МЕН, МЕН ЕШКІМ ДЕ ЕМЕСПІН

пьеса

Қатысушылар:

40, 50 жастардағы еркек

A, B, C ішкі әскер

Студент

Подполковник

Подполковниктің көмекшісі

Жас әйел

 

Бірінші көрініс

Бос сахна. Сахнаның әр жерінен төбеден жуан қара жіп салбырап тұр. Сахнаның сол жағынан жолмен ішкі әскердің көкала киімін киген үш адам көрінеді. Алдында келе жатқан A-ның қолында қара таяқ. Соңынан келе жатқан екеу (B мен C) мойындарына автомот асып алған. Үш әскер сахнаның ортасына жетер-жетпесте кідіріп, A кенеттен артына бұрылады. B мен C да тоқтай қалып, «не болып қалды?» дегендей A-ға қарап сәл аңтарылады да, бір-біріне қарап, одан олар да A қараған жаққа қарайды. Олар ештеңе көре алмай, A-ға бұрылады. Бұл кезде A бір аяғын алға шығарып, аяқ киімінің басын көтеріп, соған қарап тұрады. Сол аралықта әскерилердің қасынан өтіп бара жатқандар оларға қарап қояды да, ештеңе деместен кете береді.

C: Не істейміз?

A: Жүреміз.

C: Жүре береміз бе?

A: Жүре береміз.

B: Сағат қанша болды өзі?

A: Уақытты қайтесің, аяғыма қарашы, бірінші рет көріп тұрмын, неғылып бұлайша жылтыратып майлап алғанмын? Өзі қолақпандай үлкен, көріксіз, сонда да қатырып майлап алыппын, ішіндегі башпайларым тынымсыз шапқылап қуаласпақ ойнап жүрген сияқты, патша кезінен шұлғау тартуды үйрендік, батпақ, су болса да, жазда сасып кетсе де оларға бәрібір, моп-момақан, шошқаның торайы сияқты жуас, сасық, қараңғылыққа әбден үйреніп алған…

A өзіне-өзі сөйлеп тұрған адам сияқты. Қасындағы B мен C құлақ түріп тыңдайды, бірақ, назарлары басқада, жан-жағына жалтақтап қарап қойып тұрады. A аяқтарына назар аударған бейнеде тұрған орнында шырқ айналады. Еңкейіп екі аяғына кезек қарайды. B мен C оған қарап қойып, жалтақтап тұрады.

A: Таңым бар, екі аяқ бізді көтеріп жүреді, қайда апар десең, сонда апарады, біз оларды басқарамыз, кейде, тіпті, жерді теуіп-теуіп жіберуімізге де болады, жазаласақ та өз еркімізде, жылтыратып майлап та аламыз, башпайларымыз қаласа да, қаламаса да, майлағымыз келсе, майлаймыз, не істесек те өз еркімізде… (A аяқтарына оң-солынан қарап, жерді теуіп, табанына бірдеңе жабысып қалып, соны сүртіп тазалаған адамша табанымен тарпиды) Оларға бәрібір, біз майлағымыз келсе, майлаймыз, майлағымыз келмесе, жер тебеміз, өз еркімізде, ғажап, ә!

A өзіне-өзі сөйлеп жүреді. Дәл сол кезде үш әскердің қасынан арқасына сөмке көтерген студент сияқты бір жігіт өтеді. A студентке қарамайды, көрмегендей. Бірақ,  дәл қасынан өте бергенде студенттің қолынан шап етіп ұстай алады. Басында бөркі, көзілдірігі бар студент сәл сасқалақтап, не болғанын түсінбей қалған адамша кібіртіктеп, A-ның бетіне бажырая қарап үнсіз тұрып қалады. B мен C студенттің екі жағынан қоралап тұрады. 

Студент: Сіздерге не керек?

A: Я, маған не керек, маған сенің көтерген сөмкең керек, я, сол керек.

Студент: Не үшін?

A: Негесі сол, сөмке кімдікі, сен оны неге көтеріп алғансың, неге көтересің, көтеріп қайда апарасың, ішінде не бар?

Студент жалма-жан арқасына көтерген сөмкесін түсіріп, бір қолына ұстап A-ға қараған күйінде бір сәт  тұрады. Әскерлерге түк түсінбегендей айнала қарайды.

Студент: Сөмке менікі, ішінде, ішінде ештеңе жоқ.

A: Қалай жоқ?

Студент: Рас айтамын, ішінде ештеңе жоқ.

A: Сөмке сіздікі емес пе?

Студент: Сөмке менікі.

A: Онда неге ішінде не бар екенін білмейсің?

Студент: Білем, ішінде ештеңе жоқ, я, ішінде оқу құралдары ғана бар.

A: Неге өтірік айтасың? Әлгінде ғана сөмкенің ішінде ештеңе жоқ дедің ғой?

Студент: Мен, менің басқа ештеңе жоқ дегенім ғой.

A: Мен «басқа не бар?» деп сұрадым ба?

Студент: Жоқ.

A: Онда сен өтірік айттың. Сөмкені аш, ішіндегі дүниенің барлығын шығар, бір-бірлеп барлығын шығар, ештеңе қалмасын, түсіндің бе? Ақырын, асықпа.

Студент сөмкесінің аузын ашып, «ештеңе жоқ, көр» дегендей A-ның алдына тартады. A сөмкеге  қарап та қоймайды.

A: Сөмкенің ішінде не бар?

Студент: Ішінде ештеңе жоқ, я, я, оқу құралдарынан басқа ештеңе жоқ.

Студент сөмкесінің аузын кең ашып, ішінде не барын толық көрсетуге тырысады.

A: Ішінде не бар, сөмкені аш.

Студент: Өзіңіз көріңізші.

A сөмкеге қарап та қоймайды.

A: Ішін аш, сөмкенің ішіндегі дүниелердің бірін қалдырмай сыртқа шығар, асықпа, ештеңе қалып қалмасын,

Студент: Өзіңіз көріңізші.

Студент сөмкені A-ның қолына ұстатқысы келеді.

A: Жоқ, сен көрсетуің керек, бір-бірлеп көрсетесің, ештеңе қалмасын, бұл заң, біздің сенің сөмкеңді ақтаруға құқығымыз жоқ, сенің өзің ақтаруың керек, ештеңені қалдырмай көрсетесің, заңда солай жазылған.

Студент не істерін білмеген адамдай жан-жағына жалтақтап  тұрып қалады да, сөмкесін ақтара бастайды. Сөмкедегі заттарын бір-бірлеп шығарады. Кітап, қаламы, тағы сол сияқты дүиелерді алып шығады, бір кітап жерге түсіп кетеді, оны ала бергенде тағы біреуі сырғып жерге түседі, оны қасында тұрған С еңкейіп қолына алып, қайтарып студентке ереді.   B студенттің қолындағы кітаптардың біреуін алып парақтап көрген болады, жолдан өтіп жатқандарға қарап қояды. Студент сөмкені толық босатып болады. A босаған сөмкені қолына алғанымен, оған қарап та қоймайды. B мен С студенттен көз алмай қарап тұрады.

A: Енді болды, бәрін қайтарып салып алуыңа болады.

Студент заттарын сөмкеге апыл-ғұпыл сала бастайды. Заттары жерге түсіп қалады, оларды да асыға салып алады.

Студент: Енді кете беруіме бола ма?

A: Жоқ, болмайды?

Студент: Неге болмайды?

A: Азамат, Республика заңы бойынша біз сіздің сөмкеңізді ақтарып, онда қоғамға қатерлі затты таппағанымызды жариялаймыз, заңды адал атқара отырып, сізді «боссыз», жүре беруіңізге болады деймін.

Студент түкке түсінбеген адамдай сөмкесін қайтадан арқасына көтеріп жүруге ыңғайланады.

A: Азамат, сіз не істеп тұрсыз?

Жүруге ыңғайланған студент кідіріп қалады.

Студент: Түсінбедім.

A: Мен сізді күтіп тұрмын ғой.

Студент: Не айтып тұрғаныңызды ұқсам бұйырмасын.

A: Сіз маған рахмет айтуға тиіссіз.

Студент: Неге рахмет айтуым керек?

A: Мен сіздің сөмкеңізді ақтардым ғой.

Студент: Сонда менің сөмкемді ақтарғаныңыз үшін сізге мен рахмет айтуым керек пе?

A: Дәл солай, сөмкеңізді ақтарғаным үшін маған рахмет айтуға тиіссіз, Республика заңы бойынша мен сіздің сөмкеңізден қоғамға қауіпті заттар іздеп, бірақ, таппадым, соны айғақтадым, сол үшін маған рахмет айтуға тиіссіз, заңда солай жазылған. Айтпақшы, сөмкеңізді сіз өзіңіз ақтардыңыз, мен «ақтар» дедім.

Студент сәл тұрып барып «рахмет!» дейді.    

A: Республикаға қызмет етемін! (оң қолын шекесіне апарып, құрмет белгісін жасайды)

 Студент B мен С-ға да қарап қояды.

A: Сіз енді боссыз.

Студент кетеді. Кетіп бара жатып артына қарап қояды. A оның артынан көз алмай қарап тұрады. B мен С студентке онша назар аудармайды.

Осы кезден сәл ертелеу сахнаның оң жағынан қолына арқалығы бар орындық көтерген,  үстіне көнетоз киім киген, 40-50 шамасындағы, сақал-мұрты жоқ ер адам шығады. Көтерген арқалы орындықтың үстіне аузы жіппен буылған дорбасы бар. Ер адам ештеңеге бұрылып қарамайды, орындықты көтерген бетінде жерден әлденені іздеп жүрген сияқты сахнаның әр жеріне бір барып, одан қайта айналып екінші бір жерге барып жорта қарап жүреді. Ол сахнаға көтерілген, B мен С одан көз алмай қарап тұрады. Ол кезде A студент кеткен жаққа қарап тұрып-тұрып, бірден қайтадан аяғына назарын аударады. Аяқтарын бірінші рет көріп тұрғандай оң-солынан қарайды, одан еңкейіп табанына үңіледі.

С бұрылып B-ға қарайды, ер адамды иегімен нұсқап көрсетеді.

С: Не істеп жүр?

B: Білмеймін, бірдеңе іздеп жүр-ау деймін.

С: Жоғалтқан дүниесін іздеп жүр ме?

B: Жоғалтқан дүниесін іздемесе, басқа несін іздейді?!

С: Не жоғалтты екен?

B: Мүмкін, кілт жоғалтқан шығар, әлде ақша жоғалтты ма екен?

С:  Мүмкін, басқа бірдеңе іздеп жүрген шығар, ол, сірә, не болды екен? Қарашы итше тіміскілеуін. Тұп-тура кеше отырған жерін ұмытып қалып, бүгін іздеп жүрген адам сияқты.

Орындық көтерген ер адам сахнаның әр тұсына бір барып, шиырлап жерге үңіліп жүреді.

A: Мынау кім тағы?

B: Білмедік.

A: Білмедік деген несі? Сұрамайсыңдар ма? Неге қарап тұрсыңдар? Мына жүрісімен, мүмкін, адам ойлап көрмеген бірдеңе жасағалы жүрген біреу шығар.

С: Рас-ау, ә! Дәл соған ұқсайды. Өзі тұп-тура террорист сияқты, мүмкін, мүмкін, бірақ, сақалы жоқ екен, дәл қазір анықтаймыз.

С мен B шеп жайып сахнаның арғы бұрышынан ортасына қарай беттеген ер адамға қарай жүреді. Орындық көтерген адам жақындап келген оларға қарап қояды да, өз ісімен бола береді. Орындықты бірде жерге қойып, бірде көтеріп алып, жерге қарайды. С ер адамға жақындайды.

С: Азамат, сіз не істеп жүрсіз?

Ер адам орындықты көтерген бетінде оған қарап тұрып қалады. Одан айналаға қарап қояды да, тағы да С–ға қарайды. Орындықты жерге қояды. Жерге үңіліп қарап қояды.  

B: Естіп тұрсыз ба, біз сізден сұрап тұрмыз.

A: Орындықты қолға алыңыз, жоқ, жерге қойыңыз, жеке куәлігіңізді шығарыңыз.

Ер адам A-ның бетіне қарап қалады. Орындықты көтеріп алып, қайтадан жерге қоя қояды. Аузы буылға дорба жерге түсіп қалады. Оны алып орындыққа қояды. Әскерилер оның бұл әрекетіне сақсына кібіртіктеп қарап қалады.

Ер адам: Менде жеке куәлік жоқ.

A: Қалай жоқ?

Ер адам: Жоқ болған соң жоқ, айтайын дегенім, жеке куәлігім жоғалған, жоғалғанан кейін жоғала берсін дедім, куәліктің не қажеті бар, мен ешкімнен куәлік сұрамаймын, ешкім де менен куәлік сұрамайды, қандай рахат дедім, содан ұмытып кеттім, қайда қойдым өзін, бір кезде бар сияқты еді (ер адам қойны-қонышын, қалталарын ақтарып іздей бастайды, қалтасынан түрлі дүниелер шығарып, оларды қайта салады, бірақ, куәлік шықпайды), ә, таптым, айттым ғой әлгінде, менің куәлігім жоғалған, менде куәлік жоқ.

A: Онда куәлігі жоғалған дегенді растайтын рұқсат қағазы бар шығар?

Ер адам: Оны менің өзім растаймын.

A: Сен кімді ақымақ қыласың? Мен сенен жеке куәлік сұрап тұрмын, әлде сен оралмансың ба?

Ер адам: Ол не дегеніңіз, оралман болғаннан сақтасын, оралман болған жақсы ғой, бірақ, мен оралман емеспін.

A: Онда сен кімсің?

Ер адам: Мен, мен ешкім де емеспін. Рас,  мен кіммін, әйтеуір жүрген біреумін, сен айтпасаң, тіпті, бұл есімде де жоқ, мен кіммін өзі… (қолын ерніне апарып сәл ойланғандай болады. Өзіне өзі сөйлей жөнеледі), мен, куәлікте не жазылғанын ұмытып қалыппын, қызыл куәлік пе еді, әлде көк пе еді, я, таптым, онда мен кеңес адамымын деп жазылған, шимай-шимай жазудың үстіне мөр басылған, онда тұп-тура солай жазылған.

С: Куәлігін ауыстырмаған болды.

Ер адам:  Тағы есіме түсті, сол қағазда және Республика азаматысың делінген жазу бар болатын.

B:  Тәуелсіз республика деп айтыңыз.

A: Мен түсінбей тұрмын, сіз кімсіз? Аты-жөніңіз кім, мұнда не істеп жүрсіз, сіз осы сұрақтың біреуіне де жауап бермедіңіз. Мынаның ішінде (дорбаны көрсетеді) не бар? Орындықты неге көтеріп жүрсіз? Орындық кімдікі?

Ер адам: Орындық менікі емес.

A: Ә, міне, онда неге көтеріп жүрсіз?

Ер адам: Біреудікі болғаннан кейін көтеріп жүрмін.

A: Сонда біреудің затын алып кеткен болдыңыз ғой, ә, міне, таптым, сіз ұрысыз! Сіздің аты-жөніңіз ұрлықшы! Шығар, куәлігіңді!

Ер адам: Қойыңыз, сонда мен ұрымын ба? Қалжыңдамаңыз!

A: Сенімен қалжыңдасайын деп тұрған біреу жоқ, Республика заңы бойынша сен енді қылмыс күмәндісісің, сен қоғамға қауіпті адам  болуың да мүмкін.

Ер адам: Мен қауіпті адаммын ба? Не үшін сонда, біреудің орындығын көтеріп жүргенім үшін бе?

A: Біреудің затын қасақана алып кету бабы бойынша сен бес жылдан сегіз жылға дейінгі түрме жазасына кесілесің, қазірдің өзінде сен түрмедесің, әйтпесе, біреудің затын неге алып кетесің?

Ер адам: Мен біреудің затын алғаным жоқ, ол маған орындықты көтеріп орнына апарып қойшы, мен соңыңнан барамын деді, содан кейін күнде тұратын жеріне апарып қойсам қоя салайын дедім де, алып келдім, бар болғаны сол ғана, бірақ, сол қоятын орынды таба алмай-ақ қойғаным, мына жер ме еді, әлде ана жер ме еді (ер адам айналасына үңіліп, әуелгі бірдеңені іздеген әрекетін қайталайды)

A: Орындықтың иесі кім сонда?

Ер адам: Орындықтың иесі осында, қазір келіп қалар (жан-жағына қарайды, әлдекімді іздейді), сендер жолдан байқамадыңдар ма, қолында тасбиығы, ұзын шапаны бар, еңгезердей сыған әйелді, дереу келемін деген сияқты еді. Таптым-таптым, дәл осы жер.

Ер адам  орындықты сахнаның дәл ортасына жарық түсіп тұрған жерге, салбыраған қара жіптің тура астына қояды. Өзі әлдебір маңызды істі сәтімен тындырғандай, жеңілдеп қалған адамдай рухтанады.

B: Сыған әйел дедің бе?

С: Мен сыған көріп тұрғаным жоқ. Қайдағы сыған, ой, балгерлердің біреуі болды ғой,

A: Қарта ашатын сыған әйел ме?

Ер адам: Дәл айтасыз, ол қарта ашады, алақан қарайды, түс жориды, жұлдызнама ашады, тәсбиық тартып, құмалақ салады.

B: Сонда сен өзің немен айналысасың?

Ер адам: Мен бе, мен құмалақ ашамын.

С: Құмалақшымын демейсің бе, (қасындағы екі серігіне бұрылып), ол көшеде құмалақ салып, жұрттың ақшасын алдап алатын біреу.

Ер адам: Я, я, мен құмалақ тартамын, мен де болжаймын, бүгін кім екеніңді, кеше кім болғаныңды, ертең не болатыныңды болжаймын.

B: Ертерек осылай демейсің бе, басты қатырып, бұл арада (көшеде) құмалақ тартуға болмайды, әлгі сығаның қайда (жан-жағына қарайды, өзгелер де бұрылып қарағыштайды), бәрің осында мекендеп алыпсыңдар, өтірік айтып, халықтың ақшасын алдап сыпырып аласыңдар, ол сыған бізді көрді де, бұл арадан тайып тұрған шығар.

Ер адам: Мен бе адам алдайтын, мен неге адам алдаймын, құмалақ адам алдамайды.

Ер адам  орындықтан оңаша бірнеше қадам жерге барып (салақтап тұрған қара арқанның біреуі төбесінде тұрады) жүрелеп отыра қалып, жерді алақанымен сүртіп-сүртіп жіберіп, қалтасынан ораулы ақ шыт шығарып жерге жайып, үстіне бір уыс жүгері дәнін тастайды, еріндерін күбірлетіп әлдебір дұға оқығандай дауыс шығарады, одан намаз оқыған адам сияқты шытқа маңдайын тигізіп бас қояды да, көтеріліп бетін сылап дұға жасап, малдасын құрып отыра қалып шыттың бетіне құмалақ тарата бастайды. Үш әскер оның істегенін сырттай күзетіп үнсіз тұрады.

С: Сонда сен сығандар сияқты бәрін болжай бересің бе?

A:  Азамат, сізге қанша айтамын, бұл жерде бал ашуға болмайды, көшеде құмалақ тартып ақша талап ету заңға қайшы, түсінесіз бе, менің сізді тұтқындауыма әбден болады, әйтпесе табаныңызды жалтыратыңыз.

B: Сен шынымен болашақты болжай аласың ба?

Ер адам:  Оны мен емес, құмалақ болжайды, ол өткенді айна-қатесіз айтады.

B: Мен болашақты деп тұрмын ғой, ертең не болатынын айта аласың ба?

A: Тыныш, осымен жетер, андағы жаймаңды жина да көшеден қараңды батыр, мына орындық сенікі болмаса, ол осында қалсын, иесінің кім екенін көрейік. Оны табамыз.

Ер адам орнынан қозғалмайды. Құмалақтарын таратып, сонымен айналыса береді. Қасына жақындаған A-ға қарамастан оған қаратып бір қолын көтереді. 

Ер адам: Сәл сабыр, сенің атаң болыс болған, өзіңнің атаң Мәскеу түбінде немістердің оғынан өлген, сенің әйелің жоқ, үйленбеген бойдақсың…

A сәл кідіріп, аңтарылғандай бола қалады. С мен B бір-біріне қарасады.

A: Менің атамның соғыста өлгенін қайдан білдің ей сен (тұрған орнынан сәл артына шегінеді), әлде өтіріктен соға салдың ба?

Ер адам: Оны мен айтып отырғаным жоқ, құмалақ айтып отыр, ол және…

A: Ол және не дейді?

Ер адам: Ол және бір атаң төренің ерін арқалаған төлеңгіт болған дейді…

B: Мынау, тіпті, жіберді ғой аттың басын.

С: Өзі барып көріп келген кісідей сөйлейді. Атаң төре болған ба еді? (А–дан сұрайды) аталарыңда төреге қызмет еткендер шыққан ба?

A: Білмеймін, мен тек атамның соғыста өлгенін ғана білемін.

С: Әкең ол туралы бірдеңе демеп пе еді? Үйлеріңде шежіре дегендей дүние жоқ па?

A: Әкем орыс болып кеткен қазақ, мен шала қазақпын, қайдағы шежіре? Кеңес кезінде шежіре деген болған жоқ қой.

С: Мынау соның бәрін біліп алып, өтірікті сықпыртып жатыр, қатырайын деген екен, мүмкін, құмалақшым, өзіңнің кім болғаныңды айтарсың?

Ер адам құмалағын тартумен айналыса береді. Әскерилер сәл артына шегінеді. A шегіне барып орындыққа бір жамбасымен отырады. Төбесінде қара жіп салбырап тұрады.

Ер адам: Міне, міне, бәрі түсінікті, олар осында жүр, сөздерін дәп баса алар емеспін….

Ер адам құмалақ тартып отырып солай деп күбірлейді. Әлде неден шабыт алғандай орнынан қозғалақтап, тұрғандарға қарағыштайды, одан алдындағы жаюлы құмалағына үңіліп алып, домбыра шерткен адамдай қопаңдап әндете жөнеледі….

– Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма, Жетім-жесір қасында дос қалды ма. Өкінбейін десем де, өзегім бар, Өтіп кетті дүние қас-қағымда.

Әзәзілге сенді бе, Айтқанына көндің бе, Халқым деген Қапезді Жау деп ұстап бердің бе?!

Итжеккенге айдаған, Кер заманның әлегі. Бұлбұл құстай сайраған, Бұл Қапездің әні еді……..

Сахнада ән жаңғырып, музыка ойнап жатады.  Әскерилер оның ән салған түріне ғажаптанып, таңғалып, қызық көріп әр тұстан  қарасып қалады. Орындыққа қырындай жамбастап отырған A оған аңтарыла қарайды. 

Ер адам осы аралықта әнін тоқтата қояды да (сахнада ән жалғасып жатады), жылдам еңбектеп Aның жанына барады,  жынданған адамша ештеңеге қарап жатпастан A-ның қолының сыртын жітірмелете сүйе бастайды. Бұл көрініске барлығы таңқалып, не істерін білмеген адамдай дағдарып қалшиып қарап қалады. Ер адам A–ның қолын сүюді доғара қойып, жүрелеген бетінде жоғарыдағы әнді өзінше сыңсып айта бастайды, одан «Алаш болған, Алаш….» деп әлде нені міңгірлейді.

Алғашында таңырқап, не істерін білмей аңтарылып қалған A қолын сүйіп жатқан ер адамға қарап тұрып, тосыннан шошыған адамдай қолын дереу тартып ала қояды. Қолының сыртын сипап, ер адамға бір, қолына бір қарағыштайды.

С: Бұл не бассыздық, жындандың ба, әлде жын соқты ма?

Ер адам: Атаң алаш болған, итжеккенге айдалған, қаныңда бұрқырап қайнап жатыр (жүрелеген күйінде қолдарын ербеңдете сөйлейді), ерінің кеберсіп далада тұрсың, балалар үйі ме, әлде түрме ме, жоқ, аштан өлген, сен жаман адам емессің, итжеккенге айдаған….

Ер адам тағы да әндете жөнеледі. A қасында тізерлеген бетінде әлгі сөздері өзіне-өзі күбірлеген адамдай қайталап айтады, ер адам A-ның қолын сүймекке ұмтылады, A  қолына жолатпаған соң еңбектеген бетінде құмалақ тартқан жеріне қайтып оралып, тағы да құмалақ салумен айналыса бастайды. Әскерилер одан көз алмай үнсіз тұрып қалады.

