Анар Еркебай. Тбилиси фестивалінің жаңашылдығы

2009 жылы құрылған Тбилисийлік халықаралық театр фестивалі әрдайым шығармашылық ізденісте жүретін инновациялық суретшілерді шақырып, еуропалық және азиялық театр арасында көпір орнатуды көздеген.

Бертольд Брехт "Заңдастырылған заңсыздық"

Анар Еркебай

Өнертану кандидаты

М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты

Театр және кино бөлімінің аға ғылыми қызметкері



Жыл сайын қыркүйектің аяғы мен қазанның басында өтетін Тбилисийлік халықаралық театр фестивалі фестиваль Грузияның мәдени өміріндегі елеулі жаңалық болып бүкіл әлемнің театр сүйер қауымын өзіне қаратып отыр. Өйткені фестивальдің арқасында  театрлардың көркемдік деңгейі өсіп қана қоймай, режиссерлер мен актерлер арасында танысу, идеяларымен алмасу процесі жүріп, халықаралық байланыстар орнатылады. 2011 жылдан бастап бұл фестиваль (Tbilisi International Festival of Theatre) Еуропалық фестиваль ассоциациясының мүшесі болып Кавказ аймағындағы ең маңызды арт‑форумдарының бірі мәртебесіне ие болды.

Тбилиси халықаралық театр фестивалі бірнеше іш‑шаралардан тұрады: Халықаралық бағдарлама, халықаралық NEW бағдарламасы, грузиялық Show‑case, Кавказ бен Қаратеңіз аймағының жаңа арт‑нарығы, сонымен қатар түрлі тренингтер, шеберлік кластары, фестиваль келіссөздері мен фестиваль клубыда  әрдайым жұмыс жасайды.

Халықаралық бағдарламасында Еуропа, Азия мен Американың ең танымал театр труппалары өз қойылымдарын ұсынады. Және жыл өткен сайын фестивальдің жағрапиялық ауқымы кеңее түсуде.

Тбилиси халықаралық фестивалінің ең басты шарасы – Грузиялық Show‑case  бағдарламасы өз ұлт театрының әлемдік мәдени желіге интеграциялауды мақсат тұтады. Бұл грузин театрлары үшін жаңа қарым‑қатынастар мен таныстықтардан басқа, бірлескен жобалар жасауға, шетелдік қонақтарды шақырудың арқасында өзінің ұлттық өнерін насихаттауға, басқа да фестивальдер мен шараларға шақыру алуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама драма қойылымдарымен қатар, жаңа драматургияны, заманауи би мен шығармашылық эксперименттерді ұсынады.

Шыны керек, грузиялық Show‑case  өз ролін жақсы орындап келеді. Бұл бағдарламаны тамашалап, бақылау үшін шетелден шақырылған театртанушылар мен режиссерлер, продюссерлер мен менеджерлер, халықаралық фестивальдің өкілдері үй‑үйіне қайтқаннан кейін жаңа грузин драматургиясын оқып, режиссерлерін спектакль қоюға, ұнатқан спектакльдерін фестивальдарға шақырып отыр. Осындай халықаралық мәдени байланыстардың арқасында театрлар да еуропалық үлгідегі қойылымдарды мейілінше жақсы қоюға тырысып, бой түзеп, басқа театрлармен бәсекелестік ырғақта жұмыс істеу жүйесін қалыптастырып, ұлттық театр өнерін жоғары деңгейге шығаруына түрткі болып отыр. Сондықтан да бұл бағдарламаның өмірлік маңызы өте зор болып отыр.

2016 жылы грузиндік Show‑case  ТМД, Балтық, Франция, Германия, Израиль, Иран, Финляндия, Түркия, Үндістан, Польша, Оман сұлтандығы, Греция, Бельгия, Австрия, т.б. елдерден 50-ге жуық қонақтарды күтіп алды. Қазақстаннан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері, театртанушылар, өнертану кандидаттары Амангелді Мұқан, Гүлнар Жұмасейітова, Анар Еркебай қазанның 4-8 аралығында өткен бұл фестивальдің өте сәтті және қызықты қойылымдарын тамашалап, жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс‑шараның куәгерлері болып қайтты.

Фестивальға ең көп қойылыммен қатысқан Котэ Марджанишвили атындағы мемлекеттік драма театры болды. Түрлі жанрдағы, театрлық формадағы бұл спектакльдер бүгінгі драма театр актерлерінің бар мүмкіншіліктерін ашып көрсетті.


