Есләм Нұртазин: Қазақ театр өнеріне жаңа толқын келе жатыр деп ойлаймын

ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйақысының Лауреаты,  актер, режиссер - Есләм Нұртазинмен сұхбат.

Есләм Нұртазин

Сұқбаттасқан: Бейбіт Әлкеева

Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА

«Театртану» III курс студенті


Қазақ театр өнері саласында «жас режиссерлер буынының» қалыптасып, жаңа бағыт, өзіндік қолтаңбасымен өсіп келе жатқандығы қуантады. Әр түрлі жанрда қойылымдар қойып, әрдайым шығармашылық ізденісте жүретін бірнеше жас режиссерлер бүгінде кәсіби мамандардың да, көзі қырағы көрермендердің де көңілінен шығып жүр. Солардың бірі, шығармашылық жолын Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрында бастаған, бүгінде Т.Қ.Жүргенов атындағы ҚҰӨА «Актерлік шеберлік және режиссура» кафедрасының аға оқытушысы, театр режиссері, актер - Нұртазин Есләм Серікұлы. Он жылдан аса уақыт театр өнері саласында қызмет етіп келе жатқан Е.Нұртазиннің таңдаулы жұмыстары ретінде Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрындағы «Мани Мани» комедиясын, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында «Алдар көсе» балалар комедиясын, Республикалық Неміс театрында «Рух» қойылымдарын сахналағанын атасақ болады. Сонымен қатар, режиссердің елеулі еңбегі деп құрылғанына екі жыл болған елордамыздағы «Астана Musical» театрының репертуарындағы «Достар серті» және «Ер Төстік» мюзиклдерін сәтті сахнағаланын айта кету керек. Жас режиссер жақын күндері Қазақстанның Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйақысының Лауреаты атанды. Бүгінде сүйікті көрермендеріне тағы бір жаңа қойылым дайындап жатқан режиссердің шығармашылығы хақында, жалпы Қазақ театр өнері жайында ойын білу үшін сұқбат алған едік. Көкейіміздегі сауалдарға дөп жауаптар алған сыр-сұқбат болды.

Есләм мырза, жақында ғана алған марапатыңызбен құттықтаймыз! Бұл да бір еңбектің еленуі деп білеміз.  Жалпы, жас өнер иелерін осылай марапаттау қаншалықты жігерлендіреді? Шығармашылық шабыт алып, қанаттануға әсер ете ме?

Көп рақмет! Шыны керек, басында премияға ұсыну жайында айтқанда аса мән бермеген едім. Бірақ, дәл табыстайтын сәтте толқу болды. Төсбелгіні алғаннан кейін барлық жақындарың қуанып құттықтап жатқаннан кейін, өзің де қуанасың. Есесіне, жауапкершілік те арта түседі. Бірақ, атақ-мансап үшін еңбек етпейміз. Әрине, жігер береді, рухтанасың. Ары қарай ерекше құлшыныспен жұмыс жасауға өз септігін тигізеді.

Оқу орнын аяқтап, кәсіби актер атанған сәтіңіздегі ең алғашқы рөлдеріңіз жайынды айтып өтсеңіз?

Ең алғаш актер ретінде Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрында жұмыс істедім. Кәсіби актер ретінде «Фигароның үйленуінде» Фигаро, «Нотр Дамде Париде» Гренгуар рольдерін атауға болады. Біраз жылдар бойы көбіне өз спектакльдерімде ойнап жүрдім. 2010 жылдан бастап кино және телехикаяларға түсе бастадым. Жаңа мүмкіндіктердің пайда болған кезеңі деуге болады.

Көпшілік сізді кино актері ретінде таниды. Отандық киноларда жиі бой көрсетесіз. Сан түрлі бейнелер, әр түрлі жанрдағы фильмдер. «Айналайын», «Алдар көсе», «Таңдау», «Көшбасшы жолы», «Қара шаңырақ» т.б. Отандық телехикаялардағы кейіпкерлеріңіз Данияр, Ерлан, Жәдігер сізге не бере алды?

Әрине, кәсіби актер болғаннан кейін өзімізде түсіріліп жатқан фильмдерге шақырғаннан кейін түсу керек. Егер, олардан да бас тартатын болсаң жұмыссыз қаласың. Ал, тоқтап қалсаң сен актер емессің. Ол рөлдерді алғаннан кейін барынша оны сүйіп, кәсіби жоғарғы деңгейде жасауға тырыстық. Ол қолымнан келді ме әлде келмеді ме көрерменге аян. Бірақ, барымды салдым. Бірінші орында менің кәсіби шыңдалуыма, үлкен тәжірбие жинақтауға мүмкіндік берді. Экранға шығатын кез-келген кино үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жұмыс аяқталып, фильм экранға шыққаннан кейін көрермендер бәрін актерлер ойыны арқылы бағалайды. Режиссер, операторды немесе басқаны емес, киноның сәтті не сәтсіз шығуын актерлер ойынымен байланыстырады. Рөлдерім жауапкершілікті арттыруға көмек болды деп айта аламын. Арасында, әрине көңілім толған және толмаған рөлдер бар.

Оқытушысыз, кәсіби актерсіз әрі театр режиссерісіз. Ал, болашақта Есләм Нұртазинді «кино режиссері» ретінде көруіміз мүмкін бе?

Мүмкін. Бұйыртып жатса болашақта болуы әбден мүмкін. Бірақ, дәл қазіргі уақытта айналысам деп айта алмаймын. Оған саналы түрде үлкен дайындықпен келу керек. Бірнеше ұсыныстар түсті. Әрине жасауға болады. Бірақ, қазіргі мақсат театр саласында еңбек ету.

Он жылдан аса уақыт режиссура саласында жұмыс істеп келесіз. Жасаған жұмыстарыңызға шолу жасап, өзіңізге қаншалықты жиі есеп бересіз? 

Ия, ол міндетті түрде. Жыл біткенде 30 желтоқсан күні мен күнделік жазам. Оны күн сайын жазбаймын, соңғы үш жылда тек жылына бір рет жазып жүрмін. Өзіме есеп беремін және келесі жылға мақсат қоямын. Сосын бір қарап аламын, не атқарғанымды, қай мақсаттарымның орындалғанын. Әрине, бәрі орындала бермейді. Дегенмен, Алланың қалауымен ретімен мақсаттарым орындалып жатыр. Өзіме жылда есеп беремін, қай жылы не жасай алмадым деген секілді анализдерді міндетті түрде жасап отырамын.

Сіздің түсінігіңізде «танымалдылық» және «атақты болу» ұғымдары қандай?

Екеуі де тең болу керек ойлаймын. Егер сені таныса, шақыртулар болады. Шақырту болған жерде мүмкіншілік болады деп түсінемін. Бірақ, мүкіншілік, танымалдылық бар жерде жеңіл болады деп ешкім айтпайды. Танымал болған сайын қойылар талапқа сәйкес болу өте қиын. Ал, атақ алу мүмкін ата-анаға жақындарыңа қуаныш сыйлау үшін  керек шығар. Кейде, режиссерлер, облыстық театр актерлері қаншама еңбек етсе де танымал болмайды. Олардың еңбегін бағалап, атақ беру дұрыс деп ойлаймын. Себебі, атақтарды саралайтын, беретін кәсіби жоғары білімді адамдар. Ол да үлкен еңбектің нәтижесі болуы тиіс.

«Бүгінгі жас режиссерлер буыны» жайында сөз қозғасақ.  Фархат Молдағали, Дәурен Серғазин, Елік Нұрсұлтан, Дина Құнанбай, Жұлдызбек Жұманбай... Осы буынның алдыңғы сапында атыңыз аталып жүр.  Осы әріптестеріңізден сіздің ерекшелігіңіз?

