Әубәкір Рахимов. Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін (ХХ)

Қойылым дайындығын ұйымдасытырушылардың міндеттері

Әубәкір Рахимов

Театр режиссері,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор

Қойылым дайындығын ұйымдасытырушылардың міндеттері

Болашақ режиссердің театрдағы жұмыс топтары мен олардың қойлым барысындағы атқарар міндеттері туралы білгені дұрыс. Сонымен, театр ұжымының құрылымы:

а) дирекция және көркемдік жетекші;

ә) шығармашылық құрам – труппа, режиссура, суретшілер, режиссерлік басқарма (режиссерское управление);

б) музыкалық бөлім – дирижерлар, оркестрдің артистері, бишілер мен әншілер тобы (Қазақстандағы музыкалы театрлардың кейбіреуінде әншілер ансамбльдері де болуы мүмкін);

в) әдебиет бөлімі;

г) мұражай бөлімі;

д) көркемдік-қойылым бөлімі – сахна жұмысшылары, жарық берушілер, тігіншілер (киім, бас киім, аяқ киім) мен киім берушілер, гримерлар, дыбыс операторлары, бутафория мен реквизит жасаушылар, ағаш және темір ұсталары, бояп өңдеушілер, макет жасаушылар, аудио-видео операторлары;       

е) администрация бөлімі – администрация, билет кассасы, билетерлер, гардероб қызметкерлері, өрт қауіпсіздігі, күзетшілер, тазалық жүргізушілер, буфетшілер;

ж) инженерлік-құрылыс бөлімі – инженерлер, техниктер, ағаш ұстасы, құрылыс және қосалқы шаруаларды атқарушылар;

з) қаржы-жоспарлау бөлімі – жоспарау, бухгалтерия;

и) қызметкерлер бөлімі, жабдықтау бөлімі, қойма, тұрмыстық-әлеуметтік бөлім болып бөлінеді.

 

Әр қайсысының атқарар міндеті әртүрлі болғанымен, ортақ мүддесі бір. Ол – қойылым шығарып, халыққа қызмет көрсету.

Қойылым дайындығын сауатты ұйымдастыра білу белгілі бір топтың жұмыла тер төккеніне тікелей байланысты. Бұл топқа режиссер мен актерлардан өзге режиссердің көмекшісі, оның ассистенті, шығармашылық құрамның жетекшісі және әдебиет бөлімі кіреді. Қойылым барысында олардың атқарар шаруалары шаш етектен екені даусыз. Енді олардың міндеттеріне қысқаша тоқтала кетелік.

Режиссердің көмекшісі. Режиссердің оң қолы, сахна сыртындағы сенімді өкілі. Орындаушылар тобымен және актерлармен арадағы дәнекер болатын адам. Дайындық пен қойылымға қатысушылардың барлығы үшін оның айтқаны мүлтіксіз орындалуға тиісті. Оның беделі – құқықы мен міндетіне ғана емес, қоюшы режиссердің дайындық немесе қойылым барысындағы оған деген сыйластық, сеніміне де тікелей байланысты. Көптеген режиссерлар, тіпті актерлар да өздерінен кеткен қателіктерін көмекшіден көріп, кәрін төгіп жатады. Бұл түбегейлі дұрыс емес. Театрдағы әр қызметкер мейлі ол актер, мейлі қарапайым сахна құрушы болсын өз міндетіне жауап беруі керек. Олардан оны талап ету режиссердің көмекшісінің міндеті. Ол өз кезегінде театрға нағыз берілген, өз жұмысына суреткерлік көзқараспен қарай білетін, ұйымдастырушылық қабілетке ие жанашыр адам болуы керек.

Өзіне берілген билікті жемісті жұмыс үшін, орнымен, айғай-шусыз, аса мәдениеттілікпен орындағаны жөн. Мәдениеттілік таныту – тәртіпті босаңсыту, қатаңдық көрсету – шолақ белсенді боп шошаңдау еместігін саралай білгені абзал. Оған театрдағы қойлымдардың бүге-шігесіне дейін білуіне тура келеді. Үйткені ол спектакльдің партитурасын: актерден бастап, жарық берушілердің, музыкаға жауаптылардың, реквизит қызметкерлерінің, сахна жұмысшыларының не істеуі және қай уақытта, қалай орындауы керектігіне дейін жатқа білуге тиісті. Сахнадағы өтіп жатқан іс-әрекеттерді аса мұқият бақылап отыру, кездейсоқ жағыдайда жылдам шешім қабылдап, бірден көмекке келуге дайын болуы керек. Өзгенің қателіктерін дер кезінде түсіндіріп, қойылымға нұқсан келтірмеудің жолдарын қарастыруы шарт. Жан Вилар режиссердің көмекшісін кезкелген ауа райында  өз орнынан табылатын кеме капитанына теңейді: «...аздап актер, көбірек электротехниканы түсінетін  механик, ең бастысы оқып-тоқығаны мол, дайындық сәтіндегі ізденістерді белгілеп жазып отыратын, қойылым жасауға көмек берумен өмір сүретін адам. Ол суретші де, мүсінші де, жолы болмаған жазушы немесе мақсатсыз журналист те емес. Ол – өзінше бір режиссер. Театр – оның жеп отырған наны» – дейді.

Дайындық барысында көмекші өз қолындағы пьесасына қажетті ескертпелерді, өзгертулерді белгілеп, жазып отыру керек. Спектакльдің премьерасы болғаннан кейін, пьесаның жаңа вариантын таза күйінде қайта бастырып, труппа жетекшісіне тапсыруы қажет. Спектакльді жүргізу кітабына бәрін тиянқты, әрі анық етіп жазуы тиісті. Ешқашан еске сақтау қабілетіне сеніп жүруіне болмайды. Кездейсоқ жағдай болып, спектакльді өзге біреудің жүргізуіне қажет болғанда, кітаптағы партитура арқылы еш қиындықсыз жұмыс жасай алатындай етіп, түсінікті түрде жазуы керек.

Қазір режиссердің көмекшілері түрлі орындаушылармен радиобайланыстар арқылы хабарласа алады. Микрофонмен сөйлескенде де аса мәдениеттілікпен, сыпайы сөйлескен дұрыс. Үйткені әрбір орынсыз дыбыстың актер үшін кері әсерін тигізерін түсінуі керек. Қойылымға қатысы жоқ сөздермен эфирді ластауға мүлде болмайды.

Режиссердің көмекшісі спектакльге бір сағат бұрын келіп, актерлардан бастап қойылым қызметкерлерінің дайындықтарына дейін бәрін тексеріп, декорацияларды қабылдап алады. Актерлардың келу уақыты: бірінші бөлімге қатынасатындар спектакль басталардан бір сағат, екінші немесе үшінші бөлімдегілер он минут бұрын келулері керек. Кешігіп жатқан немесе басқадай бір жағдайда режиссердің көмекшісіне ертерек ескертулері қажет. Мұндайда актерлардың келгенін белгілеп отыратын кітапшаның, театрдың қызметкерлері кіретін жерінде немесе жұмыс кестесі ілінетін жерде болғаны оның жұмысын біраз жеңілдетері анық. Кешігіп жатқан актердің себебін біліп, шара қолдану да оның міндеті.

Спектакльдің басталарынан жарты сағат бұрын барлық орындаушыларға радио арқылы қойылымға 30 минут қалғанын  және өзгеде қажетті хабарландыруларды айтып ескерту жасау, барлығының жиналуына оң әсерін тигізеді. 17 минут қалғанда сахнада болсын, залда болсын толық тыныштық орнатып, 15 минут қалғанда бірінші қоңырау береді. Әр қоңырау берілген сайын радио арқылы актерларды ескертіп отырулары қажет. Екінші қоңыраудан кейін барлығы қойылым қызметкерлері мен актерлардың өз орнында екеніне тағы бір көз жеткізіп тексеріп шыққаны дұрыс. Үшінші қоңыраудан кейін барлығын радио арқылы ескертіп барып, спектакльді бастайды.

Антракт та (үзіліс те) қойылымның құрамына кіретін, актерлар мен көрермендерге мүмкіндігінше демалыс беретін бөлім. Үзіліс – көрермендердің өзара қойылым оқиғалары туралы ой бөлісетін, «енді не болар екен?» - деп, келесі бөлімді күтетін сәті. Сахнада декорацияларды басқаша қою үшін немесе актерлардың киімі мен гриміне өзгерістер жасау үшін қажет. Бұлардың барлығына қанша уақыт керек екенін режиссердің көмекшісі нақты білуге тиісті. Мысалы: бірінші үзіліс 20 минут болса, екіншісі 15, үшіншісі 12, төртіншісі 10 минут болуы керек. Бірақ бұл күндері ондай көп үзілісті қойылымдар жоқ. Сондықтан үзілістер 15 минуттан, кейде қойылымның көркемдік тұтастығын үзбеу мақсатында үзілісіз болып жүр.

Қойылым туралы әсер музыка ойналып, жарық өзгеріп, шымылдықтың қалай ашылуынан басталады.  Қалай жабылуына байланысты ой түйінделеді. Демек, бұл режиссер ойын айшықтайтын тағы бір шығармашылық сәттің режиссердің көмекшісінің шеберлігіне тәуелді екенін ұмытпаған жөн. Театр ұжымының мәдени деңгейінің өлшемі осы шымылдық. Құпиялы шымылдық қалай болса солай ашылып, жабыла салмайды!  Үйткені ол – киелі өнердің құпиясын сақтаған қасиетті шымылдық! Демек, режиссердің оның қалай ашылып, жабылуына дейін ойластыруы керек. Спектакль соңында қойылымның қалай өткені туралы ескертпелер дәптеріне толық жетістіктер мен кемшіліктерді көрсетіп жазуға міндетті. Режиссердің көмекшісі – жұмысы өте күрделі де ауыр, спектакльге жауапты ең басты адам.

Режиссердің ассистенті. Оның қойылымның режиссерлік мақсатымен, кейіпкерлерге қойылатын шығармашылық талаптармен, мизансценалық шешімдерімен, жарық пен музыкалардың берілу ерекшелігімен жақсы таныс болуы керек. Дайындықтар кезінде залда, режиссердің қасында отырып барлық жұмыс барысын өзіне жазып отырғаны мақұл. Қойылымның қажетіне қарай әдебиет бөлімімен, тарихи құжаттармен тікелей ізденістер жасап, режиссерге көмектесуге, әдебиет бөлімінің меңгерушілерімен бірге білгір мамандармен актерлардың кездесулері мен сұхбаттарын ұйымдастыруға міндетті. Режиссердің оған кейбір көріністерді дайынауды, актерлармен бірігіп өзінше бір ізденіс сәттерін табуды сеніп тапсыруына болады. Бірақ,  ол қойылым режиссерінің көркемдік шешімін басты назарда ұстауы керек. Үнемі режиссермен ақылдасып отырғаны жөн. Оның әрі актерлік, әрі режиссер-ұстаздық қабілетке ие болғаны қажет. Спектакльдің барлық деталіне дейін жақсы біліп, керегінде екінші құрамдарды, немесе жаңадан тағайындалған орындаушыларды дайындайтын адам. Спектакль кездерінде залда кезекшілік етіп, соңынан актерлардың ойнына талдау жасауы керек. Шығармашылық жауабы мол қызмет.

Актерлік құрамның (труппаның) жетекшісі. Бұл өзі күрделігімен қоса рахметі жоқ жұмыс. Міндеті көп болғанымен мүмкіндігі шектеулі. Ұжымдағы әрбір актердің жағдайын, қойлымдарға қатысуын, керек десеңіз болашақтағы шығармашылық тағдырын ойлайды. Ең басты міндеті – шығармашылық құраммен тәрбие жұмыстарын жүргізу. Олардың театр басшылығы алдындағы адвокаты мен прокуроры. Труппаның шеберлік дәрежелерінің өсуіне, еңбекақы көлемінің көбейуіне, атақ-дәрежелердің берілуіне ұсыныстар жасауға құқылы. Режиссермен бірге қойылымдарда қай актер, қай құрамда ойнау керектігін, айлық қойылымдардың ретін белгілейді. Көбіне айлық репертуарды администраторлар мен директорлар жасап жүреді. Олардың қойылымдардан гөрі, табысты көбірек ойлап кететін тұстары болады. Табыс табуды ғана ойлап сұранысқа ие спектакльді тоздырып немесе жақсы спектакльді ұмыт қалдыруға болмайды. Көркемдік кеңестің, басшылықтың ұйымдастыру отырыстарында труппа жетекшісі өз ұсыныстары мен ескертпе ойларын қашанда айтып, қорғауы қажет.

Театрдағы көптеген мәселелердің шешімі труппа жетекшісінің құзырында болмағанымен, оңды шешім табуы оның жеке белсенділігіне көп байланысты. Актердің шығармашылығын білікті түрде талдай білетін сыншыдай болуға тиісті. Қойлымды талдау кездеріндегі оның пікірі дәлелді де, қомақты болатыны сөзсіз. Актерларға шығармашылық мінездеме беру де соның міндеті болғандықтан, жазуға да икемді болғаны дұрыс. Түрлі себептерді сылтау қып жұмыстан қалатын немесе көп сұранатын актерлар қай театрда болмасын баршылық. Ондайлар үшін театр басшылары труппа жетекшісін жазғырып жатады. Тәртіп пен театр қойылымдарының көркемдік дәрежесінің биіктігі үшін қатаңдық танытса актерлар оған қырғи қабақтықпен ренжіп жатады. Рақыметі аз жұмыс дейтініміздің себебі осында. Оның театрдың жұмысы үшін шырылдап жүргенін түсінгісі келмейтіндер қаншама десеңізші...

Режиссер және директорлармен біріге отырып жаңа қойылымды шығарудың жұмыс кестесін жасайды. Афиша мен бағдарламалардың дұрыс жазылуын әдебиет бөлімінің меңгерушісімен, дер кезінде дайын болуын дирекциямен біріге отырып қадағалауы керек. Бұл міндеттерді ұжымда режиссерлік басқарма бар болса, сол атқаруға тиісті. Оның жұмысында елеусіз ештеңе болмайды. Бұл театрдың негізгі басқармасы, шығармашылық шешім қабылдайтын орталығы.

Әдебиет бөлімінің меңгерушісі. Дирекция және көркемдік жетекшімен тізе қоса отырып театр репертуарының қалыптасуына үлкен ықпал жасайтын тұлға. Драматургтармен шығармашылық байланыс орнатып, жаңа, жақсы пьесалардың театр сахнасына келуіне тер төгеді. СМИ жаңалықтарының театр үшін қажетісін ұжымға жеткізіп тұрады. Мұражай қызметкерлерімен біріге отырып репетициялардың стенографиясын жазып, фото-видеоға түсіріп отырса, соңында солардың негізінде ғылми зерттеулер жүргізіп, кітаптар шығарып жатқаны қандай абзал болар еді. Қойылымдарды талдауларға белсене қатысып, ақпараттық-баспасөз өкілдерімен театр спектакльдері мен актерларының шығармашылығын қалың жұртшылыққа уағыздауға міндетті. Дайындықтар барысында қойылымға байланысты ақыл-кеңестерін режиссер мен орындаушы актерларға айтып көмектесулері керек. Шығармашылық  адамдардың еңбегіне кәсіби түрде баға беру ісіне келгенде сыншылықпен қоса, театр тарихшысы, эстетикалық талғамы жоғары мәдениет иесі, білікті әдебиетші, зерделі психолог болуы шарт. Мысалы М.Әуезов театрының тарихына көз жіберсек М.Әуезов, Ас.Сүлейменов, Қ.Ысқақ, Ә.Бөпежановаларда осы қасиеттердің баршылық екенін байқау қиын емес.

Театр өнерінің дамуы оның жұмыс процесстерін ғылми түрде ұйымдастыруда екенін жақсы білеміз. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жанашыр басшыға театрлар әрқашан зәру екенін көріп жүрміз. Бүгіндері сахнада ғылми-техникалық жаңалықтардың қолданыла басталғаны жаңа техникалық, инженерлік біліктілікті де қажет етеді. Оларды оқытып дайындау ісі кенжелеп тұрған шақта бар ауыртпалық режиссерға түсетіні мәлім.  Театрға араласы жоқ маманды уақытша шақырып, бір қойылымға болсада жұмыс істеткен режиссердің өзінің көңіліндегесін  мысалдарға сүйеніп түсіндіргені нәтижелі болар еді. Мысалы 1980-жылғы Москва олимпиядасының ашылу және жабылу сәті адам фантазиясы мен мүмкіндіктерінің шексіздігін танытса, Пекин және Ванкувердегі олимпияда компьютерлік графиканың жетістіктерін паш етті. Кино әлемінің мүмкіндіктері қаншама! Біртіндеп болсада осыларды театрда қолданып жүрміз. Солай болғанда да бір нәрсені естен шығармауымыз керек. Театрдағы актер ойынын ешқандай техникамен алмастыруға болмайды. Олар актерді ешқашан да алмастыра алмайды. Кино мен көгілдір экрандағы эффектілердің барлығы компьютерлік графикалармен, тіпті кейде актерлар атқарар жұмыстарды графикалық бейнелердің орындаулары таңдай қақтырғанымен рухани сұранысты қанағаттандырмайды. Көрермен театрға тірі кейіпкерді көруге келеді. Жаһандау келіп, жасанды дүниелердің қаптаған кезінде адами құндылықты көппен бірге сезінгісі келеді. Жоқ дегенде қарапайым адам ретінде шаттанып күлуді, не болмаса мұңданып жылауды аңсағанда театрға келеді. Ол тек қана сахна өнерінің қолынан келер құдірет. Біздің қасиетті борышымыз да осында!