A жабысып алған ер адамнан құтылып, орындыққа буыны кеткен жандай көсіліп, аяқтарын алға жіберіп, екі құлашын жайып шалқалайды (оң қолына ұстаған қара таяғын сонда да уысынан түсірмейді).  Ештеңемен қатысы жоқ адамдай өз алдына әлденені міңгірлейді.   

B: Мынау жынданыпты.

С:  Әлгінде ғана сап-сау еді, ә! Адам осылай да өзгереді екен, тұп-тура ит сияқты, көрдің бе қолды жалаған түрін, әлде жалған жасағаны ма?

B: Ұқсамайды, мүмкін шынымен жынды шығар, біз жындымен сөйлесіп тұрмайық?

С:  Жоқ, ол өзін құмалақшымын деді ғой. Сонда шынымен құмалақ айтты ма…

Екеуі сақсына құмалақ тартып жатқан ер адамның жанына жақындайды. С еңкейіп ер адамның құлағына сыбырлағандай  дауыспен A-ға қарап қойып, сөйлейді.

С:  Сонда, ананың әкесі ме, атасы ма, Алаш болған ба?

Ер адам басын көтеріп қарамастан, тіл қатпай құмалақпен айналысып жатады. Осы кезде  B сол қолын көкірегіне апарып, әлденені айтып қырылдап жатқан А-ның қасына жүгіре жетіп қолынан ұстайды.

B: Басеке, не болып қалды,  анау, анау сізді Алаш дейді, төре дейді, төлеңгіт дейді… анау, солай дейді. Сізге не болды, бір жеріңіз ауыра ма?

А қырылдаған бетінде анық сөз айтпайды. Кеудесін ұстай береді.

Ер адам әндете жөнеледі:

– Алаш қонған ақбоз үй бос қалды ма, Жетім-жесір қасында дос қалды ма. Өкінбейін десем де, өзегім бар, Өтіп кетті дүние қас-қағымда….

С:  Тоқтат әніңді, бұйырамын саған, мен саған не деп тұрмын!

Ер адам ән салуын тоқтата қояды.  С-ның бетіне қарап қалады.

Ер адам: Сіз маған сөйлеп тұрсыз ба?

С:  Сен кімсің өзі, не деп кеттің, бір сөзіңді түсінсем бұйырмасын, барып тұрған бассыздық, «Алаш, Алаш», кім Алаш, ол не қылған Алаш?

Ер адам: Сен – жетімсің!

С:  Кім? Мен бе?

Ер адам: Я, сен.

С:  Қой-ей! Менің әкем бар!

Ер адам: Құмалақ солай дейді. Құмалақ және…

B: Құмалақ және не дейді?

Осы кезде орындықта көсіле түсіп жатқан А есін жаңа жинаған адамша оңалып отырып сөзге араласады.

А: Жетер, осы бассыздық та. Сен (ер адамға қарап) андағы дүниелеріңді жина да, бұл арадан тайып тұр. Енді сені қайтып көрмейтін болайын. Түсіндің бе? Тездет, қараңды батыр.

Ер адам жерде жатқан дүниелерін жинастыра бастайды. А-ға жапақтап қарап қояды.

С: Ол мені жетім деді, ей (B-ға қарап сөйлейді), жетім (өзінен өзі күңіренеді…).

B: Оны көңіліңе алма, қайта жетімдік деген жақсы емес пе, біздің бәріміз жетімбіз, басакең де жетім, мен де жетіммін, жетімдікті жақсы көремін, мемлекет те жетім, билікте отырғандар да жетім, жетім болмасақ, мынау қайда бізге (мойнына іліп алған қаруды меңзейді), жетім болған соң бізге сеніп тапсырып отыр, сенбесең басекеңнен сұрашы, ол әкесі барын мойындамайды, өзін таза жетіммін дейді, мен де жетіммін деймін, сен де жетіммін де…

Осы кезде ер адам дүниелерін жинап алады да, әскерилерге қарап қойып қорыққан адамша сахнаның оң жағына қарай жылыстайды. Кетіп бара жатып артына қайта-қайта қарағыштайды да сахнадан түсіп кетеді.

А орындықтан тұрып, рухтанған адамдай денесін түзеп, иықтарын қозғап айдынданады. Киімінің етегін тартып реттеледі. Одан көз алмай бақылап тұрған B мен С да өздерін ретке келтіріп, қаруларын оңап,  А-ның екі жағына шығып, бұйрық күткен адамдай қасқайып тұра қалады. А айналаға шола айбарланып қарайды, қасындағы екеуіне бұйрық беретін адамдай айбынданады, бірақ, ешеңе демейді.

А: Ой, әлгі не деп кетті. (Жан-жағына қарап әлдекімді іздгендей болады). Ендеше, жігіттер, кеттік, алға марш!

А алдыға түсіп, қадамын баяу алып, маңғазси сахнаның сол жағына қарай беттейді. Соңынан ерген B мен С оған икемделіп, әскери адамдардың жүрісіне салып ере жөнеледі. Олар сол бетінде сахнадан түсіп кетеді. Сахнаның ортасында орындық ғана қалады.

Сахнаның жарығы сөнеді.

 

 Екінші көрініс

 

Ер адам сахнаға шығады. Сахнаның дәл ортасында әлгіндегі орындық емес, одан үш есе биік арқалығы бар орындық тұрады. Орындықтың дәл төбесінен күшті жарық түсіп тұр. Сахнаның орындықтан басқа тұсы күңгірт. Қара жіп орындықтың үстінде салбырып тұр. Сахнаға оң жақтан ер адам шығады. Әлденеге таңданып, қорқып жүргендей жан-жағына жалтақтап, өзіне-өзі сөйлеп, өз бойынан биік орындықтың қасына келіп тоқтайды.

Ер адам: Не болып кетті өзі,  мен әлгілерге не деп қойдым? Кірерге тесік таппай қалдым ғой, түрлерінің сұрқын-ай, жеп қоятын сияқты қарайды өздері, кең дүниенің тарлығы деген осы шығар. Мына жер жақсы екен, бас сүйектің іші сияқты бос әрі бәрі табылатындай, шексіз кең екен.

Ер адам жан-жағына жалтақтай қарайды. Әлденені іздеген адамдай қалтасын, қойынын ақтара бастайды. Бірақ, ештеңе таппайды.

Ер адам: Мен немді жоғалтып алдым? Бірдеңем жоқ сияқты ғой? Әлгілер алып қойған жоқ па?!  Нем бар еді? (ойлана қалады) Менде ештеңе болған жоқ?! Мен де не бар еді? Мына жер у-шуы жоқ, тып-тыныш, тас қараңғы дүние сияқты. Сонда да ойыма ештеңе оралатын емес. Менде не бар еді, мен немді жоғалттым? Менде бірдеңе болуға тиіс пе? (ерсілі-қарсылы жүріп ойланады) Мен нені жоғалтуым мүмкін? Мен ештеңемді жоғалтпаған сияқтымын. Ештемем болмаса, мен немді жоғалтамын?! Ештемемді жоғалтпадым! Бірақ, бірдеңем жоқ сияқты… (ол жан-жағына жалтақтап, қалтасын, қойындарын ақтарып әуре болады) Қайда жоғалтуым мүмкін? Неге жоғалтамын? Қайда жоғалды өзі? Мен қайдан келдім?!

Ер адам басын қасып ойланып, бір қолымен орындықтың балдағынан ұстап тұрады. Содан орындыққа назар аударады. Басын көтеріп орындыққа қарайды. 

Ер адам: Менің бірдеңені жоғалтуым мүмкін емес. Мына орындыққа шыға аламын ба? (орындыққа шындап назар аударып, оның биіктігіне көз жіберіп, орындықты бір айналып шығады) өзі биік екен, үстіне шығып отырып көрсе қайтеді? Биік жақсы ғой, ұзақты көресің, әкем айтатын үйдің төбесіне шықсаң түйенің қайда жүргенін көресің  деп.

Ер адам орындыққа шығуға қамданады. Бірақ, аяқ тірейтін баспалдағы биік орындыққа шығу қиын болады. Ер адамның аяқтары баспалдаққа жетпей, әуреге түседі. Аяғы жетсе, қайта-қайта тайып кетеді.

Ер адам: Құрып кетсін, мынасы тауға өрмелегеннен бетер болды ғой. Тауға өрмелесең де мұндай қиналмайсың. Әлде басқа бір жерінен шығуға бола ма екен?! (ол орындықты тағы бір рет айналып қарап шығады, ештеңе таппайды) жоқ, бұл жерде жол жоқ! Өрмелей-өрмелей тауға жылан да шығады дегені қайда әлгі?! Өрмелесем де шыға алатын емеспін! Құрып кетсін! Бірақ, менің шыққым келеді? Менің үстіне шығып қарағым келеді, қайда қараймын, нені қараймын (өзіне-өзі сөйлеп, ойланып қалғандай болады), таптым, я… алысқа қараймын! Көз салам.

Ер адам орындыққа шығуға тағы талпынады, бірақ, бір ауық арпалысқан соң шыға алмай, тағы да дағдарып тұрып қалады.

Ер адам: Биікке шыққан жақсы шығар, бәрін көресің, басқалар көрмегенді көресің, шіркін… содан кейін қайтесің?… Содан кейін қайтесің деймін? Содан кейін орындыққа отыра бересің немесе орындықтан түсесің, әлде… білмеймін,  мүмкін, тағы да орындыққа қайта шығатын шығарсың. Мен бәрібір орындыққа шыққым келеді. Ештеңені көрмесе де, мейлі, шыққым келеді.

Ер адам тоқтай қалады. Жан-жағына жалтақтап қарайды. Әлденеге таң қалғандай бейне танытады.

Ер адам: Не? Мен өзіме өзім сөйлеп тұрмын ба? (ол дауысын көтеріп әлдекімге айтқандай сөйлейді) мен бәрібір орындыққа шыққым келеді, сонда отырғым, сонда жатқым, сонда ұйқтағым, сонда құсып-тышқым, сонда… (сәл тыныстап жан-жағына қарап алып), менің бәрібір шыққым келеді.

Ер адам орындыққа шығуға шындап кіріседі. Ол аяғын ақыры орындықтың баспалдағына қойып, жоғары көтеріле бастайды. Содан барып әлгі қара жіпке қолы тиеді. Жіптен ұстай жүріп орындыққа шығады. Құлап қалмайын деп орындықтың үстінде сақтана қимылдайды. Орындыққа оңтайланып отырады. Дұрыстап малдасын құрып отырып болған соң, өзіне-өзі келіп, орындық жығылып қалмай ма, мықты отырмын ба дегендей өзіне, орындыққа, өзінің орнықты отырғанына көз жеткізе бастайды.

Ер адам: Міне, енді орындықтың үстіндемін. Құлап қалмаймын, орнықты отырмын, орнықты отыра беремін, орнықты отыруға тиіспін (ол өзіне сенімді сияқты маңғазси айналасына биіктен қарайды), мен, биіктемін (ол жан-жағына жалтақтай қарайды, аңтарылғандай болады) бұл не, мен ештеңені көріп тұрғаным жоқ. Әлгінде жерде нені көрсем, мұнда да соны көріп тұрмын, бұл мүмкін емес! (ол орнынан сәл көтеріліп таңданысын білдіреді, бірақ, құлап қалмайын деп сақтанады, қайта орнығып отырып алады да, бір бекімге келген жандай маңғаздана қалады, айналасын сипалап әлгі төбеден салбырап шұбатылып жатқан қара жіптің бір бөлегі жерде жатқан, соны тартып беліне орап матап алады), бәрін көріп, бәрін біліп тұрмын. Жо, жо, жоқ, мен көрмесем де, білмесем де биіктемін. Сондықтан солай!

Ер адам сахнаның қақ төрінде биік орындықтың үстінде кеудесін көтеріп, асқақ бейнеде тас мүсіндей мелшиіп отырып қалады. Төбеден жайылып қара бұл түседі де, тас мүсінді жапқандай орындықты отырған ер адамды толық жауып қалады. Орындықтағы  адам қозғалмайды.

Сахнаның шырағы сөнеді.

 

Үшінші көрініс

 

Сахнаның екі жерінен жарық түсіп тұр. Бір жарықтың астында бірінші көріністегі жай орындық. Екінші жарықтың астында қылмыстыларды қамайтын темір үй. Темір үйде құмалақ салатын ер адам мен жас әйел қамаулы тұрады. Ер адам отыр да, әйел темір торға сүйеніп түрегеп тұр.

Әйел тордың ішінде тынымсыз жүреді. Тордың сыртында жарақаттанған білегін таңып мойынына асып алған B мен мойынына қару асқан C көрінеді. Олар тосыннан абыр-сабыр болып, әлдекімді қарсы алуға дайындалады.

C: Келе жатыр, дайын болайық.

B: Таяп қалды ма?

C: Келді, міне, жақындады, қасында… ертіп алыпты…

B: Кімді ертіп алыпты, итін ертіп алып па?

C: Иті несі, әйел, әйел көмекшісін ертіп алыпты. Әне, келді…

Сахнаның оң жағынан формалы киім киген, қасына өзі сияқты киімі бар жас әйелді ерткен еркек шығады. Олар тез басып  B мен C-ның қасына келеді.

Подполковник: Мұнда не болып жатыр? Сендерді атып жатыр дейді ғой (B мен C-ға кезек қарайды), кім барсың, мұнда?

C: Час, Подполковник, біз оларды қамап қойдық? (ол темір тордың ішінде тұрғандарды көрсетеді)

Подполковник: Бұларың кім? Не қылған жандар?

B: Бұлар қылмыстылар, бастық.

Подполковник: Сонда адам атқан мыналар ма?

C: Кешіріңіз, бастық, атқан олар емес, атқан біз, олар өсек айтқандар…

Подполковник: Түсінсем бұйырмасын, мен мұнда адам атып жатыр деген соң келдім, сендер неге адам атасыңдар?

B: Біз адам атқан жоқпыз, біз бірімізді біріміз аттық, бастық.

C: Мен оны аттым (B-ны көрсетеді), ол бастықты атты.

Подполковник: Неге? Неге адамды, жоқ, өздеріңді өздерің атып жүрсіңдер?

B мен C (темір тордағы екеуді нұсқайды): Бәрі мыналардың ісі, осылар ат деген соң, аттық.

Әйел: Бастық, кешіріңізші, мен мұнда неге қамаулы тұрғанымды білмеймін. Мыналар әкелді де қамады, мұнда түсіндіретін біреу бар ма өзі?

Көмекшісі: (Темір тордағы әйелдің сөзін бөліп) Жабыңыз аузыңызды, сізге сөз берілген жоқ.

Әйел:  Не дейсің, маған аузыңды жап дейсің бе? Қара мұны…

Подполковник: Тыныш, (B мен C-ға қарап) басқалар ат десе, сендер ата беруші ме едіңдер? Заң қайда, тәртіп қайда? Әлдеріңнен асқан екенсіңдер?!

B мен C: Жо, жоқ, бастық, сіз түсінбедіңіз, олар жай айтқан жоқ, олар айтты, олар айтқандықтан, біз аттық.

Подполковник: Түсіне алатын емеспін, не айтып тұрсыңдар, олар қалай «ат!» дей алады сендерге?

B: Олар бастыққа «ат!» деді.

C: Жоқ, олар бастыққа атасың деді, содан атты.

Подполковник: Бастықтарың қайда?

B: Ол оққа ұшып, құтқарушы көлікке жаңа ғана салып жібердік.

Подполковник: (B қарап) Сен нағылып қолыңды таңып алғансың? Сені де атқан ба?

C: Оны мен аттым.

B: Я, мені атқан сол.

Подполковник: Неге? ( B –ға қарап) Сен оны неге атасың?

C: Мен атқаным жоқ, анау «ат!» деген соң (темір тордың ішінде тұрған ер адамды нұқсайды), бастық атты, одан мен аттым. Бәрін істеген сол.

B: Я, сол ат деді.

Подполковник: (еріп келген көмекшісіне бұрылып) Сен бірдеңе түсініп тұрсың ба? Әлде мен қағыс естіп тұрмын ба?

Көмекші: Олар дұрыс айтып тұр, бастық, оларға «ат!» деген, олар атқан.

Подполковник: Олар қалай «ат!» дей алады, соны түсінбей тұрмын. Кім оларға бұйрық берген?!

Көмекші: Мына әйел мен мына кісі «ат!» депті, содан олар атыпты, бастық.

C: Мен түсіндіріп көрейін, бастық, мына адам (тордың ішіндегі ер адамды нұсқайды) құмалақшы, ол айтты, біздің бастық керемет адам, төре, төлеңгіт, өрлейсің, үлкен шенді боласың деді, содан кейін тағы айтты, содан «бастық атасың!» деді.

B: Ол расында соларды айтты.

Ер адам: Құрметті бастық, құтқарыңыз мені, мен бір қарапайым адаммын, ешкімім жоқ, жетіммін, былайша айтқанда қаңғыған қайыршымын, тамағымды әрең тауып жеп жүрген біреумін, ал мыналар мені осында әкелді де қамап қойды, құтқарыңыз мені, ит бол десең, ит болайын, бит бол десең, бит болайын, үр десең үрейін, тақсыр, әу, әу… әу… құтқарыңыз мені. Мен ешкім де емеспін.

Подполковник темір торға жақындап, ер адамның қасына барады.

Подполковник: Сен, не құмалақшысың ба? Мыналардың басын айналдырып, біріне-бірін атқызған сен болдың ғой.

B мен C: Дәл солай бастық, ол құмалақшы.

Ер адам: Менің құмалақшы екенім шындық, бірақ, мен ешкіге «ат!» деп бұйрық берген емеспін. Мыналар мені ағат кінәлап тұр, бастық.

Подполковник: (B мен C-ға қарап қойып, ер адамға ызбарланады) Бұл сендерге не деді?

B: Ол «сен оны атасың, ол ананы атады, анау сені атады» деді, айтқаны айдай келді, біз аттық, бастық.

Ер адам: Мен айтқаным жоқ, бастық! Мен қалай айта аламын.

C: Ол айтты, оған мынау әйел дәлел бола алады, біз оны сол үшін бірге ұстадық (темір торда тұрған әйелді нұсқайды)

Әйел: Мен ешкіге дәлел болмаймын,  мен ештеңені білмеймін, мені дереу босатуларыңды талап етемін.

