Мақала
Әбіш Кекілбаев әлемінің театрдағы көрінісі
Фестиваль кезінде Ә.Кекілбаевтай сөз зергерінің туындыларын сахнадан сөйлету оңай еместігіне көзіміз жетті. Сонымен қоса, шынайы суреткердің қолына түссе кез-келген шығарманың сахнадан жарқырап кететініне де куә болдық.
Бөлім: Театр
Датасы: 20.01.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Мақала
Әбіш Кекілбаев әлемінің театрдағы көрінісі
Фестиваль кезінде Ә.Кекілбаевтай сөз зергерінің туындыларын сахнадан сөйлету оңай еместігіне көзіміз жетті. Сонымен қоса, шынайы суреткердің қолына түссе кез-келген шығарманың сахнадан жарқырап кететініне де куә болдық.
Бөлім: Театр
Датасы: 20.01.2017
Авторы: Бақыт Нұрпейіс
Әбіш Кекілбаев әлемінің театрдағы көрінісі

Бақыт Нұрпейіс

Өнертану докторы

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры


Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25
жылдығы мерейлі мерекесі аясында халқымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың
көркем шығармаларын насихаттау барысында Маңғыстау облысы әкімдігі мен
Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен «Әбіш
әлемі» деп аталатын І Республикалық театр фестивалі 2016 жылдың 6-9 желтоқсан
аралығында өткізілді. 

Ұйымдастырушылар өнер сайысына қатысатын
театрлар мен қазылар алқасының мүшелерін және фестиваль қонақтарын  зор ілтипатпен күтіп, мерекелік көңіл-күй
сыйлады. «Аса мәртебелі» актерлер қауымының қуанышында шек болған жоқ. Өйткені
аталмыш фестивальге қатысқан өнерпаздардың барлығы да бір-бірінің өнерін
тамашалап, фестивальдің соңына дейін тарқамады. Осындай шығармашылық бас қосуға
үлкен мүмкіндік жасаған Маңғыстау облысы әкімдігіне алғысымыз зор.

Бұл фестивальде Әбіш Кекілбаевтың
прозалық шығармалары негізінде жасалған инсценировкалар мен жазушы аудармасымен
қойылған спектакльдер көрсетілді. Қарымды қаламгердің жүрдек қаламынан туған  мол рухани дүниені  театр тіліне келтіріп,  сахнадан көрсетуге деген игі  бастаманың осы фестивальден кейін әрі қарай
жалғаса беретініне  сеніміз зор. Иә,
фестиваль кезінде Ә.Кекілбаевтай сөз зергерінің туындыларын сахнадан сөйлету
оңай еместігіне көзіміз жетті. Сонымен қоса, шынайы суреткердің қолына түссе
кез-келген шығарманың сахнадан жарқырап кететініне  де куә болдық.

Киелі Маңғыстау өңірінде дүркіреп өткен фестивальге
С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры (СҚО, Петропавл), М.Әуезов атындағы
академиялық драма театры (Алматы), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма
театры (Ақтөбе), Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық-драма
театры (Қызылорда), Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма
театрлары қатысып  бәйгеге түсті.

Фестиваль
шымылдығын С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Ә.Кекілбаевтың «Махаббат
мұнарасы» деп аталатын шығармасы бойынша қойылған спектаклімен ашты. Спектакль
оқиғасы әлемнің тең жартысын қанға бөктірген қаһарлы Әмірші мен Кіші ханым
арасына  құрылған.  Әмірші бәйбішесі жіберген құрт  түскен қызыл алмаға қарап,  мұны сүйікті әйелінің әлдекіммен көңіл
қосқандығының белгісі деп қабылдайды.  Жорықта
жүрген кезде өзінің құрметіне аспанмен астасқан ғажап мұнара тұрғызған Кіші
ханымға оны салған шебердің ғашық болғаны мәлім болады. Осы оқиғаны сахналық
әрекетке түсірудегі режиссер Баатырбек Шамбетовтың ой түюі, қисынды қиял
толғауы, суретші Садыр Ниязакуновпен бірлесіп сахна кеңістігін еркін игеруі
көңілге қонымды. Режиссер авторлық көркем баяндауларды ішкі қуаты мол диалогқа
айналдырып, драматургиялық қалыпқа түсіргендіктен, кейіпкерлер әрекетін тартыс
желісіне бағындырудан спектакльдің сахналық тұтастығы сақталып, бас-аяғы жинақы
көркем дүние болып шыққан. Ол  спектакльдің сахналық пішінін қызық
ойластырған. Небәрі төрт кейіпкер (Әмірші–Нұрбол Асқаров, Кіші ханым–Зарина Уәлиева,
Жаппар–Думан Адыкенов, Күтуші–Аида Супатаева) қатысатын спектакль оқиғасы
созылып кетпес үшін режиссер жүргізуші рөлін кейіпкерлердің өз иығына жүктеген.
Орындаушылар өз  бейнесін жасаумен қатар,
оның басындағы жағдайды көрермендерге мәлімдеп отырады. Бұл тәсіл спектакльдің
екпін-ырғағын түсірмеу үшін қолайлы болғанымен де, актерлердің  бір көңіл күйден екіншісіне өту кездерінің
анықталмай қалуына әкелген. Сонымен қоса кейіпкерлердің бір-біріне деген
қарым-қатынастары, ойлану-толғану сәттері, сөйлеу мәнерлері режиссер тарапынан әлі
де айшықтай түсуді қажет етеді. Әсіресе, Жаппардың Кіші ханымға деген сезімі
айқын емес.

