Мәншүк Тәшімова. "Ана - Жер ана" қойылымының көркемдік шешімі

Журырда Алматы мемлекеттік Қуыршақ театры Ш.Айтматовтың "Құс жолы" повестінің желісі бойынша "Ана - Жер ана" қойылымының премьерасын өткізген болатын.

Мәншүк Тәшімова

Театртанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және

өнер институтының ғылыми қызметкері


Ұлы Отан соғысы тақырыбын безбендеуде Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повестінің желісі бойынша жасалған сахналық жүйенің алар орны ерекше. Дегенмен бұл тақырыпқа жазылған көптеген басқа да көркем және драмалық шығармалар баршылық болғанмен соларды қолға алуға асықпай «Ана – Жер ананы» қазақ жеріндегі барлық театрлар жарты ғасырдан астам уақыттан бері сан-қырынан айналдыруға құмарымыз басылар емес. Енді міне шығарманы Мемлекеттік қуыршақ театрының қолға алуы жаңалық болғаны рас. Өйткені бұл шығарма аталған Қуыршақ театры сахнасынан алғаш рет орын алған еді.

Жас режиссер Дина Жұмабаеваның түрлі режиссерлік трактовкаларына оң көзбен қарағандықтан тың жаңалықтардан дәмелі болғанымыз рас. Үкілі үмітіміздің жүні жығылмады. Тек сахнаның үстінде кішкентай ғана кеңістікте өткен қойылым алаңына алғаш көз тіккенде-ақ режисураның исі аңқып сала берді. Сахнаның негізгі тоны бидай сабанның әдемі сары түсімен алынып егістік алқаптың көрінісін беріп тұр. Жұмыскерлер, трактор мен шөп немесе астық тасыған жүк көлігі дейсіз бе бәрі де соғыс кезін көз алдыңа елестетіп мен мұндалап сала береді. Осы көріністі жағалай алқа қотан отырған актерлер, дөңгелене қоршау құрып тұрған етіктер тек жұмысшы халықтың киімі ғана емес соғысқа кеткен көп азаматтың үңірейе көрінген орнын да айқындап астарлы ой айтып тұр.

Толғанай рөліне үш актриса Т.Тілеулиева, М.Тәуекелова, Г.Рахимовалар қатар алынған. Олардың қызыл, ақ, қара орамалды болып келуі басты кейіпкердің отағасы Сұбанқұлмен алаңсыз өмірін, қан майданды және күйеуі мен атпалдай азамат ұлдарынан айырылған қара жамылған ананы меңзейтіні көрген көзге түсінікті символдық түстер еді. М.Мақатаевтың «Қырқыншы жылдардағы бесік жыры» өлеңі әуенімен бірге театр актерлерінің орындауында спектакльдің өн бойында лейтмотив ретінде алынып, табиғи әуен хорға ұласып әсерлене түседі. Қойылымда ұзын сапты ағаш қасықтардың да айтары зор. Қасықтарды бір-біріне ұру арқылы музыка әуенін шығара отырып сол қилы кезеңнің ритмін келтіруі, бұған актерлердің етіктерін ұра бір қалыпты басуы соғыстағы қатал тәртіп пен тыл өміріндегі адамдардың ауыр қол еңбегін меңзеп қойылымның темпоритмімен ұласатыны режиссер тарапынан өте ұтымды шығыпты. Осылай бола тұрғанмен шығармашылық ұжым өздерінің Қуыршақ театры екенін бір сәтке естен шығарып алған тәрізді. Қойылымның үлкен жастағы көрермендерге арналғанын желеу етіп жетпіс пайыздай әрекет пен сөз драмаға ауысып, қалған аз пайызы ғана қуыршақтарға жүктелген. Қуыршақтардың сырт келбеті мен сипаты сын көтермейтін еді. Мұның себебі қуыршақ театрында қуыршақ жасаушы шебердің жоқ екендігінде екен. Жоқтан бар жасаған олар бұрынғы ескі қойылымдардан қалған қуыршақтарды жөнге келтіріп қайта пайдаланған. Қуыршақ театрының жүрегі қуыршақтар десек, білдей мемлекеттік театрда қуыршақшы шебердің болмауы ол театрдың шығармашылығындағы келешектің күңгірт екенінен хабар беретіні даусыз. Қуыршақшы шеберді дайындау осыдан біраз жылдар бұрын мәселе етіп қозғалып, зерттеу мақаламызда жазылып көтерілгенмен оңтайлы шешім шығарылмағаны міне тығырыққа тіреп отырғанының куәсі болып отырмыз. Қуыршақтарда әрекет жоқ. Басты кейіпкер Сұбанқұл (Б.Момынжанов) мен әр түрлі жастағы үш ұлының Қасым (А.Жақыпбаев), Майсалбек (Б.Икласов), Жайнақ (Р.Абу) атты қойылым кейіпкерлерінің бет-әлпеті мен тұлғасын бір-бірінен ажырату мүмкін емес еді. Қуыршақтың бетін бояу арқылы заман салған қиындықты көрсетуге тырысып баққанмен ол қуыршақтар көрерменге көркемдік бейне бере алып тұрған жоқ. Қуыршақтар ойынының жоқтығы шығармашылық табысқа қол жеткізуге барын салған режиссер мен актерлердің адал еңбегіне нұқсан келтіргені өкінішті. Келесі сөз етеріміз Сұбанқұлдың аузына сөз салғанда актер өзі табиғи дауысымен сөйлемей таспада басылған үнді жіберуі түсініксіз болды. Ал, Жайнақ пен Әлиманның (Д.Иса) микрафонмен сөйлегенін қалай түсінеміз? Дауыс күшейткіш құрылғылардың қажет емес екенін, актерлердің демі мен үнінің табиғи да ашық шығауына көптеген кедергілер келтірілетіні мәселе етіп көтерілгенмен көптеген театрларымыздың бұл бастамаға құлақ аспай отырғаны өкінішті жағдай. Қорыта сөйлесек алдағы уақытта театр ұжымы қойылымдағы қуыршақтарды жөнге келтіріп, қуыршақтар ойынын көркейтіп, шұбалаңқы тартқан тұстарын жұмырлап қысқартса жақсы қойылымға қол жеткізеді деген пікірдеміз.

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет