Дүниеге келген 21 Ақпан 1917
Дүниеден өткен 31 Қаңтар 2011
Шығармашылығы Актриса
Бағыты Театр, кино актері
Шығарма тілі Қазақ
Дебют "Зұлымдық пен махаббат" трагедиясы, Луиза ролі
Сыйлықтары КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Өмірбаяны

Хадиша Бөкеева – КСРО халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор. Қызылорда облысы, Шиелі елді мекеніндегі интернатта тәрбиеленген. 1932 жылы Алматы қаласындағы медицина институтының даярлық курсына оқуға түсті. Бірақ, бойжеткеннің ойы мен қиялындағы нәрсе мүлдем басқа еді. Ол ән салғанды ұнатты, өзіндегі өнерді таңдады. Алғашқы сахналық қадамын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған Хадиша Бөкеева, қазақ радиокомитетінде әнші болып та қызмет атқарады.

Шығармашылығы

Өзінің табиғи таланты мен қасында жүрген құрбыларының жылы лебіздері, ыстық ықыластарының негізінде 1934 жылы Ленинградтың мемлекеттік сахна өнері техникумының қазақ студиясына  қабылданып, Василий Меркурьев, Ирина Мейерхольд сынды орыс сахна мектебінің қайраткерлерінен дәріс алады. 1938 жылы оқуын тәмамдап, Шымкент облыстық қазақ драма театрынының актерлік труппасында еңбек жолын бастайды. Оның тұңғыш ойнаған ролі – Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясындағы Луиза. Ұлы Отан соғысы жылдары (1941-42жж.) Шымкентке уақытша көшіп келген Москваның Моссовет театрының спектакльдерінен – А.Афиногеновтың «Қарсаңда» пьесасында Жамалдың ролін орындады. [1, 438 б.]

Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай: «... Мұхтар Әуезовтің «Райхан» атты сценарийі бойынша түсірілген фильмде басты рольді ойнауымен кең байтақ Қазақстанға танылды. Негізі, жоғарыдағы фильмде Райхан ныспылы қыздың өр бейнесін жасау үстінде Хадишаның сан қырлы таланты айшықталды. Оның аз уақыт ішінде, осылайша көптеген есте қаларлық бейнелер жасап, шеберлік танытқаны ескеріліп, Хадишаға 1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі деген құрметті атақ беріліп, ол астанадағы академиялық театрға шақырылды. Міне, сол кезден бастап, күні бүгінге дейін талантты актриса академиялық театрдың сахнасында тынбастан ойнап келеді.  Актриса репертуарынан У.Шекспир,  К.Гальдони, Ф.Шиллер, Ж.Мольер, Н,Хикмет, М.Каору, М.Горький, Н.Гоголь, А.Толстой, А.Островский, В.Куприяновтың кейіпкерлері берік орын алған. Ұлттық драматургиямыздан М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, Қ.Мұхамеджанов, Т.Ахтанов шығармаларындағы көркем бейнелер де актриса шығармашылығының сыр-сипатын әрлендіріп тұр». [2, 106 б.]

Жанр талғамайтын сахна майталманы, өзі жасаған рольдердің дәнін тауып, қыр-сырын толық меңгеріп, тамаша дарыны мен хас шеберлігін негізінде халықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл туралы Әшірбек Төребайұлы: «Актриса жасаған тамаша бейнелерінің көркемдік сапасы жөнінде ешқашан қызу пікір, жақсы тілектер айтылмай қалған емес. Осы тұрғыдан қарағанда, Хадиша Бөкеева шығармашылығында шоқтығы барынша биік тұрған, қазақ театр өнерінде ерекше орны бар тым қымбат үш кейіпкер ойға оралады. Олар – Уильям Шекспирдің «Асауға – тұсау» комедиясындағы Катарина, Мұхтар Әуезовтің «Қобыланды» драма-дастанындағы Қарлыға, Тахауи Ахтановтың «Сәуле» драмасындағы Сәуле бейнелері.

Шынында Хадишаның осы үш кейіпкері көрерменнің әркез сезім серпінін шарықтатып, жан-дүниелерін нәрге, нұрға бөлеп, риясыз рахатқа кенелтіп жатады. Неге? Себебі – актриса бойында шынайы драматизмге, психологизмге мол сарқылмас талант бар...

Мәселен, «Асауға – тұсаудағы» Катаринаны алайық. Бұл рольді актриса ширек ғасырдан астам уақыт ойнап келді. Көп ойналған сайын сүйкімді Катарина жылдан-жылға жаңара түсті, жақсара берді. Тіпті жұрт «Шіркін, Хадишаның Катаринасы-ай» деп әркез аңсап отыратын дәрежеге жетті. Бұл актриса өнерін дәл тани білуден туған құрмет.