Десек те, Б.Шамбетовтың шығармашылық аяқ
алысы көңілге сенім ұялатты.  Бірлі-жарым
олқылықтарына қарамастан бұл спектакль режиссердің жазушы прозасынан
драматургиялық тартыс, көркем мазмұн іздеудегі батылдығымен құнды демекпіз.

Бұдан соң фестиваль жалауын әрі қарай
желбіреткен  М.Әуезов атындағы академиялық
драма театры Е.Нұрсұлтанның режиссурасымен қойылған «Король Лир» (сахналық
нұсқасын жасаған М.Омарова) спектаклін көрсетті. Осы тұста аталмыш өнер
ордасының соңғы жылдары жас буын режиссерлердің ізденістеріне жол ашып, олардың
еркін жұмыс жасауына барынша мүмкіндіктер жасап отырғанын айта кеткен орынды.

Иә, эксперимент жасау, соны шешім, тың ой
айтуға талпыныстар әр уақытта қолдау табуы тиіс. Бірақ соның барлығы сахнаға
қойылатын шығарманың өзінен туып, соның көркемдік табиғатына сай келуі шарт.
Бүгінгі таңда дүниежүзі театрлары Шекспир шығармаларын әрқилы сахналап жатқаны
баршамызға жақсы мәлім. Бұрынғы кездегідей тарихи орта тудырған дәуір тынысы,
заман келбеті, ұлттық ерекшелік, типтік мінездерді қаз-қалпында сақтау міндет
болмай қалғаны да жасырын емес. Әр режиссер өзін толғандырған мәселені қандай
театрлық бейнелеу тәсілімен бергісі келсе жеке суреткерлік концепциясы мен
көзқарасына  байланысты жасауға
көшті.  Біз көрген «Лир патша» спектаклі  де
осыған саяды. Спектакль оқиғасы Лир мен оның қыздары арасында өрбиді.
Қойылым басталған кезде сахнаның тура ортасына орналасқан экраннан дуылдап сөйлеп жатқан адамдарға
қарап, қара костюм мен ақ көйлек киіп сахна түбінде қолын оңға бір, солға бір
сілтеп әлденені айтып тұрған адамды көреміз. Бұл–Лир–Д.Ақмолда. Осы көріністен–ақ
режиссердің спектакльдің сыртқы пішінімен әуестеніп, арзан эффектіге бой
алдырғаны қылаң етті.

Шекспир
трагедиясында Лир мен оның отбасын күйреуге соқтыратын жағдайлар терең
суреттелген.  Ал, М.Омарова жасаған
сахналық нұсқада Лирге өз қыздарының неге қарсы болғаны анықталмаған. Мұны
режиссер де нақтылай алмаған. Айталық, спектакльдің алғашқы көрінісінде Лир үш
қызына бірдей қарап, әлпештеп өсіреді. Оларға әкелік мейірімін төгіп мәпелейді.
Ал, түпнұсқадағы Лир трагедиясының себебі – ол басқарған мемлекет заңы, оның
отбасының заңына айналуында. Қолында билік бар кезде өзгелердің тағдырын
шешумен айналысып, тақтан тайған кезде дәрменсіз күйге түсіп,  өзі жүргізген қатыгездіктің құрбаны болып, бауыр
еті балаларына да сыймай ақылынан алжасады. Спектакльде Лир мен оның қыздарының
арасындағы қатынас пьесаның идеясынан, гуманистік ойынан, кейіпкерлер
тұлғасынан ізделмеген. Яғни, сахналық нұсқа әдеби негізден алшақ кеткен. Содан
барып Лир қыздарының   жерді иелене
салысымен күрт өзгерулері режиссерлік тұрғыда ақталмаған.

