Әубәкір Рахимов. Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін (XIX)

Жаңа қойылымның дайындық жұмыстары

Әубәкір Рахимов

Театр режиссері,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор



Жаңа қойылымның дайындық жұмыстары

Жаңа қойылымның нәтижелі болуы, дайындық жұмыстарын нақты ұйымдастыра білуге байланысты. Театр басшылығы режиссер мен суретшінің, композитор мен актерлардың, т.б. ізденістері мен дайындықтарына кететін уақытты есептей отырып жоспар жасағанда, пьесаның күрделігі де, өздерінің орындаушылық мүмкіндігі де ескерілулері керек. Режиссер өз кезегінде: «үстел басында», «ақырындап әрекетке көшкенде», «сахнаға шыққанда», декорация, жарық, музыкаларын қосып «қойылымның соңғы дайындықтарына» шыққанға дейінгі аралыққа қанша уақыт кететіндігін дұрыс есептей білуі қажет. Аяқ астынан кездесіп қалатын кедергілерді де ойыластырып, қосымша уақытты да жоспарға кіргізгені дұрыс. Әрине, алдағы жұмыс барысының қалай боларын толық болжау мүмкін болмас. Шығармашылық жұмыс, жоспармен жүзеге асыратын өндірістік орын емес. Солай дегенімізбен, қойылымның дайындығын жоспарлап, жүйлі жұмыс тәртібіне бағынуымызға тура келеді. Бұл шығармашылық топтың «Ұзын арқан, кең тұсауға» салынып жүруіне мүмкіндік бермей, белсенді түрде тер төгуін қамтамасыз етеді.

Дайындық процессін нәтижелі ұйымдастыру үшін режиссерлік қадамын алғаш бастаған жас маманға кеңес ретінде мынаны айтуға болады: пьесаны оқиғалар легі бойынша көріністерге бөліп, ондағы қатысатын рольдер мен орындаушыларды, эпизодтардың көлемдерін қағазға түсіріп, кестелеп жазу керек. Мұндай кестеден пьесаның құрылым еркшеліктерін, қақтығысытың басы мен шарықтау шегін және шешілуін аңғару қиын емес. Бұл дайындықты дұрыс ұйымдастыруға да аса пайдалы болмақ. Мұндай кестені актерларға, режиссердің асиссентіне, көмекшісіне, труппа жетекшілеріне таратып беруге болады. Ал, екініші кестені режиссер өзі үшін жасауы керек. Онда:

1) пьеса туралы дайындыққа дейінгі ізденіс (зерттеу), 2) актерлармен талдау («әрекетті талдау» тәсілі және өзге ойларды ортаға салу), 3) ақырындап әрекетке көшу, 4) мизансценаларды ойластырып, табу, 5) тапқандарыңды актерларыңның меңгеруі, 6) қойылымды жинақтау, 7) соңғы дайындықтар сияқты жұмыс кезеңдері белгіленуі керек. Бұл да жұмыс барысын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Дайындық  барысында екінші құрамдағы актерлардың да тең дәрежеде репетиция алғаны мақұл. Жалпы, мұндайда режиссердің актерларды құрамға бөлмей жұмыс істегені дұрыс. Спектакль шығар кезде ғана кімдер қай құрамда ойнайтынын, әр орындаушының қойылымдағы көтерер жүгін қаншалықты игергеніне байланысты белгілеп, бәрін бірдей ойнатпай бір-екіден біртіндеп ойнату керек. Дайындығы нашар, кейіпкері пісіп-жетілмеген актерді асығыс ойната салу, қаншама дарынды болсада оның шығармашылығына балта шабумен бірдей. «Нашар актер» – деген атқа қалдыру екенін режиссердің түсінгені абзал. Уақыттың тарлығына байланысты екі, кейде үш құрамдағы орындаушыларға бірдей репетиция беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, басқа құрамдағы орындаушылардың дайындыққа міндетті түрде қатысып, көріп отырғаны жөн. Кейде, залда отырған екінші құрамдағы актерлардың сахнадағылардың жасағандарын айна қатесіз қайталап шығатыны бар. Қаншама жақсы болғанымен одан сахналық бейне тумайды. Бейнені әр актер өзіндік ерекшелігіне, түсінігіне байланысты жасайтынын ұмытпауымыз керек.

И.Туманов, Г.Товстоногов, М.Захаров, О.Ефремов, А.Гончаров, Ә.Мәмбетов, т.б. көптеген режиссерлар негізгі орындаушыларды екі құрамда тағайындамайды. Үйткені, әр актер жеке тұлға болғандықтан олардың әрқайсысына жеке-жеке мақсат пен мизансцена, жарық пен музыка, киім мен грим, тіпті бөлек қойылым жасау керек. Белгілі бір жағдаймен спектакльге келе алмай (мысалы: ауырып қалған) қалған актердің орнына не істемек керек? Ондайда, басқа актерді  қойылымға тез арада кіргізу, барлық орындаушылардың жинақылығын қажет етеді. Иненің ұшында жүргендей хал кешеді. Мұқият болуға тырысады. «Не болар екен? Қалай ойнар екен?» – деген толқу үстінде болады. Міне, бұл қойылымның биік дәрежеде өтуіне де оң әсерін тигізері сөзсіз. Өз кезегінде мұндай қажеттілік ойнаған актердің жаңа бір қырын ашуы да мүмкін.

Дайындық жұмыстары басталып, болашақ қойылым туралы ұғым қалыптаса бастаған шақта декорацияның макеті мен киімдердің эскиздері де дайын болады. Оларды қабылдау кезінде режиссер мен суретші мұндай шешімге не үшін келгендерін айтып қорғайды. Техникалық жағынан қалай жасалу керек екенін қойылым бөлімдерімен ақылдасады. Ештеңені ұмыт қалдырмай,  қолға ұстайтын ұсақ бұйымдарға дейін талқылап, тізімдері мен чертеждерін жасайды. Кейіпкерлердің портреттік бейнесі айқындалған тұста грим туралы (парик, сақал-мұрт, т.б.), режиссер, актерлар, суретші, гримерлар болып ақылдаса отырып ізденгені жөн.

Дайындықтың әрекетке көшу кезеңінде репетиция өтетін жердің болашақ декорацияға лайықталып безендірілгені дұрыс. Мұның белгілі бір дәрежеде мизансцена құруға, орындаушылардың сахнадағы болашақ декорацияны тез меңгеруіне жеңілдік тудырады. Сондай-ақ, қажетті реквизттер мен киім киіп дайындалудың кейіпкер бейнесін іздеудегі үлесі зор болмақ. Бір сөзбен айтқанда бұл кезеңдегі дайындықты, сахнадағы толық безендірілу шартына жақындату.

Декорациялар дайын болған сәтте режиссер оны сахнаға құрып, кем-кетігін түгендеу үшін қойылым бөлімдеріне мүмкіндік беріп, өзінің соңғы талап-тілектерін айтуы керек. Сахнаға берілер жарықтың партитурасын: мизансценаларға актерларды қойып арнайы іздестіру арқыл жасау керек. Бұл күндері техникалық мүмкіндіктердің берері мол болғандықтан, жарықтың атқарар міндеті орасан зор. Әр қойылымның өзіне тән ерекше жарық беру тәсілі болуы керек. Үйткені, жарық – көркемдік ойды жүзеге асырар режиссер тәсілінің бір бөлігі.

Соңғы дайындықтарды (генеральные репетиции), декорация, киім, грим, жарық, музыка, реквизиттармен еш тоқтаусыз өткізу барысында «ата-аналар» мен билет таратушыларды, фото-телетүсірушілерді, тілшілерді шақыруға болады. Олар ертеңгі қойылымды «жарнама жасайтын» театрдың жанашырлары екенін естен шығармаған жөн. Ал, қойылым туралы рецензия жазуды ойлаған сыншының режиссердің дайындық процесстеріне үзбей қатысып, ойына қанып, қойлымды толық зерттеп, зерделеп барып жазғаны құба-құп болар еді. Сонда ғана сыншы еңбегінің өнерге қосар үлесі зор болмақ. Бізде өкінішке орай көбіне сын емес, тарихты, қойылым туралы талдауды емес, фабуланы жазатын сауатсыздықты көп кездестіруге тура келеді. Театр сыны – ғылми тұрғыдан зерттеу және театрдың уағыздаушысы, қамқорышысы. Арнайы білімді қажет ететтін құпиясы көп, күрделі мамандық. Режиссураны, актерлық өнерді, безендірлуді, т.б. терең түсінетін білікті де, білімді жан. Ал, бізде өкінішке орай бұл мамандықты репортаж жазатындар малданып жүр.  Олар жазбасын деуден аулақпын. Жарнама ретінде, өнер әлемінің бір жаңалығын жұртқа жеткізудің жолы ретінде жазсын. «Жақсы немесе нашар қойылым», «көш жүре түзеледі» дегендей, жаттанды сөздермен шала-шарпы баға бермесін. Олай ету қылмыспен барабар. Режиссер мен орындаушылардың ойларына қансын, пікірлессін, сонан кейін жазсын. Қойылымның бағасын  көрермен халықтың беретінін ұмытпасын.

Премьера болатын күн – театр ұжымы  өз еңбегінің ең басты сыншысы мен қамқоры болып саналатын көрерменіне есеп беретін, емтихан тапсыратын сәті. Режиссердің спектакль алдында барлық (актерлары, техникалық қызметкерлері бар) орындаушыларға сәттілік тілеуі мен кейбір сәттерге көңіл бөлу жөніндегі талаптары, олардың ісінің аса маңыздылығын сезінуі, жауапгершілігін артырады. Орынсыз қобалжудың қажеті жоқтығын түсіндіру сенімдерін нығайтып, көңілдеріне демеу береді. Актерлардың ойыны мен қатар қосалқы бөлім қызметкерлерінің ұйымдасқан нақты жұмыстары режиссер ойының көрерменге өз дәрежесінде толық жетуінің басты кепілі. Бұл тұста бірінсіз бірінің болмайтыны анық.