Дүниеге келген 5 Ақпан 1937
Шығармашылығы Әнші
Бағыты Эстрада өнері
Шығарма тілі Қазақ
Сыйлықтары Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мелекеттік сыйлығының, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Өзбекстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

Өмірбаяны

Нүсіпжанов Нұрғали Нүсіпжанұлы – кеңестік және қазақстандық әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мелекеттік сыйлығының, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Өзбекстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке жетекші-солисі.

Нұрғали Нүсіпжанов 1937 жылдың 5 қаңтарында Алматы облысы Кербұлақ ауданының Доланалы ауылында, қарапайым шопан отбасында дүниеге келген. Балалық шағынан әнге құмартып өскен бала Нұрғали Қоғалыдағы орта мектепте білім алады. Үшінші сыныпқа келгенде-ақ, көркемөнер ұйымының сайлау алдындағы ата-аналарға арнап қойылған концерттерінің бірінде «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін орындағаны үшін мақтау қағазын алады. Дегенмен, отбасы жағдайына байланысты мектепті тәмамдаған соң, екі жылдай қой бағуына тура келеді. 1950 жылдардың соңында «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, жазушы Алексей Брагин бірде Нұрғалиға өрісте кездесіп, әнін тыңдаған соң: «Жазда міндетті түрде консерваторияға оқуға баруың керек», — деп жол сілтейді. Көпшіліктің алдында ән шырқап, тамсандырып өскен Нұрғали студенттер мен жастар арасында өтетін Мәскеу ән фестиваліне жолдама алу мақсатында ауылдық, облыстық конкурстардан өтеді. Нәтижесінде, Алматыда өткен қорытынды байқауға қатысады. Әділқазылар алқасы Нұрғалидың ән салушылық қабілетін байқап, консерваторияға қабылдауға ұсыныс айтады. Он тоғыз жасқа келгенде ән өнері бойынша кәсіби білім алу мақсатында қалаға келеді. Ал, 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағына айналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда белгілі ұстаз, Қазақстанның халық әртісі Надежда Николаевна Самышинаның шеберханасында жеті жыл білім алады. Ұстаз оның кең тынысты әрі жоғары деңгейдегі сазды даусын жоғары бағалайды. Оқуды аяқтаған соң Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберіледі. Мұнда ол екі жылдай әншілік қызмет атқарады. Осы кездерде-ақ, Нұрғали Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастаған. Бірақ, ол жеке әнші болуды аңсайды. 1966 жылы қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетке алып келеді. Бұл ұжымдағы қызметінде Нұрғали музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісіне дейін көтеріледі. Ұжымда жұмыс істеген он жыл мерзім оның әншілік өнерінің шыңдалуына көп көмегін тигізді. 1976 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке орналасады. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына үлкен жол ашылды.

Шығармашылығы

1976 жылдан бастап әнші Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің жетекшілігінде 20 жыл қызмет атқарады. Ал, 1996 жылы «Қазақконцерт» бірлестігі жанынан құрылған «Жазира» ансамблін ашады. Ендігі кезекте, ол жастарды таңдауға, ансамбльге тартуға белін бекем буып кіріседі. Алдағы уақытта бұл ансамбль еліміздің түкпір-түкпірінде концерттер бере бастайды. Алжирде де өнерлерін көрсетіп, сол елдегі Кеңес елшілігінің қабылдауында болады. Мұнда олар Құрмет мақтау қағазымен марапатталады.

2003 жылдан бастап әнші Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бас солисі болып қызмет атқарады. Ал, қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры.

Ел ағаларының, авторларының аманатын арқалаған әнші аманатқа қиянат жасамаған, елі арқылы, тыңдарманы арқылы ағалар аманатын ақтаған өнер тарланы. Осы уақытқа дейін 126-дан астам композитордың әндерін орындаған. Оның орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Қуаныш вальсі», «Қаракөз», «Тамды аруы», «Мойынқұмда ауылым», Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», «Саржайлау», «Алатау», Әсет Бейсеуовтің «Армандастар», «Мұңайма», «Маралдым», «Алматым жүрегімде», т.б. тыңдарман жүрегінің төрінен орын алған шығармалар бар. Әншінің репертуарындағы әндер 400-ден асады.

Нұрғали Нүсіпжанұлының концерттік бай бағдарламасы бүкіл Қазақстанды шарлап, ең алыс деген елді мекендерде өнерін көрсетіп, республикамыздың алыс-жақын аудандары мен облыстарында, шалғай елді мекендерде шағын фольклорлық, эстрадалық ансамбльдердің көптеп дүниеге келуіне ықпал етті. Атақты әнші Қазақстанның орындаушылық өнерін Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Грекия, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай сияқты және басқа да көптеген шет елдерде абыроймен таныта білді.

2007 жылы әншінің 70 жылдық мерейтойына арнап туыстары мен жанұясы «Өз елім» атты мақалалар мен сұхбаттардан тұратын кітап шығарды.

2017 жылдың 5 қаңтарында әншінің 80 жылдық мерейтойы тойланды. Өнердегі 60 жылдық шығармашылығына орай, «Өз елім» атты мерекелік кеш ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті.

Альбомдары

  • 1969 жылы – Б.Әшімова мен Н.Нүсіпжановтың бірігіп жасаған «Қазақ әндері» альбомы;
  • 1971 жылы – «Н.Нүсіпжанов пен Е.Хасанғалиев» альбомы;
  • 1974 жылы – «Қазақ әндері» атты моноальбом;
  • 1981 жылы – «Нұрғали Нүсіпжанов» атты 6 бөлімнен тұратын альбомдар жинағы;
  • 1983 жылы – «Әнім сен едің» альбомы;
  • 1990 жылы – Нұрғали Нүсіпжанов пен «Жазира» ансамблінің бірлестігімен жасалған «Елім - әнім» альбомы.

Марапаттары

  • Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты
  • Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі (құрметті атағы)
  • 1993 жылы – Қазақстанның халық әртісі (құрметті атағы)
  • 1996 жылы – Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (құрметті атағы)
  • 1996 жылы - «Құрмет» ордені
  • 1997 жылы – Қырғыздың Абылас Молдабаев атындағы халықаралық сыйлығының лауреаты
  • 1982 жылы – Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты
  • 2011 жылы президент жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталады
  • 2016 жылы«Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі

Дайындаған: Ақнұр Әшірбаева

18 Мамыр 2017
3778
0
0