Спектакльде Гонерилья–А.Сатыпалдиева, Регана–Ж.Жанаманова, Корделия–Д.Үсенова
бір-бірінен аумай қалған. Орындаушылар өз кейіпкерлерінің  мінез ерекшеліктерін, олардың жан дүниесін
диалектикалық даму үстінде  бейнелей
алмады. 

Спектакль финалында  қыздарының жансыз денесіне су сеуіп
тірілтпекші болып әуреленген Лирдің әрекеті, осыдан оншақты жыл бұрын Сатирикон
театрында Юрий Бутусов қойған спектакль шешіміне ұқсап кеткен. Онда қыздарын
өлімге қимаған Лир оларды кезек-кезек
рояльге сүйреп апарып  отырғызбақшы
болады. Ю.Бутусовтың бұл шешімі кезінде
жоғары бағаланған еді. Ал, дәл сол ойдың басқа түрде   Е.Нұрсұлтанда
қайталануын жаңалыққа балай алмаймыз.  Біздіңше,
біреудің өнеріне еліктемеу, басқаның жолын қайталамау, пьесаны өзінше
түсініп өзінше қою – сахна өнері үшін абыройлы құбылыс екенін естен шығармаған
ләзім.

Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма
театры Ә.Кекілбаевтың «Ханша–дария хикаясы» (сахналық нұсқасын жасаған Жаныш
Құлмамбетов) спектаклін ұсынды. Жас режиссер Алмат Шариповтың театрдағы ең
алғашы жұмысы болып саналатын аталмыш спектакль сәтті шықпаған. Қойылымға
қатысқан жас  орындаушылардың Қаһар –
Есет Оразалин, Шыдұрғы – Айдынмұрат Әлимұқан, Гүлбелжің–Әсем Құсайынова, Тұтқын
–Нұрсұлтан Айтқалиевтің  кәсіби актерлік
мектептері тым әлжуаз көрінді. Олардың театр өнеріндегі тәжірибесінің кемдігіненансамбльдік тұтастық  мүлде болған жоқ. Тіпті актерлік шеберліктері
қалыптасқан  Шыңғысхан рөліндегі Кеңес
Кемалбаев пен  Көріпкел – Майгүл
Мұзбаеваға да режиссер дұрыс бағыт бере алмаған. Бір сөзбен айтқанда
кейіпкерлердің барлығы да эскиздік қалыпта қалып, жаттанды сөздерін сырғытып
айтып шығумен шектелді. Спектакльде кейіпкерлердің бір-бірін көруі, өзара
ұғынысуы, сөз тыңдаулары, зейін қою жағы назардан тыс қалған. Нәтижесінде
сахналық жалғандық пен бос жүріске орын берілген.

Ең өкініштісі,  Шыңғысхан туралы түсірілген Уаң Уен Жиенің
фильміне режиссердің көп еліктегені спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап сезілді.
Әсіресе, ханның гримі мен костюмі көзге оттай басылды. Оқиға шашыраңқылығы,
кейіпкерлердің мінез-құлықтарының дараланбауы, қойылымның тыныс-ырғағының бір
ізге түспеуі, көпшілік сахналардың қатып қалған қалпы сіресіп тұруы сияқты
кемшіліктер режиссердің сахналық әрекеттерді ұйымдастыруда шығармашылық
тапқырлық таныта алмағанын көрсетеді.  Әрине,
режиссурадағы алғашқы қадамын енді ғана бастап жатқан режиссерге бірден үлкен
талап қою артық шығар, дегенмен де әр шығарманың өзіне тән сахналық танымы
барын дер кезінде ескерту парызымыз. Алдағы уақытта мұндай Республикалық
деңгейдегі фестивальге театрдың көркемдік кеңесінен өткен, фестиваль
талаптарына толық жауап бере алатын көркемдік сапасы жоғары спектакльді
қатыстырғаны  жөн демекпіз. Себебі жаңа
актерлік, режиссерлік есімдер ашу фестивальдің ең басты мақсатына жатса керек.
Оның рухани, мәдени, шығармашылық құны да осында. 