Генрих Бель "Катарина Блюмнің жоғалған ары"

Марджанишвили театры ұсынған атақты неміс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Генрих Бельдің "Катарины Блюмнің жоғалған ары" атты повесінің желісі бойынша қойылған спектакльдің режиссері Михаил Чарквианидің шешімі өте ерекше болды. Шығарманың негізгі идеясы – құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының адамның жеке өміріне, оның ойына, іс‑әрекеттеріне бас сұғуы. Осыдан зорлық‑зомбылықтың қалай дүниеге келетінін де көруге болады. Бүгінгі әлеуметтік желілер арқылы кімнің не істеп, қайда барып, кіммен кездесіп, не айтқанын біліп отыратын жастарға сол адамның өмірінің жеке кеңістігіне киліккенінің зардабын баяндайды.

Қойылымның басты кейіпкері қарапайым қызметкер Катарина Блюмнің жақсы көріп қалған жігіті банкті тонап қашып кетеді. Сондағы Катаринаның полициялық тергеу, журналистердің сұрақтары мен болжамдап жазған пікірлерінен қаша алмай, өз кінәсіздігін түсіндіруге тырысқанымен темірдей қатты жүйенің торынан шыға алмай ақыры қыр соңынан қалмаған журналисті өлтіреді. Қоғамның қатыгездігі адамның психологиясының өзгеруіне, психикасының құлдырауына әкелуін режиссер Катаринаның бейнесі арқылы керемет жеткізген. Режиссер адамның өмірін бақылау, оның артынан қадағалау да зорлық‑зомбылық секілді қылмыстың бір түрі деп шешкен.

М.Чарквиани ойланбай интернетке видеоларды енгізетін адамдар осы қойылымды көрсе олар өздері салған, түсірген бейне‑блогтардағы адамдардың не сезетінін, біреудің жеке өміріне рұқсатсыз кіруге болмайтынын түсінетін шығар деп айтады. Қойылым адамдардың жеке өміріне мәдениетсіз тұрғыда килігіп, түсіріп баршаға жайып отыратын БАҚ құралдарына қарсы ашқан соғыс іспеттес. Әр адамның өміріндегі ең қымбаттысы – өзінің шешімі, өзінің таңдауы, сондықтан да бұған араласуға ешкімнің де құқығы жоқ.

Режиссер қойылымды үйреншікті сахнада емес, театрдың кең кеңістікке құрылған залда  қойған. Көрермендер қойылымды кейіпкерлермен қатар жүріп тамашалап, өздері де өтіп жатқан оқиғаның бір бөлшегіне айналады. Актерлердің дәл қасында болып, олармен бірге отырып-тұрып, арттарынан жүруі арқылы режиссер көрерменді де сол журналист-репортерлер, блогерлер іспетті тыңшы қылып қойғандай. Бір уақытта әр жерде бірнеше оқиға өтіп, залдың ортасындағы есіктің ар жағындағы пәтердің ішінде болып жатқан әрекетке сол есіктен сығалатып қаратуы арқылы режиссер қойылымның жаңаша түрін ұсынған. Сондай‑ақ, залдың әр жерінде тұрған теледидар арқылы өтіп жатқан оқиғаны көрсетуі бүгінгі теледидар мен интернет жүйесіндегі біреудің сыртынан түсіріп алған видионы тамашалап отырғандай сезіміңді күшейте түседі.

Бұл қойылым грузин театрының заманауи тақырыпты көтеруімен қатар, режиссерлік ізденістің тың идеяларымен, сахна кеңістігін жаңаша игеруімен, көремен мен актерлердің арасындағы тығыз қарым-қатынасты орнатуымен ерекшеленді.


Важа Пшавела "Қожайын мен қонақ"

Сандро Ахметелли атындағы драма театрының сахнасында жас режиссер Ираклий Гогияның Важа Пшавеланың  «Қожайын мен қонақ» атты әфсәнасы бойынша қойылған спектаклі нағыз ұлттық колорит пен салт-дәстүрді көрсеткен дүние болды. Қойылым бойында грузиннің халық музыкалық аспаптарының: доли, чунири, пандури, чонгури әуені полифониялық үйлесім тауып тау халқының мінез ерекшелігін ашуға үлкен септігін тигізген. Қара көйлек киген қыз-келіншектердің осы аспаптарда орындап, мерт болған еркектерін сыңсып жоқтауы да ұлттық менталитетті, салт-дәстүрді керемет жеткізеді. Қойылымның тұрмыс-салттық суреттеуден шарттылыққа ойысқаны, сахналық бейнелеу үлгінің ұтымды табылғаны көрермен қауым мен өнер адамдарынан қолдау тапты.


