Дүниеге келген 1892 (туған күні белгісіз)
Дүниеден өткен 26 Ақпан 1938
Шығармашылығы театр режиссері, актер, драматург
Шығарма тілі қазақ тілі
Дебют "Арқалық батыр" пьесасы, "Қызыл сұңқарлар" спектаклі (авт. С.Сейфуллин)
Сыйлықтары ҚазАССР-нің халық артисі

Өмірбаяны

Жұмат Тұрғынбайұлы Шанин 1892 жылы Баянауыл өңірі, Желтау тауының етегіндегі Қаратал қыстауында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы), кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 11-12 жас шамасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат тануды үйренеді. Әкесімен бірге ағаш сатып жүргендерінде Жұмат Омбы уезі, Тәнен болысы, Қаржас ауылында татар мұғалімінен орыс алфавитін үйреніп, өз бетімен кітап оқи бастайды. 1913 жылы кен барлау мақсатымен жер өлшеп жүрген землемерге жұмысшы болып кіреді. 1913 жылдың күзінде Жұмат білім алу мақсатында Омбы қаласына келеді. Бастапқыда, зауытта жұмыс істеп жүрген Шанин С.Сейфуллинмен, Н.Нұрмақовпен танысып, өз бетінше білім алуын әрі қарай жалғастырады. 1915 жылдың жазында Ж.Шанин тұрақты оқу орны – бухгалтер курсына түседі. Оны 1916 жылы бітіріп шығып, Омбы қаласындағы «Машинский» зауытына бас бухгалтердің көмекшісі болып орналасады. 1916 жылғы патша үкіметінің жарлығымен Шанин қара тізімге ілініп, осы жылдың қыркүйегінде майданға аттанып кетті. Бір жылдан соң, 1917 жылы туған ауылына қайта оралды. Соғыстан келген жылы өз ауылынан жүз шақырым жердегі Қарқаралы қаласына келіп, уездік корпоративке бухгалтер болып орналасады. Осыдан кейін, 1920 жылы сәуір айында Коммунистік партияның қатарына кіреді. Іскер, жұмысқа тыңғылықты қызметкер ретінде 1921 жылы Павлодар уездік партия комитетінің мүшесі, ал 1922 жылы уездік партия комитетінің мүшесі және президиум мүшесі болып сайланады. Қазақ ауылдарындағы күрделі қиындықтарды білетін, ысылған, қызметте шыныққан беделді кадр ретінде Жұмат Шанин Семей губерниялық партия комитетінің ұсынысы бойынша 1922 жылдың мамыр айында Зайсан уездік атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Осылайша, КазАССР-інің шығыс аудандарында қызмет істегеннен кейін, Жұмат Семейге оралып, 1923 жылдың аяғына қарай губерниялық атқару комитетінің мүшелігіне сайланып, Жер комиссиясының төрағасы және КазЦИК-тің мүшесі, Ресей Кеңестерінің X съезіне делегат болады. 1924 жылы сәуір айында өткен бесінші губерниялық партия конференциясында губерниялық партия комитетінің мүшесі болып сайланады. 1925 жылдың қыркүйегінен 1926 жылдың қазанына дейін Жұмат Бүкілодақтық «Кожсиндикат» мекемесінің Семей губерниялық басқармасы меңгерушісінің орынбасары болды. 1926 жылдың қазанынан бастап қазақтың тұңғыш театрының директоры әрі көркемдік жағын басқарушысы болды. Бішкектен шықырылып, Оралға жіберіледі. Ол мұнда музыка драма театрын құрып, 1937 жылдың 15-қазанына дейін директор болып жұмыс істеді. 1938 жылы 26-ақпан күні атылған.