Байқауға Сартай Жүсіптің «Адам болып өтейін» драмасымен келген Қызылорда
облысының Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры фестиваль көрігін
қыздыра түсті.  Пьеса Ш.Айтматовтың «Найман ана» новелласы мен Ә.Кекілбаевтың «Күйші» повесінің желісі
бойынша жазылған. Спектакль режиссері
Х.Әмір–Темір  аласапыран
жаугершілік заманындағы халық тағдырын, адам қолымен жасалған мәңгүрттіктің
жалпы адамзат баласына жасалған қастандық екендігін жеткізе алған. Спектакльдің
сахналық үлгісін табуда, оның бейнелеу шешімін қарастыруда суретші С.Пірмаханов
та көп ізденген. Екі күрделі шығарманың басын біріктіре білген режиссер
бөлек-бөлек оқиға желісін музыка, жарық, әрекет орнын ауыстырып отыру арқылы
шешкен. Ол дәстүрлі сахналық бейнелеу тәсілдеріне сүйеніп  кейбір әрекеті жеткіліксіз монологтар мен
диалогтерге лайық қимыл-қозғалыс тауып, бір тартыс желісіне бағындыра алған.

Елін жаудан қорғаудың қамын ойлаған Дүйімқара
мен баласын іздеп беубеулеген Күнбала әрекеттері ішкі драматизмге толы. Күнбала
ана рөлін ойнаған Үмүгүлсін Бегімова өз кейіпкерінің ішкі әлеміне  терең бойлаған. Жан алысып, жан беріскен қанды
жорықтардың бірінде ұлынан айырылған ананың қасіретін иланымды жеткізді.
Баласын іздеп жау мекеніне жалғыз аттанған  әйелдің қайсарлығы мен өр мінезін дәл
келтірді. Дегенмен де, жыужандардың қолына құлдыққа түскен ұлының мәңгүртке
айналғанын көрген кезде айтылатын монологы тым солғын шықты. Дәл осы сахнада ананың
кеудесін жарып шығатын өкініш пен жауларға деген жек көрушілік сезім биік
нүктесіне жетпей қалды.

Шилоху рөліндегі Б.Алпысбаев әсерілеу (гротеск)
әдісіне көбірек сүйеніп, сахналық бояуды қалыңдатып берді. Саудагердің алдауына
түсіп масайған  Шилохудың байқаусызда
жыужандардың талай құпиясын жайып салған кезін бет-әлпетін құбылтып, соншама
сұмдықтарды ойлап шығарғандарына масаттанған пасық адамның түрін айнытпай
келтірді. Ол Шилохудың нағыз жалтақ та қорқақ екенін жазаға ұшырайтын сәтте
жан-жағына көмек сұрап қараған аянышты көздерімен, жер тепкілеп жанталасқан
қимылдарымен кескіндеді. Сахнаға небәрі екі-ақ рет шығатын кейіпкердің бүкіл
жан қозғалысы мен  психологиялық
дағдыларын таба білуі актердің шеберлігін танытып өтті. 

Спектакльдегі әр рөлге тоқталып жату
мүмкін емес. Десек те,  Дүйімқара–Ұғым Баймахановтың,
Жоламан–Қанат Архабаевтың, Елті–Зәлипа Төлепованың ойындары даралық сипатымен
ашылған.

Бұл спектакльде  көпшілік сахналарына қатысатын жауынгерлердің
қимыл-әрекеттері белгілі бір үлгімен шектеліп қалған. Сол сияқты Бұлғынның монологы
да тым ұзақ. Алдағы уақытта спектакльдің динамикасын әлі де күшейтіп, кейбір
сахналарды ықшамдай түсу қажеттігі сезіледі.

Фестивальдің
шымылдығын Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры Ә.Кекілбаевтың
«Шыңырау» повесінің желісі бойынша қойылған спектаклімен жапты. Қойылым алғашқы
сахнасынан бастап көрермендерді бірден баурап әкетті.

Режиссер Быйаман Уола Сэргэ Обокуун (Саха
Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Алтын маска» театр сыйлығының
иегері)  шығарманың  өзіндік көркемдік сырын ашумен қатар
құдықшылардың  типтік мінезін  жасауды мақсат еткен. Спектакльдің әрбір
сахнасында  іштей байланыс, мықты
динамика, туынды болмысының философиялық мәні терең ашылған. Оқиғалар үздіксіз
дамып, орындаушылардың  іс-әрекеттері сахналық
тұтастық тауып, негізгі режиссерлік ой-тұжырымға топтастырылған.  Ол мизансценалардың барынша бейнелі және анық
болуына, тұтас қойылымның өзіндік түріне, суреттеу тәсілдерінің өткірлігіне,
сондай-ақ, детальдар мен штрихтардың айқындығына аса мән берген. Оның
режиссерлік қиял жүйріктігі мен тапқырлығы, суреткерге тән сезімталдығы
спектакльдің әр көрінісінен байқалып тұрды. Тіпті, спектакльде Маңғыстау
өңірінде сирек айтылатын әндердің лейтмотив етіп тартылуы оның театр ұжымымен
қоян-қолтық жұмыс жасағанын көрсетіп тұр. Сол тәрізді Еңсептің көрдей қараңғы
құдық ішінде шошынатын сәттерін үрей мен қорқыныш сияқты аллегориялық
кейіпкерлермен беруі де  қойылымның
шырайын аша түскен.

Спектакльдің ой-мақсаты дұрыс анықталып
жеке кейіпкерлер бейнесіне берілген интерпретацияда орындаушылар мен
режиссердің сахналық тұжырымы бір жерден шығып жатуы – шығармашылық ізденістің
нәтижесі екені даусыз. Аталмыш спектакльде актерлердің барлығы өз рөлдерін жете
меңгеріп, беріле ойнады. Атап айтқанда, Еңсеп–Айбек Иманқұлов, Құлжан, Төкен
бай – Кенжебек Башаров, Ханым–Майра Бақбердиева, Байсал бай-Медғат Өмірәлиев,
Дәржан–Сүндет Сәрсен  және тағы да басқа
орындаушылардың ойындары өзара үндестік тауып, әдемі актерлік ансамбль
түзді. 

Қойылымның сәтті шығуына қоюшы суретшісі
Гүлнар Қанафина, хореограф Серік Сариев, сахна қозғалысын қойған Гюль Зиятова
да елеулі еңбек сіңірген.

Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық
драма театрының бұл спектаклі фестивальде көрсетілген спектакльдердің арасынан
шоқ жұлдыздай жарқырап, көрермендерді шаттыққа бөледі. Театр ұжымы өзінің
актерлік труппасының мықтылығын, кез-келген шығарманы еркін игеруге
қабілет-қарымдары молынан жететін паш етті.

Бұл фестивальде байқаудан тыс үш театр
өз спектакльдерін көрермендердің назарына ұсынды. Атап айтқанда,   Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма
театры Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» драмасы бойынша қойылған спектаклін
көрсетті. Жалпы, тарихи драмалардың сахналық кескінін жаңарту, олардың
қойылымдық, көркемдік сипаттарын бүгінгі көзбен, қазіргі түйсікпен зерделеуге
деген  режиссер Г.Мерғалиеваның талпынысы
спектакльдің алғашқы сахнасынан бастап бірден байқалды.

Спектакль оқиғасы мәжіліс залында ғылыми
конференция сипатында басталып, қазақ елінің тағдыры туралы толғамды ойлар
ортаға салынды.  Абылай ханның қазақ
халқының басын қосып, алып мемлекеттердің тырнағына іліктірмей аман сақтап
қалған кемеңгерлігі  бүгінгі жас ұрпаққа тарихшы
ғалымдардың талас-тартыспен өтіп жатқан қызу пікірталастары арқылы жеткізіліп
отырады. Режиссер спектакльдің өн бойында қазіргі тәуелсіздікке қолы жеткен
қазақ елінің осы жолдағы күресінің бүгінгі таңда жалғасып жатқанын көрсете
алған.

Фестивальде Г.Лорканың «Бернарда Альбаның
үйі» спектаклін  көрсеткен Ноғай мемлекеттік
драма театры (Дағыстан Республикасы, Ресей)  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Дағыстан
Республикасының халық артисі Байсолтан Джумакаевтің басқаруымен бірнеше
гастрольдік сапарларға шығып, ноғай мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттап
белсенді қызмет етіп жүргендігінен бұрыннан хабардармыз. Бұл фестивальге  байқаудан тыс
қатысқан театр ұжымының  аталған
спектаклі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.  Спектакль ноғай тілінде ойналғанына қарамастан,
өтіп жатқан оқиға алғашқы сахнадан бастап баурап әкетті. Спектакль режиссері
Б.Джумакаевтің шығарма табиғатына лайық сахналық бояу тауып, әр актердің
ерекшелігін аша білуі, суретшімен, хореографпен жұмысы кәсіби деңгейін танытып
өтті. Дегенмен де, Бернарда Альба рөліндегі актриса өз кейіпкерінің
психологиялық құбылуларын жеткізе алмады. Өркөкірек әйелдің  озбырлығын беруге актрисаның қарымы
жетпегендіктен спектакль атмосферасы түзілмеді.

