның бейнесін сомдады.

40-жылдардың ортасына таман қазақ опера театры репертуарында елеулі өзгерістер болды. Театр өзінің труппасының өскендігін, шығармашылық мүмкіндігінің молайғандығын КСРО халықтарының және әлемдік классик композиторлар туындыларының үздік операларын қоюды қолға алуымен репертуарын толықтырып байыта түсті. Осы кезде сахнада дайындалған грузиннің танымал композиторы З.Палиашвилидің «Даиси» операсындағы Маро мен татар композиторы Н.Жигановтың «Алтыншаш» операсынан Алтыншашты алғаш қазақ сахнасын алып шыққан Күләш болатын. Ұлттық ерекшеліктері мол бұл музыкалық образдарды сахнаға дайындау барысында әнші өз ісіне үлкен жауапкершілікпен келеді. Қазақ опера сахнасында табыспен өткен бұл опералардың ізін ала басты рөл Мароны орындаушы Күләш  грузин әншілері Петре Амиранашвили мен Давид Ангуладзенің қазақ сахнасында, Күләштің Тбилисиге барып грузин опера сахнасында осы опера қойылымына қатысуы республика мәдени өмірінде елеулі оқиға болды.

Орыс және Батыс Еуропа классиктерінің операларын қазақтың ұлттық театрының сахнасына шығаруда К.Байсейітова – өзінің орындаушылық шеберлігімен де, қайраткерлік ісімен де бұл салаға үлкен үлес қосқан өнер шеберлерінің бірі. Ол Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсында Баттерфлайдың, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде» Татьянаның, А.Рубинштейннің «Демонында» Тамараның партияларын тұңғыш рет қазақ тілінде айтты.

Белгілі қаламгер Ғ.Мүсірепов өзінің Күләшке арнап 1972 жылы жазған мақаласында әншінің шеберлігіне берген қызуқанды бағасынан, суреткер-әртістің орындаған спектаклінде қатысып отырғандай әсер аласың. «Күләштің бейне жасау шеберлігіне таң қалушы едік. Ұлы Абайдың орыс поэзиясын қазақ жүрегіне қондыра алғаны сияқты, Күләш та қазаққа жат бейнелерді жатсыратпай сүйкімді де нанымды етіп шығаратын. Қойылмаған дауыспен, ашық дауыспен-ақ классикалық музыкаларды ала беретін. Әсіресе, Баттерфлайдың іші толы сыр, атақты ариясын орындап бергенде зал жарылып кетер ме деп едік. Орыс қазақты түгел таң қалдырды. Алақандар дуылдап кетті. Айтып жеткізу қиын. Күләш өзі әннен жаралған бір жан еді! Әннен ғана, таза өнерден ғана!» [11,213] – дейді

Музыкалық театрдың режиссері, балалар театрын ұйымдастырушы Н.И.Сац тағдыр тәлкегімен екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Алматы опера театрында режиссерлік қызмет атқарды. Осы жолы театрдың қазақ труппасы өзінің алғашқы классикалық репертуардан елеулі туындысы, италияда қалыптасқан «веризм» ағымының үздік үлгісінде жазылған Дж.Пуччинидің «Чио-Чио-сан» операсын бастап кетті. Бұл кезде театрдағы қазақ әншілер құрамы өсіп, кәсіби орындаушылық деңгейі де беки түскен. Театр операны қазақ тіліне аударып ұлт көрермендері үшін жасалған бұл қойылым барша өнерсүйер қауымның құлағын елең еткізген мәдени оқиға болды. Осы жұмыстың нәтижесінде бұған дейін ұлттық репертуармен шектеліп келген қазақ тілді топ опера шығармасын толыққанды игерген опера труппасына айналды. Бұл жұмыста басты Баттерфляи ханым партиясын атқарған опера әнші-актрисасы Күләштің орындаушылық шеберлігін толық танытқан үлкен белес болды. Әншінің театрдағы кезекті бұл жұмысы жайлы режиссер Н.И.Сац ерекше сезіммен еске алады. Оның: «Куляш не играла наивность – она была пятнадцатилетней. Поразительной силой перевоплощения обладала эта актриса» [12,491] – деген режиссерлік байқампаздық пікірінде өте күрделі Чио-Чио-сан партиясының вокалдық қиындықтырынан бөлек әншінің тамаша актерлік шеберлігіне өте жоғары баға берілген. Бірнеше жыл жазықсыз түрмеде отырған режиссер үшін бұл жұмысының сәтті болуы, жоғары деңгейінде көрінуі ерекше маңызға ие болатын. Спектаклдің сәтті шығуы негізгі салмақ жүкті арқалаған басты кейіпкерді атқарған Күләштің орындаушылық шеберлігіне тікелей байланысты болды. Спектакльдің тұсаукесері Кеңестер Одағының бетке ұстар өнер майталмандарының бастарына пана болған Алматы қаласы жұртшылығы үшін ерекше мәдени құбылыс ретінде аталынып өтеді. Режиссер өмірінің аяғына дейін өзінің сүйікті театрымен айналыса жүріп өзінің қалған бар ғұмырында операның екінші актісінің соңындағы Баттефлайдың танымал ариясында автор музыкасындағы тылсымға толы кейіпкер жан дүниесін, ішкі кіршіксіз әлемін дәл Күләштей сезініп, дәл Күләштей сахнадан бере алған ешкім болмағанын мойындайды. «После Куляш никогда не слышала этой арии в таком многообразии и единстве правды. «Кто идет, Кто идет, Сузуки, догадайся...» – Кэм келет, кэм келет, Сузуки баламайсы...–пела Куляш по казахский... До сих пор пощипывает в горле при одном воспоминании о ней» [ 12, 488-489 ] – дейді. Белгілі өнер қайраткерінің осы еске алуынан Күләштің орындаушылық талантының көрерменге қаншалықты әсерлі, қаншалықты шынайы да жақын болғандығын көреміз.

