ОРАЛУ

драма

 

Кейіпкерлер:

Күлән Әже.

Тоқтар – Баласы.

Сарқыт – Келіні.

Әкімбек – Сарқыттың інісі.

Әлихан – Немересі.

Жәудір – Көмекші қыз

Қонақбай – Асыранды бала.

Тимур – Жәудірдің жігіті.

Тағы басқалар.  

                                                       1 көрініс        

Жалдамалы пәтер.

Күлән әже. (тоқыма тоқып отыр) Ал, балаларым. Өздеріңнің қалауларың бойынша қалаға көшіп келгелі де екі-үш айдың жүзі болыпты. Тәуекел деп келуін келдік-ақ. Енді не істемек керек? Қандай ойларың – жоспарларың бар? Айта отырыңдар.

Пауза.

(Сарқыт пен Тоқтар мазасыз кейіпте ерсілі-қарсылы тоқтаусыз жүреді.  абыржып бір-біріне қарайды. Он жасар Әлихан ескі велигімен ойнап жүр)

Сарқыт. Енді не дейміз... Еркек - бас, әйел - мойын деген. Бас қалай қараса, мойын солай бұрылады емес пе?! Отағасы-ау, жерге қарамай бірдеңе десеңші.

Тоқтар. (ашуланып) Сонда мен не айтуым керек, А? Түлен түртіп қалаға келем дегенді бастаған өзіңсің. Енді маған неғыл деп тұрсың?

Сарқыт. Осы саған бірдеңе десе қорс ете түсетінің-ай. Сіркең су көтермей жүреді, әйтеуір. Тозған ауылда қашанғы жүре бермек едің?

Тоқтар. Тозған болса да, сол ауылым жақсы еді. Азын-аулақ малымызбен-ақ ешкімге жалтақтамайтын әжептәуір тұрмысымыз бар еді. Ең бастысы, қарынымыз тоқ, киімімім бүтін еді. Ал, енді не болды? Не үйің жоқ, не күйің. Біреудің қас-қабағына қараған өмір, өмір ме? Тәйірі!

Сарқыт. Енді бір жөні болар... ашуланбай сөйлеші.

Тоқтар. Маған қалай ашуланбай сөйле деп тұрсың? Осының бәріне тып-тыныш өтіп жатқан өмірдің шырқын бұзған сен кінәлісің. Не, дос жоқ. Не, туыс жоқ. құдай атсын қалаңды! Ауылға қайта көшу керек. Одан басқа жол жоқ.

Әлихан. Менің ауылға барғым келмейді. Қала жақсы ғой...

Сарқыт. Ауыл, ауыл... қайта көшу... масқара ғой бұл. Сен ауылды емес, ауылда қалған анау ағасы бизнесмен ұйғыр келіншекті... (Күлән әже сөзін бөледі)

Күлән әже. Шырақтарым, ең бастысы - шаңырақтың тыныштығы. Ескі жараны тырнап қайтесіңдер. сабыр түбі - сары алтын. Ашуға бой алдырмаңдар. Кеңеспен пішкен тон келте болмас деген. Тоқтар айналайын, келіннің айтып отырғаны дұрыс. Біз өзімізді емес, мына Әлиханның (әлиханды құшақтайды) болашағын ойлауымыз керек. Толыққанды білім алуы үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Тәуекел деп көшіп келген екенбіз, артқа жалтақтаудың еш реті жоқ. Тек қана, алдыға қарау керек.

Тоқтар. Мама, қашан болса, келініңізді жақтап шыға келесіз. Өзіңіз ойлаңызшы, мен мына қалада не жұмыс істеймін? Иә, қалада жұмыс көп  дейтін шығарсыздар. Бірақ, менің ондай жалдамалы жұмыстарға қырым жоқ қой. Неге ойламайсыздар соны. Мен тәуелсіз жүрген адаммын. Ешкімге бағынғым келмейді.

Сарқыт. Тоқтар, ауызды қу шөппен сүрткеннен пайда жоқ. Бір мәнісі болар. Ана балдызың Әкімбек қалада жүргелі біраз жылдың жүзі болды. Мүмкін, соған қолқа салармыз. Ыңғайлы жұмыс табуға көмектесіп қалар.

Тоқтар. Па, шіркін! Көмектесетін адамды тапқан екенсің. Көңіліңе келсе де айтайын. Сайда саны, құмда ізі жоқ, жел ұшырған қаңбақтай, сол дүбәрә  ініңнен қандай үміт күтпексің? Әр ненің басын бір шалып, жынды көбелектей сенделіп жүрген біреу ғой. Жо, жоқ. оны атай көрме.

Күлән апа. Қой, олай деме Тоқтаржан. Ұят болады.

Пауза.

Сарқыт. Мен бәріне де дайынмын. Қандай жұмыс болса да істеймін. Мүмкін, еден жуармын; не болмаса, дүкенде сатушы; әйтпесе, кондуктор болармын. Қалай болса да жұмыс табуым керек. (ойланып) Айтпақшы, есіме енді түсті. Банкте біз істеуге ылайықты жап-жақсы жұмыс бар деп естіп едім.

Тоқтар. (қуанып) Ол қандай жұмыс?

Сарқыт. (қулана күліп) Айтсам ба екен, айтпасам ба екен. Жарайды айта салайыншы. Банкте байлар миллиондап ақша санағанда, саусағы құрғап кетпес үшін тіліңді шығарып тұрады екенсің. Сол үшін саған ақша төлейді. Бар болғаны сол. Рахат емес пе?!

Тоқтар. Әй, сен де айтасың-ау!

(Күлән әже үшеуі қосыла күледі)

Күлән әже. Міне, осылай жайраңдап жүріңдерші құлындарым! Құдайым шыр еткен пендесін, құр етпейді. Біздің қалаға көшіп келуіміз де кездейсоқтық емес. Маған мынандай ой келіп тұр. Сендер қалай ойлайсыңдар ?

Екеуі бірдей. Қандай ой?

Күлән әже. Менің ескі тігін машинкам бар емес пе?

Екеуі бірдей. Иә, Сосын?

Күлән әже. Сол біздің қажетімізге жарайды.

Екеуі бірдей. Қалайша?

Күлән әже. Ал, енді тыңдаңдар. Қазір біздің қоғамда қазақи заттарға сұраныс жүріп тұр. Мына жаман кемпірдің атақты ісмер екенін ұмытпаңдар. (күледі) Мен көздің жауын алар әртүрлі тоқымалар тоқиын, қазақи ою-өрнекпен безендірілген жасау-жабдық дайындайын. Соларды саудаға салайық. Ойым қалай?

Екеуі бірдей. Табылған ақыл!

Әлихан. Менің әжем мықты.

Тоқтар. Тамаша.

Сарқыт. (Күлән әженің саусағынан сүйеді) Сіздің алтын саусақтарыңыздан айналдым.

Күлән әже. Құдайға шүкір. Отқа қарап отырған жоқпыз. Қалтамызда азын-аулақ тиын-тебеніміз бер. Сол ақшаны мүмкіндігінше қажетімізге жаратайық. Сендер ертеңнен қалмай, Барахолкадан жалға алатын ыңғайлы дүкен іздеңдер. Сосын тәуекел деп бағымызды сынап көрейік.

Тоқтар. Жарайды айтқаныңыз болсын. Бұл ойыңыз миға қонады. Ертеңнен бастап жатпай-тұрмай жүгірейін.

Сарқыт. Апа, сіздің осылай ақыл-кеңесіңізді беріп, ортамызда жүргеніңіз қандай жақсы, Құдайым сізге күш-қуат берсін!

Күлән әже. Айтқаның келсін айналайын. Айтпақшы мен сол тігін мәшинемді реттейін. Ауылдан ала келгенім қандай жақсы болған. (шығып кетеді)

Сарқыт. Әлихан, бері келші. (үстіне қарап) Мына киімің де ескіріпті-ау. Саған да дүрыстап көңіл бөле алмай жүрмыз. Кешірші құлыным.

Әлихан. (жымиып) Оқасы жоқ мама. Ең бастысы таза ғой.

(Күлән әже тігін машинкасін көтеріп келеді)

Күлән әже. Міне, тігін машинкам . Көненің көзіндей болып, өзіммен бірге келе жатыр жарықтық.

Сарқыт. (күледі) Па! Апа, немереңіз сияқты құшақтап алыпсыз ғой.

Әлихан. Сізді де әкем құшақтайды ғой.

Тоқтар. қой, ей. (күлкі)

Күлән апа. (бұртиып машинкасын аялай ұстап) Мұны өйтіп күлкіге айналдыруға болмайды. Бұл деген осы Әлиханымының ырыздық-несібесі емес пе?

Сарқыт. (жарқылдай күліп апасын құшақтайды) Апатай, жәй әзілдегенім ғой. Мұнымен сосын айналысасыз. (машинканы алып жерге қояды) Бірінші кезекте, бізді тығырықтан шығарғаныңыз үшын, дастарқан жәйып атап өтуіміз керек. (тоқтарға сылыла сөйлеп) Отағасы, сіз барып дүкеннен дастарқанға қояр оны-мұны әкелсеңіз нұр үстіне нұр болар еді.    

Тоқтар. Қабағымыз ашылып дастарқанда отырмағалы да біраз бопты.(әндете) Дегеніңіз болсын Мадааам. (есікке қарай беттейді)

Әлихан. Әке, әке... болды ештеңе емес...

