Берік Жәменов: Өнер адамына керегі – кеңістік, ізденіс, бостандық

Алматыда Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының гастрольдік сапары бастау алды. 80 жылдық тарихы бар театр, еліміздің рухани саласының дамуына, сахна өнерінің өркендеуіне үлес қосып жүрген республикамыздағы маңдайалды өнер ошақтарының бірі. Биыл «академиялық» дәреже алған театрдың директоры Жәменов Берік Қилекешұлымен Махамбет театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгіме өрбіткен едік.

Әңгімелескен Гүлзия Сәдуақас


Берік Қилекешұлы, Алматыға қош келдіңіздер! Жақында «академиялық» театр деген мәртебелі атаққа ие болдыңыздар. Бұл дәрежені алуларыңыз жоба-жоспарларыңыздың өзгеруіне айтарлықтай әсер еткен болар...

Рақмет! Әрине, «академиялық» атақ өздігінен беріле салатын дүние емес. Бұл дәрежеге ие болу үшін театрдың шығармашылық бет-бейнесі, қойылымдардың деңгейі, актерлердің еңбегі және техникалық мүмкіндіктер бір-біріне сай болып, алынатын дәрежеге лайық болуы керек. Бұл тұрғыда бізге облыс әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Театрлары Ассоциясының Президенті Асанәлі Әшімов қолдау білдіріп, Үкіметтің арнайы Қаулысымен  атақ берілді. Үлкен жауапкершілік жүктейтіні жалған емес. Театр труппасының жас буынмен толысуы, спектакльдер санының артуы, актерлердің түрлі шеберлік дәрістерге қатысуы, ұжымның халықаралық деңгейдегі театр фестивальдерінде бақ сынауы осының барлығы біліктіліктің артуына әсер етеді. Біздің труппада аға, орта, жас буын актерлерінен құралған 60 адам еңбек етеді. Шығармашылық құрамымызда 3 қоюшы-режиссеріміз бар. Бас режиссеріміз Мұқанғали Томанов дейтін республикаға белгілі азамат. Сондай-ақ, Жанат Хаджиевтен дәріс алған Жанат Телтаев және Гүлназ Қамысбаева. Біздің ұжымның шығармашылық жай-күйі осы мәртебелі атақты алуға әбден лайық деп ойлаймын және жауапкершілікті, бізге артылған сенімді ақтау барысында көп еңбектенетін боламыз.

Өмір болған соң қуаныш пен қайғы қатар жүретіні белгілі. Қазақтың біртуар азаматы Рақымжан Отарбаевтың қазасы баршамыздың қабырғамызды қайыстырды... Атырауда Рақымжан ағамыздың атында халықаралық театр фестивалі өткізілді. Бұл үрдіс биыл жалғасын таба ма? Ол кісінің атын өшірмеу, еңбегін өскелең ұрпаққа насихаттау жолында театр ұжымы қандай жұмыстар атқарады?

Шын мәнісінде, Рақымжанды үнемі актерлер іздейді. Халық іздейді. Екі дүркін фестиваль өткізілді. Рақымжан Отарбаев драматургиясы тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде сахналанып жүр. Рахаңды, Р.Отарбаетың шығармашылығын, болмысын жеткізу – біздің міндетіміз. Біз Рахаңның осал тұсын көрген жоқпыз. Өмірге ірілікпен келіп, ірілікпен кетті. Өз бағасын әділ алған азаматтың бірі. Фестивальдер, әрине, болады. Қолдаушылары бар. Рахаң әлі талай зерттеледі.

Театрдың репертуарлық саясатына тоқтала кетсеңіз... Театрдың облыстық мәдениет басқармасына қарауы –репертуарлық құрылымға, репертуардың түзілуіне әсер ете ме?

Бір жылдық жоспар театрдың көркемдік кеңесімен мақұлданады. Және кейде драматургтер өз пьесаларын беріп, ұсыныстар түсіп жатады. Берілген пьесаның барлығы оқылады. Режиссерлеріміз және актерлік труппа оқи отырып, көңілден шығып жатса келесі жылдың жоспарына енеді.  Көркемдік кеңес пен мәдениет басқармасы алдағы жоспарды бекітеді. Көркемдік кеңестен өтіп, мақұлданған дүниеге біреу қайшы келіп, мынаны қой, қойма деп айтқан емес. Мысалы, жылына 6-7 дүние өз деңгейінде қойылады. Әліміз жеткенше халыққа жақсы, кесек-кесек дүниелерді ұсынуға тырысамыз.

Театрдың шығармашылық әлеуетіне тоқтала кетсеңіз.... Театр фестивальдерінде өнер көрсету, шетелден режиссер шақыру, театрға жас буынның қабылдануы турасында айта отырыңызшы... Жалпы, жас мамандарға жағдай жасала ма?

