Әубәкір Рахимов. Режиссер шеберлігі. Пьесадан қойылымға дейін (ХХІI)

Бұқаралық қойылымдардың режиссурасы

Әубәкір Рахимов

Театр режиссері

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор



Бұқаралық қойылымдардың режиссурасы

Улицы наши  кисти,

Площади наши палитры.

В.Маяковский                                                                                                                                                                    

Өнер – халықтың нәр алар ерекше бір қуат көзі, қайнар бұлағы. Бүгіндері қас-қағым сәт сайын дамып, көрермен қауымға рухани әсерін тигізіп, эстетикалық тәрбие беріп жүрген өнердің бірі бұқаралық қойылымдар мен эстрадалық шоу. Сондықтан да режиссураның бұл түріне қойылар талап-тілектер күн сайын күшейіп, күрделі шешімдерді жүзеге асыруға ұмтылуда екені белгілі. Жеке орындаулардан бастап, театрландырылған концерттік бағдарламалардың, әсіресе бұқаралық(жалпы халықтық) қойылымдардың, мерекелік мәдени іс-шаралардың идеялық-көркемдік деңгейі тікелей режиссураға байланысты. Ұлттық үрдістерді мұрат тұтқан, азаматтықты арқау етіп, адами тақырыптарды ту етіп көтере білу білікті де, білімді режиссураның еншісінде. Бүгіндері театр режиссерларының көбі мүмкіндіктеріне қарай осы салада қойылымдар қойып жүр. Әрине, режиссура мамандығының негіздері бір болғанымен де бұқаралық қойылымдар мен театрландырылған концерттік бағдарламалардың өзіндік айырмашылықтары жетерлік. Бүгіндері өнердің қай саласы болсын синтездік(театр, кино, тв, цирк, пантомима, хореография, т.б) түрлерге бай болғандықтан, режиссурадан күн сайын жаңа шешімдер, ауқымды қойылымдар талап етіп отыр. Ол үшін режиссердің өмірлік тәжірибесінің молдығына, жалпы мәдени деңгейінің жоғары болуымен ғана емес, шығармашылық қиялы бай, көркемдік ойды тұжырымдай алатын, өз идеясына өзгені еліктіре білетін, әдеби тілді таза меңгерген, «шағын драматургия»(әрбір әннің, бидің, миниатюраның, номердің, жеке көріністердің өзіндік драматургиясы) заңдылықтарын, бұқаралық қойылымдар сценариінің шарттарын жетік игерген маман болуы тиіс. Осы орайда көптеген режиссерладан сан-түрлі сұрақтардың туындап жататыны баршылық. Жер-жерден бұқаралық қойылымдардың сценариін қалай жазу керектігіне кеңес беруді өтініп, режиссураның атқарар міндеттері жайлы айтуды сұрап жатады. Сондықтан өзімнің ұстаздарымнан көргендерім мен 1980-ші жылдан бері жасаған ірілі-ұсақты осы саладағы қойылымдарымнан жинақтаған тәжірибеммен бөлісіп жатамын. Төмендегі жазып отырғандарым Республикалық мәдениет институтына  кәсіби деңгейлерін көтеруге келген режиссерлардың сұрауы бойынша оқыған баяндамаларымның қысқартылған нұсқасы.

Әр елдің, әр халықтың өздерінің ерекше атап өтер мерекелері бар. Біздер үшін бір жыл көлемінде наурыздан бастап, 8-наурыз халықаралық  әйелдер күніне дейінгі мемлекеттік деңгейде аталып өтетін қаншама мерекелеріміз бар десеңізші! Оның үстіне қазақ халқының фәни жалғаннан бастап, бақилыққа аттанғанға дейінгі салт-дәстүріне байланысты атқарылатын іс-шаралары тұнып тұрған қойылым емес пе! Олардың да өзіндік сценариі, режиссурасы мен орындаушы «артистері» бар. Мысалы «шілдехана», «бесік той», «қырқынан шығару», «тұсау кесер», «сүндет той» деп, жалғаса беретін тірі пенденің бұл фәни жалғандағы той-мерекелері жалпы халықтық сипатқа ие, өзіндік қалыптасқан «сценарий» бойынша неден басталып, немен бітетінін жақсы білеміз. Ән мен күй, биге қоса салтанатқа лайықты әртүрлі ырымдарды міндетті түрде атқарып, «роль» тимегендері өкпесі қара қазандай болып: «бір жапырақ жыртысын аяғаны несі?» деп, енді қайтып көріспестей драмалық «қақтығыстарды» туындатып жатады. Оларға біреу басу айтса, біреуі ашу айтып, біреуі жуып-шайып ән мен әзілге айналдырып татуластырып жатады. Міне сізге театр!  Бұл мерекеге келгендер көрермен ретінде емес, орындаушылар ретінде қатысуға келеді. Адамзат баласы қашанда жалпы халықтық мейрамдарға құлшыныс танытып келген. Бұл мерекелер тек көңіл көтеру үшін ғана емес, жақсылық пен ізгілік идеалдарына, патриоттыққа тәрбиелеуді басты мақсат тұтқаны белгілі.

Публицистикалық, азаматтық тақырыптарға ұмтылыссыз – бұқаралық қойылымдарды елестету мүмкін емес. Мұны мамандықтың алғы шарттарының бірі десе де болады. Сондықтан да бұқаралық қойылымдарды қоятын режиссерідің қоғам мен халық алдындағы жауапгершілігі орасан зор. Режиссердің сол тақырыпқа деген азаматтық көзқарасы да, дүние танымы да маңызды болмақ. Бұл қойылымдардағы кезкелген ағаттық – көрерменге тәрбиелік жағынан жіберілген қателік ретінде әсер етері сөзсіз. Мерекеге лайық материалды мұқият  таңдамаудан, көркемдік бейнелерді нақтылап ойластырмағандықтан, орындаушыларға қойылар талаптың әлсіздігінен, мерекенің шарықтап даму жолдарының қисынын таппағандықтан қойылымға келген көрерменнің қажетті дәрежеде әсер алмайтыны айдан анық. Иосиф Михайлович Туманов: «Мұндай қауіп – шынайы өнерді шалағайлылық (ремесленничество) пен таптаурындылық(штамп) алмастырған жерден басталады! Алуан түрлі театр өнерлерінің ішіндегі бұқаралық қойылымдардың жеңісі мен жеңілісі театр спектакльдеріне қарағанда жүз есеге артады. Театрда премьерадан кейін қойылымға оралып, жөндеуіңе мүмкіндігің бар, ал, бұқаралық  қойылым бір-ақ рет қойылғанымен ұзақ уақыт  есте сақталарлықтай әсер қалдыруы керек» - дейтін. Театрда режиссер өз ойын сахналық кейіпкерлердің психофизикалық іс-әрекеттерін ашып, арақатынастарын анықтап, оқиғалар легі мен қақтығыстар арқылы көрсетсе, бұқаралық қойылымдар мен театрландырылған концерттерде бұл тақырыптар әртүрлі жанрлардан(драма, ән, би, музыка, акробатика, т.т.) құрастырылып, ортақ идея үшін бір мақсатқа арналған көріністер арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде режиссер көрермендердің және қатынасушылардың санасы мен қиялына сахналық символдар арқылы әсер етеді. Драматургиялық ерекше тәсілді қажет ететін режиссуаның қиындығы да осында.