Біріншіден, бұл режиссерлердің жұмыстары маған ұнайды. Әрқайсының өз бағыттары, көзқарастары бар. Менің ерекшелігім мюзиклмен кәсіби түрде айналысамын. Он жылға жуық уақыт болды. Нью-Йорк фильм академиясында режиссура саласында білім алғаным да, докторлық жұмысымның тақырыбы да мюзиклге байланысты болды. Академия қабырғасында мюзикл актерлеріне дәріс бердім. Ең бастысы, жақында ғана лаурает атанғаным да тікелей «Достар серті» мюзиклін сахналағыным үшін. Осы жұмысым Астана қаласындағы «Астана Musical» театрының ашылуына септігін тигізді. Осы бағытта жұмыс жасайтынымды ерекшелік деп айтуға болатын шығар. Дегенмен, әріптестерімнің жұмыстарын құрметтеймін. Театр өнерін дамытуда әрбірі өз жолдарымен келе жатыр.

«Астана Musical» театрына тоқталсақ. Жалпы, еліміздегі тұңғыш мюзикл театры жайында, алғашқы қойылымдарының режиссері ретінде кеңірек айтып өтсеңіз?

Театрға академиямыздың студенттері мен түлектері, Астана қаласындағы Шабыт университетінің түлектері қабылданды. Мен дәріс беріп, былтырғы жылы академияны бітірген он бір түлектен тоғызы бүгінде театрда жұмыс істейді. Ол театрдан үлкен үміт күтеміз. Жаңа, жас театр болғандықтан көп сын айтылады. Дегенмен, енді тәй-тәй басқан жас өнер иелеріне қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Ол жерде 25 тен асқан актерлер жоқ. Барлығы жастар, жаңа бастама болғандықтан әлі жетер жетістіктері алда деп ойлаймын. Бұйыртса, Алматы қаласында гастрольдік сапармен келеді. Кәсіби мамандар жұмыс жасайтын, жан-жақты, талантты актерлерден құрылған потенциалы жоғарғы театр деп айта аламын. Әрине, бірден қалыптасу өте қиын болады. Себебі, бұған дейін ешкім тәжірбие жасаған емес. Бұл жеке мюзикл театры болғандықтан көп жұмыстар жасалуы тиіс.

Қазақстандық бірнеше театрларға қойылым қойғаныңызды білеміз. Театр өнері саласындағы көшбасшы театрлардың актерлерімен, ұжымымен жұмыс жасап көрдіңіз. Осылардың барлығын саралай келе қазіргі қазақ театр өнерінің бағыты жайлы не айтар едіңіз?

Ізденіс үстіндеміз. Барлық театрларға керегі осы. Театр – процесс. Әр театрдың өз ерекшелігі бар. Өзіңнің де дамуыңа, жаңа қырыңнан ашылуыңа көмегін тигізеді. Театр өнеріне жаңа толқын келе жатыр деп ойлаймын. Алдағы бір онжылдықта үлкен өзгерістер болады деп сенемін. Еліміз өзгеріп жатыр, жаңа дүниелер қалыптасып жатыр. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын Астана Мюзикл театры болған жоқ. Сол секілді, әлі біз күтпеген көп өзгерістер болатынына сенемін.

Осы тұста жеке, зертханалық театрлардың ашылуына деген көзқарасыңыз қандай?

Мұндайға тек қуаныштымын. Көбісі, қарсы болып жатады. Бірақ, мен қолдаймын. Мемлекеттік театрлардан өзге эксперименттік, тіпті подвалда спектакльдер қоятын театрлардың ашылуы біріншіден бәсекені, екіншіден, сапаны арттырады. Көрермендер өзіне керегін таңдай алады. «Жалғыздың үні шықпас» деген бар. Яғни, біз үш театрмен шектеліп қалмай, бүтін бір армия секілді, театр өнерінде де өз полктеріміз, өз спецназдарымыз бар орта қалыптастыруымыз керек. Облыстарда, Алматыда осынай ізденістердің болғаны қуантарлық жағдай. Жаңа келе жатқан толқынның еңбектері ақталады деп ойлаймын.

«Қазақ драматургиясы» мен «театр өнері» екі бөлек өмір сүріп жатыр деген пікірге келісесіз бе?

Келісемін. «Болезнь роста» дегенге саятын секілді. Бұл кішкентай сәбидің өсіп келе жатқандағы мәселесі болады ғой, сол секілді. Бұл мәселенің шешімі қалай болатындығын анық айту қиын. Бірақ, бұл расымен бізде бар мәселе. Біз бір-бірімізді таппай жүрміз. Мәселен, маған отандық драматургтерміздің жаңа пьесалары ұнайды. Өзіміздің тақырып, өз еліміздің төл туындыларын қойғанды жөн санаймын. Ал, классика ол енді, сөз жоқ қойылуы тиіс дүниелер.

Осы кезге дейін сахналаған дүниелеріңіздің қайсысы көңіліңізден шықпады немесе қиынға соқты?

Барлығы. Мен өзім ойлаған тұстарым басқаша болып шығады. Кейбір тұстары ерекше шығып қалады. Процессте әр-түрлі жағдай болады. Барлығына көңілім толмайды. Бірақ, мүлдем ұнамайды деп айтпаймын. Егер, ұнамаса жасамау керек. Пайда болмай жатып бас тарту керек. Ал, мен қойылымдарыма балаларымдай қараймын. Балаларымның барлығы идеальный емес. Бірақ, жақсы көремін. Қойылымдарымды керемет болды деп бағалаған емеспін.

Театр кәсіби сынсыз өмір сүре ала ма?

Жоқ, кәсіби сын болуы керек. Дегенмен, бізде әлі театрлық орта қалыптасып болмағандықтан деңгейіміз жоғары емес. Бірақ, театр өнері жайында сын сәйкесінше жазылып отырғанын дұрыс деп есептеймін. Шет елдерде көбіне бизнес түрінде, ал бізде басқаша форма.

Біліміңізді жетілдіру үшін, кәсіби тұрғыда өсіп, өз методикаңызды қалыптастыру мақсатында қандай теоретиктердің еңбектерін оқып жүрсіз?

Нақты мына кітапты оқып отырамын, осыған сүйенемін дей алмаймын. Бір қарап шығып, өзіме керек тұстарын ғана аламын. Кейде бастап келе жатып, соңында ол менің ойыммен астаспай жатады. Ол маған жат деген ойға қаламын. Мәселен, бүгін Ежи Гротовскийдің еңбегін оқып жатырмын. Өзімді әрдайым жетілдіріп отыруға тырысамын.

Қазақстанда театр өнері иелеріне қаншалықты жағдай жасалынып, мүмкіндіктер берілуде?

Бізге барлық жағдай жасалған деп толық айта аламын. Мен шет елде оқып жүргенімде профессорым еліміздегі театр саны қанша екендігін сұрады. 60 қа жуық театр бар екенін айтқанымда, 17 миллион халыққа 60 театр, ол театрларды мемлекет қаржыландырады дегенде қатты таң қалды. Қандай керемет мемлекет деп таңданысын жасыра алмады. Себебі, Америкада мемлекеттік театрлар өте аз. Олардың жағдайлары өте қиын. Сол үшін бізге берілген мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек.

Сіздің ойыңызша «заманауи спектакльдер» қандай болуы тиіс?

Түсінікті болуы керек. Мен түсініксіз қойылымдардан шаршадым. Абсурд та түсінікті болуы қажет. Түсінік болмаған жерде ештеңе өнбейді.

Аға буын режиссерлерден кімдерді үлгі тұтасыз?

Барлығын. Олардың еңбектерін, қиын кезеңдерде, 90-жылдары театрды жоғалтып алмай жасаған жұмыстарын бағалаймын. Ол кісілерге рақмет айтуымыз керек. Мәселен, марқұм Қайрат Сүгірбеков ағамыз. Ол кездері ақша да жоқ. Бірақ, қараңызшы «Махаббат дастанын» қалай сахналады?! Әр режиссердің өз ньюанстары бар. Т.Жаманқұлов, Ж.Хаджиев, М.Ахманов, Е.Обаев, Т.Теменов, Ә.Рахимов жұмыстарын өте жоғары бағалаймын.

Өнер сүйер қауымды жақын арада жаңа дүниелермен қуантар ойыңыз бар ма?

Ия, жаңа қойылым дайындап жатырмыз. Ерекше қойылым, тосынсый болғалы тұр. Айтпақшы, қойылымның атауы да «Сюрприз» деп аталады. Келесі айда, бұйыртса көрермендерге жол тартады.

Қолға алған жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет!

Есләм Нұртазин