Шетелден режиссер шақыру әлі жолға қойылған жоқ. Бірақ, біз Қазақстандағы белгілі режиссерлермен тығыз қарым-қатынастамыз.  Мысалы, бүгінгі «Сүйінбайдың» қоюшы-режиссері Мұрат Ахманов. Алдағы уақытта Асхат Маемировті шақыртып отырмыз. Өзімізде де үш бірдей режиссердің жұмыс жасайтынын айтып өттім. Үшеуі де бір-бірінен асқан ізденімпаз, нағыз шығармашылық адамдары. Ал, фестивальдерге келсек, жыл сайын түрлі бәйгелерге қатысып тұрамыз. Былтыр Македонияда өнер көрсеттік. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен Қ.Сүгірбеков және Әшірбек Сығай атындағы театр фестивальдерін бақ сынадық. Актерлеріміз шетелдегі шеберлік дәрістеріне қатысып тұрады.

Былтырғы жылы Ресейде, Түркияда өнер көрсеткен екенсіздер. Бұл сапарлардың сіздерге әкелген жаңалығы қандай? Есеп түріндегі шара болып қалып қоймады ма?

Жоқ, ешқандай есеп емес. Фестиваль үлкен тәжірибе. Театрлар фестивальге қатысуға міндетті. Мәселе орын алу, алмау да емес. Түрлі театрлардың, онда қызмет жасайтын режиссерлер мен актерлердің, суретшілердің тәжірбие алмасуы маңызды. Фестивальдер актерлер шеберлігінің шыңдалуына да септігін тигізеді.

Биылғы «Сахнагер-2018» Ұлттық театр жүлдесінде «Үздік менеджер» номинациясы бойынша марапатталдыңыз. Бұл театрды да ұзақ жылдар басқарып келесіз. Өз тәжірибеңізден айтыңызшы, бүгінгі театрға не жетіспейді?

Атырау театрына келсем, біз белгілі бір нәрсеге мұқтажбыз деп айта алмаймын. Жағдайдың барлығы жасалған, қалғаны актерлерге жұмыс жасау. Техникалық мүмкіндіктеріміз жақсы. 80 жылдықтың алдында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Әлеуметтік жағдайымыз қамтылған. Былтырғы жылдың өзінде онға жуық актерлеріміз баспаналы болды. Үйі жоқ, алыс-жақыннан келген актерлерге театрдың табыс көзінен түскен қаражаттан пәтер жалдап береміз.  Келген адамдарға ешқандай шығын болмайды.

Алматы қаласындағы гастрольдік сапарға тоқтала кетсеңіз...

17-21 сәуір аралығында сағ.18.30 да М.Әуезов театрында Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» тарихи драмасын, Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт», «Бетпе-бет» драмаларын, Есенжол Домбаевтың «Келін» мұңды комедиясын, Рақымжан Отарбаевтың «Бас» драмасын көрермен назарына ұсынамыз. Сонымен қатар, Ғ.Мүсірепов театрында сағат 11.00 де «Маугли» ертегісін кішкентай көрермендеріміз үшін сахналаймыз.

Гастрольдік сапарымызды ашатын Иран-Ғайыптың «Сүйінбай» тарихи драмасы алғаш рет бізде, яғни Атыраудағы Махамбет театрында сахналанды. Бұл қойылымды Мемлекеттік сыйлыққа ұсындық. Үлкен жұмыс жасалған, ауыз толып айтарлық  ауқымды дүние болды. Жалпы, өнер үшін ізденіс ең басты нәрселердің бірі деп ойлаймын.

Театрдың 80 жылдығы күзде аталып өтіледі екен. Мерейтой аясында қандай іс-шараларды жүзеге асыру жоспарда бар?

Қазақстан Театрлары Ассоциациясымен бірлесе отырып фестиваль өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, республикадағы біраз актерлердің басын қосып, тәжірбие алмасу үшін арнайы шеберлік дәрістерін өткізіп, шетелден арнайы мамандар шақыруымыз мүмкін. Биыл сондай-ақ, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы. Қазақ пен қырғызға ортақ классик қой. Бұл тұрғыда да жоспарымыз жоқ емес.

Өнер адамына керегі – кеңістік, ізденіс, бостандық. Бізде қалыптасқан жақсы үрдіс бар. Ұжым болып белгілі бір фестивальдерге бара алмай қалсақ, бізден барған бір шығармашылық өкілі өткен шара туралы, оның жаңалығы, тәжірибесі жөнінде келген соң міндетті түрде әңгімелеп береді. Материалдық жағдайда шығын әкелуі мүмкін, бірақ, театрға, өнер адамдарының әрі қарай өсуі үшін пайда.

Ашық әңгімеңізге рақмет, аға! Шығармашылық табыстарыңыз молайып,  биік белестерді бағындыра беріңіздер!

Пікірлер

Порталда пікір қалдыру үшін авторизациядан өту қажет