Тоқтар. Ә, түсіндім. Сенің «Киндер сюрприз» жегің кеп тұр екен ғой. (шығып кетеді)

Сарқыт. (Әлиханға қарап күледі) Қарай көр, мынаны.

Күлән әже. Қошақаным сол. (құшақтайды)

2 көрініс

Дүкен. Тоқтар мен Сарқыт кіленттің көптігінен үлгірмей шапқылап жүр.

Кіленттердің саудаласқан абыр-сабыр дауыстары.

Жалдамалы пәтердің бір бөлмесіне жасақталған тігінхана. Күлән әженің қолынан шыққан көздің жауын алар алуан түрлі көрпе-көншек, жасау-жабдықтар. Ыбырсыған матаның қиқымдары шашылып жатыр. Маңдайдағы терін сүртіп тастап, Күлән әже қызу жұмыс үстінде. Сырттан Сарқыт кіреді.

Сарқыт. Апатай шаршайтын болдыңыз-ау. (құрақ көрпені алып қарайды) Мынау қандай әдемі! ...Кішкене дам алып алсаңызшы.

Күлән әже. Уайымдама келінжан. Ештеңе етпейді. Алдымызда қыруар жұмыс тұр. Келген тапсырыстарды уақытында дайындамасақ, кіленттердің сенімінен айырыламыз.

Сарқыт. Айтқаныңыз дұрыс-ақ. Сонда да денсаулық маңызды ғой апа. Не менің қолымнан келетін шаруа емес. Сұраныс мұншама көп  болады деп ойламаптым. Мүмкін, сіздің қасыңызға бір көмекші алармыз.

Күлән апа. Көмекші дейсің бе? Ол ойың дұрыс екен. Бірақ, ол құрғырың табыла қояр ма? Қазір қазақи ою-өрнекпен айналысытын адам аз қалды ғой.

Сарқыт. Іздесек табылып қалар.

Күлән апа. Айтпақшы, ауылдағы көрші Жамал апаңды білесің ғой.

Сарқыт. Иә, білемін.

Күлән апа. Білсең сол апаң он қолынан өнер тамған нағыз шебер. Сол кісіні неге шақырмасқа.  Тегін істемейді, ақшасын береміз. Бір жағы маған де жақсы шүйіркелескенге.

Сарқыт қарқылдап күледі.

Күлән апа. Күлетін несі бар екен? Одан артықты таппайсың.

Сарқыт. Апа-ау, қызықсыз. Жамал апа бала-шағасынан бөлініп келе қояр деймісіз осында.

Күлән апа. (таңғалып) Онда тіпті жақсы. Бала-шағасымен түгел көшіріп алайық осында...(жан-жағына қарап күледі) Әй, алжыған басым-ай! Бұл ауыл емес, қала еді ғой. Жо, жоқ мұным бір қисынсыз шаруа екен.

Сарқыт. Әй, аңғал апам-ай! Айтасыз-ау сіз де.  Оқу бітіріп, жұмыссыз жүрген дизайнерлердің арасынан да табылып қалар іздеген адамымыз. Міндетті түрде сізге көмекші керек. Жарайды, оның бір мәнісі болар. (орынынан тұрып,  алып келеді) Айтпақшы, апа мына орамалды сізге алдым. Жұмысыңызды қоя тұрыңыз да, Кәне тағып көріңізші.

Күлән әже.(орамалды тағып, риза болып) Ой, мұны несіне алдың. Өркенің өссін шырағым(Сарқыттың маңдайынан сүйеді).

Сарқыт. Бәрі де сіздің арқаңыз ғой апатай! Сіз болмағанда күйіміз не болар еді? құдай білсін. Ылғи да осылай жадырап-жайнап жүріңізші.(құшақтайды) (Осы кезде мектептен Әлихан келеді де, әжесіне таласады).

Әлихан. Мама жіберіңізші. Бұл менің әжем ғой. (екеуі қосыла күледі)

Сарқыт. Қарай көр, мына тентекті. Міне, маған қарашы саған не әкелдім.

Әлихан. О, жаңа красовка! Рахмет мама.(киіп алып, ары-бері жүгіреді)

Сарқыт. Апа, бүгінгі кешкі асты дәмханадан іше салсақ қалай қарайсыз? Ауарайы да сондай тамаша екен! Тоқтарды жолдан ала саламыз.

Күлән әже. Қалауың білсін, айналайын!

Әлихан. Урааа! Грил жейтін болдым грил.(жүгіре жөнеледі)

3 көрініс

Тігінхана. Тоқтар мен Сарқыт еліктің лағындай көмекші қыз – Жәудірді Күлән әжеге таныстырып жатыр.

Сарқыт. Апа, мына қыз бұдан былай сіздің қолқанатыңыз болады. Аты – Жәудір. Мамандығы – дизайнер.

Тоқтар. Мама, талмай жұмыс істеп шаршадыңыз. Енді міне, жаныңызға көмекші қыз келді. Кем-кетігін өзіңіз толықтырып, үйретіп аласыз ғой.

Күлән әже. Кел шырағым, мұнда отыра ғой.(ұяла келіп отырады) Тфа, тфа қандай әдемі баласың өзің!

Жәудір. Рахмет сізге. 

Күлән әже. (айналып-толғанып) Жәудір деген атың қандай тамаша! Ержетіп тұрған ұлым болса, сені алып...

(сарқыт сөзін бөледі)

Сарқыт. Апа, кейін сырласып аласыздар. Жұмыс деген шаштан көп. Біз жүрейік.

Күлін әже. Иә, иә бара беріңдер айналайын.

Тоқтар. Сарқыт сен осында қалып, дастарқан жәйіп, апам мен бірге отырып шәй ішіп, Дүкенге Асықпай барсаң да болады. Онсыз да онда сатушы қыздар бар емес пе?

Сарқыт. Тоқтар, сен қызық адамсың осы. Ана жақта жұмыс деген тау-төбе болып үйіліп жатса, мен осында ырғалып-жырғалып шәй ішіп отырайын енді. Қалай ақылға сияды оның. Жүр кетейік.

Күлән әже. Бізге қарайламаңдар. Жұмыстарыңнан қалмаңдар айналайын.

Сарқыт. Апа, түсінесіз ғой, мұрынымызға су жетпей жүр. Тоқтар кеше ғана сауда да аса маңызды әріптес болатын серіктестер тауыпты екен. солар мен сөйлесу керек. Аты кім еді әлгілірдің?

Тоқтар. Кім еді әлгі? ...ой есіме түспей тұрғанын қарашы, құрғырдың. Ой, аты қиын енді олардың. Қайта-қайта сұрасам да шатаса берем.

Сарқыт. Біреуі шығыстікі, біреуі батыстікі деп едің ғой.

Тоқтар. Иә, солай. Жарайды аттары маңызды емес қой.

Сарқыт. Иә, олардың аттарын қайтеміз. Ең бастысы, біздің саудамызға пайдасы тисе болды емес пе?!

Тоқтар. Олар үлкен кәсіпкер – сауда да еркін жүзген акулалар ғой. Бізге сауысқанның сақтығы қажет.

Сарқыт. Енді бәрібір дүкенімызді тарс бекітіп, өз қазанымызда өзіміз ғана қайнай алмайтынымыз да шындық. Саудадағы әріптестік қарым-қатынас дегенді де естен шығармауымыз керек.

Тоқтар. Сарқыт, бүгін солармен кездесуге уағдаласып едік. Қас қылғандай, басым ауырып, көңіл-күйім болмай тұр. Кездесуге сен бара салшы.

Сарқыт. Негізі еркек адамның өзі сөйлескені дұрыс қой. Әйтсе де, бар десең барайын. Уәдені қалай бұзамаыз.

(Күлән әжемен Жәудір екеуі әңгімелесіп отыр. Ал,бұлар кетуге ыңғайланғанда, сырттан Әлихан кіреді. Әлиханға назар аудармайды.)

Әлихан. Мама, тоқтай тұрыңызшы.

Сарқыт. Не боп қалды?

Әлихан. Кеште мектепте ата-аналар жиналысы болады.

Сарқыт. Амал қанша, жұмысқа байланысты бара алмайтын болып тұрмын. Уақытым болғанда кіріп шығам ғой апайларыңа. (тоқтар екеуі кездесу туралы сөйлесіп, шығып кетеді)

Әлихан. (жыламсырап әжесіне қарай жүгіреді) Әже, мамама ұрысшы. Мамам менің тілімді алмайды.

Күлән әже. Жылама құлыным. Олар жұмыс басты болып жүр. Тіліңді алатын әжең бар ғой. Мен-ақ барайын. Айтпақша, мынау Жәудір тәтең. Танысып қой.

Әлихан. (қолын беріп жігіттерше амандасады) Әлихан.

(күлкі)

Жәудір. Танысқаныма қуаныштымын балақай.

Әлихан. Мен балақай емеспін. жігітпін. Көйлегіңіз әдемі екен.

Жәудір. Көйлегім ғана ма?

Әлихан. Иә, көйлегіңіз ғана әдемі.

Жәудір. Қарай көр мынаны.

Әлихан. Қыздарды мақтамау керек. Мақтай қалсаң, өздерінше боп кетеді ғой.

Күлән әже. төрем менің! (күлкі)

4 көрініс

Тігінхана. Күлән әже мен Жәудір жұмыстарын істеп, әңгімелесіп отыр.

Күлән әже. (жәудірдің тоқ машинкасына қарап) Әй, техника дегенді қойсаңшы.

Жәудір. Иә, әже қазір тігіншілердің бәрі осыны қолданады.

