Дүниеге келген 29 Сәуір 1906
Дүниеден өткен 30 Мамыр 1968
Шығармашылығы музыка
Бағыты композитор, музыкатанушы, дирижер
Жанр опера, сюита
Дебют «Сарын» (Ә.Тәжібаевтың либреттосы), «Азат қыз» (М.Әуезов либреттосы)
Сыйлықтары Шоқан Уалиханов атындағы жүлде

Өмірбаяны

Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылы, сәуір айының 29 күні Қосуақтам шатқалында, Орал облысының Темір уезінде Темір-Уркачевск болыстығында (Қазіргі Ақтөбе облысы, Мұғаджар ауданы), орта шаруа отбасында дүниеге келді. Ахметтің музыкаға деген қабілеті ерте оянды. Алты жасында домбыра тартып, ән салды. Жеті жасында оны Уркачевскідегі екі жылдық училищеге оқуға береді. Оның алғашқы мұғалімі Құсайын Әжіғалиев жан-жақты, өте тартымды адам еді. Ол Ахметке түрлі аспаптарда – домбыра, балалайка, мандолин, скрипка аспаптарында ойнауды үйретті.
А.Жұбанов өте зерек оқушы болды, ол көп нәрсені жан-жағындағы білімді адамдардан үйренді. Араб және парсы тілдерін өзінің жерлесі, Уфадан демалысқа келген, кейін белгілі жазушы болған Ж.Тілепбергеновтен үйренді. Ахметке үлкен әсер еткен, Орынбордағы «Хусаиния» медресесінде оқитын Құдайберген деген үлкен ағасы еді. Ол көптеген қызықты кітаптар әкелетін Жұбановтар үйі балаларының жан-жақты болып қалыптасуына көптеген газеттердің көмегі болды. Ахметтің отбасына 1919 жылы қайғы төнеді. Ауданға тараған сүзек ауруынан әкесі қайтыс болады. 1921 жылы ашаршылықта үйдегі малдың бәрі қырылады. Ахметке ерте бастан жұмыс істеуге тура келеді. Ол басында хатшы болып, одан кейін «Шаңырақ» оқу үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарады.

Оқу жылдары

1925 жылы Темір уезіндегі халық ағарту бөлімі Ахмет Жұбановты Ақтөбеге бір айлық курсқа жібереді. Курсты тамамдаған соң, Ақжар мектебіне мұғалім болып келеді. 1928 жылы қайтадан Ақтөбеге оқуға жіберіледі. Мұнда Варшава консерваториясын бітірген Н.Чернюк деген скрипкашымен танысып, одан музыка сауаты мен скрипкадан дәріс алады.
1929 жылы А.Жұбанов ағасы Құдайбергенмен бірге Ленинградқа оқуға кетеді. Оны музыка техникумының скрипка классына алады. Оқу орны ақылы болғандықтан, техникумды тастауға тура келеді. Бірақ, көп кешікпей ол консерваторияда Ф.Ниман гобой классында оқи бастайды.
1931 жылы А.Жұбанов қазақ тілінде алғашқы «Музыка сауатының әліппесі» еңбегін жазады. Сол жылдың жазында А.Жұбанов өз елінде 50 шақты ән мен күйді жазып алады.
1932 жылы консерваторияны мерзімінен бұрын бітіріп, өнер зерттеу институтының аспирантурасына түседі.
1933 жылдың ақпан айында ол Алматыға, жаңадан ашылған музыкалық драма техникумына жұмысқа кіреді. А.Жұбанов оқу бөлімін меңгере жүріп, кәсіби музыкалық оқу бөлімін қалады.

Шығармашылығы

30-шы жылдардың соңынан бастап А.Жұбановтың композиторлық шығармашылығы басталады. Ол осы жылдары бір актілі музыкалы драма қойылымдарына музыка жаза бастады. Бұл қойылымдар «Сарын» (Ә.Тәжібаевтың либреттосына), «Азат қыз» (М.Әуезовтың либреттосына), «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» (Ғ.Мүсіреповтың либреттосына). Бұл пьесалардың музыкасын қазақ халық аспаптар оркестрі орындады. Сонымен қатар, М.Гнесинмен бірге қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Аманкелдіге» музыка жазады. 40-жылдардың басында «Москва», «Қарлығаш», Ақ көгершін», «Жастар әні» сияқты тамаша әндері туады.
Соғыс жылдары фортепианоға, қобызға, скрипкаға, виолончельге арналған бірнеше аспапты камералық шығармалар жазылады. Фортепианоға арналған «Тәжіктің он биі», «Қазақтың сегіз биі» және қобыз бен фортепианоға арналған «Бес пьеса» деп аталады.
Қырқыншы жылдардың бастапқы кезінде А.Жұбанов орекстрге арнап бірнеше шығармалар жазды: бес бөлімді «Абай» сюитасы, «Төлеген Тоқтаров» атты фантазия-увертюрасы. 1944 жылы Абай Құнанбаевтың 100 жылдығына орай «Абай» пьесасына музыка жазды.

Ғылыми еңбектер

А.Жұбанов қазақ музыкасынан талай ғылыми және ағарту жұмыстарын жазды. Оның ішінде тарихи және көркемдік жағынан құнды туындыларға «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» атты кітаптары жатады. Мұнда күйшілер мен әншілердің өмірі және шығармашылығы туралы, сонымен қатар, батыс Еуропа және орыс музыкасын насихаттап, композиторлардың шығармашлығы туралы очерктер жазды. Н.Римский- Корсаковтың «Менің музыкалық өмірімнің шежіресі» және А.Виноградовтың «Паганинді кінәлау» атты кітаптарын қазақ тіліне аударды. 1936 жылы «Қазақтың халық компазиторы – Құрманғазы» атты кітапшасы, 1942 жылы Құрманғазы туралы жаңа мәліметтер очерк ретінде «Қазақ композиторларының өмірі мен шығармашылығы» атты кітапта шықты. 1952 жылы Қазақстан Композиторлар одағының пленумында А.Жұбанов «Құрманғазы жаңа зерттеу тұрғысында» баяндамасымен шықты. 1960 жылы Құрманғазы туралы қазақ тілінде жазылған кітабы мен «Құрманғазы күйлері» атты жинағы жарық көрді.
А.Жұбановтың шығармашылығының Қазақстан мәдениетінің дамуындағы маңызы зор. Татар халқының компазиторы Н.Жиганов былай деп жазған: «Егер, әр композитор А.Жұбанов тәрізді өз халқын сүйсе, онда ол, әр ұлттың мәдениетінің дамуына қосылған үлкен үлес болар еді. Оның бойынан ғалымның ақылы мен қарапайым дала қазағының, тау гүлінің, қымыздың жұпар иісі аңқып, жан-жағына шапағатын шашып тұратын. Оның табиғатында ежелгі қазақ халқының салт-дәстүрі сақталған, ол өз халқы үшін аямай еңбек ететін».

Пайдаланған әдебиеттер:
Қазақстан композиторлары. Бағысбек Қуат. – Алматы: «Sansam», 2011. – 108бет

Дайындаған: Нұрғали Артықбаев

28 Сәуір 2017
6539
0
0