Шығармашылығы

Семейде шыққан «Таң» журналының 1925 жылғы бірінші санында «Торсықбай» деген бір бөлімді пьесасын жариялайды. Зайсан елінен әкелген үлкен олжасы «Арқалық батыр» трагедиясын жергілікті өнерпаздардың күшімен 1924 жылы қаңтар айында қалалық клуб сахнасында шығарады. Семейде 1920 жылы құрылған драмалық «Ес аймақ» труппасының көркемдік жағын басқарады. Жұмат Шаниннің режисурасымен М.Әуезовтің «Еңлік – Кебегі», С.Сейфуллинің «Қызыл сұңқарлары» қойылады. «Арқалық батыр» мен «Қызыл сұңқарлар» спектакльдерінде Арқалық пен Еркебұланның рөлдерін ойнаған. Осыдан кейін, 1926 жылдың қазанынан бастап қазақтың тұңғыш театрының директоры әрі көркемдік жағын басқарушысы болып қызмет істеді. У.Шекспирдің «Гамлетін», А.С.Пушкиннің «Тас мейманын», «Сараң серісін», Б.Майлиннің «Майданын», І.Жансүгіровтің «Кегін», т.б. спектакльдерді сахналаған. Қазақ театрын құрудағы тарихи еңбегі ескеріліп, 1931 жылы Жұмат Шанинге ҚазАССР-нің халық артисі атағы берілді. 1932-1933 жылдары Жұмат Шанин Қырғыз мемлекеттік драма театрының да көркемдік жағын басқарады. 1934 жылы ашылған музыкалық театрды (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге «Жалбыр», «Қыз Жібек», «Ер Тарғынды» қойды. Осы музыкалық спектакльдер 1936 жылғы декада кезінде Жұмат Шаниннің режиссерік өнерін Мәскеу көрермендері, белгілі өнер қайраткерлері жоғары бағалады. Облыс орталықтарында театрлар ашылуына сәйкес және маман режиссер кадрларының жоқтығы ескеріліп, Жұмат Бішкектен шақырылып, Оралға жіберіледі. Ол Орал қаласында музыкалық драма театрын құрып, 1937 жылдың 15 қазанына дейін директор болып істейді. 1973 жылы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында «Торсықбай» және «Айдарбек» комедиясы (реж. Ә.Мәмбетов пен Қ.Жетпісбаев), ал 1992 жылы Шымкент облысы драма театрында «Арқалық батыр» драмасы (реж. Ә.Құлданов) қойылды.

Пьесалары

  • «Торсықбай»
  • «Айдарбек»
  • «Үш бажа»
  • «Жанды сурет»
  • «Қара құлып»
  • «Шахта»
  • «Қозы Көрпеш – Баян»
  • «Арқалық батыр»
  • «Баян батыр»

Режиссерлік жұмыстары

  • С.Сейфуллин – «Қызыл сұңқарлар»
  • С.Абланов – «Күндеспейтін қатындар», «1916 жыл»
  • А.Шанин – «Болат»
  • І.Жансүгіров – «Кек»
  • Б.Майлин – «Майдан»
  • М.Әуезов – «Октябрь үшін»
  • Ж.Шанин – «Торсықбай», «Арқалық батыр», «Айдарбек», «Өлімнен үмітке» («Шахта»)
  • У.Шекспир – «Гамлет»
  • А.С.Пушкин – «Тас мейман», «Сараң сері»

Мақалалары

  • «Қазақтың мемлекет театры» - 1927ж.
  • «Мемлекет театрының артистері» - 1927ж.
  • «Қазақстан мемлекет театры» - 1928ж.
  • «Театр тарихынан» - 1931ж.
  • «Сахна техникасын меңгерейік» - 1935ж.
  • «Сахнада шындықты тану» - 1935ж.
  • «Қазақ ұлт театры жол үстінде»
  • «Дариға»
  • «Қазақтың мемлекеттік театрының жұмысы туралы» (ауд. Р.Нұрғалиев)
  • «Қазақстан ұлт театрының жазғы саяхаты»
  • «Қазақ мемлекет театрыны жайы»
  • «Мемлекет театры жұмысшылар арасында»
  • «Мемлекет театры»
  • «Театрдың қысқаша тарихы»
  • «Текспен жұмыс істеу туралы» (ауд. Р.Нұрғалиев)

Жұмат Шанин туралы

  • «Талант тағдыры». Р.Нұрғалиев.1969ж.
  • «Арқалық батыр» .Р.Нұрғалиев.1988ж.
  • «Режиссер Шанин». Қ.Бадыров
  • «Қазақтың тұңғыш режиссері». Е.Өмірзақов
  • «Шанин». К.Нұрпейісов
  • «Өрелі өнер өрісі». А.Сатаев
  • «Жұмат Шанин – қазақ театрында кәсіби режиссураның негізін салушы». Б.Нұрпейіс. «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915-2005)» (монография)

Жұмат Шанин есімі берілді

  • 1972 жылы қазіргі Шымкент қаласында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театрына Жұмат Шанин есімі берілді.
  • 1992 жылы Күркелі (бұрынғы «Южный» кеңшары) елді мекеніне (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) Жұмат Шанин есімі берілді.

Дереккөздер

  1. «Жұмат Шанин – қазақ театрында кәсіби режиссураның негізін салушы». Б.Нұрпейіс. «Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915-2005)» (монография).
  2. «Діңгек». Р.Нұрғали. I том. (ғылыми басылым).

 

Дайындаған: Ерден Кабдрашидов

15 Мамыр 2017
3567
1
0