Мақала
Режиссер шеберлігі. Қойылымның көркемдік тұтастығы
Қойылымның көркемдік тұтастығы
Бөлім: Театр
Датасы: 27.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Мақала
Режиссер шеберлігі. Қойылымның көркемдік тұтастығы
Қойылымның көркемдік тұтастығы
Бөлім: Театр
Датасы: 27.01.2017
Авторы: Әубәкір Рахимов
Режиссер шеберлігі. Қойылымның көркемдік тұтастығы

Қойылымның көркемдік тұтастығы

Қойылымның көркемдік және стильдік тұтастығы – қойылым тобына қатысқан барлық адамдардың ортақ көкейкесті мақсаттары (идеялары) мен эстетикалық көзқарастарының бірлігіне тәуелді болмақ. Ең бастысы режиссердің дарыны мен талғамына, қатысушы топты ортақ мақсатқа ұйымдастыра білу қабілетіне байланысты болатыны айтпаса да түсінікті. Жалпы, театр ұжымы деген ұғымның өзі ортақ мақсат пен ортақ идеалы бар адамдардың таңдаулы тобынан құралады. Өнерді есепсіз, ессіз сүйген, театрын өзге ештеңеге тең көрмес, ешқашан сатпас, жанкешті жандардың ұжымы! Онсыз театр өнері ешқандай ұшпаққа шықпақ емес.

Қойылымның көркемдік деңгейінен тұтастық көрінбесе, актерлық ойынында үндестіктің орнына ала-құлалық пайда болса, онда ол дайындық барысында әртүрлі тәсілге жол бергендіктен кеткен қателік. Өнер мақсатына қол жеткізудің әртүрлі көзқарасынан туындаған түсініктердің сәйкессіздігі.

Еңліктің бейнесіндегі актриса көрерменін бар болмысымен иландырып отырған тұста, тақпақтата сөйлеп, «батырлығы мен серілігін» көрсете адыраңдап Кебек шыға келсе не болмақ?! Ол тек ойын өрнегінің өзгешелігін ғана көрсетіп қоймай, актердің өнерге, театр өнерінің қасиетті миссиясына деген көзқарасын да көрсетеді.

Актер өзге суреткерлер сияқты іздену барысында көптеген қателікті бастан өткізіп барып белгілі бір межелі нәтижеге жетеді. Үйткені, оның еңбегі – өте күрделі де, рухани еркіндіктен туындайтын, аса ұқыптылықты қажет ететін нәзік жұмыс. Актер – адам жанының қымбат сезім тебіреністерінің жиынтығын әнге бөлеп, жыр етер саз аспабына ұқсас орындаушы. Демек, режиссер – оның құлақ күйін дәл бұрап, пернесін дөп басар шебер.

Пьесаның көкейкесті мақсаты мен көркемдік шешіміне лайықты «құпия кілтті» режиссер таба білгенде ғана актерлармен және өзгеде қойылым тобымен (суретші, сазгер, т.б.) жұмыс оң нәтижесін береді. Кейіпкерлердің жүректеріне жол таба алады. Олардың ойлары мен үміттерінің, қарым-қатынастарының жұмбақ сырларының шешуін табады. Сол кілтпен автордың пьесадағы көтерген мәселесін, шығармашылық мәнерін ғана емес, азаматтық ұстанымын да айнытпай тануға болады.