Резо Габриадзе "Де Фантье маршалының гаухары"

Осы жылғы фестивальға Резо Габриадзенің қуыршақ театры өзінің танымал «Де Фантье маршалының гаухары» қойылымымен қатысты. Бұл атақты Авксетий Цагарелидің «Ханумасының» жалғасы секілді. Қызықты шытырманға толы оқиға, фантастикалық сюжет, күлкілі диалогтар Габриадзе қойылымының негізі. Сондай‑ақ, қуыршақтардың бойлары әр түрлі, мәселен князь Пантиашвилидің бойы қуыршақ театрының кішкентай сахнасымен бірдей болып тұрса, қалған қуыршақтар одан әлде қайда кішкентай болуы, сахналар артқы перденің көмегімен ауысуы, соңында Эйфель мұнарасының көтерілуі, тіпті жүргізуші көрерменге тым қатал болмауын өтінуі, яғни барлығы өте қарапайым түрде шешілсе де, қойылымның негізі – режиссердің отанына, Тбилисиге деген махаббатын айдан анық көрсетіп тұр.


Давид Тавадзе "Прометей. Тәуелсіздікке 25 жыл"

Корольдік квартал театрының ұсынған «Прометей: тәуелсіздікке 25 жыл» атты қойылымында өз оқиғасын, тарихын айтып жүрген төрт жігіт пен төрт қыз – тәуелсіздіктің құрдастары. Әр кейіпкер антик мифологиясының қаһарманы Прометей секілді бұғауланған. Батыл шешілген саяси трагедия бүгінгі көрерменнің мыңдаған сұрағына жауап іздеуге көмектесуге талпынады. Қойылымның авторы әрі режиссері 25 жасар Давид Тавадзе бүгінгі таңда тек Грузия емес, шетелде танымал дарынды жігіт. Оның әр қойылымы жаңалық болып отыр.

Нодар Думбадзе атындағы театрдың Шекспирдің «Түкке тұрғысыздан көп дау» комедиясында режиссер Димитрий Хвтисиашвили «театрдағы театр» тәсілін қолданып, ырғақты музыка, қанық түсті сценография мен эклектиканы ұштастырып қызықты шоу жасап шығыпты. Классикалық мәтіннен мүлдем ауытқымаған режиссер қойылымға заманауи үн берген.


Шекспир "Король Лир"

Ал, М.Туманишвили атындағы киноактер театрында тамашалаған «Король Лир» қойылымы жақсы режиссерлік ой‑тұжырымға бағынып, шебер актерлік ойынымен ерекшеленді. Әсіресе, атақты Зураб Кепшидзе Лирдің әр сөзіне, қимыл‑қозғалысына, психологиялық өзгерістеріне үлкен жауапкершілікпен келген. Қойылым режиссері

Зураб Гецадзе әйгілі трагедияға эксперимент ретінде қарамай, керісінше оның философиялық тереңдігін, адамдар арасындағы қарым‑қатынасты, әке мен бала арасындағы байланысты ашуды көздеген. Нақты мизансценалармен, режиссерлік тапқырлықпен ол актерлерді сахнада шын мәнінде ойната білген. Әр актер кейіпкерінің дара тұлғалық қасиетін ашуға бар күшін жұмсаған. Актерлік ансамбль мен түрлі көркем бейнелер галереясын ұсынған спектакль таза да нақты режиссерлік қойылым болды.

Ш.Руставелли атындағы мемлекеттік театры Бертольд Брехттің «Біріңғай жағдай және ереже» атты пьесасын «Заңдастырылған заңсыздық» деген атпен дүниежүзіне танымал Роберт Стуруаның режиссурасымен ұсынды. Бұл шығарма өмірдің қатаң шындығы мен өзекті мәселелерін көрсетеді. Құмды шөлдің ортасында мұнай кен орны табылғанын естіген ірі мұнай компаниясының иесі Карл Лангман екі көмекшісімен сол жаққа аттанады. Жол жөнекей өзінің бір көмекшісінен күдіктеніп, өзіне су ұсынған құтыны таспен ұрып өлтірмекші екен деп жігітті атып өлтіреді. Өлген жігіттің әйелі Карл Лангманды сотқа бергенімен де, сот мұнайшыны ақтап шығады. Өйткені адамгершілік, рақымшылық сынды қасиеттер бүгінгі өмірде жындылықтың ғана белгісіндей болып қалған...