Күлән әже. Біз енді көненің адамымыз ғой. Мынауың қанша зырылдағанмен, өзіме ескі машинкам ыстық.

Жәудір. Ой, әже мынау рахат емес пе?

Күлән әже. Бірақ, өзім қолдана алмайды екем. Дегенмен, осы рахат нәрселер біздің түбіме жетпесе игі еді. 

Жәудір. Түсінбедім әже?

Күлән әже. Жә, оны қойшы. Өзің туралы айтшы.

Жәудір. (өңі қуарып) Не туралы дейсіз?

Күлән әже. Өзің туралы деймін. Қай жерде туылдың? Әке-шешең қандай жұмыспен айналысады дегендей.

Жәудір. Айтпай-ақ қойсам бола ма әже?

Күлән әже.(түсінбей) жарайды... айналайын. Айтқың келмесе өзің біле ғой.

Пауза. Машинканың сартылдаған дыбысы.

Жәудір. Әже, ренжіп қалған жоқсың ба?

Күлән әже. Жоқ, шырағым. Неге ренжиін. Әжелеп құрақ ұшқаныңа қарап, жақын тартқаным ғой.

Жәудір. Сізден несін жасырайын. Жалғыз ағаманан басқа ешкімім жоқ. Мүмкін, әкем де тірі шығар. Бірақ, мен үшін ол өлінің санатында.

Күлән әже. Е, қарағым. Солай де...

Жәудір. Ағамның қайда екенін де білмеймін.

Күлән әже. (жұмысын тоқтатып, таңғала) Қалайша?

Жәудір. Әже, ол ұзақ әңгіме...

Күлән әже. Е...

Жәудір. Балалар үйіндегі Жаңыл апайдың айтуынша: Мен екі жас, ағам жеті жасқа толғанда әкем мен шешем ажырасыпты. «Біз сендерді зорлап таңған жоқпыз. Байға өз еркіңмен шыққансың. Әулетіміздің абыройын аяққа таптадың» деп ат кекілін кесіскен туыстарынан еш қайыр болмапты. Қайтсін, байқұс анам бізді асырау үшін осы қалаға келіп, жалданып жұмыс істепті. Шынымды айтсам, анамның түрі де есімде жоқ. Тек қана, ылғи да үстінен тастамайтын реңі өшкіндеген сары көйлегі ғана жадымда қалыпты. Сөйтіп, екі жылдан соң анам аты жаман ауыруға душар болғанын біледі. біз үшін күні-түні еңбек етіп, денсаулығына мән бермеген ғой. Содан айықпас кеселдің алып түсер күні жақындағынын сезеді де, барар жер, басар тауы қалмай, шарасы таусылған анам көзінің тірі кезінде ағам екеумізді балалар үйіне тапсырыпты.

Күлән әже. (толқып) құдай-ай... қайтсін енді бейшара.

Жәудір. Бізді тастап бара жатып, еңірегенде етегі жасқа толыпты... «Ертең тағы келем» деп кеткенімен, сол кеткеннен қайтіп оралмапты...(өзін қанша мықыт ұстағанымен, осыны айтқанда көзінен бір ташы жас үзіліп түсті.)

Күлән әже. (толқып жәудірді құшақтайды) Жарығым-ай! Жазмыш қой енді.

Жәудір. (көз жасына ерік береді) Солай әже...мен тұлдыр жетіммін.

Күлән әже. (жасын сүртіп) Жылама, айналайын қызым. Қуаныш та, қайғы да өтпелі нәрсе ғой.

Жәудір. Қасымда сіз тұрған соң жылағаным ғой әже. Мейірімге шөлдеген жылауық көңіл ғой менікі.

Күлән әже. Бәсе, көзің күліп тұрғанымен, ар жағында кіреукеленіп мұң тұратынын байқап едім.

Жәудір. Қайғыны күлкімен жасыру неткен аянышты еді.         

Күлән әже. Содан кейінгі өмірлерің не болды?

Жәудір. (күрсініп) Балалар үйіндегі үш айдан соң, неге екенін қайдам, ағамды басқа қаладағы балалар үйіне ауыстырды. Сөйтіп, мен ең соңғы қуанышымнан айырылдым.

Күлән әже. Ағаң кейін іздеп келмеді ме?

Жәудір. Жоқ... мүлде... іздеп келмеді. Шамасы оған қарындастың керек болмағаны да. Әйтсе де, мен оны іздедім. Бірақ, таппадым.

Күлән әже. Қазір көрсең танисың ба өзін?

Жәудір. Қайдан таниын әже. Одан бері он бес жылдай уақыт өтті емес пе?

Күлән әже. Е, Алла-ай деші! Кім біледі? бір күні іздеп келетін де шығар.

Жәудір. Жарықтық анам біздің кейінгі тағдырымыздан алаңдаған болуы керек. Екі құлыным бір-бірінен адасып қалмасын деп, балалар үйіне біз туралы: бойымыздағы ерекше белгілер жайінда хат жазып қалдырыпты.  Сосын, ағам екеумізге екі сурет тастапты. (сөмкесінен ескі суретті алады) Міне, мынау біздің анаммен түскен суретіміз екен.

Күлән әже.(суретті көріп) Е, жарықтық бәденді-ақ болған екен-ау. Сұлулығың анаңа тартыпты. Осындай айдай жарымен бала-шағасын тастап кеткен қандай ғана  қара жүрек екен деші.

(сырттан екі қартина көтеріп, тоқтар, сарқыт, әкімбек, әлихан сөйлесіп кіріп келе жатыр.)

Тоқтар. Сен солармен соңғы кезде жиі кездесетін болың, ә?

Сарқыт. Ешкім ойнап жүрген жоқ. Әріптестік қарым-қатынас, сауда жайімен шапқылап жүрген жоқпын ба?

Жәудір. (иегімен әкімбекті көрсетіп) Осы бір аға маған мүлде ұнамайды.

Күлән әже. (әзілдей) Саған ұнамаса, қуып жіберейін онда. (күлкі)

Сарқыт.(жақтырмай) Апа, жұмыс қайда? мына отырыстарыңызға жол болсын.

Күлән апа. Келін шырақ, шамамыздың келгенінше істеп жатырмыз.

Сарқыт. Апа, тапсырыс деген былай.(бармағымен тамағын сызып көрсетеді) жұмыс-ақша, жұмыс-ақша.

Әкімбек. Құдағи қалайсыз?(жәудірдің тіккен заттарын көрген болып, сүйкене) қарындас как дела?(жәудір қабағын шытып, орынынан тұрып кетеді)

Күлән әже. (тоқтардың қолындағы картинаға қарап) Балам қолыңдағы не зат?

Тоқтар. Міне көрсетейін. Бері келіңіз.(Күлән әже келесі бөлмеге барады) Әлгі саудадағы әріптестердің Сарқытқа сиға берген картиналары  екен.(көрсетеді)

Күлән әже. (шошып) Ойбай, мынау Айдаһар мен аю ғой. Бәтшағарлардың түрі қандай қорқынышты еді.

Тоқтар. Түрін білмедім. Салған суретші шебер-ақ екен.

Сарқыт. Ибәй, несі бар? Әп-әдемі. Достық көңілмен сиға берді. Оның үстіне қашанғы қазақи заттар сатпақпыз. Олардың да тауарын көрейік айналымға шығарып. Сондықтан олардың қолын кері қаға алмаймйз. Төрімізге жарқыратып іліп қояйық мұны. Үйімізге нұрын шашып, ажарландырып тұрсын.

Күлән әже. Келін осыны ілмей-ақ қойсаң қайтеді. Көңіліме қонып тұрған жоқ. Жылқы яки қасқыр болса бір сәрі. Мынауың енді...

Сарқыт. Дәнеңе етпейді. Сурет те тұрған ештеңе жоқ. Тоқтар, қане маған көмектес іліп қояйық.(суретті іле бастайды)

Күлән әже. Төрге емес, басқа жерге ілсеңдер де болушы еді. Дегенмен, өздерің білесіңдер ғой.(көңілсіз отырған Әлиханға қарап) Әй, төрем саған не болды?

Әлихан. Оны мамамнан сұра.(Сарқыт алая қарайды)

Тоқтар. Әй, баламысың деген.

Әлихан. (жаңа үш дөңгелекті великті көрсетіп) Мен екі дөңгелекті велик алам десем, мамам мынаны алып берді.

Сарқыт. Ол қымбат қой. Далада жатқан қарынбайдың қазынасы жоқ. Осыған де шүкір де.

Әлихан.(великті тебеді) Маған мынаның керегі жоқ.

Сарқыт. (шапалақпен тартады) Мә, ендеше саған керегі осы болса. Оңбаған.

(әжесі арашаға түсіп жылаған немересін құшақтай алады)

Күлән әже. Айналайын, келінжан ұрмай-ақ, сөзбен түсіндіруге болады емес пе?

Сарқыт. (бұрқылдап) Ұрам ба? Пісіріп жейм бе? Өзім білем. Бала менікі араласпаңыз.

Тоқтар.(дауысын созып) Қой, ей Сарқыт. Қой, Қой.

Әлихан. Мен сенің емес, әжемнің баласымын (әжесінің құшағына тығылады)

Сарқыт. (Әлиханды өзіне қарай жұлқылап тартады) Қарай көр мұны. Кел деймін бері.

