Айжан Ахмет. «Войцек» қазақша сөйлегенде

«Войцек» драмасы Г.Бюхнердің басқа шығармаларымен салыстырғанда экран мен сахнаға жиі шыққан. Бұл дегеніміз әлі күнге дейін өзектілігі жойылмаған өмірлік мәселелерге құлылуында болуы мүмкін.

Айжан Ахмет

театртанушы



Жақында М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының актеры, продюсер Азамат Сатыбалды өзінің жеке театрын ашты. «28 theatre» атты ұжымның алғашқы жұмысы М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы, ал оны режиссер А.Сахаманов сахналаған еді. Жас ұжымның келесі таңдауы Герхард Бюхнердің «Войцек» драмасына түсіпті. Спектакльдің режиссері Ю.Ханинга-Бекназардың шәкірті, республика аумағына танымал режиссер - Д.Құнанбай. 

«Войцек» драмасы Г.Бюхнердің басқа шығармаларымен салыстырғанда экран мен сахнаға жиі шыққан. Бұл дегеніміз әлі күнге дейін өзектілігі жойылмаған өмірлік мәселелерге құлылуында болуы мүмкін. Г.Бюхнердің бұл аяқталмаған пьесасын, төрт түрлі қол жазбаның негізінде зерттеушілердің көмегімен қалпына келтірілген шығарма. Пьесаның аяқталмай қалуы режиссерлерге әр қайсысының орнын ауыстыруға мүмкіндік беріп, жаңа шешімдерге әкеледі. Пьеса қарапайым, тыныш өмір сүріп жатқан адамды қоғамдағы немқұрайлық пен қатыгездінің әсерінен адам өлтірушіге айналдыруы туралы.

Режиссер Войцектің неге адам өлтіруге барғанын қоғамдық қыспақтан іздеген. Оны Войцектің Капитан және Доктормен өтетін сахналардан көруге болады. Мұнда ақылынан адасқан Войцек қана емес, олардың өздері де сондай. Автор басты кейіпкердің психологиялық хал-күйін қайталап айта беретін сөздер арқылы жеткізген. Ал А.Сатыбалды Войцекке қайталана беретін ым-ишара қосқан. Спектакльдің басынан қайталана беретін тісін ысылдату мен дірілдеу сияқты ым-ишаралар соңына қарай актер тарапынан ұмытылып қалды. Жалпы алғанда, режиссер бұл дерттің қоғамда індетке айналып кеткенін жеткізуді көздеген.

Пьесаның оқиғасы тарихи болғанымен де Д.Құнанбай Войцек әлемін көрсетуге ден қойған. Сахнадағы ілулі тұрған тақтайлар кейіпкерлердің қорап ішінде өмір сүріп жатқанын меңзейді. Ол бүгінгі заман емес, ақылынан адасқан адамның сандырағынан туындаған кеңістік, Войцектің өмірді, қоғамды қабылдауы деп түсіндік. Дегенмен олар қораптан авансценаға шығып жан-жақтарын бағдарлай қарап, ой түйетіндей. Доктор – Д.Базарқұлов сахнаның оң қапталында тұрып микрофонмен сөйлеуі басқа кеңістікке өткенін айшықтап көрсеткен.

Спектакльде үш стихия: су, от, жер. Сахнадағы от шашу Войцектің өмірінің лап етіп өзгергенін меңзегендей теңеу ретінде қолданылып отыр. Спектакльдің екінші бөлімінде толастамай жауған жаңбыр мен Войцекқа шашқан басқалардың топырағы оның тұншығып қалуынан басқа ештене қалдырмады. Өзі кетіп бара жатқан құрдымға сүйіктісінде ала кетті. Бұл Вернер Херцоктың осы аттас филімде кездеседі. Д.Құнанбайдың қойылымында ауа ғана жоқ. Сондықтан олар қорапта тұншығып қалудан басқа ештене қалмаған. Мұнда Франц Марияны пышақтамай аузы мен мұрнын жауып тұншықтырып тастауын осылай түсіндіреді.

Сахнада Данияр Базарқұлов бірнеше рольдерді ойнайды, оның ішінде негізгі тұлғалар - Дәрігер мен Зазывала. Оның барлық кейіпкерлері абсурдист, бірақ тарихсыз, мистицизм жоқ.  Осындай алуан түрлі бейнелерді сомдауда актер орынды шешімдерге қол жеткізген. Д.Базарқұлов әрбір сахнаның ортасына шығып немесе микрофонға келіп сөйлегенде өзгеріп отырды. Алғашында зерттеу жұмысын енді бастаған ол соңына қарай ойлағанына қол жеткізгенін бетіне қан жағу арқылы жеткізеді.

Спектакльде есте қалған сахна Марияның Войцектің көзіне Тамбурмажормен шөп салуы. А.Мәжітовтің кейіпкері сахнаға шарт басқан қадаммен шығып дөрекі әрекеттерге еркін барады. «Нағыз еркек» түсінігін анықтауда режиссер мен актер осындай мизансценалық шешіммен келген. Марияны жерге алып ұрып, итерген сайын ол оның аяғына өзі барып жығылады. Эротикалыққа қарағанда метафизикалық тұрғыда шешімін тапқан бұл сахна өзінің шынайылығымен және темпо-ритмі жоғару болуымен есте қалды. Біз Марияның өлу себебін анық көрдік.

Режиссер Д.Құнанбай спектакльді өзінің парасаты мен дүние танымына сәйкес шешімдер жасауға ұмтылған. Дегенменде көзі ашық қырағы көрермен Ю.Бутусов режиссурасымен қойылған осы пьесаның сахналық нұсқасын көрді деп ойлаймыз. Жалпы спектакльдің сахналық пішіні сол қойылымнан алынғанын айта аламыз. Дегенменде Ю.Бутусов өзінен басқа режиссерлердің тәсілін алғанына қарсы емес екен. Алайда, режиссерлеріміздің ғаламтор емес, өмірге ден қойып бақыласа екен деген тілек білдіреміз.


Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет