Дүниеге келген 12 Желтоқсан 1929
Дүниеден өткен 8 Тамыз 2011
Шығармашылығы Актер
Бағыты Театр, кино актері
Шығарма тілі Қазақ
Дебют Алексей Толстой "Алтын кілт" спектаклінде Базилио мысықтың ролі
Сыйлықтары Қазақстанның халық әртісі, Тәуелсіз "Платинді Бас Тарлан" сыйлығы, Қазақ ұлттық киноакадемиясының "Құлагер" сыйлығы

Өмірбаяны

Қасым Әбекұлы Жәкібаев 1929 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген. Әкесі соғысқа кеткен, Қасым қазіргі Панфилов паркінде орналасқан «Красная звезда» артелінде жұмысшы болды. 15 жасында әкесі Әбек Ұлы Отан соғысында қаза табады. Әке өлімінен соң, көп ұзамай анасы Сарқыт та марқұм болады.

Шығармашылығы

Қасым 1944 жылы Алматыдағы Театр және көркемсурет училищесіне түсіп, 1948 жылы оны бітіріп шығады. Сол кезде Халық әртісі Яков Виктор Иванович пен қазақ өнерінің майталманы Мәнтай Сыздықовтан дәріс алды. 1994 жылдан бастап Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып қызмет атқарған. Осы театрда алғашқы ойнаған рөлі А.Толстойдың «Алтын кілт» ертегісіндегі Базилио мысық болатын. Өнер сүйер қауымның жүрегіне жол тапқан отандық, шетелдік қойылымдар қатарында ол сомдаған Сарман, Жақай (М.Ақынжановтың «Алтын сақа» мен «Ыбырай Алтынсаринде»), Полонии (В.Шекспирдің «Гамлетінде»), Вурле (Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатында»), Қайрақбай (С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында»), Бүкір (С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайдысында»), Тоқай (Ғ.Мүсірепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан – Есенейінде»), Шыңғыс хан (Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терісі үстіндегі сотында»), т.б 200-ге жуық әр түрлі рөлдер бар. Қасым Жәкібаев кино саласында да елеулі үлес қосқан танымал актер болып саналады. «Дерсу Узала», «Жансебіл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Отырар», «Махаббат сатнциясы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдеріндегі рөлдері – кино өнері тарихында қалды.

Жәкібаев бір-біріне ұқсамайтын арғы заманның болсын, бергі кеңес дәуірінің болсын кейпін жасауда, ең алдымен өзінің көргені мен тоқығанына сүйенген актер екендігін байқауға болады. Адамдардың нақтылы мінездерін театр сахнасында айнытпай бейнелеп, әсіресе қимыл-қозғалыстарындағы ерекшелікті дәл жеткізеді. Адамзаттың ойынын терең­де түсіне біледі. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың: «Қасым Жәкібаевсыз бір секундты көзге елестетуге болмайды. Ол барлық болмысымен, ішкі жан дүниесі­мен, түр тұлғасымен осы қазақ театры өнеріне қызмет істеген адам» деп айтқан осы бір сөзі, жоғарыда айтып отырғаны­мызға бір дәлел бола алады.

Қасым Жәкібаев сахна өнері үшін туғандай. Сахнагердің бойындағы шебер­ліктің тағы бір ерекшелігі – оның суырып-салмалылық (импровизация) өнерін жете меңгергендігі еді. Ол әрқашан сахнадағы таптауырындылықтан алшақ болуға тыры­сып бақты. Қайталана беретін сахналық әдіспен көрермендерді де, әріптестерін де, тіпті өзін де жалықтырып алмаудың амал-тәсілін іздеумен болды. Суырып-салма­лылық ғажайыбынан дүниеге келетін сах­надағы жетік қимыл-қозғалыс, сөз бен іс-әрекет бірлігі, көрермендер залымен үнемі сахналық байланыс таба білу – шебер орындаушылық өнерінің құдіретінен туындайтын ерекше құбылыс. Осы қасиет­терді актерлік өнеріне серік еткен Қ.Жә­кібаев кезекті қойылымдарға шықпас бұрын кейіпкерлерінің бойындағы сан алуан мінездерінен әр қилы әрекеттер іздеп, әр рөліне жаңа өзгешеліктер енгізіп отыруды берік ұстанған екен.

Кинодағы рөлдері

Театр сахнасындағы қойылған спектакльдерде өз рөлдерін сомдап жүріп, кинода да көріну актер үшін орасан зор еңбекті талап етеді. Кейінгі буын өкілдері­нің ізін жалғастырған қазақ актері Қасым Жәкібаев орыс режиссерларының шығар­ма­ларында да көрінді.

Қасым Жәкібаевтың Ресей киносына түскендегі алғашқы рөлі – «Дерсу Узала» фильміндегі Дерсу Узала рөлі болды. Бұл орыс ғалымы, оқымыстысы, географы, Владимир Арсеньевтің «Қиыр Шығысқа сапар» атты кітабы бойынша Мәскеудегі «Центрнаучфильмде» түсірілген фильм. 1962 жылы режиссер Агаси Бабаян бұл фильм үшін Бухарестегі халықаралық кинофестивальде бас жүлде «Алтын қасқырға» ие болады.

Фильм кейіпкерінің характерінде, пси­хологиясында әйтеуір сол халыққа тән мінез, сарын әрқашанда көрініп тұрады. Ал, Қасым Жәкібаев образды сол ұлттың өзіне тән мінез-құлқын бере алды. Кеңес кино­сының та­рихында қалған «Дерсу Узала» фильмінен соң, актерге деген сұраныс арта түседі. «Верониканың оралуы» (1963 жыл, реж. Игорь Болгарин, Вадим Ильенко), «Ұлы сам елінің азаматы» (1981 жыл, реж. Аркадий Кордон), «Золотая баба» (1986 жыл, реж. Виктор Кобзев), «Залив счастья» (1987 жыл, реж. Владимир Лаптев (II)), «И возвращается ветер…» (1991 жыл, реж. Михаил Калик), «Мастер Востока» (1992 жыл, реж. Александр Казаков) және т.б. фильмдерінде басты және эпи­зодтық бейнелерді сомдады.

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көптеген жарқын бейнелерді сомдаған Қасым Жәкібаев өнердегі аға буын өкіл­дерінің ізін жалғастырған актер болып саналады. Асқан дарындылығымен таныл­ған актер, 60-70 жылдары өз кезегінде қазақ киноөнеріне алғашқы қадамын эпи­зодтық рөлмен басты. Соның ішінде, «Ана мен бала» – Көбей (1955 жыл, реж. Сұлтан Қожықов), «Балалық шаққа саяхат» – Шорманов (1968 жыл, реж. Абдолла Қарсақбаев), «Шоқ пен шер» – Шердің ағасы (1972 жыл, реж. Қанымбек Қа­сымбеков), «Қан мен тер» – Судыр Ахмет (1978 жыл, реж. Әзірбайжан Мәм­бетов), «Охрана бастығы» – Күләштің әкесі (1978 жыл, реж. Амангелді Тәжі­баев) фильмдерінде Қасым Жәкібаев эпизодтық рөлдерді сомдап шықты. Бұдан кейін осы кеңестік кезеңдерде тек эпизод­тық рөлдермен ғана шектелген актер шы­ғармашылығы одан кейінгі уақытта керісінше толыға түсті.

Қазақ киносының дамуының әр ке­зеңінде аға және орта буын режиссерлерінің фильмдерінде эпизодтық болса да, таны­мал болған кейіпкерлерді сомдаған Қасым Жәкібаевтың киноактер ретінде дарын­дылығының кеңірек ашылуы жаңа кезең киносының тұсы болды. Қ.Жәкібаев сомдаған сексенінші-тоқсаныншы жыл­дардың басындағы фильмдердегі кейіпкерлер заман рухына са­рын­дас болып, экранға типаждық кейіпкер­лер­дің тағы бір то­бын әкелді.

Қасым Жәкі­баев­тың экран­дық бейнелерін бір жүйе­ге келтіріп, топтас­тыру­ға әб­ден болады.

Ата-ақсақал, «Бір­геде» – Жұ­ма­ғали ата, «Ай­на­ла­йын­да» – Асан қа­рия, «Өл­­местің ора­луында» – Садабеката, «Үш аға­йын­ды­да» – Кляйн ата, «Сұ­рапыл Сұрже­кейде­гі» – Шеге­нің әке­сінің бейнелері; молда бейнесі – «Тақыр» және «Отырардың күйреуі» фильмдерін­де, «Аз­ған үштіктің азабы», «Үшеу», «Қызғыш құс» және т.б. фильмдерде маскүнем бейнесі көрініс тапса, «Ақырғы аманатта­ғы» – Мойман жолсерік, «Үш күн мерекедегі» – бақылаушы шал, «Қош бол, Медеудегі» – ұрлықшы, «Жансебілдегі» – мүгедек, «Мергендердегі» – старшина және т.б. өзге фильмдер рөлдеріндегі әр түрлі кейіпкер бейнелері актер шеберлігі мен сыртқы келбетінің үндестігін көрер­менге шынайы жеткізеді.

Қазақ киносы тарихының қалыптасу жылдарында бірте-бірте жинақталған актерлік дәстүрді «Жаңа толқын» кезеңінде жалғастырушы танымал актер Қасым Жәкібаев болып отыр. Актердің тұла бойында, әр режиссердің ойын ашатын, көрерменге идеяны жеткізетін бір сыр бар. Ол сыр актердің шеберлігі мен сыртқы келбетінің ұқсастығында.

Аса жылдам қарқынмен келген қоғам­дық өзгерістер мен экономикалық дағ­дарыстар кедергісіне қарамастан Қазақ­стан кино өнері сексенінші-тоқса­ныншы жылдар аралығында шығар­машы­лық ізденіс және экрандық сипаттау мүмкіндік­терінің ерекшеліктері тұрғысы­нан жаңа сатыға, әлемдік кино өнері деңгейіне көтеріле алды. Жыл өткен сайын киношы­ғармалардың мазмұндық сипаты мен бағалану критерийлері де өзгеруде. Бұл кезең фильмдері «камера көзімен» ғана қамтылған оқиғалар тізбегінің сырт фор­масынан гөрі адамның ішкі жан-дүниесіне, жеке кейіпкер характерінің сомдалу ерекшеліктеріне орай тереңірек зерттеуге ұм­тылған күрделі туындылар.

Тоқсаныншы жылдар киношығар­маларында көтерілетін аса маңызды тақырыптар қатарында тарихи шындық мәселесі қамтылды. Жаңа кезең киносы­ның жинақталған типтік кейіпкерлерінің ішіндегі Қасым Жәкібаев сомдаған образдарда мүсәпір, қорғансыз бейнелер жиі кездеседі. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебілі» бойынша түсірілген режиссер Аяған Шәжімбайдың «Жансебіл» (1991) атты фильміндегі актер сомдаған бас кейіпкердің бейнесін жан-жақты қарасты­руға болады. «Жансебіл» көркемсуретті фильмі – ел өміріндегі тағы бір кезеңді қамтитын фильм.

Жансебіл

Қасым Жәкібаев туралы естеліктерінде Нұржұман Ықтымбаев «Жансебілге» Қасымның қалай келгендігін еске түсіреді. Негізі, фильм түсірілместен бұрын, Мұ­қатай шалдың рөліне актер Нұржұман Ықтымбаевты таңдалынады. Аяған Нұр­жұманға сценарийді ұстатып кетеді. Сценариді оқып, ұнатқан актердің көз ал­дына сұрапыл жылдардағы қазақтың тағ­дыры, көзі ашық, көкірегі ояу талай боздақтардан айырылып, қан жұтқан кездер келеді. Мұқатай рөлін ұнатса да, өзін ол бейнеде көре алмаған Нұржұман Ықтымбаев салмағының үлкендігін, сол кезде киноға деген тәжірбиенің аздығын ойлап, киноға түсуден бас тартады. Бұл жағдайды күтпеген Аяған Шәжімбайға Нұржұман: «шырағым-ау менің жүз кило денемді бір кемпір сүйрей алмайды. Мені тіпті, сен де сүйрей ал­май­сың. Төрт кемпір сүй­ре­месе, жалғыз кемпір­дің әлі кел­мейді», – деп, ойындағы актер Қа­сым Жә­кібаев­ты ұсына­ды. Толық­қанды Мұ­қатай бейнесін ак­тердің аша ала­тынды­ғы­на сен­ген режиссер Мұ­қатай рөліне Қа­сымды бекітеді.