Ұстазым КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреты, профессор Иосиф Михайлович Туманов(Туманошвили) драма және опера театрының режиссері болумен қатар бұқаралық қойылымдардың әлемдік деңгейдегі маңдай алды өкілі болды. Москва, Берлин, Бухарест, Варшава, Хельсинки, Вена, София, Париж қалаларында өткізген фестивальдері мен мерекелік шараларының ішінен 1957-жылы өткізген «Дүниежүзі жастары мен студенттерінің Москвадағы фестивалі» мен 1980-жылы Москвада өткен «ХХІІ-ші жазғы олимпиядасын»  айтсада жеткілікті болар деймін. Идеологиялық бақталастыққа байланысты  АҚШ бастатқан біраз елдердің бұл олимпиядаға байкот жариялағанына берер жалғыз жауап - мерекенің ашылу және жабылу салтанаты болды. КСРО Орталық  комитетінің қарсылықтарына қарамай, ешбір саясатты араластырмай, спорт мерекесінің жоғары дәрежеде өткізілуі сценаридің авторы, әрі бас режиссері Иосиф Михайловичтің басын бәйгеге тіккен еңбегі мен ерлігі десе де болады. Саяси бюроның дегеніне көнбей, қойылым тобының бар жауапгершілігін мойынына алып, өз дегенін жасаудың арты неге соғарын білсе де, режиссерлік мұратына адалдық танытты. Театрдың жөні бір басқа, ал стадион толы халықтың олимпияданың жабылу салтанатында көз жасына ие бола алмай жылағанын көргеніңіз бар ма еді?! Олимпияданың ашылу сәті спорт пен бейбітшіліктің құдіретін көрсетсе, жабылуы қимастық пен бауырластықтың мерекесіне айналды. Әсіресе ХХІІ – ші олимпияданың ен-таңбасына айналған Қонжықтың қоштасу сәтіндегі қимастықтың көзжасына бар әлемдегі көрерменнің ортақтасқаны шындық. Ол жайлы әлемдегі ақпарат құралдары жазып, көрсетіп жатты. Мұндай мерекенің екінші рет қайталанбайтыны туралы көп айтылды. Бейжін, Ванкувер олимпиядаларының ашылу, жабылу салтанаттары компьютерлік мүмкіндіктердің шексіздігін паш етсе, Москва олимпиядасының мәдени бағдарламасы: режиссура, бейнелеу, хореография, музыка, орындаушылық өнерлердің кереметтей қайталанбас үлгілерін көрсеткені даусыз.

Біздерді ұстазымыз, Франция үкіметінің өтінішіне байланысты жасалған «Орыс революцияларының әндері мен билері» атты үлкен театрландырылған қойылымның ассисенттік жұмысына араластырды. Бұл бағдарлама Париж қаласында үш айлық гастрольде болғанда(күніне екі рет), жеті мың адамдық (суретші Б.Кноблоктың эскизі бойынша жасалған) арнайы жасалған концерттік (бұрынғы көрме және спорт залы) залға  әлемнің барлық елдерінен келген көрермендердің: «мсье Тумановтың қойылымын көреміз!» - деп, келгеніне куә болдық. Театрланған бағдарламаның «Вечерный звон» әні орындалатын кезінде барлық зал жылаған адамдардың( басым көпшілігі россиялық эмигранттар) өксігіне толып кететін. Соколов атындағы ерлер хорының орындауындағы осы әннің кезінде көрінетін: қайыңды алқап, қызарып батқан күннің шұғыласы, алыстағы шіркеудің төбесі, шабындықтағы шөмелелер, шалғылары мен тырмаларын иықтарына салып үйіне қайтып келе жатқан бірлі – жарым жастар, мүлгіген тыныштық, бейқам тірлік... Қарап отырсаңыз Есенин өлеңге қосқан, Левитан суретін салған россия жерінің табиғаты...  Нағыз сағыныш тудыратын көріністер!   Степан Разин(ол туралы әнді Ермек Серкебаев орындады) заманынан басталып, 1980-ші жылдарға дейін келетін бағдарламаға КСРО – ның барлық жерінен жиналған артистер қатысты. Ең басты айтпағым осы екі сағаттық қойылымның ең алғашқы репетициясы. Әр жерден келген ұжымдарды, ассисент болған біздерге бөліп берді де, не істеуіміз керектігін айтып түсіндірді. Өзі залда отырып, кімнің қашан сахнаға шығып, қайда баратын, не істейтінін, музыкасы мен жарығы бар, әндері мен биі бар, киносы мен халықтық көріністері бар күрделі қойылымды тура екі сағатта айғай-шусыз қойып шықты. Әрине, біздер үшін бұл мүмкін еместей көрінген. Жеке орындаушылар мен бишілер, хор артистері, ансамбльдер мен оркестр барлығы көрініс сайын киімдеріне дейін ауыстырып «жаңа кейіпкерлерді» ойнайды. Бұл оның қойылымға қатысатын төрт жүзден астам адамдардың әр көрініс сайын не істейтінін нақты білуінен. Соңынан бізді жинап алып, келесі репетицияларда атқаратын міндеттерімізді түсіндірді. Міне, осылайша бір аптаның ішінде жылдар бойы оқып жетпейтін сабақ алдық. Олимпияданың сценариінің алғашқы жобасын бір жыл бұрын бізге оқып беріп, біздің пікірімізді тыңдады. Ол кездегі өндірістің мүмкіндігінің жоқтығынан сценариге кірмей қалған керемет ойларын ортаға салды. Өзімізге сценарий жаздырып, оны талқылаулар арқылы бұқаралық қойылымдардың режиссурасы туралы түсінігімізді қалыптастыруға тырысты.