Күлән әже. (Әлиханды құшағына тығып) Келінжан бұл әлі бала ғой. ашуы тараған соң өзі-ақ келеді. (Әлиханға қарап) жүре ғой. Сол екі дөңгелектіңді мен-ақ алып берейін. Пенсиямның да түсетін уақыты жақындады.(шығып кетеді)

Сарқыт. (күйіп-пісіп) Міне, баланы әбден еркелетіп, өбектеп жаман үйретті. Өз анасына тіл қайтару деген масқара емес пе? Масқара.

Тоқтар. (дауысын созып) Қой, ей Сарқыт. Қой, қой. (сарқыт алая бір қарайды да отыра кетеді)

Келесі бөлмеде Әкімбек пен Жәудір.

Әкімбек. (Жәудірдің шашынан сипап) Па, шіркін! сенің осы қолаң шашың үшін ақ өлуге болады.

Жәудір. (қолын қағып жібереді) Аулақ жүріңіз менен.

Әкімбек. (ары-бері жүріп, қырындай сөйлейді) Иә, мен сен сияқты мінезді қыздарды ұнатам. Күннің көзін бұлыт жасырып, қашанғы тұрар дейсің. Солай емес пе сұлу бикеш.

Жәудір. Ол мәңгі сейілмейтін бұлт. Дәмеленбеңіз.

Әкімбек. (әртістерше образға кіріп) Айналайын, Жәудір жан. Күнім дейін сені, айым дейін сені қоншы қолыма, жаным құрбан жолыңа.(салмақты кейіпке еніп) Мен саған шынымен жүрек сөзімді айтып тұрмын. Қолымды кері қақпасаң қалауыңнің бәрі болады.

Жәудір. Жұмысыма кедергі жасап тұрсыз. Мазаламаңызшы мені.

Әкімбек. Менің нәзік жүрегімді олай жараламашы Жәудіржан. Мен осында тек қана сені көру үшін...(осы кезде күлән әже немересімен бөлмеге кіреді. Күлән әже алая бір қарайды) жарайды онда Жәудір қандай мата дедің? Келесі жолы ала келейін.(кетеді)

Жәудір. Сіздің келгеніңіз қандай жақсы болды. Өзі бір қызық адам тегі.

Сарқыт. Әкпесінің жағдайы кішкене жақсы бола қап еді, өзі туысқаншыл бола қалды ғой соңғы кезде.

Әлихан. Әже, сізде қызықсыз. Мамам сізге дауыс көтергенде сіз неге үндемейсіз? Жоқ, мамамнан қорқасыз ба?

Күлән әже. Әй, тентегім-ай. Мамаң шаршап жүр ғой. түсіністікпен қарайық. Құдайым берекемізден ажыратпасын. Шаңырағымыз тыныш болсын.

Әлихан. Жәудір тәте, сізге әжем үйреткен өлеңді айтып берейін бе?

Жәудір. Айта ғой.

Әлихан. Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз. Енді алашты ешкімнің, қорлығына бермейміз. (екеуі әлиханға риза пішінде қарап тұрады)

5 көрініс

Сарқыт пен Әкімбектің әңгімесі. Есіктің алдындағы қалтарыс.

Сарқыт. Осы саған ақыл қашан кірер екен. Болашағыңды ойлайтын кезің келді. Ал, сенің жүрісің мынау сенделіп.

Әкімбек. (үстіне қонған масаны ұрып) Жәй жүрген жоқпын әпкетай. Өзімнің ертеңге жоспарым бар.

Сарқыт. Ой, сенің жоспарыңа береке берсін. Ақша шашқаннан басқаны білмейсің. Алдында менен алған ақша қайда?

Әкімбек. Оллахи-биллахи. Осы жолы сөзсіз жер аламын. Сөйлесіп те қойдым.

Сарқыт. (түйіншектелген зат береді) Ешкім жоқ па?(жан-жағына қарап) Мә,  мынаны ал. Ішінде қомақты қаражат бар. Сөзсіз жер алатын бол. Баспана тұрғызып, үй болуды ойла.

Әкімбек. (әпкесінің қолын сүйіп) Үйлену қашпайды. Үй болса, қыздар өзі-ақ келмей ме? (дауысын құбылтып) Сізден басқа ешкім мені бауырым деп ойламайды. (масаларға) Ой, мыналардың қорлығы-ай. Сізге екі дүниеде қарыздармын әпкетай.

Сарқыт. Айтқан сөзімді ұмытпа. Бар енді. Біреу-міреу көріп қалмасын.

Әкімбек. Айтқаныңды екі етпеймін әпкетай.(кетеді)

(Сарқыт үйге кіргенде, Күлән әже күтіп отыр еді)

Сарқыт. (ұрлығы ашылғандай селік етіп) үй, бәріңіз жиналып қалыпсыздар ғой.

Күлән әже. Келін шырақ, өзіңмен ақылдасатын шаруа болып тұр.

Сарқыт. (футбол көріп жатқан Тоқтарға қарап) Мені күтпей-ақ, шаруаңызды балаңызға айта бермедіңіз бе? (әжесінің жанында отырған әлиханға) Кел, менің қасыма келші балам.(ол басын шәйқайды)

Күлән әже. Сонда да бәріміз бірге отырып, ақылдасайық деп ойладым,

Сарқыт. (елеусіз) Иә, құлағым сізде. Айта беріңіз.

Күлән әже. Айтсам былай, бүгін маған марһұм атаңның бауырлары шүйінші сұрап, өз руларының шежіресін шығарғалы жатқанын айтты. Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер деген. Шежіре деген ертеңгі ұрпақ үшін, міне,(Әлиханаға қарап) мыналар үшін керек қой. Олар менен ештеңе сұраған жоқ. Әйтсе де, атаң марһұм көзі тірісінде сол рудың силы ақсақалы болғанын өзің білесің. Шалымның аруағын силап, азан-аулақ тиын-тебен қоссам ба деген ойым бар еді келінжан. Айтайын дегенім осы.

Пауза. (осы кезде Тоқтар «гол» деп жын ұрғандай секіріп тұрады да, жан-жағына ыржия қарап, қайтадан шалжиып жатады)

Сарқыт. Апа, айтқаныңыз жөн. Амал қанша, ақшаның бәрін тауарға салып тастап едік.

Күлән әже. (дауысы дірілдеп) Енді... келін-ау, көп ақша емес қой.

Сарқыт.(әмиянін көрсетіп) Апа, мынаған қараңызшы көк тиын да болмай тұр.

Күлән әже. (орынынан тұрып) Жарайды, келін шырақ. Тағы бірде реті боп қалар. Мен барып демалайын.

Әлихан. (секіріп тұрып, әкесін жұлқылайды) Әке, мамама айтшы. Әжеме ақша берсін. 

Тоқтар. (басын көтермеген қалпы дауысын созып) Ақша бер ей, мамасы. Неге бермейсің?

(бұл кезде күлән әже шығып кеткен еді.)

Әлихан. (кіжініп) Ой, Сендерді жек көрем.(әжесінің артынан кетеді)

(Әжес бөлмесінде шалының суретіне қарап отыр)

Күлән әже. Мені кешіргейсің отағасы. Аруағыңның алдында айыптымын. Иә, келін-баламды жазғырмаймын. Бәріне өзім кінәлімін. Әйтсе де, қартайғанда келін-балаға жалтақтаған қиын екен. Соны біліп, өмірден ерте кеттің бе? Кім білсін.

(осы кезде Әлихан кіреді)

Әлихан. (әжесін артынан келіп, құшақтайды) Әжетай, жылағансың ба не? Көзің су ғой.

Күлән әже. Жоқ, а. Құлыным, неге жылайын. Балалар ғана жылайды.

Әлихан. Сіз де бір баласыз ғой, мен үшін.

Күлән әже. Төрем менің. Сен аман болшы. Әйтеуір.

Әлихан. Әже, осы күнге жеткеніміз сіздің арқаңыз ғой. олар неге түсінбейді соны. Қатты-қатты айтпайсыз ба батырып.

Күлән әже. Олай деме құлыным. Кешірімшіл болайық.

Әлихан. Сіздің-ақ осы кешіріміңіз бітпейді екен.

Күлән әже. Ас атқанға, ас ату әр кісінің белгісі, тас атқанға, ас ату ер кісінінің белгісі деген. силастықтан артық сұлу нәрсе жоқ. Ашу-дұшпан, ақыл-дос, ақылыңа ақыл қос шырағым.

Әлихан. Мұндай теңсіздікке, көзді жұма беруге болмайды әже. Өзіңіз айтқандай, адам деген әділетсіздікпен күресу керек қой.

Күлән. Е, қарағым-ай! Осы шаңырақтың тыныштығы үшін ғой бәрі де.

Әлихан.(қалғып) Тыныштық...тыныштық...

Күлән әже.(құшақтап) Тссс...тыныштықта ұйықтай ғой. сенің осы тәтті ұйқың үшін жаным құрбан. Ұйықтай ғой.

(Әлихан балбырап ұйқыға кетеді. Әжесі оны құшағында тербетіп отырады)

Сарқыттың түсі: Бетіне бет перде киген, мүйізді қалың құбжық бейнелер мұны тырқыратып, қуып келеді екен дейді. Бұл жандауысы шығып, жан ұшыра қашып келеді. Бір кезде құлама құзға тіреліпті. Қалың құбжықтар мұны айнала қоршап, сақ-сақ күледі де, тарпа бас салып, тағынған қымбат алқа-моншақтарын үзіп-жұлып ала бастайды. Сосын, ішітерінен бір құбжық шығады да, бұған жақындап келіп, ауызынан от шығарып, билей бастайды. Көзі Әлиханның көзіне ұқсай ма? қалай өзі...жылап тұрған сияқты...мұнысы қалай? Бұл «Әлихан» деп айқайлай бергенде, ол шыңғыра келіп, «Кешір мені» дейді де, құздан итеріп жібереді екен дейді.