Роберт Стуруа қойылымда шығарманың жанрына сәйкес абсурдтан ауытқымаған. Бүгінгі саяси жағдайды ашық көрсете отырып мысқыл мен өткір сатираға толы, сахналық шешімі бойынша саяси батылдық пен қатар театрлық шоу үйлесім тапқан.


Шолом Алейхем, Гурам Батиашвили "Бегалют. Қуғында жүру"

Грузин бағдарламасы ұсынған репертуардың ішіндегі ең тамаша қойылым – Марджанишвили театрының Шолом Алейхем мен Гурам Батиашвилидің шығармалары бойынша «Бегалют – Қуғында жүру» болды. Режиссері қазіргі Грузия мен шетелдерге танымал Леван Цуладзе. Қуғында, нақтырақ Ресейде жүрген екі еврей отбасының басынан кешкендерін әңгімелейтін қойылым көркемдік деңгейі өте жоғары әрі тарихы шындықты ашық көрсетті. Бірінші бөлімін комедиялық жанрда, екінші бөлімін трагедия жанрында шешілген. Актерлер бір ауыз сөзсіз, тек ым‑ишараның, пластиканың көмегімен бүкіл оқиғаны, кейіпкерінің жан‑дүниесін ашып көрсетті. Актерлердің мәнерлі мимикасы, айқын көзқарасы, қойылымның ырғағына, музыканың үніне толықтай бағынған пластика таңқалдырмай қоймайды.

Үй ішіндегі кіші‑гірім жанжалдар, балалардың ойыны, бірінші махаббаттары өте қарапайым әрі дәлдікпен жеткізіледі. Бұның барлығы ойнақы еврей әуенімен көркемделіп, актерлердің ырғақты қимыл‑әрекетіне керемет септігін тигізді. Ал, орыс көршілері паңданып шыққан кезде олардың ұлттық әуені қойылып, бірден сахна мен әрекет атмосферасы өзгеріп шыға келеді. Екінші бөлімде ержеткен балалардың өміріне орыстардың араласуы, олардың моральдық мінез‑құлығының өзгеруіне септігін тигізіп, ақырында жылдар бойы көрші болып келгендеріне қарамастан бүкіл үрім‑бұтағымен еврейлерді қырып салу сахналары өте әсерлі. Үйлерін өртеп, шалды тепкілеп, жастарын пышақтап жатқан кезде сахна қызыл қандай лаулап, ар жағынан патшалық Ресейдің әнұраны естіліп жатуы қорқынышты. Осы екінші бөлім қойылымның әлеуметтік‑саяси және көркемдік ауқымын кеңейтіп, оның сәтті сахналық үлгісін құраған.

Режиссер Л.Цуладзе қиялының жүйріктігінен туған әр көріністерде әрекетті ірілендіріп жинақтауға, қарапайым оқиғаға күрделі драматизм берілгені көрініп тұр. Бір сөзі жоқ спектакльде режиссер ойының мазмұндылығын көрсететін ізденістер мен тапқырлық, бұрынғы дәстүрге жалтақтамайтын шығармашылық батылдық жетерліктей.

Режиссура мен актерлік орындаушылық өнер арасында көркемдік бірлік, сахналық тұтастық керемет сақталған. Режиссер өзінің тамаша ой-тұжырымын актер ойыны арқылы толық жүзеге асырған.

Фестивальдің грузиялық бағдарламасына ұсынылған 23 қойылымды төрт күнде қарап шығу мүмкін емес. Дегенмен де, ұсынылған спектакльдердің бәрін қарауға күш жұмсадық. Жоғарыда сөз болған дүниелер, ізденісімен, жаңашылдығымен есте қалғандары. Грузин режиссерларының тек бүгінгі тұрмыстық‑әлеуметтік қана емес, сонымен қатар саяси өзекті мәселелерге өткір әрі батылдықпен келуі таңқалдырды. Сонымен қатар, фестивальға ұсынған осы қойылымдадың режиссерлерінің бір‑екеуі ғана сахна корифейлері болса, қалған барлығы жастар екені қызғанышпен қаратты.