Драма өнері – ойлану, қиялдау, тебірену,
толғану үдерістері арқылы  жүрекке жетер
күрделі жанр екенін Р.Мұқанованың «Сарра» драмасын қойған Қ.Қуанышбаев атындағы
Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының спектаклі дәлелдей
түсті.
Автор бұл пьесасын  Рабғүзидің
«Қисса-сүл-әнбийя-и» атты пайғамбарлар тарихына ар­налған қиссаны негізге алып
жазғанын өз сұхбаттарында айтқан болатын.
Режиссер Г.Мерғалиева драматург
ойының  түп қазығын назарда қатаң
ұстаған.  
Пьесада Сарраның жан
арпалыстары ішкі монологтарға құрылғандықтан режиссер айрықша шешім табуға ұмтылыпты.
Әрине, бір адамның сезім арпалыстарын бір актрисаға ойнатып, моноспектакль
жасауға да болатыны сөзсіз. Бірақ, режиссер Сарра мен Ажардың
қарым-қатынасын  үш тұрғыдан
қарастырып,  оқиға арнасын кеңейткен.
Сахнаға Ибраһим пайғамбарды шығармай, оның сөздерін  дауыс арқылы берген.

Спектакльде қырық жыл отасқан
пайғамбарға  перзент сыйлай алмаған Сарра
тәуекелге бел буып ұрпақ жалғастығы үшін жарына Ажардай жас аруды әйелдікке
алып береді.
Оның ұрпақ жалғастығын шын жүректен қалағаны соншалықты  өзінің өмірінен артық көретін жарын басқаға
қиюға қадам жасайды.  Бірақ, сол ұрпақ
қамын ойлаған Сарраның әйелдік қызғаныштың отына күйіп, жан азабын бастан
кешіруі спектакльде шынайы көрсетілді. Ерінің жас әйелге көңілі ауғанын көре
алмаушылық алқымынан қысып  санасын сан-саққа
жүгіртіп, көзін қара тұман басады. 

Пьесаның өн бойындағы әйел жанының құпиясына
үңілу сәттерін тереңдету мақсатында режиссер Сарраны бірде  Әз Ана, енді бірде Құт Ана кейпінде
көрсетеді. Спектакльде  Сарра  мен Ажарды сомдаған актрисалардың барлығы да өз
шеберліктерімен тәнті етті.  Сарра- Сая
Тоқманғалиева, Әз Ана
Ләйла БекназарХанинга, Құт АнаМайра Омар, АжарГауһар Жүсіпова, Бибі Ажар Айнұр Бермұ­хам­бетова,
Бикеш
Ал­тынгүл Серкебаева ойындары айрықша атап өтуге
тұрады.

Ұрпақ
жалғастығы үшін әйел адамның қандай құрбандықтарға болсын бара алатындығы,
сонымен қоса қызғаныш пен күндестік бар жерде оны жеңудің оңай еместігі де әр қырынан
көрсетілген. Режиссер суретші Берік Бурбаевпен бірлесе отырып символдық
белгілермен әрленген декорация жасаған. Үлкенді-кішілі қой тастардың арсынан
қолдарына орама жіп ұстап шығатын Сарра мен Ажар өмір жібін ұстап жүргендей
әсер тудырады. Спектакльде қозғалған мәселе бүгінгі күнмен жарасымды үндестік
тапқан. Мұнда ұрпақты көбейту мәселесінің басқа арнада қозғалуы зерделі
көрермендерді өзгеше ойға жетелері сөзсіз.

Жинақтап
айтқанда, Әбіш Кекілбаев шығармашылығын театр тілімен бейнелеуге деген алғашқы
қадам жасалды. Болашақта бұл игі бастама жалғасын тауып, екі жыл сайын
фестиваль өткізіліп отыратын болды. Сонымен, қол бұлғап шақыратын келесі
фестивальде театрларды жаңа белестерден көрегіміз келеді.