Көмекші: (тордағы әйелге дауысын көтере) Жабыңыз аузыңызды, сізге сөз берілген жоқ.

Әйел: Жапсаң өзің жап, сен кім едің мені жөнге салатын, жапқың келмесе артыңды өзің ашып жүр.

Көмекші: Не дедіңіз? Тіліңізді тартыңыз?

Подполковник: Жетер, әйел мұнда неге отыр?

C: Ол сөйлей береді, аузы бір тыным таппайды, «атады!» дегенді де жұртқа жайып жіберген осылар, қазір жұрттың бәрі айтып жүр, әлеуметтік желі толған өсек, осылар  таратқан, бұлар ананың (ер адамды нұсқайды) көмекшісі, соның сөзін таратушы.

Подполковник: (B қарап)  Сонда біреу айтты деп, сен ананы (C) аттың ба?

B: Жоқ, бастық, ол мені атты.

Подполковник: Сен онда кімді аттың?

B: Мен бастықты аттым.

Подполковник: Сендерді жын ұрайын деген екен, қаруды алып (C қолындағы қаруды жұлып алады) біреу «ат!» десе, бытырлатып ата бердіңдер ме?

C: Басеке, байқаңыз, оған жоламаңыз, ол «ат!» десе, сіз де атып кетесіз.

Ер адам: Мен «атады!» дегем жоқ.

B: Ол айтқалы тұр бастық, байқаңыз.

Подполковник қолындағы жоғары көтрген қаруға, ер адамға және айналасында тұрғандарға күмәндана қарайды.

Темір тордың ішінде отырған әйел тосыннан өңі бұзылып, шыңғырып, екі құлағын қолымен басып жерге отыра кетеді. Оған көмекші жақын барады.

Көмекші: Саған не болып қалды?

Әйел: Анау атады!

Көмекші: Кім?

Олар подполковникке үрейлене қарайды.

Ер адам: Мен «атады!» дегенім жоқ. Айтқаным жоқ оны.

C: Басеке, сабыр, сабыр (артқа шегінеді)

B қарадай сабыры таусылып, үрейленіп, қорқып шегіне бастайды. Подполковник қаруды көтерген бетінде айналасына үнсіз түйіле қарайды. B мен C сүріне-қабына қаша жөнеледі. Үрейі ұшып кеткен көмекші қорқып тұрып бастығына тіл қатады.

Көмекші: Бастық, ата көрмеңіз, сабыр, сабыр, басеке.

Әйел: (тіпті де ашты дауыспен шыңғыра айғайлайды) Ататын болды, құтқарыңдар! Құтқарыңдар! Атты, атты!

Подполковник: (айқұлақтанып, қаруды бұлғақтатып алшаңдай басып) Менің атқым келіп тұр, шынымен атқым келеді, қандай рахат! Ешкімге жауп бермейсің, ата бересің, жұрт дірдектеп сенен қорқып тұрады, аузын басады, сен нені айтсаң, соған көнеді, рахат, біреу шыңғырады, біреу қашады, сен атасың, ата бересің, жауап бермейсің, қандай рахат! Атамын!

Көмекші: Ой-бай, ататын болды, қашыңдар! (шыңғырып, сахнаның бір шетінен түсіп кетеді)

Подполковник темір торға жақындап, ер адамның жанына барады.

Подполковник: Сен бе «ат!» деген?

Ер адам: Мен ешкімге «ат!» дегенім жоқ, тақсыр (міңгірлейді), сіз не қаласаңыз сол болсын, жат десеңіз, жатамын, тұр десеіз, тұрамын, сіз «ат!» дегіңіз келсе, атыңыз, «ат!» дегіңіз келмесе, атпаңыз, сіз не десеңіз мен соны ғана айтайын, та-та- тақсыр! Ата көрмеңізші мені!

Подполковник: Мен атамын ба?

Ер адам: Не атасыз, не атпайсыз.

Подполковник: Онда сен «ат!» деп айтшы.

Ер адам: Кімге айтамын, бастық?

Подполковник: Маған айт!

Ер адам: Мен сізге айта алмаймын, менің, менің өлгім келмейді, тақсыр.

Подполковник сәл артқа шегінеді, теңселіп сәл тұрады.

Подполковник: Онда шығыңдар, торды босатыңдар, енді қайтып сендерді көрмейтін болайын.

Ол темір тордың аузын шалқасынан ашып, ана екеуін шығарады. Ер адам мен әйел бүгежектеп қорқа жүріп сахнаның сол жағынан түсіп кетеді. Подполковник темір тордың есігін жауады. Айналасына  қарап қояды. Ешкімді көре алмайды. Теңселе басып ары-бері жүреді.

Подполковник: Ату керек пе, жоқ па, бұл... ойланатын мәселе...

Подполковник темір тордың жанында тұрған орындыққа барады. Қаруды орындықтың үстіне қояды да, өзі орындыққа сүйеніп, маңдайына қолын тіреп, көрерменге жартылай сыртын беріп, ойланған жандай тұрып қалады. Сол кезде төбеден қара жіпке байланған темір тор түседі – орындық пен подполковник темір тордың ішінде қалады. Қараңғы сахнада екі торға төбеден екі жарық түсіп тұрады.

Сахнадағы шам өшеді.

1 ақпан, 2017 жыл.




Ардақ Нұрғазы – ақын, драматург. 1972 жылы Қытайда дүниеге келген. 1995 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған. 1991 жылдан бастап шығармалары жарық көріп келеді. 2006 – 2008 жылдары «Шетел әдебиеті» газетінің бас редакторы болған. «Жалған бостандық кітабы» (2009 ж.), «Арақұс» (2012 ж. қазақ-қытай тілінде), «Дәлдік һәм тұнықтық» (2014 ж. ағылшын-қытай-қазақ тілінде), «Тас баспалдақты көше» (2014 ж.), «A Garden of Trees and Other Poems» (2016 ж.)  өлең жинақтарының, «Қазақтың модернистік поэзиясы» (2010 ж.) сын еңбегінің, «Сызықтар мен нүктелер» (2010 ж.) әңгіме жинағының авторы. Өлеңдері ағылшын, қытай және орыс тілінде жарық көрген.

5 Ақпан 2018
219
0
0