Катарина бейнесінің астарында әлеуметтік үлкен мән жатты. Оның өн бойында қатпар-қатпар, қыртыс-қыртыс сырлар жатты. Актрисаға «ә» дегеннен Катаринадайын асау қыздың қалың қыртысты мінез-құлқы көндіге кеткен жоқ. Хадиша Катаринаны тұсау салып, қайта тәрбиелеуді қажет ететін жүген-құдық тимеген асау емес, керісінше орта ғасырлық әдет-ғұрыпқа қарсы шыққан әйелдердің өкілі етіп, пікір бостандығы мен тәуелсіздігін қорғай алатын қайратты бейне ретінде көрсетуге баса назар аударған. Оның әрбір тіл қатуы ойнақы юмор мен әдепті әзілге, қағытпа қалжыңға толы. Диалог, монолог дегенде, Катаринаның сөзге сараң, іс-әрекетке жомарт екендігін Хадиша ғажап шеберлікпен ашып берген. Үш сағатқа жуық жүретін қойылым көлемінде Катаринаның сөзі небәрі үш парақтан аспайды. Бірақ, соған қарамастан, Хадишаның қисынды іс-әрекеті Катарина қасиеттерін көрушісіне дәл жеткізе алды. Қысқасы, Катарина-Хадишада тіл қатудан гөрі ыммен, ишаратпен ұқтыру сәттері мол ұшырасады. Шебер актриса бейне шоқтығын осылай өсіре келіп, Катаринаны мейірімді, мархаббаты, сыйласқыш, кіршіксіз таза махаббатқа берік жан дәрежесіне дейін көтереді.

Қарлыға да – қайшылығы мен қақтығысы мол күрделі кейіпкер. Х.Бөкеева қазақ сахнасында Қарлыға бейнесін тұңғыш жасаушылардың бірі. Қарлыға мен Хадиша табысқалы жарты ғасырға жақын уақыт өтті...

Сүйгені үшін бәрін пида етіп, өз бауырының қылышынан қаза тапқан қайсар Қарлығаны көргенде, оның оптимистік, гуманистік рухына бас иесің. Хадиша Бөкееваның ойынынан етжүрегі елжіреген ғашық қызды да, өзін сүймеген адамға опа қылған адал қызды да, сол бір таза махаббаты үшін төркінімен кектескен батыр қызды да көріп білдік.

Біздің дәуіріміздегі Сәуледей күрескер қоғам қызметкерінің, басшы әйелдің толыққанды кескінін қазақ сахнасында тұңғыш рет кейіптеген де Хадиша Бөкеева». [2, 108-110бб.]

Кинодағы рөлдері

Тек театр өнері емес, кино саласында да елеулі еңбек қалдырған актрисаның, «Райхан» фильміндегі инженер қыз Райхан, «Ертіс жағалауындағы» парторг Фатима, «Тұлпардың ізі» фильміндегі Ділдә бейнесі қазақ киноматографиясынан өзіндік орын алған.

1965 жылдан бастап ұстаздық қызмет атқарған профессор, жиырма жылдың ішінде бес дүркін актерлер тобын даярлап шығарған екен. Сахна саңлағы дәріс берген студенттердің алды бүгінде ұлттық сахна өнеріміздің мақтаныштарына айналып отыр. Атап айтсақ, Тұңғышбай Жаманқұлов, Құман Тастанбеков, Досқан Жолжақсынов, Меруерт Өтекешова, Кәдірбек Демесінов, Рахилям Машурова, Әлия Арысбаева, Асылболат Смағұлов, Төлеген Қуанышов және т.б.

Осы тұста актрисаның өнерін жоғары бағалап, өзімен қызметтес болған  театр сыншысы Әшірбек Сығайдың естеліктеріне жүгінсек: «...Қиын да күрделі ұстаздық еңбек үстіндегі Бөкеева  бойынан бір байқаған басты қасиет – оның ең алдымен шәкірт бойынан  адамшылық, әділдік белгілерін ашуға талаптанатындығы. Көп ішінде кім кездеспейді. Кейбір шәкірт тарпаң-тұрпайылау, екіншісі тұйық та  тым ынжық, енді біреуі ақкөңіл. Сол самсаған  сан мінез-құлықтардың әрқайсысына терең бойлап, сабырмен, салмақпен шыдап-төзіп, жылт еткен жарқын белгі, жақсы нышан көру қырағы ұстаздың негізгі мақсаты секілді». [2, 113б.]

Шәкірт лебізі

Хадиша Бөкееваның шәкірті, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов ұстазы жайлы: «...профессор Бөкеева шәкірттеріне пендеки ұсақтықтан тазарып, бір-бірін бірге туған бауырдан бетер қадірлеуге үйретеді. Ал, театрдағы өнерсеріктеріне де осы қадірді өсиеттеуден жалықпайды.  Өзі әлі күнге театр сахнасынан Нұрмұхан Жантөринді іздейді. Кезінде жүйрік өнерсерігі болған Жантөринмен театр институтының аудиториясында кездесіп, амандасып, жағдай сұрасып тұрғандарын көргенде, сырт өмірден әділетсіздік көріп шаршап, ашынып келе жатқан кім де болса басылып, сабасына түсіп, жаңарып, тазарып қалады. Өйткені тазалықтың, таза өнерпаздықтың, үлкен кісіліктің мысы басады!». [3, 281 б.]

Актрисаның шығармашылық жолын өнертану ғылымының докторы, белгілі театр зерттеушісі Людмила Богатенкова зерттеп, арнайы кітап жазса, театр саласында жүрген мамандар да Хадиша Бөкеева жайлы өз естеліктерін өскелең ұрпаққа айтудан жалыққан емес.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Қазақ совет энциклопедиясы» 2-том. - Алматы, 1973. – 635б.
  2. Әшірбек Сығай «Сахна саңлақтары». - Алматы, "Жалын", 1998. –510б.
  3. Тұңғышбай Әл-Тарази «Наз». - Алматы, "Нұрлы Әлем", 2001. –288б.

Дайындаған: Гүлзия Садуақасова

21 Ақпан 2017
2996
0
0