Қасым Жәкі­баев өз сұхбатында: «Бірде түсіру ала­ңын­да ары-бері өткен поез­дың артынан жүгіре-жүгіре шаршап, дем алдық. Күннің қай­наған кезі, ыстығы, ары-бері жүгіргеннен Галя да, мен де шаршап, діңкілдеп отыр­мыз. Терлеп кеттім де, басымдағы та­қиямды алшы деп Галяға айтып ем, ол тақиямды алып алдыма қоя салды. Бір кезде жанымыздан өтіп бара жатқан жеті-сегіз жасар қызы бар келіншек тақияма тиын тастады. Сөйтсем, бас киімім шал­қалап қалған екен. Содан жетегіндегі қызы анасының құлағына бірдеңе деп сыбырлап, кері бұрылды да, қайтадан үш сом тастап жөніне кете берді. Сонда ойлағаным, менің мына кейпім таза қа­йыр­шыға ұқса­ғаны, шын мәнінде образ­дың шынайы шығып жатқаны ғой деген ой келді. Содан сенімдірек болғаны киноның сәтті түсі­рілімімен аяқталды ғой» деп еске алады.

Қасым Жәкібаев «Жансебілге» түс­кенде Аяған айтыпты: «Аға, жылай ал­майтын адам едің ғой, көзіңе глицерин тамызсақ қайтеді?» дегенде, актер: «Жоқ, тамызба, мен өзім жылаймын. Өйткені, баламды ұрып-соғып жатыр ғой. Осы дүниені аңсап кетті-ау, бір ауыз сөйлесе алмадым-ау, деген ой келді де көзімнен жас парлап кетті» - дейді. Иә, шындығына келгенде актердің Азамат атты баласы Кеңес одағы кезінде отыршылдыққа қарсы көзқарасы үшін қудаланып, қысастықпен қыршынынан қиылды.

Қасым Жәкібаев – өзі орындайтын сахналық кейіпкерінің ішкі көңіл-күйін, психологиялық өзгерістерін әрекетке толы қимыл-қозғалысымен етене байланыс­тыруға әрі табиғи болмыс-бітімін шынайы беруге ұмтылатын өткір мінезді актер. Оның асқан шеберлікпен сомдаған экрандық эпизодтық кейіпкерлері, тарихи және фольклорлық тақырыптағы бейнелері, актер шығармашылығындағы кейіпкерлер өмірінің жалғастығы.

Марапаттары

  • 1966 жылы (Қазақ КСР) Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі құрметті атағы;
  • 1996 жылы (ҚР) Қазақстанның халық әртісі құрметті атақтары берілген.
  • 2001 жылы «Парасат ордені»;
  • 2004 жылы Қазақ кино және театр өнеріне сіңірген айрықша еңбектері үшін Тәуелсіз «Платинді Бас Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды;
  • 2008 жылы «Құрмет ордені»;
  • Қазақ Ұлттық киноакадемиясының «Құлагер» Ұлттық кино сыйлығының иегері. Қазақстанның мәдениет саласындағы мемлекеттік степендиясының иегері.

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

  1. «Қазақ энциклопедиясы», 2001 ж. ІІІ том. - 615б.
  2. «Қазақ үні газеті» – 18.07.2012 ж. санынан.
  3. «Қазақ өнерінің қайраткерлері», Қасым Жәкібаев, 2010.

Дайындаған: Дидар Мұрат

17 Мамыр 2017
1173
0
0