...Сарқыт шыңғыра оянып кетті. Түрі кісі шошырылық. Жан-жағына қарады. Күйеу қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.

                                                           6 көрініс

Дастарқан басы.

Сарқыт. Балам. Іше ғой, жей ғой. Өзің жүдеп кеткенсің бе? Бір жерің ауырып жүрген жоқ па?

Әлихан. Иә, дұрыс айтасыз. Әсіресе, мына (жүрек тұсын нұқиды) жерім ауырады.

Сарқыт. Қой, балам. Қай-қайдағыны айтпа.

Тоқтар. (Әлиханның бой-басына сұқтана қарап) Байқамағам ба қалай? Жігіт боп қалыпсың ғой кәдімгідей.

Әлихан. Шамның түбі қараңғы болса, қалай байқарсыз?

Тоқтар. Мананы қара. Әжеңнен біраз дүние үйренген сияқтысың, ә.(Күлән әжеге) Мама, әңгімеге араласып отырсаңызшы. Соңғы кезде томаға-тұйық боп жүрсіз ғой.

Күлән әже. Балам, жас келген сайын сөз де азайяды екен. Сол баяғы кәрілік қой.

Сарқыт. (Әлиханға планшет береді) Балам, мынау саған. Ала ғой.

Әлихан. (планшетті алып, әжесіне қарап) Рахмет әже.

Күлән әже. Маған емес, мамаңа айта ғой рахметіңді.

Әлихан. Әже, сіз болмасаңыз осы дүниелер болар ма еді?(планшетін, айналадағы дүниелерді көрсетеді) Бәрі сіздің арқаңыз ғой әже.

Күлән әже. Құлыным, олай айтпа, одан да осы күнге жеткізген әке-шешеңе құдай қуат берсін.

Әлихан. Әже, мен оныңа қосылмаймын. Жә, қойшы соны. Бәрінен де мына планшет жақсы болды.(Сарқыт жымың ете түседі) Мен мұны сатып, ақшасын сізге беремін. Сізге ақша қатты қажет боп жүр емес пе?

Күлән әже. Құлыным-ау...

(сарқыт шынысын шарқ еткізіп, әлиханға алая қарайды)

Сарқыт. Ой, жақсылықты білмейтін әулекі. Біреу бұған жақсы көңілмен силық берсе, мінез көрсетуін қарай көр. Әкел бері.(планшетті жұлып алады)

Тоқтар. (әндете) Бер ей, Сарқыт. Планшетін бер өзіне.

Әлихан. (орнынан тұрып) Маған сендердің заттарың керек емес.(кетеді)

Күлән әже. (тұрады) Бала ғой әлі...артынан барып, ақылымды айтайын.(кетеді)

Сарқыт. (тістеніп, жер тепкілеп) Білеміз ғой, қандай ақыл айтатынын. Міне, қара(Тоқтарға) бала емес, пәле болды.

Тоқтар. Ондай-ондай боп тұрады. Ештеңе етпейді.(кетеді)

(Сарқыт оңаша қалды. Түндегі түстері елестеп, Әлиханның көрсеткен шадыр мінезі мен астасып кетті. Мазасы кетіп, үрейлене жан-жағына қарады)

Сарқыт. Ол менен алыстап бара жатыр. Әжесі басын айналдырып алған оның. Көзі де суық тартып барады. Жо...жоқ. Арамыз неден салқындады? Кім кінәлі бұған? (басын шеңбектей ұстап) мүмкін емес... мен емес оған жазықты... жоқ, тезден әрекет жасау керек... (Тоқтар келеді)

Тоқтар.(шошып) Не, болды? Түрің өрт сөндіргендей ғой.

Сарқыт.(Тоқтардың қолынан ұстап, асыға) отыршы тоқтар, отыршы. Сенімен ақылдасатын шаруа бар.

Тоқтар. Не түлен түртті сені? Аптығыңды бас.

Сарқыт. Байқайсың ба? Әлихан бізден алшақтап бара жатыр. Себебі не деп ойлайсың?

Тоқтар. Онысын байқамадым.

Сарқыт. Менің байқауымша, ол жалғызсырап жүр.

Тоқтар. Оны қайдан шығардың?

Сарқыт. Оған бауыр керек.

Тоқтар. Міне, қызық. Бауырды қайдан таппақсың?

Сарқыт. Иә, мен денсаулығыма байланысты бала көтере алмаймын. Бірақ, есесіне асырап алуымызға болады.

Тоқтар. Кісі баласы, бала болып жарытпас.

Сарқыт. Ойланшы Тоқтар. Әлихан үшін сондай қадамға баруға тура келеді. Ол кісікиік болып, жалғызсырап жүр. Балаңа жаның ашысын.

Тоқтар. (ойланып) Бір есептен оның да дұрыс сияқты.

Сарқыт. Міне, енді жөнге келдің. Келісіміңді бересің ғой.

Тоқтар. Мейлі. Қалауың білсін.

Сарқыт. (мойынына асыла кетіп) Тарихи шешім қабылдадық. Жаным сол!

Тігінхана.

Күлән әже. Қызым, соңғы кезде жабырқаусың ғой.

Жәудір. Иә, аздап көңіл-күйім болмай жүр.

Күлән әже. Не үшін? Бір себебі бар шығар.

Жәудір. Мүмкін...

Күлән әже. Ақшадан қысылып жүрсің бе? Жоқ әлде,(жымыиып)махаббат машақаты ма, мазалап жүрган?

Жәудір. Адамның ойын қалай оқып қоясыз?

Күлән әже. Иә, сонымен?

Жәудір. Әже, сізге жанымды аяздай қарып жүрген бір нәрсені айтайын: менімен универде бірге оқыған Тимур деген жігіт екеуміз біраздан бері көңіл жарастырып жүрміз. Бірақ, арамызда бөтен еш нәрсе болған жоқ. Өзі актерлік мамандықта оқыған. Бір-бірімізге сондай бауыр басып кеттік. Әке-шешесі намаз оқитын тақуа кісілер. жақсы жердің баласы. Ендігі менің қабырғама бататыны, ол менің тарихымнан бейхабар. Қалай айтарымды білмей, басым қатып жүр. Қасіретке толы тағдырымды айтып, жүрегін жаралап алам ба деп қорқам. Не істесем болады әже?

Күлән әже. Е, Былай де, шырағым. Несі бар, барлығын жәйіп сал. Түн ұзарса, түс көбейеді деген бар. Сол себепті кешеуілдетпе. Ол егер  шың сүйетін болса, сенің артық-кеміңмен түгел қабылдауы тиіс. Отбасы деген – кішкене мемелекет. Сондықтан, оның ірге тасын осы бастан дұрыс қалауың керек.

Жәудір. Иә, дұрыс айтасыз. Тезден айтуым керек әже.  Сосын тағы бір жайт бар, анамның бейітінің басындағы тақтайша ескіріп кеткендіктен, жаңадан ескерткіш тас орнатайын деп едім.

Күлән әже. Бәрекелді! Қызым.

Жәудір. Соған арнайы жиып жүрген азын-аулақ ақшамды Тимур: «Бір тығыз шаруама керек боп тұр, ертең-ақ қайтарам» деген соң бере салып едім. Содан бері бір шама уақыт өтсе де, ол ақша таба алмай жүр. Енді міне, ескерткіш тас та дайын болыпты. Тапсырыс берген адамым тықақтап, ақшасын сұрап жатыр. Не істерімді білмей есім шығып жүр.

Күлән әже. (құшақтайды) И, жаным-ай. Тордағы балапандай бұлқынған перзенттік жүрегіңнен айналдым. Әттең-ай, саған бере қояр ақшам жоқ. Әйтпесе, менің алқа-моншақтарымды сатайық. Басыңды қатырма қызым. Бір қайырлысы болар.

Жәудір. Жоқ, әжетай. Пейіліңізге рахмет.

Күлән әже. Сосын жаңағы кім еді? Титыр дедің бе, темір дедің бе? Сонымен тездетіп сөйлесе ғой.

Жәудір.(орнынан тұрып, музыка қосады) Жарайды әже... бүгінше ештеңені де ойлағым келмейді. Бәрін ұмытып билейікші әже.(шыр көбелек билейді. Күлән әже де жәудірдің көңілі үшін билеген болады)

7 көрініс

Үй.

Тоқтар (футбол көріп жатыр) Әй, мынау нағыз қисық аяқ екен. Сөйтіп тебуге бола ма екен. (есеп-қисап жүргізіп отырған сарқытқа қарап) Қатын мынауыңның (залда мәшине мініп, ойнап жүрген Қонақбайды нұсқап) ұлты кім? Түрі бір түрлі ғой.

Сарқыт.(қатқыл) Орыс па, Корейс пе, Сыған ба, Дұңған ба ода не жұмысың бар? Өткен өмірін қайтесің? Жетім көрсең жебей жүр деген. Ең бастысы адам ғой. Байқаған шығарсың? өзі өте жұғымтал. адам жатырқамайды. папа, мамалап жаны қалмай жүр. Бұдан былай, ол біздің сүйікті Қонақбайымыз болады.(газетке қарайды) Міне, гезеттерде де біз туралы «Жетімді бауырына басқан қайырымды адамдар» деп жар салуда. Осының өзі бақыт емес пе?

(Тоқатр «Гол» деп орнынынан секіріп тұрып, айналып жүгіре жөнеледі)

Қонақбай. (бұлардың бетінен сүйеді. Тілі күрмеліп) Папа, мама біз синдерди жакшы кориді.

Сарқыт. (сүйеді) Үйірсек өзі. Әкесі сен де сүйіп қойсаңшы.(тоқтар жиіркене сүйеді) Барып ойнай ғой, айналайын.(залға қарай шығып кетеді)

Зал. Қонақбай су жаңа мәшинесімен Әлихан ескі велигімен ойнап жүр.

Қонақбай. Син жаман, миникі хорошо.(өз мәшинесін көрсетіп, Әлиханға тілін шығарып мазақтайды)

Әлихан. (кіжініп) Келімсек неме. Ауызыңды жапшы.   

Қонақбай. (Әлиханді мәшинесімен соғады) Син жаман, миникі хорошо.

Әлихан. (Қонақбайдың мәшинесін теуіп, аударып тастайды) Мә, керек болса.

(Қонақбайдың шар ете қалған дауысын естіп, Сарқыт жүгіріп келеді)

Сарқыт. (Қонақбайды құшақтап, әлиханға алая қарайды) Не боп қалды?

Қонақбай. Ол мени ұради, мин жилаиди.

Әлихан.(қатуланып) Алдымен өзі соқтыққан.

Сарқыт. Бұл сенің бауырың. Бұдан былай тиісуші бол ма. Аялауың керек.

Әлихан. Менің ондай бауырым жоқ. Ешқашан болмайды да.

Сарқыт.(Қонақбайдың бетінен сүйіп) Болды жылама. Анаған қарағанда ақылың көп қой. Жылама балапаным.(бауырына басып)

Әлихан.( жүгіріп келіп, қонақбайды итеріп, мамасына таласа жылайды) жоғал ары. Бұл менің мамам. Мен мамамды ешкіммен ортақтаспаймын.(мамасына қарап) Иә, мама солай ғой е.(Сарқыт Қонақбайды мейірлене құшақтап, Әлиханды құшақтамайды. сырттан Күлән әже келіп, Әлиханды құшақтайды)

Күлән әже.  Құдай бере салған құлыным! Жыламашы айналайын. Жүрегімді ездің ғой.

Әлихан. (әжесінің құшағынан сытылып шығып, Қонақбайдың ішінен теуіп құлатады) Жоғал деймін саған. Бұл менің ғана мамам. Мама мені балам деші. Әже, бұл менің ғана мамам ғой,ә?(әжесі жүгіріп келіп, баласын ажыратып алмақшы болады) 

Сарқыт.(қонақбайды орынынан тұрғызып) Мұның не сенің оңбаған. (Әлиханды шапалақпен тартып жібермекші болғанда, ол Әлиханға тимай Күлән әжеге тиеді. Осы кезде сырттан Тоқтар кіреді)

Тоқтар.(Сарқытты шапалақпен тартады) Менің анама қол көтеруге қалай ғана дәтің барды қаншық.

Әлихан.(жандауысы шығып) Менің сендей анам жоқ. Мен сені жек көрем. Әже ол бізді ұрды.(әжесінің бауырына тығылады)

Сарқыт. Оңбаған арамтамақ. Сазайыңды тартасың әлі. Өкінетін боласың. Ажырасам. бұл үйде тұрмаймын.(Қонақбайды ертіп шығып кетеді)

Тоқтар. Соншама немене басың алтын, артың күміс пе еді. Сенен басқа қатын құрып қалып па? Жолың ашық кете бер.(Әлихан мен әжесіне қарап) бөлмелеріңізге барыңыздар. Онымен жақсылап сөйлесейін.(шығып кетеді)

Күлән әже.(артынан айқайлап) Қарағым ақылға сала ғой. бүлдіріп алып жүр ме. Шаңырағымыз тыныш болсын. Бір шапалаққа бола бұл шешең өлер деймісің?(Әлиханға) Төрем менің. Төрелер жыламайды ғой. мұның не құлыным? Жүре ғой.(бір-біріне сүйенген екі мұңлық шығып бара жатады)

Тоқтар.(орындықты лақтырады) Осы уақытқа дейін сенің әрбір ісіңе көз жұмып келдім. Шыдамның да шегі бар.

Сарқыт. Ибәй, сенде де намыс бер екен ғой. таңғалып тұрмын.

Тоқтар.(жұдырығын безеп) Кокайыл неме. Көзіңе көк шыбын үймелетейін бе?

Сарқыт.(мазақтай күліп) Жалынайын, ұрмашы мені, ұрмашы. Таяқтан қатты қорқатын едім.

Тоқтар.(төніп кеп) Тіліңді тарт деймін, салдақы.

Сарқыт.(Тоқтардың алдына құжат, қағаздарды алдына тастап) Аптығыңды басып, алдымен мыналарды қарап шық. Сосын сөйлесеміз.

Тоқтар.(құжаттарды қарап болып) Сен...сен...мынау...сонда(сылық етіп отыра кетеді)

Сарқыт.(табалай күліп) Ия, солай қадірлім. Так что, ақша, дүние-мүліктің бәрі менің атымда. Заманың түлкі болса, тазы боп шал деген бар емес пе? отағасы.

Тоқтар.(күбірлеп) Саудадағы әріптестеріңмен кездесуіңнің нәтижесі осы екен ғой. Ах,  недеген аяр едің!?

Сарқыт. Әуел баста, олармен кездесуге мені өзің жібердің емес пе? Оны өз енжерлығыңнан, жалқаулығыңнан көр. Кімге кінә тақпақсың?

Тоқтар.(басын төпештеп) Қойынымда шұбар жыланның жатқанын қайдан білмегем? Қайран басым-ай!

Сарқыт. Ал, енді шешіміңді қабылда батырым. Бұл үй менікі. Жолың ашық, сүйікті шешеңмен ұлыңды ерт те, чемоданыңды арқала да жүре бер. Сен мені емес, мен сені талақ қылам.

Пауза.

(Тоқтар басын сығымдай ұстап отырып қалады. Сарқыт Қонақбайды құшақтап, бедірейе қарап тұр)

Тоқтар.(теңселе басып келеді де, мұны құшақтайды) Жаным, айып етпеші. Кәне, отырайық (отырғызады) жаңа шайтан азғырып... айтқан сөздерімді көңіліңе алма... енді отбасы болған соң, ыдыс-аяқтың сыңғырлауы деген не тәйірі! Мамам мен Әлиханда да қателік бар. Алаңдама, олармен өзім сөйлесемін. Жаным, бәрі жақсы болады.(Қонақбайды қосып құшақтап)Біз деген бақытты жанұямыз ғой жаным.(Сарқыт жымяды)

                                                 8 көрініс

Саябақтағы би кеші. Жастар алқын-жұлқан билеп жатыр. Оңаша скамейкада Тимур мен Жәудір.

Тимур(Жәудірдің шашынын сипап) Қандай тамаша көңілді кеш! Қызыл-жасыл шарақтар,  саябақ, самал жел. Керемет емес пе Жәудір.

Жәудір. Мүмкін, солай шығар...

Тимур. Сұлуым көңілсізсің ғой.

Жәудір. Кейде осы өмірдің бәрі елес сияқты.

Тимур. Жұмбақтамай айтсаңшы. Не көрсек те, тең бөлеміз деген уәдеміз қайда? Бір-бірімізден ештеңені жасырушы болмайық жаным.

Жәудір.(әндете күледі) Бейне «Арманды дара қумаймыз, құстың қос қанатындаймыз»  дейсің ғой.

Тимур.(Жәудірдің маңдайын ұстап) Қызуың көтеріліп тұрған жоқ па? Бүгін өзің біртүрлісің ғой.

Жәудір.(қадала қарап) Сен мені шын сүйесің ғой.

Тимур. Әрине, жаным.

Жәудір. Бүкіл болмысыммен, тағдыр-талайыммен сүйесің ғой.

Тимур. Күмәнің болмасын.

Жәудір. Онда тыңда: «Мен балалар үйінде өскенмін. Ешқандай туыс-туғаным жоқ. Тұлдыр жетіммін.»  десем қандай күйде болар едің?

Тимур. (көзі атыздай боп) Құдай сақтасын! Бірақ, сен сондай емессің ғой?

Жәудір. Алда-жалда сондай болсамшы?

Тимур. Мүмкін емес.

Жәудір. Амал қанша? Айтқанымның бәрі шын. Мен сондай бақытсыз жанмын.

Тимур.(үрейлене ары жылжып отырады) жо, жоқ...бұл қалай болғаны? бұл енді қиын жағдай екен...(билеген жақтан «Тимур» деген дауыс шығады) Мені шақырып жатыр. Анда барайын...(орынынан тұрады)

Жәудір.(жанары мөлтілдеп) Тимур бетпердең ашылды ма сенің? Қайран сенім... қайран сезім-ай қор болған?

Тимур.(қипыжықтап) Нешауа, бұл бір өкінішті жағдай болды.

Жәудір.(зорлықпен жымыиып) Бара бер. Бұған сен кінәлі емессің.

Тимур.(кетіп бара жатып, бұрылып.) Айтпақшы, сенен алған ақшамды көп кешікпей қайтарам.

Жәудір.(Тимур кеткен соң қыстыға жылайды) Иә, бәрің де кетіңдер. Алдымен әкем, онан соң анам, сосын ағам, енді сен...ей, жаратқан ием, мені неге   тағдыр талқысына салуға құмарсың?! Бәрің де кетіңдер. (айқайлайды) Мен онсыз да жалғызбын ғой! Иә... жалғызбын...

(орынынан тұрып, жастар жаққа қарайды. Жініккен жастардың ортасында тимур құлшына билеп жүр. Мең-зең күйде сенделе басып, басы ауған жаққа жүреді. Қайда екенін өзі де білмей, мәңгірген халде келе жатқанда алдынан Әкімбек шығады)

Әкімбек.(сыпайы) жәудіржан-ау, қызға жалғыз жүру қауыпты. Екі кештің арасында қайдан жүрсің? (жәудір де үн жоқ)

Әуімбек.(түріне анықтап қарап) Ой, жаным-ай! Жылағансың ба? Кім ол сені жылатқан? Кәні, айта ғой.(білегін сыбанып) Сазайын берейін.

Жәудір.(күбірлеп) Ештеңенің керегі жоқ... кетейін. ...жол беріңізші...(талықсып құлай бергенде, Әкімбек сүйеп қалады)  

Әкімбек. Әбден діңкелеп бітіпсің ғой, байқұс-ай. Бір жерге барып, аздап жүрек жалғап алмасаң, мүлде жағдайың нашар боп тұр. Қане, анда тұрған дәмханаға барайық. (Жәудірді сүйеп, дәмханаға қарай жүреді)     

Дәмхана.

Әкімбек. Қане, жәудіржан. Тартынбай ал тағамдардан. Ас адамның арқауы деген. Қайдан келе жатсың? Бейуақта неге жалғыз жүрсің? (маңдайын ұрып) ой, мен де өзіңнің мазаң болмай тұрғанда, сұрақтың астына алып...(қолына стақандағы суды ұстатып) Тым болмаса, таңдай жібітші.(ішеді) Қолың да тастай боп тұр. Андағы судан кейін, қане, ыстық-ыстық шәй ішсең жақсы боп қаласың.(шәй береді)

Жәудір.(өз-өзіне келіп) Рахмет аға.

Әкімбек. Оқасы жоқ, Жәудіржан. Міне, енді-енді жүзіңе қан жүгірді. Мына сорпаны ішіп жібер. Па, өзің жүдеп кетіпсің ғой.

Жәудір. Рахмет. Тәбетім болмай тұр.

Әкімбек. Мейлі қалауың білсін. Жаурап отырсың ба? Мә, мынаны арқаңа жауып ал.(курткасын шешіп алып, арқасына жауып береді) Ана жаққа: Күлән әжеңдікіне барып жүрсің ба?

Жәудір. Бармағаныма біраз болды.

Әкімбек. Ол бір жүзінен мейірім төгіліп тұратын, жаралмаған жан ғой. жиі-жиі барып тұруың керек.

Жәудір. Иә, дұрыс айтасыз аға. Әжем-адамның асылы.

Әкімбек. Біздің жаман жиен – Әлихан да жақсы азамат боп өсіп келе жатыр.

Жәудір. Ол бір ақылды тентек қой.

Әкімбек. Мен бар ғой тумысымнан балажанмын. Ол сотқарды қатты жақсы көрем. Жәудіржан мына жаман ағаң ауызында ғана жеңілтек. Әйтпесе, былай салмақты-ақ жігітпін. Бұрындары айтқан әзіл-қалжыңдарымды көңіліңе алма. Қане, шәйден алып отыр.(шәй құйып береді)

Жәудір. Жоқ, аға. Мен еш ренжімеймін. Кісәпір дегенің кісі боп, кісі дегенің кісәпірге айналып жатқанын өмір өзі-ақ дәлелдеп жатқан жоқ па? Шынымды айтсам, мен сіздің адами келбетіңізді енді танып отырмын.

Әкімбек. Кей-кейде артық кетеміз. Білместікпен қателік те жасаймыз. Енді, қанша дегенмен пендеміз ғой. Сөзіңе қарасам, бір нәрсеге қапалы сияқтысың. Айтқың келмесе айтпай-ақ қой.

Жәудір.(жымиып) Сіз тіпті, адам жанын танығыш сезімтал боп шықтыңыз ғой. Оны қайтесіз? Айтуға татымайды.

Әкімбек. Онда еркің білсін. Әркімнің өз жұмбағы бар.(күрсінеді) Оны қазбалап сұрауға болмайды. Әр күні дөкір, тұрпайы адамдармен жұмыс істегендіктен, өзің сияқты жаны жайсаң адамдармен әңгімелесудің өзі ғанибет.(үстелдің астынан коняк алып шығып) Қарсы болмасаң, епетеп мынадан ала отырсам?

Жәудір.(жайбырахат) Жо, жоқ. Қарсылығым жоқ. Ала беріңіз.

Әкімбек.(толтырып тартып жіберіп) Кей кезде: шабытты шақтарымда ептеп өлең жазатыным бар. Жәудір жан мына өлеңге құлақ салшы: Кейіме қыздар, керемет күндер алдыңда, кемсіне берме, керанау тартса тағдырға. Сүрініп кетсең, қарғып тұр қайта дайындал, кедергілерден екінші реткі қарғуға. Қалай шығыпты?(тағы бір стақан тартып жібереді)

Жәудір. Мә, аға. Өзіңіз жазғансыз ба? Недеген күшті! Құдды маған арналғандай.

Әкімбек. Керек болса, мұнан да күштілері бар. Оқып берем қалқам.(конякті көрсетіп) Қане, мынадан саған да құйып қояйын.(қарсылық білдіреді) Жо, жоқ. Қолымды қаға көрме алтыным. Жақсымен сұхбат құрған жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай деген. Мына қамшының сабындай бес күндік жалғанда силастықтан артық не бар дейсің жәудіржан?! Қане, қане мынаны силастық үшін алып қояйық.

Жәудір. Аға мұны мен өмірімде татып көрмегем. Қинамаңызшы.

Әкімбек. Бұл бәлені мас болу үшін емес, әңгімеге тұздық болу үшін ғана ішу керек. Қане, қане алып жіберші. Көзің шырадай жанып, лезде әйбәт болып қаласың. (жәудірдің қарсылығына қарамай, еріксіз тартқызып жібереді)

Жәудір.(қақалып-шашалып) Ой мынау ашты ғой. қалай ішеді?

Әкімбек. Өмірде бұдан да ашты нәрселер бар, үйрене беру керек қалқам. Сәл көзіңді жұмып отыршы. Қазір-ақ гүл-гүл жайнап шыға келесің.(көзін жұмып отырады)

пауза

Жәудір.(жайраңдап) Аға, мынауыңыз тамаша екен. Қане, тағы да құйыңызшы.

Әкімбек.(екеуіне де толтыра құйып) Өмір деген осы. Серпілмесең тұқырта береді. Өзіңді-өзің көтермесең, біреу келіп сүйемейді ешқашан. Біз де бақытты болуға тиістіміз. Жоқ әлде, байлар мен мансаптылар ғана өмірдің қызығын көруі керек пе? Қалай ойлайсың Жәудіржан? Қане, мынаны сен үшін(тартып жібереді)

Жәудір.(теңселіп) Сіздің айтқаның жөн. Біз бақытты болу үшін жаралғанбыз. Қашанғы жылай бермекпіз? Біз де күлейік... ішейік...ойнайық.(тағы да коняк ұстата қояды) мынаны сіз үшін тартып жіберейік.(ішеді)

Әкімбек. Мынаны бақытты боуымыз үшін көтерейік.(тағы да ішеді)

Жәудір.(тілі күрмеліп) Бұрын қалай ішпей жүргем мынаны. Неткен тамаша сусындық еді...

(арғы жағы бұлдыр-бұлдыр)

(Қонақ үйдің бөлмесінде Жәудір басы сынып оянады. Жан-жағына үрейлене қарап, жанында Әкімбектің жатқанын көреді. Қандай қасіретке душар болғанын түсінеді. Орынынан тұрып, өз-өзінен жиіркене жүріп киімін киеді де, әңкі-тіңкі күй кешіп, кешегі күнін ой елегінен өткізеді). Күбірлеп: Мен не істеп қойдым? Не бүлдірдім? Қандай қасіретке душар болдым? Құдай-ай! Жанымның гүлін осы доңызға таптатқаным ба? Жо, жо, жоқ...(үстелдің үстінен пышақты алып, әкімбекке жақындайды. Әкімбек сол кезде ұйқысырап, аударылып жатады. Жәудір әкімбектің арқасындағы алақандай қалды көреді де, қолындағы пышағы сусып түседі.)

Өткен шақ. Анасының жазған хаты есіне түседі.

( құлындарымның кейінгі тағдыры не боларын кім білсін? сондықтан олардың бойларындағы айырықша белгілері туралы айта кетуді жөн санадым. қызымның оң құлағының астында бидәйдай меңі бар, және де сол құлағында иненің жасуындай тесік бар. Ал, ұлымның оң жақ жауырынында алақандай қалы бар...)

Жәудірдің құлағында «Алақандай меңі бар» деген сөз жаңғырып тұрады. Жынданған адамдай Жалма-жан Әкімбектің қалталарын тінте бастайды. Түгел ақтарып, әмияніңің ішінен анасы қалдырған өзіндегі суреттің сыңарын табады. Өзіндегі суретпен салыстырады. Өне бойы қалшылдап, суретке қадала қарайды.