Драматургияның негізгі айтпағын кейіпкерлердің тартыс-таласындағы қақтығыстан іздеу керектігін жоғарыда атап кеттік. Пьесаның құндылығын қақтығысына қарап бағалаймыз. Кімнің не үшін жан таласып арпалысып жүргеніне көз жеткізсек, пьесаның басты мақсатын пайымдау қиынға соқпайды. Ол үшін әр кейіпкердің іс-әрекетімен, сөздерінің астарына мұқият үңіліп, қажет болса жазып алып қарасаңыз өзі-ақ айқындалып шыға келеді. Пьесадағы қақтығысқа саяси-әлеуметтік, қоғамдық мән бере қарасаңыз көп нәрсеге көз жеткізуге болады. «Шоқан Уәлиханов – аққан жұлдыз!» – десек, актер «аққан жұлдызды» қалай ойнамақ? Қысқа ғұмырында өшпес із қалдырғандығы туралы ойдың көркемдік баламасы. Шоқанның көп нәрсе тындыруға асыққанын – біз тірілігінде кімдер үшін алысып, кімдермен қақтығысқаны арқылы білеміз. Халқына пайда келтіру үшін ақ патшаға адал қызмет етті. Тек қазақ емес, қандас қырғыз бен ұйғыр халқының тағдырына да көмек қолын созбаққа әрекет етті. Мансап қуған шынжыр балақ, шұбар төс ауылдастарына таланды. Берісі Черняев, арысы ақ патша Александр І-мен айқаста алданғанына, бар үмітінің күйрегеніне көзі жетті. Империяға хауіпті жан атанды. Ауыруы асқынып, аяқ асытынан бақиылыққа аттанды!? Мүмкін, «бұратана халықтың» көзі ашық, көкірегі ояу азаматын, қашқардағы Гүлшынарына қашып кетіп, қытай империясына бар құпияны ашып қояды деп күдіктенгендіктен, бақилыққа «аттандырған» болар!?, т.т. Міне, осындай жорамалдар мен тұжырымдар қақтығыс табиғатының кілтін табудан туындайды. Бұл орайда нақты табылған көкейкесті мақсаттың атқарар міндеті орасан зор. Көкейкесті мақсаттың көркемдік идеямен қатар жүретінін жақсы білеміз. «Көкейкесті мақсат – идеяның өзі емес, суреткердің сол ойды адамдардың санасына не үшін кіргізбек болған ұмтылысында. Ол – суреткердің өзіне қымбат идеалдары жолындағы рухани белсенділігі» – дейді К.С.Станиславский.

Қойылымның тұтастығының кепілі – әрекет арқауы. Бірінші көріністегі жан айғайының жаңғырығы соңғы көріністерде де естіліп тұруы керек. Алғашқы көріністерде басталған әрекет соңғы көріністерге дейін қисынды жалғасын тауып, шегіне жетуі керек. Режиссер мен орындаушылар авторлық ойдың көріністен көрініске шашауы шықпай шиыршық атып жетуін қамтамасыз етуі қажет. Әртүрлі эпизодтарда түрліше көрініс табатын қақтығыс пен фактілерді қабыстырып «үйлестіруде» шеберліктің керек екені сөзсіз. «Киноның жетістігі монтажында» деген ұғым бар. Қойылымдағы көптеген бөлек-бөлек көріністердің мақсатқа жеткізер әрекет арқауының үзілмеуін, ортақ екпін-ырғақпен өрбуінің, сахналық атмосфераның сақталуын қадағалаған жөн. Симфониялық музыкадағы полифониялық үндестікке тән заңдылықтың сақталғанын қалар едік.