* * *

Күләш Байсейітова – концерттік әнші ретіндегі де кең танылған шебер орындаушы. Әр түрлі ресми делегациялар құрамында, «Құрманғазы» атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі сүйемелімен жеке концерттік бағдарламада, бригадалармен сан алуан сахналардан орындаушылық қырымен танылды. Ол шырқаған әндері тыңдарманды өзіндік қарапайымдығымен, анықтығымен, жүректен шыққан жылылығымен баурайды. Оның репертуарында көптеген халық әндері, өзге халықтардың, замандас композиторлардың әр алуан шығармалары молынан болды. Әнші концерттік бағдарламасына халықтың сүйіп тыңдайтын қазақ халық әндерінен бастап, ән романстар, белгілі опералардан ариялар т.б. молынан енгізетін. Театрдағы негізгі репертуардан бөлек концерттік сахналарда камералық пландағы бағдарлама жасау ісіне әнші ерекше мән берген. Сонымен бірге ол Кеңестер Одағы халықтарының әндерін, Қазақстан композиторларының әндерін орындаған тамаша әншілердің бірі. Танымал өнер адамдары ауыл-қала тұрғындарымен тұрақты кездесулерге барып тұруы, ресми делегация құрамында алыс-жақын шетелдерде жиі шығуы әншіге опера сахнасындағы орындалар партияларынан бөлек концерттік репертуар саны мен сапасын молайтуды қажет ететін. Заман қажет еткен мұндай талапты Күләштей талантты орындаушы үлкен құлшыныспен және зор жауапкершілікпен жүзеге асырады. Қай жерде, қандай сахнада болмасын, мейлі ол үлкен концерттік залда оркестрдің, фортепианоның, баянның сүйемелдеуінде, майдан шебіндегі жүк машинасы немесе танкінің үстінде музыкалық аспап мүлдем болмағанда сүйемелдеусіз a capella орындаған әндері де ерекше талғаммен, жүректен шыққан жылылықпен орындай алған. Әншінің тұрақты репертуарында 30-40-тай ән-романстар болып, талай көрермен тыңдаушыларының ыстық ықласына бөленген. Күләштің орындауындағы «Сараның ариясы», «Ажардың ариясы», «Шіркін-ай», «Гәкку», «Қос қарылғаш», «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», «Ласточка», «Шла девица», «Колокольчик», «Тонкая рябина», т.б. көптеген халықтардың әндері ерекше сезіммен, жүрек қылын тарта отырып тыңдармандарына жеткен. Зор жауапкершілік жүгін арқалаған халық әншісі өзінің міндеттерін халықтың көңілінен шыға білетіндей деңгейде атқарып, қалың бұқара халықтың бұлбұл әуезді әншісі атына сай болып, ылғи халық арасынан  табыла білген.

Халқымыздың сұлулық туралы өзіндік эстетикалық көзқарасы қалыптасқан. Дала халқының эстетикалық көзқарасында сұлулыққа таң қалғанда «» деп айтып жатады. Сонымен бірге «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу» - деген тіркес халқымыздың әдемілік пен сұлулық сыртқы және ішкі болып бөлініп, оның ішкі сұлулығына деген қызығушылық әрқашан терең, мазмұнды, ұзаққа созылып ерекше әсері де мол көрінеді. Солардың ішінде өнер адамына деген халықтың ықыласы ерекше. Оны біз жалпы халықтың сүйікті қызына айналған Күләштің өмір жолы мен шығармашылығынан көреміз.  

Қазақ халқы  өнер дегенде ішкен асын жерге қойған. Өзінің көңілі құлап жақсы көрген талантты ұл-қыздарын ерекше қадір тұтқан. Олар жайлы ерекше сипатталатын оқиғалар, кейде адам сенбес «ғажаптар» да туындап жатады. Бұл көшпенді қазақ өмір салтымен біздің күнге дейін ұласқан ұлттық ерекшелігіміз де болар. Талай ғасырлар бойы халық жадында сақталынып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген аңыз әңгімелер мен жыр-дастандар осының айғағы болса керек. Қазақ көңілі құлаған, шабыт берген, елден ерек қөрінген құбылысқа арнап талай ұрпақ аузының суы құрып айтқан.

Оның айтқан партиялары, сахнада сомдаған образдары, өмірдегі жүріс-тұрысы мен адамдармен қарым қатынасының өзі ел арасында түрлі аңыз әңгімелерді дүниеге алып келді.

Әнші қоғамдық өмірге белсенді араласып, қазақтың ұлттық өнерін дамытуда сан-салалы ісімен көрінген белгілі қоғам қайраткері ретінде көрінді. Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Бейбітшілікті қорғаудың қазақстандық комитетінің мүшесі (1951) болып сайланды. Екі мәрте КСРО-ның ең жоғары марапаты – Мемлекеттік сыйлығының иегері атанып (1948, 1949),  Ленин ордені және Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Қазір Алматы қаласында Күләш Байсейітова атында көше, Республикалық дарынды балаларға арналған арнайы мамандандырылған мектеп-интернат, көше, талантты әнші атындағы тұрақты өткізіліп тұратын кәсіби әншілердің республикалық конкурсы, т.б. бар. Әншінің ғұмыры мен шығармашылық келбеті қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылып ұлттық өнердің жарқын беттері болып ұрпақтар есінде қала бермек.