Жәудір.( түтігіп) Құдай-ай, құдай-ай! Жаратқан ием мен не жазып едім? Тосын сиың осы ма еді мен күткен? Қасірет, қасірет...(бірде жылап, бірде күліп, аласұра шыңғырып, шашын жұлып, жығылып-сүрініп  беті ауған жаққа қарай жөнеледі )

9 көрініс

Сатып алған қымбат үй. Көздің жауын алар жиһаздар. Түрлі тағамнан белі майысқан дастарқан. Қонақбай Тоқтарды ат қып мініп, ойнап жүр.

Сарқыт.(шаттанып, айналасына жүріп) Құдайым-ау! Бұл күнге де жеттік-ау! Тоқтар, қарашы. Мынау хан сарайындай емес пе?!

Тоқтар. Ия, жаным. Еңбек, еңбек бәрін де жеңбек деген осы.

Қонақбай. Шүи, есикиким, шүи.

Сарқыт. Есегі несі? Ат деп айта ғой.

Тоқтар. Айта бер, балам. Айта бер. Саған не айтсаң да жарасады.

Күлән әже.(өз бөлмесінде күбірлеп) Тәңірім-ау, келмегеніне көп болды. байқұс қыз қайда жүр екен деші?! Ойнақтап жүріп, бірдеңеге ұрынып қалмаса болды ғой.

Сарқыт. Тоқтар кеште келетін қонақтарды дұрыстап күтейік. Шетінен ығайлар мен сығайлар.

Тоқтар. Иә, жаным. Айтсаң болды ғой.

Сарқыт.(Күлән әженің бөлмесіне қарап) Мамаңа ескертерсің. Кеште қонақтар келгенде бөлмесінен шықпай-ақ қойсын. Ескі көйлегімен кіріп келіп, ұят болып жүрмесін.

Тоқтар.(аңырып) Сонада қалай? ... жарайды. ...айтайын.

Сарқыт.(көздері күлімдеп, шабыттана) Құдайға шүкір. Айналасы аз ғана уақыттың өзінде осындай жетістікке де жеттік. Қара базарлардағы дүкендерімізді сатып, банктен, әріптес-достардан қарыз алып, өзіміздің тырмаштап жиған қорымызды қосып, міне, мынадай керемет үй алдық. Сонымен қоса, қаланың қақ ортасынан үш қабатты сауда сарай салып, оның ішін тауарға толтырдық. Ертең оның салтанатты ашылуы болады. Бұйырса, саудамыздың дөңгелеп кетеріне бек сенімдімін. Көп ұзамай қарыздарымыздан да құтылатын боламыз.(шампан ішеді) Негізі, бұл жерде (Тоқтраға) сенің де үлесің бар.

Тоқтар. Қайдағы, бәрі өзіңнің арқаң ғой.

Күлән әже.(өз бөлмесінде мазасы кетіп) Жаратқан ием, жүрегім неге өрекпіп тұр. Тыныштық болсын, әйтеуір. (шүберекке бүкетген ақшаға қарап) Алқа-моншақтарымды сатып, әлгі ескреткіш тасына беретін ақшасын да дайындап қойып едім. Жазған-ау, қайда жүр екен? Мүмкін солар білетін шығар.(келесі бөлмеге келеді) Айналайындар, әлгі Жәудірдің келмегеніне көп болды. Мүмкін, бір хабарын білетін шығарсыңдар?

Сарқыт. Қайдан білейік. Оның үстіне, бұдан былай бізге тігіншінің қажеті де шамалы.

Тоқтар. Мама, несіне абыржисыз? Өз шаруасымен жүрген шығар бір жерде.

Күлән әже. Ылайым солай болсын. Айтпақшы, өздеріңмен ақылдасайын деп едім. (Сарқыт тыжырына қалады)

Тоқтар. Иә, мама. Мұнда отырыңыз. Не айтпақшы едіңіз?

Күлән әже. Рұхсат етсеңдер, ауылға кетсем деп ойлап едім.

Тоқтар. Немене? Қайдағыны айтпаңызшы мама.

Сарқыт.(маймөңкелеп) Негізі, апа біз сізді қимаймыз. Бізді абыржытып тұрсыз. Әйтсе де, жасы ұлғайған адамға ауыл дұрыс та шығар. Табиғаты тамаша, ауасы таза дегендей...

Күлән әже. Иә, келінжан дұрыс айтасың. Менің қалауым да сол. Мына қабат үйге кіріп-шығудың өзі қиын боп тұр. ...Міне, өз қолдарың өз ауыздарыңа жетіп, етек-жаңдеріңді түзеп, ел қатарына қосылдыңдар. Қыйын күндерде бір жақтарыңа шығысып, азын-аулақ көмегім тиді ме? Тимеді ме? Кім білсін! Әйтеуір, осы үйге болсын, осы шаңырақ тыныш болсын деп жаратқаннан күн-түні жалбарынумен өздеріңе жақсылық тіледім. Әлі де сөйтем ғой шырақтарым. Біз сияқты кәріні қайтесіңдер. Күлсең кәріге күл деген бар ғой, келін айналайын, кей кездері қылтың-сылтың мінез көрсетіп, жүрегіңді жаралап, көңіліңе қаяу салсам ғапу еткейсің! (тоқтар толқап, теріс айналады) Айналайын балам, еркек үйдің егесі деген, осы шаңырақтың тұтқасы өзіңсің. Білермендікке салынып, өзімшіл болма. Қандай жайт болса да, мына аяулы жарыңмен ақылдасып шеш. Әлиханды жалғызсыратпаңдар. Жаман неме маған бауыр басып қалды ғой. Жерде сәби жыласа, көкте періште күңіренеді деген бар. Құлынымның көңіліне қараңдар.(жасын сүртіп) айтпақшы қазір ол мектепте емес пе? Құлынымның жоқ кезінде кетіп үлгірмесем, мазаларыңды алып жүрер. Заттарымды да жинастырып қойған едім. Қарсы болмасаңдар мен жүрейін.(бөлмесіне барып буылған китайски ала дорбаны көтеріп шығады. Сарқыт бедірейген қалпы. Тоқтар теріс қарап, иықтары селкілдеп тұр.)

Күлән әже.(ала дорбаны көтерген қалпы жаутаңдап) Ал, онда сау болыңдар.(есікке беттейді)

Тоқтар.(жүгіріп келіп бас салып) Жаным мама! Кешірші мені!(аяғына құлай кетеді)

Күлән әже.(кемсеңдеп) Алаңдама, балам. Ауылдағы үйді сатпағанымыз қандай жақсы болған. Қара шаңырағың сонда. Сағынсаң Әлиханды ертіп келіп тұрарсың. (есікті ашады) Айтпақшы, Жәудірді көрсеңдер мынаны беріп, (түйіншектелген ақшаны береді) менен сәлем айтыңдар.

Сарқыт.(ақшаны алып) Жарайды апа. Жолыңыз болсын.

(Түн.Күлән әженің бөлмесі. Әлихан әжесінің иісі сіңген көрпені құшақтап, егіле жылап жатыр.)

Әлихан. Әжатай, бұл неткенің? Мені қалай тастап кеттің?(көрпені құшырлана иіскеп) Мен үшін сенің иісіңнен артық еш нәрсе жоқ қой. Менің ең қымбат дүнием: сенің әжімді жүзің, тарамыс қолдарың, жұпарлы иісің ғой ақ әжем!  Соны неге түсінбегенсің ?! Әжетай, жаным әжем! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын. (өксікке тұншығып, көрпені құшақтаған күйі басын көтереді) Әже, айтшы! Менің мұнда қимайтын кімім бар?...әже мен сізге оралам. (тісін қайрап, жұдырығын түйіп) Иә, бітіретін шаруам бар.(терезеге қарайды)...иә, бітіретін шаруам бар ...сосын, сізге оралам. Сіз ылғи айтатын қара шаңыраққа оралам!

(бөлмеден баспалай шығып, дәлізден қойынына бір затты қыстырып, көшеге шығады. Кеудесін керіп, көзінен ұшқын атып, алшаңдай басып келеді. Әлде бір мүйістен айнала беріп, еңкейіп қолына жұдырықтай тасты алады. Міне, ол іші қымбат тауарға толған,  ертең салтанатты ашылуы болатын төрт қабатты сауда сарайына келіп жетті. Терезесін таспен шағып ішке кіріп, қойынына тыққан бензинін асықпай айнала шашты да, бір тал шырпыны лақтырып, терезеден секіріп шықты. Жолдың қарсы бетіндегі ағаштардың қалқасына тығылып, өртке қарап тұрады. Міне, әп-сәтте салтанатты ғимарат қызыл жалынға оранды. Тілсіз жау жалмап барады. Азан-қазан, айқай-шу дауыстар. Ерсілі-қарсылы жүгірген адамдардың арасынан өрттің ішіне қарай қолын жәйіп, заралана жүгірген «анасын» да көрді. Анасының аянышты халін көргенде иегі кемсеңдеп кеткенін өзі де байқамай қалды)

Әлихан. (өрттің түтінін искеп) Міне, қызық. түтіннің иісі қоңырсық болатын сияқты еді, мына қызыл жалыннан жаңадан өсіп келе жатқан жасыл щалғынның иісі аңқи ма қалай? (жұлдыздарға қарап) Әжетай, саған кетіп барамын. Қара шаңырақ қайдасың?!(еңкілдеп кетіп бара жатады)