Адамдардың мінез-құлықын өмірде: «аумалы-төкпелі», «жайма-шуақ», «бұрқ-сарқ», «ызғарлы», «құйын қуғандай», т.т. дегендей атмосфералық құбылыстарға теңеулер арқылы айтып жатамыз. Ал, Шығармашылық атмосфераның жөні бөлек, күрделі де, әсер күші ерекше процесс. Мысалы, «Абай» пьесасындағы «сот» сахнасын алып қарайық: Оразбай мен Жиренше тобы – «ата дәстүрін қорғап» күнәліні (Айдар мен Ажарды: «ата жолын бұзып күнәға батқандарды») жазалап, кінәлінің (Абай мен шәкірттерін: «күнәлілерге дем бергені үшін») сазайын тартқызбақ, Абай тобы – дарынды жастың махаббатына қорған болмақ, Керім – қиын таңдаудың шырмауынан шығудың жолын іздестіруде, Сырттан қарияда кімді қолдарын таразылау үстінде. Сәл ағаттық құрдымға кетіреді, қан төгілмек. Бір-бірінің қабағы мен сөзін аңдыған қарсыластар «өліспей беріспеуге» іштей бекініп, арбасуда... Немесе Керімнің Айдарға у беретін сахнасын қараңыз: тойға жиналған көңілді халық, төрт құбыласы түгенделіп, өзін қанат-құйрығы жетілгендей сезінген ұстазы Абайдың осындай қуанышты күнін қаралы түнге айналдырмақ болған Керімнің қорқынышы мен күйзелісін елестетіп көрсеңіз де жеткілікті. Ақ киізге ирелеңдеп шыққан қара жылан көргендей боласыз. Осы келтірілген екі мысалдан сахналық атмосфераның кейіпкерлердің жан-дүниесінің екіпін-ырғағы арқылы көрініс табатынын анық байқаймыз. Әрине, декорацияның, бутафория мен реквизиттердің, музыка мен дыбыстардың, жарықтың да сахналық атмосфераны көрерменге жеткізудегі орынын естен шығармақ емеспіз. Атмосфераның – ұсынылған шартты жағдаймен, көкейкесті мақсатпен, оқиғалармен тығыз байланысты екені айтпасада түсінікті. Атмосфера өтіп жатқан оқиғаның болмысына, уақыты мен орынына байланысты екені тағы бар. Базардың өз атмосферасы, вокзалдың өзіне тән, жыл мезгілдерінің өзіндік атмосферасы бар. Күндізгі көңіл күйіміз түнгіге мүлде ұқсамайды. Атмосфера – кейіпкердің тіршілк етер ортасы, жүрек лүпілі. Кейіпкердің өзгелермен және өзін қоршаған ортамен қатынасы арқылы көрініс табады. Қақтығыстың атмосфераның құрылымына қатысы бар ма десек? Сөзсіз бар дер едік! Адамның жан-дүниесінің екпін-ырғағы, психофизикалық сезінуі, ой-өрісінің сипаты өзі өмір сүрген ортаның тыныс-тіршілігінен (атмосферасын) хабар береді. Атмосфера оқиғадан туындап ғана қоймайды, сол оқиғаның себебі мен салдары да бола алады. Атмосферасыз қойылымның көркемдік шешіміне қол жеткізу мүмкін емес.

Қойылымның түрі (формасы) драматургияның мазмұнына сай болғаны абзал. Барлық жағынан гармониялық үндестік пен үйлесім тапқан өнер туындысы өзінің көркемдік тұтастығын сақтай алады. Қойылым айтпақ ойымен және мазмұнымен ғана қызықтырмайды, қойылу түрімен, ойналу ерекшелігімен де көрерменді баурап алады. Режиссердің драматург те, суретші де, сазгер де болуына, ол өнер түрлерінің заңдылықтары мен құпияларын жақсы меңгере білгені жөн. Үйткені ол – қойылымның рухани дем берушісі, әрі ұйымдастырушысы.

Режиссер қойылымының шешімінде автордың өзіндік ерекшелігін естен шығармайды. Барлық мақсаттарды нақты қоя білген режиссерлік шешімде қойылымның көркемдік тұтастығы (художственной целостности спектакля) болады. Тәп-тәуір қойылымдар, жекеленген актерлік табыстар, кейбір қызықты режиссерлік тапқырлықтар көзге көрініп жатқанымен режиссер: «не үшін қойдым?» деген сұраққа нақты жауап таба алмаса, спектакльдің көркемдік тұтастығы да болмайды. Айтылар ой шашыраған жерде шығарма қырық жамау шапан киген мүсәпірлікке ұшырайды. Режиссер іс-әрекеттің өрбу өрісін (перспективасын), бағдарын көріп, актерларды соған бағыттай білгені дұрыс. Марафондық қашықтыққа жүгіретін спортшының өз күшін қалай жұмсауды жоспарлағаны сияқты режиссер да қойылымның перспективасын білікті түрде жоспарлағаны дұрыс. Көрерменді қойылымның басынан аяғына дейін бір секундта ес жиғызбас екпін-ырқақпен баурап алуды ойланғаны жөн. Оған түпкі мақсатқа кідірссіз ұмытылу арқылы қол жеткізуге болады. Бірақ, бұдан бір сарындылыққа (монотонность) бой ұру керек деген ой тумауы керек. Ұсынылған шартты жағыдайға байланысты іс-әрекеттің ауқымы мен екіпін-ырғақтың сан түрлі болуы көрерменді жалықтырмай қызықтыра түседі. Қойылымдағы барлық көріністердегі шешімдеріміздің ортақ композициялық құрылымын тауып басын қоса білгенде көркемдік шешім пайда болады.