Бұқаралық мерекеде бір мезгілде бірнеше орында мәдени іс-шаралар («шеберлер ауылы», «кітап саудасы», «балалар алаңы», «спорт алаңы», «гүл көрмесі», «ұлттық дәм», «сән үлгілері», т.б.) өтіп жатады. Олардың әрқайсысының өз мақсаты мен атқарар міндеттері бар. Театрландырылған қойылым осы мерекенің ең басты, әрі маңызды бөлімі болып табылады. Режиссер өз қойылымында мерекенің маңызын дәріптеумен қатар, халықты жаңа бір жарқын белестерге шақыруы, оптимистік рухын көтеруі, мерекелік көңіл-күйге бөлеуі керек.  Әрбір мерекенің өзіндік «көкейкесті мақсаты» бар және ол режиссердің: «Бұл мереке не мақсат үшін өткізілуде?» - деген, сұраққа көркемдік шешім арқылы жауап беруін талап етеді. Өкінішке орай бұқаралық қойылымдардың сценариін жазуды меңгерген драматургтарымыз жоқтың қасы болғандықтан, көбіне режиссердің өзінің жазуына тура келеді. Өзгеге жаздырғанның өзінде де режиссердің «редакторлығының» бақылауында болады. Сондықтан да «режиссердің әдеби тілді жақсы меңгеруі керек» деп жататынымыз.

Бұқаралық қойылымдардың драматургиясы бірнеше жағдайларды ескере отырып  жазылады:

Соның бірі - мереке өтетін орын: қалалық алаңда, көшеде, стадионда, клубта, спорт сарайында, суда, тау баурайында, т. т. Осыған байланысты қатысатын адамдар мен мерекелік қойылымның көлемі айқындалады. Клубта өтетін мерекелік шараның безендірілуінен бастап, қатысатын адамдарының санына, композициялық мизансценаларына дейін стадион немесе көшеде өтетін мерекелердікінен мүлдем бөлек болады. Біріне, отыз-қырық орындаушы жетіп жатса, енді біріне жеті-сегіз мыңдай адамның аздық етіп жататын кездері болады.

Екіншіден мерекені өткізуге керекті мүмкіндігіңді толық білуің қажет: Қанша адам қатыса алады? Декорация, бутафория мен реквизиттермен қамтамасыз ете ала ма? Киімдер қандай болмақ? т.б. есепке ала отырып, орындаушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып сценарий жазылады.   Үшіншіден бұқаралық қойылымдардың сценариі -  театр мен кинодағыдай    көп сөзге құрылмайды. Керісінше өте аз және көпшілікке түсінікті сөздермен жазылады. Ондағы жазылар сөздер мен өлеңдердің де көбі «ұранды» түрде жазылады. Соншама қалың көрермендерге айтылар ойдың «жалаңаштанып» жеткені ұғынықты болады.

Төртіншіден көрермендерге әсер ету үшін ән, би, композициялық көріністер қолданылады. Сахна мен кинодағыдай психологиялық ұсақ детальдарға бармайды, көрініс пен сөздердің тікелей қисынынан гөрі, мән-мағынасының қисынына баса көңіл аударылады. Кей тұстарда көрерменнің зейінін бір көріністен, екінші бір мүлдем басқа көрініске  бірден ауыстырып алып айтпақ болған негізгі ойды жалғастыра береді. Былайша айтқанда «шағын драматургия» заңдылығы  мен «киномонтаж» тәсіліне құрылады. Сондықтан сценаристің -  өтіп жатқан іс-әрекеттің сыртқы көрінісіне лайықты ішкі екпін-ырғағын дәл табуы керек. Ол – жеке орындаудағы ән бе, әлде топтық би ме, не болмаса театрландырылған көрініс пе, хор ма, бәрібір қойылымдағы орыны(пролог, шарықтау шегі, эпилог) мен атқарар міндеті қандай екені анық көрсетілуі қажет. Осылайша сценарий мерекенің көкейкесті мақсатын, тақырыбы мен идеясын анықтайды. Әр мерекенің өзгеге ұқсамас, ешқашан қайталанбас көркемдік шешімі мен жаңаша екпін-ырғағын табу режиссердің басты міндеті. Әр меркенің өзіндік көңіл-күйі бар. Солай дегенімізбен барлық мерекеге ортақ  - орындаушылар мен көрермендер арасындағы байланыстың заңдылығын ескеру де режиссер мен сценаристің міндеті. Мерекеге қатысушыларды шартты түрде екі топқа: орындаушы белсенді топқа және көрермендер тобына бөлуге болады. Соңғы топ қойылым барысында белсенділік танытып, сезімдерін көрсетіп (қолшапалақтап, сөздерімен қолдау көрсетіп, қосылып ән айтып, билеп дегендей) орындаушылармен тығыз байланысқа көшіп кетеді. Бұған қол жеткізу үшін режиссер көпішіліктің көңіл-күйін дөп басар шешімдерге баруы керек.                                  

Театрландырылған концертте жұрттың зейінін сахнаға аударуды ойласақ, енді жалпы халықтық мейрамда олардың құмарлығын әртүрлі жерлерге (ойындарға, жарыстарға, байқауларға, т.б.) аударуға тырысамыз. Бұл бір жағынан жұрттың мерекелік мәдени шараларға(ойындарға, байқауларға, викториналар мен жарыстарға, т.т.) тікелей араласуына мүмкіндік берсе, екіншіден мейрамға жиналған сан-мың адамдардың бір жерде топырлауының салдарынан аяқ астынан болатын апат пен жазымнан сақтайды, тәртіпсіздікті болдырмауға жағдай тудырады. Ұйымдастырудың барлық шараларын режиссердің мұқият білуі және өзінің тікелей араласуымен жүзеге асыруы шарт. Сценариде мереке өтетін орынның безендірілуінен бастап, финалына дейінгі іс-қимылдар нақты жазылып, өтетін мәдени шараның уақыттары толығымен сағат, минутына дейін көрсетіледі. Қойылымға қатысатын орындаушылар мен топтардың қашан, қайдан, қалай шығып, не істейтіні, қайда барып, қайда және қалай кететіні толығымен жазылғаны керек. Бір сөзбен айтқанда аса маңызды мизансценалық шешімнің композициясын режиссер күні бұрын қиял көзімен көріп, ойша толықтырып немесе қағазға түсіріп, болмаса компьютерлік графика жасау арқылы анықтап алғаны жөн.   

Сценаридегі іс-әрекеттің өрістеуі мен композициясының театр драматургиясынан өзгеше, өзіне тән қисыны болады. Мерекелік қойылымның басталуы, дамуы, шарықтауы, соңы сценаридің міндетті бөліктері, осылар арқылы әр эпизодтың мән-мағынасы, эмоциялық әсері анықталады. Қалың жұрттың назарын бірден баулып алу сценарист пен режиссураның міндеті. Қойылымның тақырыбы прологтан бастап ашыла бастайды. Ол мереке өтетін орыннан бастап, қойылым басталғанға дейінгі тақырыптық ән мен күйлер(фонограммалар), айтылып жатқан ізгі тілектер мен үндеулер арқылы халықтың көңіл-күйін мерекелік қойылымға дайындай бастайды. Осы бір ойды үзбей орындаушылардың ойын өрнегі арқылы дамытып, халықтың қызығушылығын артыра отырып финалға жеткізу керек. Пролог – мерекелік салтанатқа көрерменді бірден баурап алар және өтіп жатқан мәдени шараның маңыздылығын паш етер жауапты қадам. Фанфары немесе салтанатты музыкадан басталып,  қатынасушылардың шығуының (парад участников) өзі кереметтей әсем, түрлі-түсті қанық бояуларға толы көрініс болғаны қажет. Бүгіндері кезкелген мерекелік шараларды телевидениеге түсіріп жататындықтан, олардың көгілдір экранда қалай көрінетіндігін де есепке алған жөн. Іс-шара өтетін алаңға: ту ұстаушылары (флагоносцы), негізгі топ (фоновая группа), көркемдік фон(художственный фон), театр актерлары, әншілер мен бишілер, хорлар, аңдары мен техникалары бар, тағы да басқалардың рет-ретімен шығу салтанатын мерекеге сәйкестіріп ойластыру қажет. Олардың қай-қайсысы болмасын ортақ ойды жүзеге асыру жолында бірін-бірі толықтырып тұруы шарт. Дауылпаздар мен кернейшілердің фанфарынан кейін кейде парадтан, кейде көптеген топтардың ортақ биімен, көркемдік фонның көріністерімен, негізгі топтармен алаң мен сахнаны толтырып барып мерекені салтанатты түрде бастап жүрміз. Содан кейін мерекені ашу үшін ұйымдастыру алқасының төрағасына сөз берілісе, жұрттың бар зейінін өзіне жинақтауға, мерекелік күйге енуіне мүмкіндік береді. Бұл тұста  төрағаның сахнаға шығуын, кетуін сол прологтың бір көркемдік көрінісіне айналдыру керек. Ал, айтылар сөздің қысқа да, нұсқа болғаны шарт. Сахнаға шыққан кей әкім-қаралардың баяндама жасап, есеп тапсырып тұрып алуына жол бермеу керек. Мерекенің шығу тарихы мен мәнін жиналған халық жақсы біледі және ұйымдастырушылардың ұзын сонар сөзін емес, құттықтауын естігісі келеді. Мерекенің көркемдік бағдарламасын тағатсыздана күтетінін ұмытпауымыз шарт. Көптеген жерлерде мерекелік шараны әкімнің жалғыз өзі сахнаға шығып сөз сөйлеп ашып, онан кейін барып мәдени іс-шаралар басталып жатады. Қай жағынан қарасаңызда олқылығы көрініп тұратын бұл көріністің салтанатты көрінісі мен көңіл күйі де жұрт күткендей әсерге бөлемейді. Бағдарламаны жүргізушілердің киімі, сахнаға немесе алаңға шығуы, айтар сөздері мерекенің салтанатын паш етер алғашқы қадамдардың маңызды сәті екенін естен шығармай қатаң талап тұрғысынан қарауымыз шарт. Олардың көркіне, дикциясына, дауыс екпініне, сөйлеу мәнеріне, сахналық мәдениетіне баса назар аударылуы қажет. Сахнаға шығып алып: «сөйлегеннің жөні осы»-деп, бәтуәсіз сөздерге ерік беруіне жол беруге болмайды. Олардың «қалыптан шықпас еркіндікте» болғаны абзал. Айтылар әр сөздің көрерменге дараланып жеткені жөн.

Сценаридің маңызды бөлігі мерекенің тақырыптық жағынан шарықтау шегін дөп басып көрсете білуде жатыр. Көпшілік қауым тек тамашалау үшін ғана емес, өздері де орындаушы ретінде қатысып, ләззәт алуға келетінін жақсы білеміз. Прологтан бастап өз мақсаттарына халықты еліткен режиссер мен сценарист, енді оларды белсенді орындаушыларға айналдыруға ұмтылады. Бұл енді халықты жапа-тармағай алаңға немесе сахнаға шығару деген сөз емес. Жалпыға ортақ көңіл-күйге, әсерге бөлеу.

Финалдың міндеті – мерекені ұйымдастырғандағы режиссердің айтпағын көрерменнің санасына бекіту, адамдық, азаматтық ұғымдарды ояту, көңілдеріне шаттық сезімдерді ұялату. Міне мерекелік қойылымдардың сценариінің жалпы сипаты осылай болғанымен, өздеріне тән ерекшеліктері бар және режиссердің қиялына байланысты түрліше үлгіде жазылады.

Бұл саладағы басты қиындықтың бірі – дайындық мәселесі. Әртүрлі ұжымдардан жиналған «қырық құрау» орындаушылардың басын бір мезгілде қосып дайындық жасауды ұйымдастыру кейде мүмкін болмайды. Екіншіден: «Кем-кетігін кейін толтырармын» деуге тағы болмайды. Себебі бір-ақ рет қойылады. Не істеу керек? Мұндайда көмекке келер дүние – сценаридің монтаж ретінде қағазға түскен нұсқасы (монтажный лист). Онда мерекедегі өтетін іс-әрекеттердің уақытын, орынын, орындаушылардың қайдан шығып, не істейтінін, қайда кететінін, музыкасы мен жарығы, басқасы бар барлығы қамтылады. Мұны әрбір режиссердің қағазға түсіріп жасай білгені қажет. Ешқашан «ойға сақтауға» сенбеу керек. Сценарий – мерекелік шараны ұйымдастырудың жоспары болғанда, оны іске асырудың үлгісі – монтаждық парақ (монтажный лист). Мысалы:


уақыты

сценариі

орындау-шылар

реквизит-тер

музыка

ескерту және жауапты адамдар

1

11.00-11.02

Ұлттық киімдегі үш дауылпазшы, екі кернейші жігіт сахнаға шығып, фанфары ойнайды.

«Құрманға-зы» орк. Музыкант-тары

3 дауылпаз, 2 керней

Жайымов «Фанфары».

Жайымов

2

11.02- 11.05

Парад басталады: Ту ұстаушылар, негізгі топ, кейіпкерлер, бишілер. Көркемдік фонда «Елтаңба», «Бүркіт», «Күн», «Ою», «Қарлы шың», «Дата»

Әскерлер-200,

Студенттер-680, артистер-30, бишілер-600

4 түсті 200 ту,

1600 шоқ гүл,түрлі-түсті екі метрлік 1200 ленталар

Бестібаев«Көне Түркістан» фонограм-ма

Щевченко,

Әдікәрімова,

Кәпесов,

Мұратбаев

3

11.05-

                   ?

?

?

?

?

Міне осылайша жалғаса береді. Бұл парақ ұйымдастыру тобының әрқайсысына таратылып беріледі де әркімнің өз міндетін мүлтіксіз орындауына мүмкіндік береді.

Мерекелік қойылым алдын-ала ұйымдастыру жұмыстарына аса тәуелді. Бұл – режиссер, суретші, сценарист, композитор, балетмейстер, администратролар мен ұжымдардың жетекшілерінен тұрады. Бұларға әрбір орындаушы топтың(әнші, биші, көркемдік фон, негізгі топ, т.б.) алдындағы міндеттердің бүге-шігесіне дейін түсіндіріліп, оларды қалай атқаратындықтары ойластырылып, әрқайсысына тисті дайындықтың сағат, минутына дейін көрсетілген жұмыс кестесі қоса беріледі. Әр топпен жеке-жеке дайындықтан кейін барлығын қосып, жинақтау дайындығы басталады. Ұйымдастыру тобының басты ұстанымы – уақытты босқа өлтірмей жемісті пайдалану. Көрсетілген уақытта дайындық басталмаса, қатынасушы адамдардың жауапсыздығына, қызығушылығының суынуына әкеп соқтырады. Сондықтан жұмыс кестесінде көрсетілген уақыт өлшемінде дайындықты жасап үлгіруге тырысу керек. Ол үшін де уақыты, орыны нақты көрсетілген дайындықтың жұмыс кестесін жасап, барлық жауапты адамдарға таратылуы қажет.


уақыты

Дайындық жоспары

орыны

қатысушылар

саны

Жауап-р

 

                           17, 18 наурыз

14.00- 16.00

Негізгі топ (фоновая группа)

 «Динамо»

стадионы

 

КазҰӨА, КазҰУ, ЭжЦК

300

Омар Ә. Әсет Б.

16.30- 18.00

Барабаншылар, про- логтагы бишілер

«Астана» алаңы

АЖӘКкурсант-тары, бишілер

100, 100

Беков Т. Қалиева

                                        20 наурыз

                                        21 наурыз

Осылайша жалғасып кете береді.

Жалпы режиссердің мерекелік қойылымды репетициясыз өткізетіндей дәрежеде болғаны жөн. Бұдан ешқандай дайындықтың керегі жоқ деген пікір қалыптаспауы керек. Бұл – режиссер мен ұйымдастырушы топтың мерекеге қатысушы әрбір орындаушының міндеттерін нақты білуге міндетті деген қатаң талап екенін дұрыс ұғынуымыз шарт.

Бұқаралық қойылымдардағы басты міндеттердің бірі суретшінің безендіруі мен композитордың еншісінде. Суретші мерекелік тақырыпты ашуда мәдени-шараның өтетін орнына лайықты үйлестіре отырып шешім жасайды. Орындалар әрбір көрініс пен өнер түрлерінің(ән, би, оркестр, хор, цирк, пантомима, аңдар, техника, т.б.) кәсіби ерекшеліктерін ескере отырып жасалады. Бұл суретшінің ерекше шеберлігін қажет ететіні белгілі. Ал, мерекенің жетістігі – оның музыкалық партитурасына байланысты екенін тағы жақсы білеміз. Бұл міндет түрлі жолмен: композитордың арнайы жазылған музыкасы арқылы немесе бұрын жазылған белгілі музыкаларды өңдеу арқылы және әртүрлі авторлардың жинақталған музыкалары арқылы  жүзеге асырылады. Осылардың барлығында да композитордың тікелей араласуы шарт. Музыкалық партитураның стильдік, жанрлық, аспаптық, үндестік тұтастығын ойластырып, көркемдік шешімнің жүзеге асуына  деген жауапгершілікті атқарады. Қойылымның басталуынан соңғы финалдық аккордына дейінгі музыкалық әсер күшін анықтау композитордың міндеті. Қазіргі ғылми-техникалық жетістіктерге сүйене отырып үнтаспаға әуендер мен актерлардың сөздеріне дейін жазып, кино, телевидениенің  кереметтей мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану арқылы кереметтей әсерлі шешімдерге қол жеткізуге болады.

Жоғарыда айтылған ойларды жүзеге асыру үшін режиссерге тиянақты көмекшілер ауадай қажет. Мерекедегі еш үзіліссіз бірінен кейін бірі көркемдік элементтері алмасып, іс-әрекеттері жалғасып жатқан көріністерді сол көмекшілердің білікті еңбектері арқылы қол жеткізуге болады. Қойылымның динамикасы бұзылмауы керек. Бұл өз кезегінде бұқаралық қойылымның идеялық-көркемдігінің тұтастығының кепілі болмақ. Қойылым барысында кейде суретші, композитор, администратордың болмауынан сол міндеттердің барлығын режиссердің бір өзі атқаруына тура келетін тұстар да жиі кездесіп жатады. Мұндай жағыдайда бұрын жасалған безендірілулер мен жазылған музыкаларға арқа сүйеп, ортақ тақырыпты ашатындай етіп пайдалану өзінің оң нәтижесін береді.

Театрландырылған концерт - әртүрлі жанрлардан құрастырылып, ортақ тақырыпқа бағындырылады. Айтылар әндер мен орындалар билер де, көрсетілер көріністер де сол мақсат бойынша таңдалып алынады. Филармониялық концерттен өзгешелігі де осында. Театрландырылған концерт бір бөлімді болса 1 сағат 10 минут – 1 сағат 30 минуттан, екі бөлімді болса біріншісі - 1 сағат, екіншісі - 55 минуттан аспағаны дұрыс. Көрерменнің шыдамын тауысып, зерігуіне жол бермеуіміз керек. Қандай қойылым болмасын монтаждық парақтағы уақыт көрсеткішін сақтап, көріністер арасында орынсыз кідірістерге жол берілмеуін қатаң қадағалау керек. «Алғашқы орындалар көрініс театрландырылған концерттің эпиграммасы. Оның төлқұжаты мен ең басты әріпі. Сондықтан алғашқы номердің көп адамдық ұжымның орындауындағы әсері күшті номермен басталғаны жөн... Әрбір орындалар номерді ірілендіріп(крупный план) көрсетудің жолдарын қарастыруларың керек... Финал - театрландырылған концерттің шарықтау шегі мен көркемдік идеяның түйінделер нүктесі болғандықтан көрермендерін рухтандырарлықтай қуатты күшке, шырқау биікке көтерілгені мақұл... Бұл салада еңбек ететін режиссердің саяси сезімталдығы жоғары, білім-парасаты мол, қызығушылығы басым болумен қатар кәсіби және көркемөнерпаздық орындаушылықтың мүмкіндігін жақсы білегені жөн. Өзіне ойы мен көзқарасы ортақ мұраттастарын табуға тырысуы керек» - дейтін Иосиф Михайлович.

Бұқаралық қойылымдар мен даталы мерекелердегі, жалпы халықтық мейрамдардағы театрландырылған концерттік бағдарламаларға қойылар талап-тілектер күн сайын артып, күрделеніп, түрленіп отырған кезде режиссердің атқарар істері орасан зор екені айдан анық. Эстетикалық, этикалық тәлім берер өнердің осы түріне тер төгу бүгінгі режиссураның жауапты да, абройлы миссиясы екенін естен шығармағанымыз абзал.